• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Парламент 01 Маусым, 2018

Қауіпсіздік кеңесінің мәртебесі айқындалды

523 рет
көрсетілді

Кеше Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың төрағалық етуімен па­латаның жалпы отырысы өтті. Жиында депутат­тар Қауіпсіздік кеңе­сіне, ТМД Экономи­калық сотына, зияткерлік мен­шік саласы және коммер­циялық емес ұйым­дар­дың қызметіне қатысты заң жобаларын қабылдады. 

Сенаторлар жан-жақты талқылаған «Қазақстан Рес­пуб­ликасының Қауіпсіздік кеңесі туралы» Заңы Қауіпсіздік ке­ңе­сінің құқықтық мәртебесін, құзыретін және қызметін ұйымдастыруды айқындайды. Заң жобасы туралы негізгі баяндаманы Әділет министрі Марат Бекетаев жасады. Құжатта қауіпсіздік кеңе­сінің ішкі саяси тұрақтылықты сақ­тау, конс­титу­ция­лық құры­лысты, мемлекеттік тәуелсіз­дікті, аумақтық тұтастықты жә­не халық­аралық аренада Қа­зақ­станның ұлттық мүдделерін қор­ғау мақсатында Қазақстан Рес­публикасының Президенті құра­тын және Қазақстан Респуб­ликасының ұлттық қауіпсіз­дігі мен қорғаныс қабілетін қам­тамасыз ету саласында бірыңғай мемлекеттік саясат жүргізуді үйлестіретін конституциялық орган екендігі айтылған.

«Заң жобасы «Қазақстан Рес­­пуб­ли­касының Президенті туралы» Консти­ту­циялық заңы­ның 33-бабына сәй­­кес әзірленді. Заң жобасы Қа­зақстан Респуб­ликасы Қауіп­сіздік кеңесінің құ­қық­тық мәр­тебесін, құзыретін және қыз­ме­ті­нің ұйымдастырылуын айқын­­дайды. Осылайша, Қауіп­сіз­дік кеңесін үйлес­тіруші конс­титуциялық орган ретінде тану ұсынылады», деді М.Бекетаев.

Қауіпсіздік кеңесінің құ­ра­мын Қазақ­стан Республикасы Президенті Қауіп­сіздік кеңесінің Төрағасымен келісе оты­рып қа­лып­тастыруы ұсынылып отыр. Заңға сәйкес, Кеңестің негізгі мін­дет­тері­не елдің ұлттық қауіп­сіздігін қамта­масыз ету, қорға­ныс қабілетін нығай­ту, заң­ды­­лық пен құқықтық тәртіпті қам­та­масыз ету са­ла­сындағы мем­ле­кеттік саясаттың не­гіз­гі ба­ғыт­тарын жоспарлау, қарау және олар­дың іске асырылуын бағалау кіреді. 

Заң жобасы үш тараудан тұрады. Бірінші тарауда Қа­уіп­сіздік кеңесінің құқықтық мәртебесі, қызмет негіздері, міндеттері және функциялары айқындалған. Екінші тарауда Қауіпсіздік кеңесінің Төрағасы мен мүшелерінің өкілеттігі, Қауіпсіздік кеңесінің қыз­меті белгіленген. Үшінші тарау Қауіпсіздік кеңесі мен Қауіп­сіздік кеңесі Аппаратының қыз­ме­тін қаржыландыру мәселе­лерін, заңның күшіне ену тәрті­бін реттейді.

«Қауіпсіздік кеңесі Төр­аға­сына келесі өкілеттіктерді бекі­ту ұсынылады: Қауіпсіздік кеңе­сінің қызметін басқа­руды жүзеге асыру; оның отырыс­тары мен жедел кеңес­терін шақыру; Қауіпсіздік ке­ңесі туралы ережені бекіту; заңнамада көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру. Қауіпсіздік кеңесінің қызметін ақпараттық-талдамалық және ұйымдастырушылық жағынан қамтамасыз етуді Қауіпсіздік кеңесінің Төрағасына бағы­на­тын және есеп беретін Қауіп­сіздік кеңесінің Аппараты жүзе­ге асырады», деп түсіндірді М.Бе­кетаев. 

Сенат отырысында «Қазақ­стан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне Қазақ­стан Республикасы Қауіпсіздік ке­ңесінің қызметі мәселелері бо­йынша өзгерістер мен толық­ты­­рулар енгізу туралы» заң екі оқы­лымда қаралып, қабыл­дан­ды.

Бұл заңмен еліміздің Бюд­жет кодексіне, «Қазақстан Рес­пуб­ликасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» және «Құқықтық акті­лер туралы» заңдарына өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу ұсынылды.

Атап айтқанда, Бюджет кодек­сіне Қазақстан Респуб­ли­касы Қауіпсіздік кеңесінің Аппаратына стратегиялық жос­парлар әзірлеу туралы талап қойылмайтыны жөнінде толықтыру енгізу көзделіп отыр.

«Құқықтық актілер туралы» заңға Қауіпсіздік ке­ңе­сі Төрағасының актілері норма­тивтік құқықтық актілер сатысынан тыс тұратынын көздейтін толықтыру енгізіледі. 

Сонымен қатар Палата «1992 жылғы 6 шілдедегі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Эко­номикалық сотының мәртебесі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялады. Аталған құжат жөнінде Әділет министрі Марат Бекетаев баяндама жасады. 

Хаттама ТМД Экономикалық сотының қызметін «ad hoc» кағидаты бойынша жаңа жұмыс icтey сипатына көшіру арқылы жетілдіру мақсатында әзірленген болатын. Бұл жұмыс icтey сипаты тұрақты негіздегі Сот төрағасын қоспағанда, судьялардың нақты дауды қарау кезіндегі қызметін ғана көздейді.

Мұндай жұмыс сипаты Эко­номикалық Сотты күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстарды қыс­қартуға мүмкіндік береді, бұл ТМД органдарының бірыңғай бюджетінен қаражатты тиімді пайдалануға әкеледі. 

«Хаттама келісімге және ұйым туралы ережеге түзетулер енгізуді қарастырады. Құжат ТМД Сотының жүктемесі аз бол­ғанына байланысты оны рефор­малауға бағытталған. Оның жа­ңашылдығы – ТМД Сотын «ad hoc» қағидаты бойынша жаңа жұмыс форматына ауыс­тыру. Хаттама бойынша қаты­сушы мемлекеттер судьяларды өздері анықтайды және олардың деректерін бірыңғай тізіміне қосу үшін ТМД Сотына жолдай­ды. Нақты істерді қарауға арнайы үш судьядан тұратын пала­та құрылады», деді ведомство басшысы. 

Бұдан бөлек, палата оты­­ры­­сында «Қазақстан Рес­пуб­­лика­сының кейбір заң­намалық актілеріне зияткерлік меншік cаласындағы заңнаманы же­тіл­діру мәселелері бойынша өзге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды. 

Бұл құжаттың мақсаты зият­керлік меншік саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру, зияткерлік меншік нысандарын тіркеу рәсімдерін оңайлату, құқықтық олқылықтарды жою, сондай-ақ зияткерлік мен­шікті қорғау саласындағы әкім­шілік кедергілер туындайтын ережелерді алып тастау болып табылады. 

Сондай-ақ жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне коммерциялық емес ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда қабылданды.

Заң жобасының мақсаты – мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс саласындағы заңнаманы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асырудың тиімділігі мен ашықтығын арттыру, уә­кі­летті органға мәліметтер беретін коммерциялық емес ұйымдардың тізбесін оңтайландыру арқылы жетілдіру. Жалпы отырыстан кейін Сенат Төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров «Қауіпсіздік кеңесі туралы» Заң жөнінде брифинг өткізді. Жиын барысында Қауіпсіздік кеңесінің мемлекеттік басқарудағы құзы­реті түсіндірілді. 

«Қабылданған заң Қауіп­сіз­дік кеңесінің жұмысына нақ­ты әрі тұрақты бағыт береді. Ел­басы ел өміріндегі тарихи миссиясына байланысты, Қауіп­сіздік кеңесін өмір бойы бас­қару құқығына ие болып отыр», деді Б.Бекназаров.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»