Ақтөбе тау түгілі, төбесі жоқ дерліктей қазақтың кең жазық даласында орналасқан өңірлердің бірі. Мұндағы биік шоқының бірі Ақтөбе қаласының іргесінде. Оны жергілікті тұрғындар «Түйетөбе» деп атап кетіпті. Отызыншы жылдардағы зұлматтың жаңғырығы дәл осы тұстан елес беріп тұрғандай. Қолдан жасалған қиянат кезінде Ақтөбе өңірінде 8000-дай адам саяси қуғын-сүргінге тап болып, олардың 2000-нан астамы ату жазасына кесілген екен. Олардың мүрдесі осы Түйетөбе сайында жатыр.
Кеше 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күні Түйетөбенің басындағы репрессия құрбандарына арналған ескерткіш маңына халық көп жиналды. Арыстарды еске алу шарасының ортасында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова болып, жазықсыз жазаланғандарды еске алып, сөз сөйледі.
– Тәуелсіздікке дейінгі тарихымызда «мың өліп, мың тірілген» халқымыздың тартқан қасіреті аз емес. Соның ең бір күрделі кезеңдері – сонау отызыншы жылдардың зобалаңы. Елді қынадай қырған ашаршылықтың артынан жаппай жазалау науқаны басталды. Зұлмат жылдардың жаңғырығы халық жадынан өшпейді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1997 жылғы Жарлығымен 31 мамырдың саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленуі осынау қасіретті кезеңді байыпты зерделеуге жол ашты, – деді Түйетөбе басында Гүлшара Наушақызы.
«Елімізде жазықсыз жазаланған жандарды еске салатын орындар көп. Соның бірі осы Түйетөбе биіктігі деп білемін. Бұл – зауалға ұшыраған ата-бабаларымыздың көрген қасіретін күні кешеге дейін ішіне бүгіп жатқан топырақ. Сондықтан да мұндай қасиетті жерді қастер тұту бәріміздің парызымыз. Біз халық тартқан зобалаңнан тиісті сабақ ала білуіміз қажет. Бүгінгі күні еліміздің әр түкпірінде өткізіліп жатқан іс-шаралар осы датаға бағытталған. Жазықсыз жазаланғандардың жаны жәннатта болсын», деді бұдан әрі Г.Әбдіқалықова. Содан соң Түйетөбенің басында арыстар рухына Құран бағышталды.
Кешегі күні Ақтөбе аймағында саяси-қуғын сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған шаралар жалпы мемлекеттік сипатқа ие болғанын атап айтуға тиіспіз. Бұдан кейінгі кезекте Мемлекеттік хатшы Ақтөбе қаласындағы Жеңіс көшесіндегі саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішке барды.
1929-1931 жылдары тоталитарлық режім ұжымдастыру ісін әдейі қолдан жасап, бұл кереғар іс халықтың наразылығын туғызғаны мәлім. Осы бір жылдарда Ақтөбе аймағында Адай-Табын және Ырғыз көтерілістері бұрқ ете түскені де халық зердесінен өше қойған жоқ. Ескерткіштің ашылу рәсімі кезінде осындай тарихи деректерді алға тартқан Мемлекеттік хатшы ашаршылық құрбандарына арналған мемориалдық кешендер тұрғызу бүгінгілердің парызы екеніне тоқталды. Сондай-ақ ол бүгінгі күні елімізде осы оқиғаға орай 66 ескерткіш тұрғызылғанын атап өтті. Соның ішінде Ақтөбе қаласында саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарына қойылған ескерткіштің өз орны бар, деді Г.Әбдіқалықова. Оның тұжырымдауынша, Ақтөбеде ашылған мемориалдық кешен жазықсық жазаланған жандарды мәңгілік еске сақтауда елеулі рөл атқарады. – Арыстарға арналған ескерткішті қою жөніндегі облыс әкімдігінің ұсынысы мемлекеттік комиссияның отырысында қолдау тапты. Жарияланған конкурстың қорытындысы бойынша жергілікті мүсінші, Қазақстан Суретшілер одағаның мүшесі Ахмет Құбайдың еңбегі ең таңдаулы жоба ретінде жеңіске жетті. Бүгінгі 31 мамыр күні Ақтөбеде ашылған еңселі ескерткіш елдігіміз бен тәуелсіздігіміздің белгісі. Бұл келешек ұрпақтың бойында терең халықтық таным түсініктің қалыптасуына негіз қалай алады. Тек осындай жағдайда ғана жалпыұлттық сана-сезім одан әрі жаңғырып, Қазақстан халықтарының ауызбіршілігі мен татулығы нығая түспек. Мен бұған кәміл сенемін, – деп түйін жасады Мемлекеттік хатшы.
Ақтөбе өңірінде дүниеге келген халқымыздың елеулі тұлғаларының бірі, қазақ тіл ғылымының маманы көрнекті лингвист-терминолог, латын әліпбиін қолдау жөнінде ғылыми еңбектер жазған ғалым Құдайберген Жұбанов та «халық жауы» ретінде 1937 жылдың қараша айында ұсталып, 1938 жылдың 25 ақпанында ату жазасына кесілген. Ескерткіштің ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Қ.Жұбановтың ұлы, профессор Асқар Құдайбергенов: «Мен ол кезде небәрі алты айлық сәби едім. Тәубе, орнында бар оңалар дегендей, әкеміз 1957 жылы ақталды. Бүгінде Ақтөбеде әкем мен оның туған інісі Ахмет Жұбанов атында үлкен көшенің бар екені көңіліме қуаныш сыйлайды. Қазір Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті әкем Құдайберген Жұбановтың атын иеленген. Сондай-ақ өткен жылы қалада «Жұбановтар әлемі» атты орталықтың ашылғаны да бір мерей», деді ол. Нәубет кезінде бүгінгі күні Қазақстанды Отаны санайтын неміс, поляк, корей, чешен, қарашай секілді этнос өкілдері де жаппай қуғындалып, орасан зардап шеккені белгілі. Әйтсе де оларға құшағы кім-кімге де айқара ашық қазақ халқы қара ағаштай пана, бәйтеректей сая бола білді. Қазіргі кезде олардың бәрінің қазақ халқына айтар алғысы мол.
Бұл жөнінде Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Қарағандыдағы «Вайнах» чешен этномәдени бірлестігінің төрағасы Увайс Жанаев айтып берді. Сондай-ақ Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл жаңадан ашылған ескерткіш түбінде арыстарға арналған өлеңін оқыды. Мемлекеттік хатшының Ақтөбе облысына сапары саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты халықаралық форумда түйінделді. Отандық және шетелдік тарихшылар мен сарапшылардың, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің басын қосқан іргелі ғылыми-практикалық конференцияны Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ашып, сөз сөйледі. – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей, қазақ халқы үшін өткен ХХ ғасыр өзге халықтардың тек қорқынышты түсіне ғана кіретіндей зұлмат оқиғалардан тұрады. Осы қасіретті ұмытпай, әрқашан зерделеп жүру үшін Елбасымыздың 31 мамырды саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп белгілегені – үлкен жанашырлықтың белгісі. Біз бүгінгі форумға осы қастерлі күнді әркез қастер тұту үшін жиналып отырмыз, – деді ол. Бұдан әрі өңір басшысы Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықоваға сөз берді.
Мемлекеттік хатшы Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен қолға алынған «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» халықаралық жобасы еліміздегі дәстүрлі іс-шараның біріне айналғанын айтып өтті. Аталған жоба алғаш рет 2010 жылы Астана маңындағы «Алжир» мемориалдық музейінен бастау алып, еліміздің әр өңірінде жалғасып келеді.
Тарихтан тағлым алып, өткенге құрметпен қарауға үндеген жоба Ақтөбе өңірінде үлкен ауқымда ұйымдастырылды. Бүгінде өңірде түрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, қоғамдағы келісімнің іргетасын бекіте түсуде. Бұл бағытта облыста ауқымды істер атқарылып келе жатқанын атап айтуымыз керек. Мұның барлығы Ақтөбені Қазақстанның урбанистік төрт заманауи орталығының бірі ретінде айқындап берген Мемлекет басшысының ел бірлігін бәрінен биік қоятын сындарлы саясатының нәтижесі, деп ой қорытты Мемлекеттік хатшы.
Сондай-ақ Г.Әбдіқалықова қазақстандықтар тоталитарлық тәртіптің салдарынан орын алған зобалаң мен нәубет келтірген қасіретті білуі, әркез еске алып отыру керектігін айта келіп, тәуелсіздікке қол жеткізген кезден бері елімізде тарихи зердені тереңдету жөнінде атқарылған кешенді шараларға тоқталып өтті. Ақтөбе форумы – тарих тағылымы рухани жаңғыру жолының баянды болуы үшін қажетті негіз қалай білді деп санаймын. Сондықтан да бүгінгі конференция келешек ұрпақтың тарихтан тағылым алуға және болашаққа белгілеген бағдарының нық болуына септігін тигізеді деп түсінемін деп қорытты ойын Мемлекеттік хатшы. Форумда Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі, Леонид Прокопенко мен Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяғанның жасаған баяндамалары да ықыласпен тыңдалды.
Ақтөбеге жұмыс сапарының екінші бөлігінде Г.Әбдіқалықова өңірдегі «Күншуақ» балаларды сауықтыру және «Әсем» лагерьлерінің жұмысымен танысты. Гүлшара Наушақызының айтуынша, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған әрі жыл бойы жұмыс жасайтын «Күншуақ» лагерінің іс-қимылы республиканың өзге өңірлеріне де үлгі, эталон бола алады. Айталық, Қазақстан балаларға қамқорлық туғызу жөнінде БҰҰ конвенциясында қол қойған болса, облыста іске асырылып жатқан «Бақытты бала» жобасы және «Күншуақ» секілді лагерьлер осы бағытты ұстануға елеулі көмегін тигізе алады. Мұнда мүмкіндігі шектеулі балалар мен олардың аналары да бірге болуына мүмкіндіктер туғызылыпты. Осындай оң тәжірибелерді республиканың өзге өңірлеріне де таратылғаны жөн, деді Мемлекеттік хатшы.
Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ