• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Маусым, 2018

Жастар жобасы жаңашылдыққа бастайды

440 рет
көрсетілді

Бүгінгі таңда адамзаттың ойлау жүйесі өзге арнада қалыптасып, оған ғылым әлеміндегі өзгерістер ық­пал етуде. Әсіресе жас ұрпақ үшін ақ­па­рат­тық технологияларды игеру, өн­ді­рістік-технологиялық ортаға бе­йім­делу маңызды болып отыр. 

Сон­дықтан да Елбасы Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында елі­міздің барлық өңірлеріндегі оқу­шы­лар сарайларының базасында компьютерлерді, лабораторияларды және 3D-принтерлерді қоса алғанда, барлық қажетті инфрақұрылымдары бар балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторларының желісін құруды тапсырған болатын. Енді Елбасы тап­сырған міндетті жүзеге асыру мақ­сатында өңірлерде тиісті жос­пар­лар мен жобалар қабылданып, оның алғы­шарты түзілу үстінде.

Алдағы оқу жылында әулиеаталық жұртшылықты жағымды жаңалық күтіп тұр. Жамбыл облыстық білім бас­қармасының Мектеп олимпиада­ларын және мектептен тыс іс-шара­лар­ды өткізетін облыстық орта­лы­ғын­да ІТ-сыныбы ашылады. Атал­­­ған сыныпты жабдықтауға Қазақ­­стан Республикасының Тұң­ғыш Пре­зиденті – Елбасы қоры қолдау көрсетіп отыр. Осы орайда, Жамбыл облысында Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Прези­денті – Елбасы қоры күндері өтті. Бұл ретте қор өкілдері облыс әкімі­нің орынбасары Ерқанат Ман­жуов, М.Х.Дулати атындағы Тараз мем­лекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков және жас­­тармен тікелей жұмыс жүр­гізе­­тін басқарма басшыларымен кез­десті. Кездесу барысында Тұң­­ғыш Президент – Елбасы қоры­ның ат­қару­шы директорының орынба­сары Сұлтан Айтжанов Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталықтың директоры Шәрия Қашқыноваға 3 миллион теңгенің сертификатын тапсырды.

Жамбыл өңірінде ашылуы жоспар­ланып отырған ІТ-сыныбына Тұңғыш Пре­­зи­­дент – Елбасы қоры қолдау көр­­се­­­тіп отыр. Мұнда бір жылда 200 жет­­кін­шекті оқыту көз­деліп, жұмыс сабақтан тыс қо­сымша білім беру негізінде жүр­гізіл­мек. Орталық дирек­торы­ның айтуын­ша, барлығы 20 топ ашылып, әр топқа 10 оқушыдан бөлінетін болады.

Сонымен қатар Тұңғыш Прези­дент – Елбасы қорының өкілдері М.Х.Дулати атындағы Тараз мемле­кет­тік университетінің базасында студенттермен кездесіп, жастар саясатын дамыту мәселесі мен мәдениет, ғылым және әлеуметтік салалардағы бірлескен жобалар жайын талқылады. Өз сөзінде Елбасы қорының атқару­шы директорының орынбасары Сұл­тан Айтжанов жастарды қол­дауға, қазақ­стандық креативті және бәсе­кеге қа­білетті ғылыми қауым­дас­тық­ты қалып­тастыруға бағытталған көптеген жо­балар бар екенін, оған кез келген сту­денттің қатыса алатынын айтып өтті.

– Бұл жобалар Елбасы Жолдауын­да қойылған міндеттерге сәйкес әзірленіп, іске асырылуда. Жоғары технологиялар күн санап жаңарып отырған кезеңде дамыған елдер бір-бірінен қара үзіп қалмау үшін жаңа идеяларды жүзеге асыруға талпынып жатыр. Сондықтан қор жастар жобаларын әлемдік деңгейге шығаруды көздейді. Қазіргі таңда  экономиканы дамытуға басымдық берілген көп­теген стартап жобалар қолға алынуда. Қордың жұмысы ар­қылы еліміздегі мыңға жуық жас ғалым­дардың үздік жобалары іріктелді. Енді жаз айларында Сингапурда өтетін әлемдік байқауда озық жоба­лар­дың көшін бастасақ деген ойымыз бар, – дейді ол.

Бүгінде еліміздің әрбір өңіріндегі жастармен берік байланыста жұмыс атқарып келе жатқан қор өткен жылдан бері жұмыс бағытын біршама өзгертіп, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына сәйкес Smart Zholy және Method PRO жобаларын әзірлеген еді. Нәтижесінде компьютер бағдарламаларын жасаумен айналысып жүрген дарынды жастар мен олардың өнімдерін тұтынатын еліміздің және шетелдің ірі компанияларымен өзара байланыс орнатуға мүмкіндік туып отыр.

Кездесу барысында биыл оныншы рет өткізіліп отырған «Болашақ ғалымдар» атты студенттердің үздік ғылыми жұмыстары анықталды. Аталған бәсекеде топ жарған Тараз қаласының экологиялық проблемаларын шешу жолдарын зерттеген Ислам Дямуршаев, Никита Самойленко, Бағжан Тұман мен емдік қасиеттері бар трикотаж құрылымына зерттеу жасаған Жанерке Майрова, Қымбат Аниярбекова  сияқты ТарМУ студент­тері марапатталды. Айта кетейік, осы уақытқа дейін ТарМУ-дың 30-ға жуық студенті Елбасы қорының әр жыл­дардағы стипендианты атанған екен.

Жамбыл өңірінде өткен Қазақ­стан Республикасының Тұңғыш Пре­зи­д­енті – Елбасы қоры күндері­нің аясында смартфондар мен планшеттерге арналған латын қарпі бар «Qazaq Latyn Keyboard» клавиатура жобасының тұсауы кесілді. Сонымен қатар Елбасы қорының қолдауымен әзірленген қазақ тілін оқытатын «Soyle.kz» онлайн-курсы мен бірқатар мобильді қосымшалар туралы мағлұмат беріліп, жастарға шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.

Хамит ЕСАМАН, «Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы