Осы күндері Астанада V Халықаралық қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесі тұңғыш рет Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қолдауымен өтуде. Ауқымды іс-шараны «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ бірлесе ұйымдастырып отыр.
Қорғаныс министрліктері мен ведомстволарының басшылары, сонымен қатар алыс және таяу шет мемлекеттердегі компаниялар өкілдері қатысып отырған көрме елорданың Халықаралық әуежайындағы әскери сектор аумағында орналасты.
Бұл көрме 2010 жылдан бері өткізілуде. Осы уақыт аралығында «KADEX-2018» көрмесі қорғаныс өнеркәсібі өнімдерін өндірушілер мен тұтынушылар арасында өзара тиімді байланыс көпірін орнату мен дамытудың нәтижелі алаңына және технологиялық жаңарту мәселелерінде тәжірибе алмасу тетігі ретінде танылды.
Атап өтерлігі, «Advanced Def Tech» ғылыми-тәжірибелік конференциясы бұл көрменің негізгі іс-шарасына айналды. Жиында әскери-техникалық ынтымақтастық, қорғаныс-өнеркәсіп салаларын жаңарту тетіктері, жаңа технологияларды ендіру бойынша өзекті мәселелер кеңінен талқыға салынды.
Конференцияның алғашқы күні төрт панельдік сессия өтті: «Кеңестік броньдалған техниканы жаңарту. Жаңа технологиялық шешімдер», «Брондалған доңғалақты машиналарды дамытудың заманауи үрдістері», «Ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттары. Жаңа буындағы қарулану», «Оқ ату реактивті жүйесін жаңарту – жүйелерді жетілдіру». ҚӨК (қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің) ірі өндірушілері кеңестік броньдалған техниканы жаңарту, оқ ату реактивті жүйелері, брондалған доңғалақ көліктер және ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарын шығару саласындағы заманауи зерттемелер бойынша жобалар таныстырылды. Сонымен бірге Т-72, БТР-80, БПМ-1, БМП-2 танкі негізінде заманауи ұрыс модульдерін және электр-оптикалық аспаптарды ықпалдастырудың қаншалықты қажеттігі сарапқа салынды. Жиында РЗСО БМ-21 «Град» кешенін жаңартуда қатты отын ракеталық қозғалтқыштарды пайдалану аспектілері, құрлық әскерлерін шынжыр табандыдан доңғалақты техникаға қайта жарақтандыру, бейбіт уақытта және ұрыс іс-әрекеттері кезінде ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарын тәжірибелік тұрғыда қолдану мәселелері кеңінен талқыланды. Конференцияның екінші күні Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұловтың қатысуымен «Қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамытудың өзекті мәселелері» тақырыбында пленарлық сессия өтті. Б.Атамқұловтың айтуынша, қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің бүгінде ел экономикасында өзіндік маңызды орны бар және елеулі экспорттық әлеуетке ие. Бұл өз кезегінде әскери қуатпен қатар азаматтық сектордың дамуына да әсер етеді. Бүгінде ҚӨК ғылыми қамтымды жүйе болып табылады. Оның құрамына 9 мың адамды жұмыспен қамтитын 40 кәсіпорын кіреді. Ал «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Әсет Құрманғалиев өз баяндамасында бесінші мерейтойлық «Kadex-2018» көрмесі таяуда құрылғанына 15 жыл толған «Қазақстан инжиниринг» компаниясының мерейтойымен тұспа-тұс келгенін атап өтті.
– «Қазақстан инжиниринг» компаниясы үшін «КADEX-2018» көрмесі өте маңызды іс-шара. Дәл осы жерде біз өзіміздің әлеуетімізді және жұмысымыздың нәтижелерін барынша толық таныстыра аламыз, әлеуетті серіктестермен кездесуге, қорғаныс-өнеркәсіп кешені саласындағы жетістіктер мен жаңашылдықтарды зерделеуге мүмкіндік бар. Сондықтан бүгінгі пленарлық сессия ҚӨК дамытудың өзекті мәселелерін кеңінен талқылаудың тиімді алаңына айналып отыр, – деп атап өтті ол.
Ә.Құрманғалиев бірқатар машина жасау кәсіпорындарын біріктіретін «Қазақстан инжиниринг» елдегі ҚӨК басты компания екендігін атап өтті. Холдингтің кәсіпорындары көп бейінді технологиялық базаға ие. Бұл өз кезегінде дайындаудан бастап дайын өнімді шығаруға дейінгі өндірістің толық циклын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл кәсіпорындардың әрқайсысы көпжылғы тәжірибенің арқасында жинақталған маңызды құзыреттерге және тапсырыс берушілермен берік байланыстарға ие. Компания өзінің еншілес және тәуелді ұйымдарында бірыңғай өндірістік, технологиялық, қаржылық және кадрлық саясатты қамтамасыз етеді.
Оның айтуынша, бұл факторлар «Қазақстан инжиниринг» компаниясының әлеуеті және келешегінің зор екендігін көрсетеді.
Сонымен бірге ол конференцияға қатысушылар мен журналистерге «KADEX-2018» көрмесіне компанияның 17 еншілес және тәуелді ұйымы келесі бағыттар бойынша қатысып отырғанын баяндады, оның ішінде құрлықтағы қарулану және техника; әуедегі қарулану және техника; әскери қарулану және техника бар.
– Сіздер көріп отырғандай, әскердің барлық түрлері мен бағыттары бойынша тауарлар мен қызметтерді ұсына аламыз, – деді «Қазақстан инжиниринг» компаниясының басшысы. – Сонымен қатар біздің компания экспортқа бағытталған жаңа техникалық шешімдерді әзірлеумен айналысады.
Бұл компанияның мүмкіндіктерін көрсететін шағын ғана тізім. Ол «Қазақстан инжиниринг» өнімдерімен және қызметтерімен павильонда кеңінен танысуды ұсынды.
Сонымен бірге соңғы жылдары компания өнімдер мен қызметтерді кеңейту жұмыстарын белсенді түрде жүргізетіні атап өтілді. Бұл мақсатта бірқатар инвестициялық жоба іске асырылған. Олардың қатарында ЕС145 тікұшақтарын құрастыру, оптикалық аспаптарды шығару, «Арлан» және «Алан» брондалған көліктерін жасау, Астанада Әуе-техникалық орталығын құру және тағы басқалары бар.
Ә.Құрманғалиевтің баяндауынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес алдағы жылдары еліміздің қорғаныс өнеркәсібіндегі 9 ірі кәсіпорында технологиялық жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Жаңарту есебінен еңбек шығындарын қысқарту, өнімнің өзіндік құнын төмендету, сапасын көтеру, бұйымның нақтылығын арттыру, еңбек өнімділігін арттыру бағытында басымдыққа ие артықшылықтарға қол жеткізу жоспарланып отыр.
Компания ішкі нарықтың қажеттіліктерін қамтамасыз ету және оны экспортты ілгерілету мақсатында машина жасау саласында, өзара сабақтас өндірістерде мультипликативті нәтижені қалыптастыратын, сонымен бірге сервистік қызметтердің аясын кеңейтетін келешегі бар кластерлерді дамытуды көздеп отыр. Алдағы уақытта «Қазақстан инжиниринг» қызметінің негізгі бағыттарына айналатын кластерлер ретінде ракеталық-отын, броньдалған танк және әуе кластерлері аталды.
«Advanced Def Tech» ғылыми-тәжірибелік конференциясының қорытындысы бойынша тұжырымдама қабылданды. Оған өңірдегі мемлекеттер арасында әскери-техникалық саладағы ынтымақтастықтың барлық бағыттары кірді.
Мақсұт ИРЖАНОВ