Орталық коммуникациялар қызметінде «Балалардың мүддесі үшін мемлекеттік саясат» тақырыбында баспасөз конференция өтті. Шараға қатысқан Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Нұрбек Оршубеков Халықаралық балалардың құқықтарын қорғау күні қарсаңында Министрлік тарапынан «Нұрлы Болашақ» акциясы жарияланғанын тілге тиек етті.
«Қазақстанда 18 жасқа дейінгі бала саны 5,5 млн.нан астам, оның ішінде мектепке дейінгі жастағы – 2 млн.нан астам, мектеп оқушылары - 3 млн.нан астам, 18 жасқа дейінгі оқушы және студент жастар – 300 мыңнан астам. Халықаралық балалардың құқықтарын қорғау күні қарсаңында Министрлік тарапынан «Нұрлы Болашақ» акциясы жарияланды. 1 маусым мерекесі аясында еліміздің барлық негізгі алаңдарында фестивальдер, театрландырылған қойылымдар, концерттік бағдарламалар, спорттық жарыстар, асфальтқа суреттер салу конкурсы, жалпы 600-ден астам іс-шаралар өтеді деп жоспарланған», деді Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы.
Сонымен қатар ол бұл күні республиканың барлық өңірлерінде балалар мен жасөспірімдердің музыкалық оркестрлер мен ансамбльдер шеруі өтетінін, Астана қаласында «Жұлдызай» ерекше қажеттіліктері бар балалар шығармашылығының республикалық фестивалінің гала-концерті болатынын, мереке күндері «Балалар бастауы» балалардың әлеуметтік жобалары, «Қазақстан – мейірімділік мекені» акция конкурстарының қорытындылары шығарылатын жеткізді.
«1 маусымнан бастап 1,5 млн. бала демалатын 12,5 мыңнан астам мектеп жанындағы лагерь жұмысын бастайды. Жалпы балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру үшін ағымдағы жылғы жергілікті бюджет қаражат есебінен 4 млрд.-қа жуық теңге бөлінді. Балаларға қатысты болған оқиғалардың негізгі себептері: ата-аналар бақылауларының жеткіліксіздігі, және қауіпсіздік шараларын сақтамауы болып табылады. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі барлық жауапты мемлекеттік органдардың бақылауында. Министрлік тарапынан 2017-2019 жылдарға арналған балаларды жүзуге үйретуді ұйымдастыру жөніндегі ведомствоаралық іс-шаралар жоспар әзірленді. Жоспар жалпы білім беретін мектептердің өңірдегі қолданыстағы бассейндерге бекіту кестесін бойынша іс-шараларды, педагогтар мен ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстары және балаларды жүзуге үйретумен қамтылған балалар саны туралы мәліметтер мониторингі жұмыстарын қамтиды. Осы мүмкіндікті пайдаланып, балалар мен ересектерге арналған 111 орталығының сенім телефоны тәулік бойы жұмыс жасайтындығын айтқым келеді», деп атап өтті ол.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің Ақпараттандыру және халықты оқыту бөлімінің бастығы Руслан Иманқұлов бүгінгі күні балалардың қауіпсіздік мәселесі өзекті болып отырғанын жеткізді.
«ТЖ комитеті білім беру, денсаулық сақтау министрліктерімен және жергілікті атқарушы органдармен бірігіп судағы және өрт кезіндегі балалардың қауіпсіздігі бойынша іс-шаралар кешенін өткізуде. Сонымен қатар ағымдағы жылдың басынан бері 40 профилактикалық брифинг өткізілді. Халық арасында 73 мыңнан астам үгіттеу материалдары таратылды. Қоғамдық тәртіпті сақтауды және қалалық жағажайларда суда зардап шеккен адамдарға алғашқы медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз ету үшін 44 қоғамдық қауіпсіздік бекеті және 15 медициналық пункт құрылды, 328 көрнекі стенд орнатылды. 300 құтқару бекеті қосымша ұйымдастырылатын болады. Су айдындарына жақын орналасқан балалар лагерьлерінде құтқарушылар жағажайлардың түбін тазартып, арнайы ақпараттық стендтер орнатылуда. Өрт қауіпсіздігін сақтау өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Сандық деректерді келтіре кетейік: жыл басынан бері біздің бөлімшелер өрт қауіпсіздігі бойынша 289 интерактивті сабақ өткізді, оларға 176 969 оқушы қатысты. Еліміздің 21 мыңнан астам оқушысы «Жас құтқарушы» атты үйірмеге қатысады. Біз БҰҰ «ЮНИСЕФ» халықаралық балалар қоры, Қызыл Жарты Ай сияқты халықаралық қорлармен белсенді жұмыс жүргіземіз», деді ол.
Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»