Сенатта «Балық шаруашылығындағы инновациялық даму перспективалары және қазіргі жай-күйі, экспортқа бағытталған өнім шығару мәселесі» тақырыбы бойынша еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшылығымен кездесу болды, деп хабарлады Парламент Сенатының Баспасөз қызметі.
Шараны Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Асқар Бейсенбаев ашып, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» халыққа Жолдауында аграрлық секторды экономиканың жаңа драйверіне айналдыру қажеттігі туралы айтқанын еске салды. Қазақстан көптеген бағыттар бойынша әлемдік нарықтағы ірі экспорттаушы бола алады. Ең бастысы «Қазақстанда жасалған»-«Made in Kazakhstan» брендімен шығатын өнім экологиялық таза болуы тиіс. Еліміздің экономикалық дамуында А. Бейсенбаев айтқандай, балық шаруашылығы ерекше рөл атқара алады. Кейінгі кезде бұл салада ауқымды жұмастар атқарылды. Сонымен бірге, сенатор атап өткендей, бірқатар өзекті мәселелер де бар. Атап айтқанда, саланы дамыту жөніндегі бағдарламалық құжаттың жоқтығы, балық өнімдерінің көптеген бөлігі көлеңкелі айналымға кетуі, балық шаруашылығы саласында білікті мамандардың жетіспеушілігі орын алуда. Сондай-ақ инспекторлар құрамы еңбекақысының төмендігі, әлеуметтік жеңілдіктердің жоқтығы, инспекцияның материалдық-техникалық жабдықталуының төмендігі қиындық туғызып отыр. А. Бейсенбаев атап өткендей, шараға қатысушылар осы мәселелерді талқылауы тиіс.
Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаев негізгі баяндама жасап, еліміздің балық шаруашылығының қазіргі жай-күйі мен келешегі туралы парламентшілерді хабардар етті. Ол саланың дамуына бөлінген қаржы көлемі, балық өнімдерінің экспорты мен импорты, 2021 жылға дейінгі балық шаруашылығын дамыту болжамдары туралы айтты. Салалық мекеменің өкілі балық шаруашылығын мемлекеттік қолдау мен еліміздің бірқатар аймақтарындағы инновациялық жобаларды іске асыру және инновациялық даму шараларына жан-жақты тоқталды.
Сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегенов балық шаруашылығын қолдау жөніндегі бірқатар сын ескертпелер айтып, өз ұсыныстарын ортаға салды. Сенатор саланы тиімді басқарудың нашарлығы туралы айта келіп, саланың уәкілетті органы – Балық шаруашылығы жөніндегі комитетті құру туралы мәселе көтерді. Сондай-ақ балық шаруашылығы кәсіпорындарын мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру, оның ішінде олардың экспорттық мүмкіндіктерін ынталандыру туралы да айтылды. С. Еңсегенов Каспий теңізінің балық ресурстарын игеруге квота бөлу жүйесін өзгерту жөніндегі өзекті мәселелерге де тоқталды.
Шара барысында инвестициялар және даму министрлігі инвестициялар жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Лариса Жұмағалиева, Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Қуаныш Исбеков, «Қазақ балық шаруашылығы» балықшыларының қоғамдық бірлестіктері мен балық шаруашылығы субъектілерінің республикалық қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары Серік Темірханов, «Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауыты» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорынының диекторы Гилман Сәрсемалиев сөз сөйледі.
Кездесуге қатысушылар сөздерінің негізінде балық шаруашылығын реттейтін заңнаманы жетілдіру және тиісті мемлекеттік органдардың шаралар қабылдауы жөнінде ұсыныстар қабылданатын болды. Саланы дамыту жөніндегі қадамдардың бірі ретінде «Биологиялық ресурстарды сақтау және орнықты пайдалану» арнайы салалық бағдарламасын әзірлеу және оны бекіту туралы ұсыныс жасалды.