• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Әдебиет 05 Маусым, 2018

Тоқсандағы бүркітші

1387 рет
көрсетілді

Біз ғана емес, бізден бұрынғылар да бүркіт­шілер­дің тірлігін әуес көріп, қызығып қарайды екен. Себебі, ол жай ғана аңшылық емес, ата-бабадан қалған өнер ғой.

Ал саятшылық дегеніңіз, табиғат пен адам арасын­дағы түйсікпен сезіп, жүрекпен ұғатын дос­тық сапары. Сондықтан да ұлы Абайдың: «Қан­со­нарда бүркітші шығады аңға» деп басталатын әйгілі өле­ңіндегі таңғажайып сурет көңіліңізді ғана емес, қаныңызды да толқытып, тебірентіп, шымырлата жөнеледі.

Ол тұрмақ, жайшылықта кездесе қалған бүркіт­шінің де әңгімесін көпке дейін ұмыта алмай, тап бір өзіңіз саятшылық құрып қайт­қандай сергіп, айна­­лаңыздағы жұртқа айтқы­ңыз келіп, тіліңіз қышып-ақ тұрады.

Міне бұл да сондай қызық әңгімелердің бірі еді. Ал тыңдайық, жамағат.

– Жасы тоқсанға келсе де аттан түспей, саятшы­лық құрған Машан Уәлиұлы деген атамыз болды, – деп бастады бүркітші әңгімесін.

Бірде інісі Зейнулла екеуі тауға, түлкі аулауға ба­рыпты. Машан атамыз дабыл қағып, айқайлап түз та­ғыларын үркітетін көрінеді. Зейнулла болса қолы­на бүркітін ұстап, айналаны биіктен шолып тұрыпты.

Бір кезде қыран төмен қарай шүйіле жөнеледі. Ағып барып, әп-сәтте аппақ қардың бетімен зымырап бара жатқан қызыл түлкіні ұмар-жұмар етіп, шең­геліне алып, қона кетеді. Артынша астындағы атын екпіндетіп Машан қария да жақындап қалған екен. Келе сала ерден қарғып түсіп, со бойы қал­шиып тұра қалады.

Қыр жақтан шауып келе жатқан Зейнул­ла ай­ғайлап: «Оу, ұмтылсаңызшы! Ұмтыл­саңызшы! Түл­кі бүркіттің аяғын шайнап тастайтын болды ғой», деп жанұшырады.

Бірақ әншейінде түлкіні сойылмен бір соғып, қыранды ажыратып ала қоятын қария бұл жолы селт етпейді. Тікесінен тік тұрған қалпы қозғалмайды.

Содан не керек, Зекең қыранды өзі ажыратып алған соң Машекеңнің жанына келеді. Сөйтсе, аттан қарғып түсе беремін дегенде қарияның шалбарының ауы ердің басына ілініп қалып, не істерін білмей салбырап тұрған кезі екен ғой!..

Бүркітші әңгімесін аяқтап, бізге қарап жымиып отыр. Біз де басымызды шайқап, езу артқан боламыз. Бірақ іштей: «Алла жарылқап, тоқсан жас бере қал­­са, атқа мі­ніп, түлкі ау­ла­мақ тү­гі­лі, есік алды­на шы­ғудың өзі мұң болып қала ма!» деген бір ой маза­лайды.

Нұрғали ОРАЗ, «Егемен Қазақстан»