«Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұри ТУМЫШЕВПЕН әңгіме
– Нұри Лазарұлы, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылы 3 қарашада партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында партия алдына цифрландыруға қатысты тапсырмаларды берген еді. Осы тапсырмаларды орындау Маңғыстау облысында қалай жүзеге асырылып жатыр?
– Елбасы тапсырмасына сәйкес 22 жаңа жоба қолға алынып, оларды тиімді жүзеге асыру үшін бірнеше меморандумға қол қойылған болатын. Жаңа реформаның басты мақсаты – Қазақстанның экономикалық, саяси және рухани жаңғыруына жан-жақты қолдау көрсетудің тиімді тетігін қалыптастыру болып табылады.
Маңғыстауда барлығы ақысыз 35 IT-сыныбын ашу жоспарда бар. Қазіргі таңда оның төртеуі ашылды. Атап айтқанда, Түпқараған ауданы Форт-Шевченко қаласындағы мектеп-интернатында, Қарақия ауданы Құрық орта мектеп-гимназиясында, Мұнайлы ауданы Қызылтөбе мектеп-лицейінде және Ақтаудағы №23 орта мектепте.
Мектептегі ІТ-сабақтарын информатика пәні мұғалімі немесе ІТ мамандары жүргізеді. Жоба «Love to Code» бағдарламалармен жұмыс істеуді балаларға үйрету арқылы «html&css-мен web» бағдарламалауға және өз беттерінше сайт құрастыруға үйретеді. Аталған бағдарламаны 12 жастан жоғары «Codemonkey» бағдарламасын меңгерген бала тез алып кетеді. Бұл бастамалар мектептерде факультатив пәні ретінде енгізіліп, 3-6 айлық курс ретінде оқытылады. Оқыту процесі модульдік жүйе бойынша жүргізіледі және оқуға 8-16 жас аралығындағы балалар тартылады. Курс аяқталғанда балалар аналитикалық ойлау қабілетіне, инженерлік ой қалыптастыруға, өзгеше ойлауға, уақытты дұрыс жоспарлауға, ірі тапсырмаларды кішігірім бөліктерге бөліп шешуге ие болып, өз бетінше шешім қабылдауды үйреніп шығады деп күтеміз.
– IT мамандар дайындау мәселесі қалай шешілуде?
– IT мамандар дайындау бойынша бағдарламалауды үйретуге жобаны іске асыра алатын IT мамандар, мұғалімдер таңдалып, алдын ала дайындық курстарынан өтеді. Маңғыстау облысы бойынша 328 IT маман әзірленетін болады. Жаппай кәсіпкерлік бағдарламасы аясында мамандығы сәйкес келетін 21 жұмыссыз азамат IT мамандықтары бойынша оқытылады. Оқуды тәмамдаған мамандар облыстық жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа орналасып, қолдау табады. Мамандарды даярлау үстіміздегі жылдың шілде айынан басталады.
– Жоба біржақты, яғни оқушыларға IT-сыныптар сыйлаумен ғана айналыса ма?
– Жоқ, біз жаңа жоба аясында мектеп асханалары мен спорт алаңдарын қайта жаңғырту жұмыстарын жандандырып, заман талабына сай қызмет көрсетуін басты назарға алып отырмыз. Партияның мектеп асханасына жіті көңіл аударуының басты мақсаты – мектеп оқушыларының дұрыс тамақтануын қамтамасыз ету. Мектеп асханасы басқарушыға сенiмгерлiкпен кем дегенде бес жылға берілетін болады. Бұл жоба бойынша облыста 10 мектеп асханасының құжаттары мамыр айынан бастап әзірлену үстінде. Ал, спорт алаңдарына келер болсақ, 2018 жылы облыс бойынша 9 мектептің алаңы жаңартылып, мектеп асханасы сияқты мүлік басқарушыға сенімгерлікпен кемінде 5 жылға жалға берілетін болады. Жаңартылатын 9 спорт алаңының жетеуі Ақтау қаласында, біреуі Жаңаөзен қаласында болса, енді біреуі Маңғыстау ауданында.
Біздің жобаларымыз аясынан кітапханалар да тыс қалған жоқ. Еліміздің кітапханаларын заманауи оқу орталығы ретінде қалыптастыру мақсатында «Нұр Отан» партиясы кітапхана қорын цифрландыруды қолға алды. Жаңа ақпараттық технологиялар кеңінен пайдаланылып, оқырмандарға жаңа форматтағы «Рабис» бағдарламасы бойынша қызмет көрсетіледі. Қазіргі кітапханалар енді тек қызмет көрсету мекемесі ғана емес, қала, ауыл тұрғындары үшін зияткерлік демалыс орнына айналады. Кітапханаларда «Коворкинг орталықтары» пайда болды. Жұмыс істейтін басқа кеңістіктерден коворкингтің түбегейлі айырмашылығы, бұл түрлі кәсіби деңгейдегі, түрлі білім иелерінің ашық қоғамдастығы және кітапханаларды жетілдіруде үлкен қадам болып есептеледі. Коворкинг орталығында кез келген адам кітапхананың материалдық-техникалық базасын ноутбуктарды, кітаптарды, ғаламторды тегін пайдалана алады, сондай-ақ, шай немесе кофе ішуіне де болады. Бұған қоса, төменгі сынып оқушыларына арналған «денсаулық сабақтарын» жазғы лагерьлерде үш тілде 30-ға жуық еріктілер мен тәрбиешілер оқытады. Бұл жоба жөніндегі шаралар 2019 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар арқылы жүзеге асырылатын болады.
– «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» байқауы туралы не айтасыз.
– «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» байқауы «Нұр Отан» партиясының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» және бизнес қауымдастығымен бірлесіп жасаған жобасы. Байқау өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға көрсетілетін қызметтерді қоса алғанда, өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған бастамашыл әлеуметтік жобаларды қолдау мақсатын көздейді. Байқау мамыр-маусым аралығында өткізіліп, қорытындысы жергілікті қатысушылар үшін 1-15 шілде аралығында, ал аймақтық жеңімпаздар 16-31 шілде аралығында анықталатын болады. қазіргі таңда Маңғыстау өңірінде аталған байқауды өз деңгейінде өткізу үшін дайындық, ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Қысқасы, «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы бұл бағыт бойынша Мемлекет басшысы алға қойған тапсырмаларды жүзеге асыруға жұмылуда. Бұл партияның – елдік істерден шеткері қалмайтындығының айғағы.
Әңгімелескен
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы