• RUB:
    4.86
  • USD:
    441.66
  • EUR:
    475.14
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Мамыр, 2018

Жетісудағы жетістіктер

401 рет
көрсетілді

Өткен аптаның соңында Орталық коммуникациялар қызметінде Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың қатысуымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңірде атқарылып жатқан шаралар туралы баспасөз мәслихаты өтті.  

– Елбасымыздың «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасын жетісу­лы­қ­тар жылы қабылдап, тек осы мақ­сатта арнайы жұмыс тобы құ­рылып, бағытымыз айқын­дал­ды. Өткен желтоқсан айында рес­публикада бірінші болып об­лыс орталығында «Рухани жаң­ғы­ру» орталығын аштық, – деп мәслихаттың шымылдығын сүйін­шілей түр­ген Аман­­дық Ғаббасұлы әңгіме­сін тө­мендегіше жалғады: «Бағ­дар­­лама аясында Қарасай ауданын­да Тұңғыш Президент – Елба­сының «Атамекен» тарихи-мәде­ни орталығы, «Батыр бабалар» музейі жаңадан салынып, іске қосылды. «Рухани қазына», «Тәр­бие және білім», «Атамекен», «Ақ­па­рат толқыны» сияқты кіші бағдар­ламалар негізінде 308 жоба жаса­лып, оларды жүзеге асыруға 37,1 миллиард теңге қаражат жұмса­лады. Оның ішінде 9,4 миллиард теңге демеушілер есебінен толықты». 

Жалпы алғанда, облыс бо­йынша жоғарыдағы бағдарлама  өткен жылы 8 мың іс-шара өткі­зіліп, оған 1 миллион адам тартыл­ған. Олардың қатарында өнер ұжым­дарының қайырым­дылық кон­церттері, дөңгелек үстелдер, кон­ференциялар, мәдени байқау­лар және тағы басқа шаралар бар.

Осында атқарылған жұмыс­тардың барлығы халыққа бұқара­лық ақпарат құралдары арқылы жеткен. Нақтырақ айтқанда, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы туралы облыстық бұқаралық ақ­парат құралдарында 8 773 мақа­ла жарық көріпті. Тек өткен жылы өңірлік коммуникациялар қызметінде БАҚ өкілдері қатысқан 59 брифинг өткен. 

«Рухани қазына» кіші бағ­дар­ламасы аясында өңірде 243 мә­дениет үйі күрделі жөндеу­ден өткізіліп, оның 7-еуіне өткен жылы, 13-іне биылғы жылы жоба­лау-сметалық құжат әзірленді. «Туған жер» жобасы шеңберінде өткен жылы жалпы сомасы 17,7 миллиард теңге болатын 193 жоба жүзеге асырылса, «Отаным – тағдырым» бағдарламасымен 397,3 миллион теңгелік 16 жоба, «Өлкетану» бағдарламасымен 24,4 миллион теңгелік 8 жоба, «Саналы азамат» бағдарламасымен 456,7 миллион теңгелік 16 жоба іске асты», деді облыс әкімі. 

Сонымен қатар өлке тарихын таныстыратын «Киелі орындар­дың электронды картасы» жасалып, оған аймақ аумағындағы  2 343 ескерткіш кірсе, бұлардың ішінен 58 нысан іріктеліп алынып, 17-сіне республикалық, 41-іне аймақтық мәртәбе берілген екен.

Облыста орындалып жатқан келесі бір игі шаруа – Орбұлақ ша­йқасының 375 жылдығына ар­нал­ға­н «Орбұлақ» мемориалды ке­шені мен Талғар ауданы Жа­­ңа­­лық ауылындағы «Саяси қу­ғын-сүргін және ашаршылық құр­­бан­­­дары музейінің» құрылыс жұ­­мыстары басталып, аяқталуға жақын.  Сондай-ақ облыс басшысы демеушілердің қолдауы­мен жүзеге асырылған аса ірі әлеу­меттік жобаларға да тоқталды. Атап айтқанда, ««BN INVEST» қаржылық-өндірістік холдингі» ЖШС Қарасай ауданындағы Шамалған ауылында 160 миллион теңгеге халықтың әлеуметтік әл­жуаз топтарына арнап 17 тұрғын үй салып берсе, Асқар Саби­ров басқаратын «Амал Био» серік­тестігі 30 миллион теңгеге Еңбек­шіқазақ ауданындағы Ащыбұлақ ауылында қараусыз қалған сая­бақты жаңғыртып, балаларға футбол алаңын жасап берген. 

Өңірде жастар мәселесі де назар­дан тыс қалмапты. «Жырға тұн­­ған мекенім – Жетісуым» жо­ба­сымен 43 жергілікті ақын-жазу­шының кітаптары жарық көрсе, «Жетісу балалар кітап­хана­сы» жобасы бойынша алты автордың балаларға арналған түрлі жанрдағы антология­сы басы­лып шыққан. Бұл туынды­лардың жалпы тиражы 24 мың дананы құрап отыр. 

Сондай-ақ «Жетісудың жас­тарға тартуы» жобасы аясында жас өлкетанушылар мен турис­тердің «Менің Отаным – Қазақ­стан» облыстық форумы өткізіліп, осы бағыт бойынша 2017-2022 жыл­дары 878,4 миллион теңге жұмсалып, 40 жобаны жүзеге асыру жоспары да бар екен. 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,  «Егемен Қазақстан»