• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Маусым, 2018

Кәсіпкерлікке кедергі азаяды

537 рет
көрсетілді

Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға арналған баспасөз мәслихаты өтті. Елбасы 24 мамырда кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері жөніндегі заңға қол қойды. Заңмен 14 кодекс пен 109 заңға 1000 түзетулер енгізілген болатын. 

Жиынға қатысқан Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин шара барысында заңға енгізілген өзгерістер мен түзетулер, сондай-ақ құзыреттілік туралы ақпарат берді.

«24 мамырда Мемлекет басшысы кәсіпкерлік қызметтің реттелуін жетілдіру үшін тиісті заңға қол қойды. Заңмен 14 кодекс пен 109 заңға 1000-ға жуық түзету енгізіледі. Бизнесті қайта реттеу және оның шығындарын азайту, әкімшілік кедергілерді жою және кәсіпкерліктің дамуын ынталандыру бойынша жүргізіліп жатқан саясатты ескере отырып, заң төмендегі бағыттар бойынша әзірленген. Олар – мемлекеттік бақылау-қадағалау қызметін реформалау, ақпараттық құралдарды реттеу, табиғи монополиялар субъектілері және квазимемлекеттік сектор көрсететін міндетті қызметтерді реформалау, бизнес шығындарын түбегейлі төмендету, бәсекелестікке кедергі келтіретін нормаларды анықтау және алып тастау, Қазақстанның «Doing Business» рейтингінде позицияларын жақсарту. Жүйелі түрде жүргізілген реформалар арқасында бүгінде кәсіпкерлік субъектілерге қатысты тексерулердің жалпы саны 2010 жылдан 4,2 ретке немесе 76,6  пайызға қысқартылды. Сонымен қатар 2013 жылғы, яғни жоспарлы тексерулер жүргізілген кезеңдегі, 2014 жылғы, жоспарлы тексерулерге мораторий жарияланған кезеңдегі, сондай-ақ 2015 және 2016 жылдарғы кезеңдегі, яғни іріктеме тексерулерге ауыстыру жүзеге асырылған кезеңдегі деректерді салыстырып тексеру кезінде қолай­сыз оқиғалардың саны түбегейлі өзгерген жоқ. Осыған байланыс­ты біз мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесін түбегейлі өзгертуді ұсындық. Осындай өзгерту жаңа профилактикалық бақы­лау институтын енгізуді көз­дейді. Ол әкімшілік істі бастамай, құқық бұзушылықтардың про­фи­лактикасын жүргізеді. Өз кезегінде, ол прокуратура органдарында тіркеу, тексеру субъектісіне хабарлау негізінде жүзеге асырылады. Мұндай бақылау нәтижесінде бұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріледі. Бұл ретте, осындай профилактикалық бақылау мен қадағалау нәтижелері бойынша өрескел бұзушылықтар анықталған жағдайда, оны қайта тексеру мақсатында жоспардан тыс тексеру жүргізуге мемлекеттік органның құқығы сақталады. Осылайша біз қоғамдық сананы өзгерту бойынша үлкен қадам жасаймыз. Ол кәсіпкерлікпен әріптестік өзара қарым-қатынас жасауға және қалыптасқан мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүйесінің танымын және тәртібін түбегейлі өзгертуге мүмкіндік береді. Сөз­сіз, аталған реформа қоғамдық сана­ны жаңғырту саясатымен сәй­кес келеді. Бұл, кәсіпкерлердің негізгі қызметіне кедергілеріне ба­й­­ланысты шығындарын және қысымды, сондай-ақ сыбайлас жем­­қорлықты азайтуға мүмкіндік бере­ді. Сонымен бірге бүгінде бар бол­ған 144 саланың 20-сы және 544 ба­қылау функциясының 108-і алы­нып тасталады. Оларды алып тас­таудың негізгі себебі қай­талануы және жүзеге асыру кезінде тиімділіктің болмауы болып табылады. Сондықтан тұтыну­шылардың қауіпсіздігі тиісті дең­гейде қамтамасыз етіледі», деді С.Жұманғарин.

Сонымен қатар ол бизнеске түсетін үлкен жүктеменің бірі тексеру жүргізу мерзімі болып табылатынын тілге тиек етті.

«Өйткені бақылаушы кәсіпкер­ді тексерумен ұзақ уақыт өткізе­ді. Сондықтан заңмен ерек­ше тәртіп бойынша тексеру жүргізу мерзімдері 30-дан 15 жұмыс күніне дейін, жоспардан тыс тексерулер 30-дан 10 жұмыс күніне дейін қысқартылды», деді ол.

Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»