• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Маусым, 2018

Бұрын­ғы кәсіпкерді сергелдеңге түсірген не?

476 рет
көрсетілді

Демек, осы заңға сәйкес жеке сот орындаушы Бәсенова заңсыз қолданған Қос­танай қалалық сотының 2008 жылдың 4 қыркүйегіндегі шеші­мімен шыққан атқару қағазының күші жойылуы тиіс еді. Бірақ оны істі қараған №2 Қостанай қалалық сотының судьясы Мұрат Адам ескермеген бе, қалай? Егер еліміздің заңдарымен қорғана алмайтын болсам онда оның қа­жеті қанша еді? – деп налиды Жа­рылқасын Желдірбаев. 

Бүгінде бір адам ғана емес, үлкен бір үйлі жан сер­­гелдеңде жүр. Үйдің отағасы Жарылқасын Жел­дірбаев ақсақал – ІІ топ­тағы мүгедек, оның ұлы Ерден Желдірбаев та аурудан жанымен қай­ғы болып жүрген аза­мат­тың бірі. Егер ба­сындағы баспананы Каз­­ком­мер­цбанк  алып қой­са, отбасы қаң­ғып, далада қалмақ. Жа­рыл­қа­сын ақсақал осыған жа­ны күйзеледі. Үлкен отба­сының иесі ғана емес, бұрын­ғы кәсіпкерді осын­ша жан күйзелісіне, сер­гелдеңге түсірген не?

 Бәрі де кәсіпкерлікті дамытамыз деген отбасылық ниеттен басталды. Жарылқасын Желдірбаев пен ұлы Ерден Желдірбаев екеуі шағын бизнеспен айналысуды, тоғандық балық шаруашылығын ашуды ойлайды. Олардың жасаған бизнес-жоспары сол кездегі облыс­тық кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаменті мамандары мен А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті ғалым­дары тарапынан қолдау табады. Шағын және орта бизнесті қол­дау бағдарламасы аясында Тұран Әлем Банктен несие алуды ойлайды. Ал ол бағдарлама «Ша­ғын және орта бизнесті қолдау қоры» арқылы жүзеге асады және оның шарты бойынша банктен не­сие алу үшін өтімді кепілзат қойылуы тиіс болатын. 2007 жылы Жел­дірбаевтардың қолында өздері жинаған 100 мың АҚШ доллары көлемінде қаржысы болды да, бұл туралы банкке мәлімдейді. Банк мамандары оларға 400 мың дол­лар несие беру үшін алдымен 150 мың доллар ипотекалық несие алуды, соны өзінің 100 мың дол­лар қаржысына қосып, кепілге өтім­ді үй алуды, ал сол қаржыны кейінгі берілетін 400 мың доллардан ұстап қалып, 250 мың доллар қолына береміз деп кеңес береді. 2007 жылғы теңге бағанымен есептегенде Желдірбаевтардың өз қалтасынан шыққан 100 мың доллары 12 167 000 теңге, банктен алған 150 мың доллары 18 250 500 теңге болып, кепілге қою үшін барлығы 30 миллион теңгеден аса қаржыға Қостанай қаласының Гастелло көшесіндегі №68-үйді сатып алады.

Бірақ отбасы өтімді кепілзатын әзірлеп, кәсіп ашуға алатын несие қаржысы үшін Тұран Әлем Банкке келгенде, тіпті басқа­ша жағдайға кездеседі. Банк қызмет­керлері оларға шағын және орта бизнесті қолдайтын бағ­дар­лама жұмыс істемейтінін, дү­ние­жүзілік ипотекалық қаржы дағдарысының басталуына орай банк келісілген 250 мың доллар ақшаны бере алмайтынын мә­лімдейді. Қолда кәсіп ашатын қаржы жоқ, бар ақшасына кепіл үй алып қойған Желдірбаевтардың несиені екі ай ғана төлеуге шамасы жетеді. Шағын және орта бизнесті дамытуға атсалысамын, кәсіп аша­мын деп, басын «батпаққа тығып алғанын» Желдірбаевтар білген жоқ. Олар ипотекалық қары­зын қайта қаржыландыру үшін «Тұрғын үй құрылыс жи­нақ банкіне» өтініш білдіреді. Жел­дірбаевтардың Тұран Әлем Банктен алғаны ипотекалық емес, тұтынушылық несие болған­дық­тан, банк көмектен бас тартады. Өйткені Тұран Әлем Банктің ипотекалыққа балап берген тұты­нушылық несиесінің бланкасы ипотекалық несие туралы бел­гі­ленген ережелерге сәйкес кел­мейді.

Сонымен ұзын сөздің қысқасы, Желдірбаевтар отбасы 19 мил­лион теңгені уақытында төлей ал­майды. Қостанай қаласындағы жеке сот орындаушы Несібелі Бә­сенова №2 Қостанай қалалық сотының 2008 жылы 4 қыркүйекте шығарған шешімі бойынша бер­ген №2-1410/2008ж атқару қаға­зы арқылы 2016 жылғы 10 наурыз­да Желдірбаев Ерденнің кепілде тұрған үйін №6724 лотпен электронды сауда алаңына орналастырады. Сөйтіп бірнеше рет өтпеген үйді, сол жылы 24 нау­рызда Казкоммерцбанкіне 10 655 360 теңгеге БТА банк АҚ пайдасына сатады. Сөйтіп 2016 жылғы 25 сәуір күні үйді меншік иесі Ерден Желдірбаевтың атынан Каз­коммерцбанк АҚ-тың атына аударып жазып береді. Бұл құ­жатты бір жылдан кейін, 2017 жылы 3 мамырда тіркейді.

Ал Жарылқасын Желдірбаев үйді сатудың, тіпті заңсыз екенін айтады. Оған өзінің республиканың заңдарына сүйенген нақты дәлел­дерін де алға тосады.

– Бұл жерде жеке сот орындаушы Бәсенованың үйді сатуы, тіпті заңсыз деп білемін. Ол үйді Тұран Әлем Банктің Қос­танай филиалы атынан «Каз­ком­мерцбанк» акционерлік қо­ға­мына сатады. Ал Тұран Әлем Банктің филиалы 2015 жыл­дың 22 қыркүйегінен бастап Каз­коммерцбанктің қарамағына өтеді. Қостанай қалалық әділет басқармасы басшысының міндетін атқарушы А.Сұлтановтың бізге берген жауабында Тұран Әлем Банк акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің шешімі негізінде аталмыш банктың Қостанай филиалы Қостанай қалалық әділет басқармасының 2015 жылдың 15 қазанындағы №610 бұйрығымен «Заңды тұлғалар» мәліметтері мемлекеттік базасы тізімінен алынып тасталған» делінген. Демек, Тұран Әлем Банктің Қостанай филиалының іс-әрекеті тоқтады деген сөз. Ал жоқ филиалдың аты­­нан қалай әрекет етуге болады? Екіншіден, 2016 жылдың 1 қаң­тарынан бастап қолданысқа енген «Азаматтық процестік кодекстің» жаңа редакциясындағы 53-баптың 3-тармағында бірінші және апелляциялық сатылардағы істі қарау кезінде тараптардың біреуі шығып қалған жағдайда іс бойынша іс жүргізу осы кодекс­тің 272-бабы бірінші бөлі­гі­нің 1-тармақшасына сәйкес тоқта­ты­латыны айтылған. Демек, осы заңға сәйкес жеке сот орындаушы Бәсенова заңсыз қолданған Қос­танай қалалық сотының 2008 жылдың 4 қыркүйегіндегі шеші­мімен шыққан атқару қағазының күші жойылуы тиіс еді. Бірақ оны істі қараған №2 Қостанай қалалық сотының судьясы Мұрат Адам ескермеген бе, қалай? Егер еліміздің заңдарымен қорғана алмайтын болсам онда оның қа­жеті қанша еді? – деп налиды Жа­рылқасын Желдірбаев.

Расында, Тұран Әлем Банктің филиалы әрекетінің тоқтауына орай, Ерден Желдірбаев үйінің кепілдігі Казкоммерцбанкке өткен болатын. Бүгінде Казком­мер­ц­банк АҚ кепіл ұстаушы болып са­налады. Ал Желдірбаев ақсақал: «Сонда үйді кепілге ұстап отырған банк оны заңды тұлға болып саналмайтын, жоқ филиалдан өзі қалай сатып алады?» дейді.

Біз осы іс бойынша жеке іс орындаушы Несібелі Бәсеновамен хабарласқанбыз.

– Кредитті алған Жарылқасын Желдірбаев ақсақалдың баласы Ерден Желдірбаев. Мен – сот орындаушымын. Тек соттың шешімімен ғана жұмыс істеймін. Соттың 2008 жылғы 4 қыркүйектегі шешімін 2016 жылы 24 наурызда орындадым. Маған дейін де ол кісі сот орындаушылар айтқан талаптың ешқайсысын орындаған жоқ. Ол кісінің кепілге қойған үйі туралы оған неше рет түсіндіріп айттым. «Банкпен сөйлесіңіз. Он­да отырғандар да адамдар, түсініс­­тікке барар. Үйіңізді өзіңіз сатыңыз, қарызыңыздан қалға­нын өзіңіз алып қаласыз» деген жанашырлығымды да білдіргенмін. Оның біреуін де тыңдаған жоқ, «мені үйімнен айырдың» деп, менің үстімнен неше рет сотқа арыз берді. Бәрінен де жеңілді. Мен ол кісінің үйін соттың санкциясымен саттым,– дейді Несібелі Зарибанқызы.

Сот орындаушының айтуын­ша, банкке борышкер адам, оны бәрібір төлейді. Тұран Әлем Банктің Қостанай филиалының әрекеті тоқтағанымен, оның активі мен міндеттері Казкоммерц­банкке өтті. Өндіріп алушы сот­тың шешімімен өзгерді. Жел­дір­баевтан өндірілген ақша Казком­мерцбанкке аударылды.

Ал Жарылқасын Желдірбаев ақсақал мемлекеттің қайта қаржы­ландыруымен олардың кредиті толық өтеліп кеткендігін айтады. Ол «Бірінші кредиттік бюродан» алған қолындағы құжаттарын көл­денең тартты.

– Ұлттық банк өзі жанынан құрған «Проблемалық несиелер қоры» АҚ арқылы 2015 жылдың 24 сәуіріндегі №69 қаулысына орай, қайта қаржыландыру үшін 130 млрд теңгені еліміздегі екінші дең­гейлі 9 банкке бөледі. Казком­мер­цбанктің «Бірінші кредиттік бюроға» берген мәліметінде №1101/07/114/83 несиелік келі­сім­шарты бойынша Ерден Желдір­баевтың алған 150 мың АҚШ дол­лары көлеміндегі несиесі қай­­та қаржыландыру арқылы 2015 жылы 31 мамырда түгел жа­был­­ғаны туралы айтылады. Ал жеке сот орындаушы Несібелі Бәсе­нова Ерден Желдірбаевтың атындағы № 1101/07/114/83 не­сиелік келісімшартты екінші рет «іске қосады» да, 2015 жылы 23 желтоқсанда Қостанай қалалық сотына өтініш түсіреді. Соттың шешімімен 2016 жылдың 14 қаң­тарында үйді бұғаттайды, – дейді Жарылқасын ақсақал.

Жарылқасын Желдірбаевтың айтуынша, үй сатылғаннан кейін Тұран Әлем Банктің Казком­мер­ц­банкке өткен баяғы филиа­лы мен несие алушы Ерден Жел­­­­дір­­баевтың арасындағы №1101/07/114/83 несиелік келісімшарт үшінші рет «іске қосылады» да, Ер­ден Желдірбаевтың атына жаңа­дан 9 902 008 теңге 77 тиын несие рәсімделеді.

– Ал бұл туралы менің балам Ерден Желдірбаев ешнәрсе білмейді. Сонда № 1101/07/114/83 несиелік келісімшартын 2015 жы­лы 31 мамырда мемлекеттің қай­та қаржыландырғаны қайда? Е.Жел­дірбаевтың төлей алмаған кредиті қайта қаржыландырылмаса Каз­ком­мерцбанк «Бірінші кредит­тік бюроға» неге бұлай есеп береді? – дейді Жарылқасын ақсақал.

Бүгінде баспанасынан айырылып қалу қаупі төніп отырған Жарылқасын Желдірбаев 2015 жы­лы Казкоммерцбанкте жал­­ған қайта қаржыландыру орын алған, соның салдарынан мемлекет­тің 150 миллион теңгесі талан-таражға ұшыраған, Тұран Әлем Банктің қарыз алушысы Желдірбаевтар 40 миллион теңгеге зардап шекті деп біледі. Ол мұны республиканың Жоғарғы сотына жазған арызын­да Ұлттық банктің 2015 жыл­ғы 24 сәуірдегі №69 және 2016 жыл­дың 16 маусымындағы 149 қаулыларынан, «Бірінші кредит­тік бюросы» АҚ-тан алған құжатта­рынан үзінді көшірмесін келтіре оты­рып, көрсетеді.

Ұзаққа созылған дауда екі жақ та өз ұстанымында заңға сүйендік дейді. Сот орындаушы Бәсенова «Желдірбаев соттың барлығынан жеңілді, сотқа, сот орындаушыға тіл тигізді» дейді. Ал Жарылқасын Желдірбаев қалалық сот, оның судьясы Мұрат Адам қараған істе әділеттікке нұқсан келгенін айтады. «Мен көрсеткен іс, банктегі, облыстық әділет басқармасындағы былықтар түбегейлі тексерілмей отыр» деген уәж айтады. Желдір­баев соттың барлық сатысына, прокуратураға арыздануын әлі тоқ­татқан жоқ. Текетірес пен отбасының сергелдеңі жалғасуда. Ал ақиқат нүктесінің қашан қойылары белгісіз.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ, «Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ