Бүкіл медицинаның терминдік жүйесін сала-салаға бөліп қарастырар болсақ, бір ғана анатомиялық және гистологиялық атаулар тізімінде 10 000-нан астам термин бар.
Ағзалардың тек қана функциясын сипаттайтын сөздер саны 20 000-нан артық, зерттеу әдістеріне, емдеу әрекеттеріне қатысты 40 000-ға жуық сөз бар. Тек аурулардың жеке атауы 10 300-ге жуық. Қойылатын диагноздардың түрі 30 000, ал симптомдардың бірнеше он мыңдаған атауы бар. Соңғы он шақты жыл ішінде ашылған жаңалықтарға байланысты ғылыми ұғымдар саны күрт көбейіп кетті. Бір ғана онкологиялық терминдер саны қазіргі кезде 35 000-нан асып кетті.
М.Чернявскийдің деректеріне қарағанда французша медициналық сөздіктегі терминдер саны 200 000, ал неміс тіліндегі медициналық сөздікте 250 000-ға жуық жетекші термин бар екен.
Қазақ дәрігерлері бір-бірімен қазақша тілдесуі үшін қазақи-кәсіби лексика орнығуы қажет. Ғалымдар мен мамандардың түсінісу құралы – терминдер. Ал академик Ә.Қайдаровша айтқанда, «Терминнің бәрі – сөз, ал сөздің бәрі – термин емес» екені белгілі. Осы қағидатты ескермеу салдарынан соңғы жылдары медицина саласында жарық көрген, екінің бірі тіс батыра алмайтын қазақша диссертацияларды былай қойғанда, қарапайым оқулықтар мен пән құралдарының өзін парақтап шыққанда тілдік селкеулік пен ұғымдық қателіктерге көз сүрінеді.
Грек пен латын тілінен енген кейбір медициналық терминдерге өте сәтті қазақша эквивалент табу оңай емес. Грек, латын тілі былай тұрсын, тіпті орысша терминнің семантикасынан алшақ кететін, кейде түпкі терминнің дефинициясына қайшы келетін шала туған баламаларды ұсынған сөздіктердің іліми-танымдық пайдасынан гөрі келтіретін зияны басым. Мәселен, 80-жылдары шыққан бір сөздікте және одан кейінірек түзілген (түзілген емес-ау – термелеп көшірілген) тағы бір сөздікте «кардиоспазм» «жүрек қыспасы» деп аударылған. Ал осы «кардиоспазм» сөзінің синонимі «ахалазия кардии», яғни өңештің қысыңқылығы.
Мысалы, абсорбция деген терминді орыс тіліндегі түсіндірмесіне сүйеніп, «сіңіру», «жұтылу», «сорылу» деп қазақшалап шатастып жүрміз. Сіңіру – усвоение, жұтылу – поглощение, сорылу – всасывание, ал абсорбцияның өзіне тән сипаты бар ерекше процесс. «Аменция, деменция, имбецил, дебил, идиотия, шизофрения, олигофрения, гебефрения» деген психиатриялық дерт атауларын жеке-жеке саралауға салмай, топырлатып «есуас, жарымес, есалаң, нақұрыс, мақау, алаңғасар, ақылсыз, ақымақ, мисыз, миғұла, кеңкелес», т.б. деп аудара салғанды да көріп жүрміз. Шизофрения сол күйінде шизофрения! Өзіндік симптомы бар бүкіл ғылымға термин ретінде сіңген гректің «идиотия» сөзі қазақта да «идиотия» болып қалуы керек. Достоевскийдің «Идиотын» «Нақұрыс» деп аударғанда ұтқанымыз бар ма?
Xалықаралық қолданыстағы терминдерді (мысалы: функция, реакция, рефлекс, элемент, тонус, т.б.) қазақшаға аудара берсек, ғылыми ұғымнан алшақтап кетуі мүмкін. Қазақы балама табамыз деп кейде мазмұны мүлдем басқа жаққа жетелеп кететін жарыспалы атауларды (мысалы, синергизм деген сөзді селбесу, бірлесу, қатарласу, үйлесім, ұштасу, септесу деп, «спазмды» – түйілу, тарылу, тырысу, бырысу, жиырылу) тықпалауды қою керек. Тағы да бір жиі кездесетін қателік – басқа тілден енген дербес ұғымдық мәні әртүрлі терминдерді қазақтың бір-ақ сөзімен атай салу. Мысалы, бір сөздікте кома – естүссіздік, сопор – естүссіздік деп аударылған (дұрыс жазылуы ес-түссіз). Кома мен сопордың өзіндік айырмашылығы бар екі түрлі дерттік жағдай, ал қазақша баламасы олардың «есі» мен «түсін» түстеп беріп тұрған жоқ. Кейбір оқу құралында эпилепсия да – «қояншық», припадок та – «қояншық» деп берілген. Ал сонда эпилептические припадки деген диагноздың қазақшасы «қояншықтың қояншығы» бола ма?
Медицинамыздағы көптен бері бағы ашылмай жүрген термин – «медицинская сестра». Сол «сестрамызды» қазақшалауға тырысып «аяжан» дедік, «медицина бикеші» дедік, кейін қысқартыңқырап «медбикеш», «медбибі» дедік. «Медицинская сестра» орыс тіліне кейінірек келген сөз. Ертеректе ол «сестра милосердия» болған. Осыған орай мейірімділіктің иесі деген ұғымнан шығатын МЕЙІРИЕ деген сөзді ұсынған едік. Осыдан кейін бірер жылдың ішінде «мейірбикеш», «мейірбике», «мейіркеш» сөздері айналымға ене бастады. Мейірімділіктің иесін неге МЕЙІРИЕ демейміз?!
Ғылыми ұғымды түсіндіре алатын, қысқа әрі нақты қазақша балама табылғанның өзінде, ол терминдік атау ма, әлде бейнелі атау ма – сөз төркініне үңілу қажет. Мысалы, орыс тіліндегі санаторий – терминдік атау, ал здравница – оның бейнелі атауы, сол сияқты баланит – термин сөз, ал осыны «воспаление кожи головки мужского полового члена» десек, экспрессивті аударма, түсіндірме болып кетеді. Енді осыны қазақшалаймыз деп бас қатырудың қажеті жоқ. Баланит – диагноз, қалсын.
Қазақ тілі – бай тіл. Осы пікірімізді «медицина ауылынан» алысқа бармай-ақ дәлелдеуге болады. Мысалы, «острое заболевание», «острая боль», «острый нож», «острый угол», «острая игла», «острый красный перец», «острый язык», «острая ситуация» – орыс үшін бәрі «острый», ал қазақ үшін әрқайсысының өзіне тән атауы бар – «жіті ауру», «қатты ауырсыну», «өткір пышақ», «сүйір бұрыш», «үшкір ине», «ащы қызыл бұрыш», «орақ тіл», «шиеленіскен жағдай». Әу баста кім ұсынғаны белгісіз, әйтеуір «острое заболевание» дегенді жұрт «жедел ауру» деп жүр. Осы «жедел» жылдамдықты білдіретін ұғым, яғни «скорый», «быстро» деген сөз, ал «острый гастрит», «острая пневмония», «острый панкреатит» т.с.с. атаулардағы «острый» сөзі аурулардың жылдамдығын емес, оның күрт басталуын, ауқымдылығын, ауырлығын, ағымын, т.с.с. жан-жақты сипаттайтын сөз, яғни патологиялық процестің жітілігін көрсетеді. Сондықтан да «жіті гастрит», «жіті пневмония», «жіті панкреатит» деп атауды ұсынғанбыз.
Латын, грек терминдеріне орыс жалғау-жұрнақтары қосылып пайда болған сөздерді қазақшаға бейімдегенде олардың этимологиялық түбіріне үңілу қажет. Мысалы, ревматический дегенді ревматикалық деп жазу қате, себебі түбірі «ревматизм», демек ревматизмдік болу керек, мысалы теоретический дегенді теоретикалық демейміз ғой. Өкінішке қарай, антиревматикалық, функционалдық, индустриалдық, фолликулярлық, алвеолярлық, лейкоцитарлық, бактериалдық, бронхоэктатикалық, липолитикалық деген сияқты терминдердің төркініне үңілмей, қателерді оқи-оқи – көрмейтін, ести-ести – саңқұлақ болып алдық.
Қазақша медициналық сөздіктерді ашып, алфавит бойынша «А»-дан бастап аборт деген терминге үңіліп көрейікші. Аборттың қазақшасы түсік деп берілген. Латынша abortus – процесс прерывания беременности, ал түсік – недоносок (преждевременно рожденный плод), сондықтан аборт – түсік түсу, түсік тастау болу керек (егер өздігінен болса) немесе түсік түсіру, түсік тастату болу керек еді (егер әдейі жасалған болса).
Медициналық сөздіктерден неполный аборт – толықсыз түсік, несостоявщийся аборт – кешікті түсік деп аударғанды көргенде бұл қандай қазақша болды екен дейсің. Ал криминальный аборт – қылмысты түсік деп жазылып жүр, кейбір сөздікте астыртын түсік деп берілген. «у вас угрожающий аборт» дегенді қазаққа айту үшін біздің медициналық сөздіктерге сүйенсеңіз – «сізде қауіпті түсік бар» деп іштегі ұрықты қылмыскерге теңеп сақау қазақша шығарған болар едіңіз. Дұрысы – сізде түсік түсу қаупі бар деу керек қой. Бұл, тек қана аборттың айналасынан алынған бірер мысал. Осы сияқты қателіктер қазақша медициналық сөздіктерде толып жатыр.
Бүгінгі қазақ тіліндегі ғылыми терминдеріміздің қолданысында бірізділік болмауының, санамызды шатастырған жарыспалы атаулардың айналымда қаптап жүруінің көптеген себептері бар.
Бірінші себеп. Терминология дегеніміз – өзінің ішкі заңдылықтары бар күрделі ғылыми сала екенін терең түсіне бермейтін біздер, яғни әртүрлі ғылым саласының мамандары өздерінің салалық терминдерін жаппай және жапа-тармағай жүйесіз қазақшалауға кірісіп кетті.
Сөзжасам заңдылықтарын жетік білмейтіндігімізден әйтеуір, -лік, -лық, -дік, -дық, -тік, -тық деп жалғау-жұрнақты жапсырып кора головного мозга дегенді бас+тық ми+лық қыртыс, носовая перегородочная область дегенді мұрын+дық қалқан+дық аймақ деп аудармалап, терминдерді толғанып ізденбей, толғатпай туындатып жатырмыз. Қазақ тілінің сөйлем құрау заңдылықтарын жете білмейтіндігімізден «платное глазное отделение» дегенді «ақылы көз аурулары бөлімшесі», «платное проктологическое отделение» дегенді «ақылы тікішек аурулары бөлімшесі» деп аударып алып, жаза салып көзіміз бен тікішегіміз ақылы болып кеткенін аңғармай қалдық.
Екінші себеп. Керісінше, тіл мамандары әртүрлі салалық терминдердің, оның ішінде медицина терминдерінің де, қандай элементті, затты, процесті, құбылысты, қандай ұғымды бейнелеп тұрғанын толық және терең біле бермейді.
Үшінші себеп. Өз саласының терминдерін жасаумен айналысып жүрген мамандар мен филологтер арасында бірігіп, ақылдасып отырып жүргізілген ыждағатты ізденіс жоқ. Қанша мамандық бар – сонша пікір ұсынылып, пәтуаласа алмай жүрміз.
Төртінші себеп – пендешілік фактор. Кейде құнды пікірді босағада қалдырып «лауазымдының» терминсымағын «аузы қисық болса да» төрге шығаруға бағытталған пендешілігіміз бар. Термин жасау мехнаты ғылыми атақ алып, жүлде жинау үшін емес, ана тілдің шырайын бұзбай тілімізді байыту үшін жасалу керек.
Бесінші себеп – көзжұмбайлық, немқұрайдылық. Осыған орай айтарым – ендігі жазылатын оқулықтарды байқау-бәйге жариялау арқылы шығару керек. Оқулықтың сапасына ғылыми және тілдік тұрғыдан баға беріп таңдап алу үшін филологтерден және салалық ғылым мамандарынан тұратын сараптаушы комиссия құрылуы қажет.
Алтыншы себеп. Соавторлық, көпавторлық фактор. Талай қазақтың қызметінде нан табуына 30 жыл бойы үлес қосып келе жатқан Ғ.Мұсабаев пен Н.Сауранбаевтың басқаруымен шыққан күректей-күректей 2 томдық Орысша-қазақша сөздікті жазуға атсалысқан небары 8-ақ адамның аты-жөні көрсетіліпті. Ал 18 жыл бұрын шыққан 31 томдық сөздіктің медицинаға арналған, аумағы алақандай ғана, «семіздігі шынашақ шығатын» 15-томның алғашқы 4-5 бетіне қос-қостаған ғылыми атақтары мен лауазымдары көрсетіліп, 68 адамның аты жазылыпты. 2000 жылы шыққан медицина, биология түсіндірме сөздігінде атақ-даңқтары көрсетілген 97 адамның аты жүр. Осындайда жарықтық Владимир Даль мен Ожеговтар бүкіл орыс сөздерін жеке дара жүйелеп жазып шыққаны өтірік емес пе екен деген ой келеді.
Жетінші себеп. Ғылыми терминдеріміздің бір ізге түсе алмай жүруіне журналист ағайындар да кінәлі. Олар үшін, мысалы, сибирская язваны – сібір жарасы дей салу оңай. Сол жара адамға жұқса күйдіргі, түйеге тисе – ақшелек, ешкіде – кебенек, сиырда – қарасан, жылқыда – жамандат деп аталатынына бас қатырып ізденбейді.
Орыс тіліндегі медициналық терминдердің қазақша баламасын табу керек, егер ондай ұғым қазақ тілінде жоқ болса, онда латын немесе грек тілінен енген аталымдар қалу керек.
Терминдерді тәржімалағанда міндетті түрде сол ғылым саласының ғалым маманы және тіл ғылымы саласының маманы бірлесіп жұмыс істесе дұрыс болар еді. Өйткені бұл екеуінің одақтасуы арқылы ғылыми терминнің тереңіндегі иірімдер игеріліп, қазақ тіліндегі ұмыт болған архаизмдер орнын табар еді.
Мұхамбедия АХМЕТОВ,
«Астана медицина университеті» АҚ
Мемлекеттік тілді дамыту және
тіл саясаты бөлімінің басшысы, профессор