«Үкімет пен Парламент өз жұмысын мемлекеттік тілде жүргізуі керек...». Н.Ә.Назарбаев
Қай заманда, қай қоғамда болсын, мәселеге биліктің ең жоғары деңгейінде көңіл бөлінуі оның аса маңыздылығын және оны дамытуға баса назар аударылып, мемлекеттік тұрғыдан қабылданатын шараларды күшейту керектігін көрсетеді. Осы ретте Елбасының Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевты қабылдаған кезде салаға қатысты бірқатар мәселелерді сөз етіп, соның ішінде қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту жөнінде нақты тапсырмалар беруін солай түсінуіміз керек.
Орайы келгенде, жұмысты мемлекеттік тілде жүргізу мәселесіне қазақ тілді басылымдар басым көңіл бөлгенін, орыс тілді басылымдарда жалпылама айтылып, тіпті Елбасының қазақ тілін үйрену жұмысын жүйелі түрде жүргізу керектігін дәйектей келе: «ақпарат құралдарында мемлекеттік тіл басымдығы күшейе береді деп айту керек», «қазақ тілінің дәрежесін көтеру үшін жұмыс істеуіміз керек» деп нақты тапсырма бергенін айналып өтуге тырысушылық болғанын байқағанымызды айта кеткіміз келеді.
Өзіміз тыңдап отырып, Президенттің «Үкімет пен Парламент өз жұмысын мемлекеттік тілде жүргізуі керек...», деген сөздерінен кейін қашанғыдай ел бірлігін, баршаның теңдігін ойлайтын қалпымен: «басқа азаматтарды ешқандай ренжітпеу үшін... оларға ілеспе аударма жасау керек...» дегенін жазып алдық. Оның себебі де бар.
Елбасының қазақ тілін дамыту, оның қолданылу аясын кеңейту, елді мекендеген барша ұлттың ортақ тіліне айналдыру мәселесін айтып отырғаны бұл ғана емес. Қаншама рет тап осы жолғыдай ілеспе аударма жасау туралы айтылған сөздерін естіп, ілеспе аударма жасағанбыз. Бұдан жиырма жыл бұрын халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының «Алтын қыран» марапатын алғанда Мемлекет басшысы: «Барлық жиындар ілеспе аударма жасала отырып, қазақ тілінде жүргізілуі керек» деген-ді. «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз Мәңгілік елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды! Оны ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн» деді «Қазақстан-2050» стратегиясын жариялай отырып. «...Кеңестерде қазақ тілінде сөйлесін, бірақ ілеспе аударма арқылы сөйлейтін болсын», – деді Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІІ сессиясында...
Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Бұл сөздер биліктің үш тармағында да қазақ тілі басым болуы керектігі басқа ұлт өкілдері үшін ілеспе аударма жасалуы керектігі күн тәртібіне енді қойылып отырған мәселе емес екендігін айғақтап, ал атқарушы биліктің оны орындауы мардымсыз екендігін көрсетеді.
Елімізде бұл қағидатты әу бастан берік ұстанған жалғыз орталық орган – Қазақстан Республикасының Парламенті. Қос палата да тәуелсіздік алғалы бері барлық отырыстарын (жалпы отырыстарын ғана емес, бюро, комитеттер отырыстарын да) ілеспе аудармамен қамтамасыз ете отырып, мемлекеттік тілде өткізеді. Бұл – жоғары заң шығару органында нық орныққан, қанша басшы ауысса да, олардың қазақ тілін білу деңгейі қандай болса да бұзылмайтын тәртіп екеніне Сенат аппаратында өзім қызмет еткен жылдарда көзім әбден жеткен.
Тағы бір айта кетерлігі, бұл органда әуел бастан кәсіби ілеспе аудармашыны табу оңай еместігін түсінушілік бар. Сондықтан кадр іріктеу кезінде аудармашының осы қиын мамандықты игергеніне мән беріледі. Аппаратта қызмет ететін ілеспе аудармашының еңбегі бағаланып, мүмкіндігінше жағдай жасалып отырады.
Осы ретте, кезінде ілеспе аудармашыларға көмек ретінде шығарған «Мақал-мәтелдердің, тұрақты тіркестердің қазақша-орысша мағыналық аудармасы» деген кітапшамды сыйға тартқанымда Сенат Төрағасы Қ.Тоқаевтың еңбек жолының басында өзі де ілеспе аудармашы болғанын, оның қаншалықты қиын әрі жауапкершілігі зор мамандық екенін айтқанын мысалға келтіре кеткім келеді. Бәлкім содан да болар, сол жылдары Сенатта ілеспе аудармашыларды дайындауға зор мән берілетін. Сөйтіп, қызмет ете жүріп, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде шәкірт тәрбиеледім. Оларды тәжірибеден өткізуге Сенат аппараты мүмкіншілік жасады. Өзімізде еңбек ететін қызметкерлерді жетектеп жүріп, баулыдым. Нәтижесінде онда қазір Қарашаш Ысмайылова, Гүлнәр Салықова, Сәтжан Мейірманов сияқты мықты шәкірттерім жұмыс істеуде.
Бұл дәстүр қазір де жалғасуда. Ілеспе аударма бастау алып, жиынды ілеспе аудармамен жүргізу мәдениетін қалыптастырушы орган ретінде Сенат аппаратының басшысы Серік Сыдықов қолдан келген көмегін жасап отырады. Ілеспе аудармашыларды дайындау, біліктіліктерін арттыру, әсіресе, ілеспе аударма жасау шеберлігі ұдайы шыңдауды талап ететінін түсіну бар екені қуантады.
Мәжіліс аппаратындағы аударма бөлімін кезінде өзі ілеспе аудармашы болған Дәуітәлі Омашұлы басқаратыны, онда да ілеспе аудармашылардың жас буынын дайындауға мән беру дәстүрін қалыптастырған. Таяуда ғана мамандықтың қыр-сырын сонау Павлодардан келіп үйренген шәкіртім Жанна Тасболатова қызметінің өсіп жатқанын қуана хабарлады.
Бірнеше жыл бойы Үкімет отырыстарында ілеспе аударма жасап келе жатқан Динара Құсманова да – бүгінде төселген, білікті аудармашы. Ұлттық банкте Саида Нәжімеденова бастаған бір топ мықты маман отыр. Тұтастай алғанда бізде тап осындай деңгейде аударма жасай алатын ілеспе аудармашы тіптен аз. Себебі ілеспе аударма әрі қиын, әрі денсаулыққа зиян мамандық болғандықтан, оны игеруге ұмтылушылар көп емес. Осы саланы зерттеуді қолға алғанда ауырлығы және адамға келтіретін зияндылығы жағынан ілеспе аударманың жаңа ұшақты сынаушылар, жыртқыш хайуандарды қолға үйретушілер сияқты кәсіптер қатарына қосылатынын білгенде өзіміз де таңғалғанбыз.
Иә, бізде ілеспе аудармашылар саны көп емес, ал биік деңгейлі жиындарды аударатындар саусақпен санарлық қана. Хорда ән айтатынның бәрі бірдей жеке концерт беретін әнші болмайтыны, коньки тебе білетіннің бәрі мәнерлеп сырғанау шебері болмайтыны сияқты, жазбаша аударма жасай алатындардың кез келгені ілеспе аудармашы бола алмайды. Ілеспе аудармашылардың аз болуының бір ұшығы осында жатыр.
Осыған дейін Елбасы қанша рет назар аудартса да, тіпті ірі халықаралық жиындарда қазақ тілінен ілеспе аударма болмауынан ұятты жағдайларға тап болып жүрсек те, ұзақ жылдар бойы бұл мәселенің түйіні шешілмей келді. Ілеспе аударманың ана тіліміздің мерейін өсіріп, халықаралық деңгейдегі жиындардың жұмыс тілі болуы үшін керек екенін тіл саласындағы шенеуніктер елемей-ақ қойып еді. Сеңнің қозғалуына Мемлекет басшысының 2015 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымында қазақ тілінде сөйлеген сөзі себепші болды.
Сөйтіп 2016-17 жылдары Мәдениет және спорт министрлігі Тіл комитетінің тапсыруымен Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық орталығы курс ұйымдастырып, өз әдістемемді қолдана отырып, 2 топты оқытып шығардым. Солардың ішінен бірнешеуі «жүзден жүйрік» шығып, ілеспе аудармашылар қатарын толықтырды. Тағы бір нәтижеміз курсқа қатысқан Ақтөбе облыстық тіл басқармасының басшысы Г.Төлебаеваның өз өңірінде сол форматта курс өткізуі болды. Нәтижесінде, экономикасы қарқындап дамып, еліміздің миллион тұрғыны бар облысы болайын деп тұрған Ақтөбеде өтетін жиындарда қазақ тілі – жұмыс тілі болуын қамтамасыз ете алатын ілеспе аудармашы шәкірттер дайындалды. Ілеспе аудармашыларды тәрбиелеудің жақсы, ұтымды жолы «Хабар» арнасында жүргізілетін «Болашаққа бағдар» бағдарламасының аударма мәселесіне арналған 14-шығарылымында ұсынылды. Ол – бір ұлттық университеттің жанынан жоғары курстар ашып, аударманың салалары бойынша (көркем аударма, ілеспе аударма) мамандарды дайындау. Еліміздің қазынасын сыртқа, ал әлемнің інжу-маржандарын қазақ оқырманына таныту үшін өз елімізде ана тілімізді өгейліктен құтқарып, үлкен жиындардың жұмыс тілі ету үшін бұл курстар аса пайдалы болар еді.
Ілеспе аударма жиындардағы коммуникация құралы ғана емес, ол арқылы белгілі бір ұйымдар, ел алдында жүрген азаматтар туралы қосымша ой түзуге болады. Елімізде ілеспе аударманың пайда болуы мен дамуын ұзақ жылғы зерделеуіміз мыналарға көз жеткізді: ілеспе аударманы өзі ұйымдастыратын іс-шарасына терең мән беріп, оның қоғам өміріндегі белгілі бір проблемаларды шешудегі маңызын түсінетін; жиынға қатысушылардың уақытына құрметпен қарауды; көтерілген мәселелердің баршаға түсінікті болуын; олар бойынша қабылданар шешімнің ортақ тұжырымдамасы түзілуін көздейтін ұйымдар жүзеге асырады.
Елімізде өткізілетін жиындарға келген шетелдік қонақтар сөйленетін сөздерінің міндетті түрде қазақ тіліне аударылуына мән береді. Себебі бұл – бүкіл дүние жүзінде қабылданған әдеп нормасы. Өркениетті елдердің өкілдері үшін оны орындау – заңдылық. Бәрін белден басатын – өз отандастарымыз. «Жиналғандардың барлығы да орыс тілін түсінеді ғой» деп қараушылық халықаралық жиындардың жұмыс тілі – орыс тілі болуына, аударманың да шет тілінен орыс тіліне ғана жасалуына негіз болып келеді.
Енді Елбасы тапсырмасынан кейін, бұл әдет жөнделеді деген ойдамыз. Бұл істе дәстүрді қалыптастырушы Парламентке қоса, соңғы жылдары жиындарын мемлекеттік тілде жүргізетін «Нұр Отан» партиясы, отырыстары бұрын аралас түрде жүргізіліп келсе, соңғы кездері таза қазақ тілінде өткізе бастаған Үкіметтің үлгісімен министрліктерде, өңірлерде ана тіліміз төрге шығып, барша жиындардың жұмыс тіліне айналатынына сенгіміз келеді.
Өз кезегінде бұл ол жиындарда аударма жасайтын мамандарды көптеп тәрбиелеу қажеттігіне алып келеді. Ал ол – бір-екі жылдан бері шешілуі қолға алынып, нәтижесін де бере бастаған мәселе. Енді оны жоғарыда, «Хабар» арнасында айтылған ұсыныстар арқылы жетілдіре түсу ғана қалды.
Камал ӘЛПЕЙІСОВА, ілеспе аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты