• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Өнер 07 Маусым, 2018

Тыныштықбек Әбдікәкім поэзиясы

934 рет
көрсетілді

О, Туған Жер,

Сенсіз кіммін мен?

Сорлап бір жүрген сұмдаймын.

Сондықтан,

ақыл айтқыш жұрттан гөрі, қуарған қурайыңды тыңдаймын.

Шөңгеңді ойлай қалсам да,

бал тати кетеді

көкірегім түбіне тұнған удай мұң.

 

Адастырмас үшін жол бұраң,

Ақылым ішіне қыраныңның шаңқылы

мен

арланыңның ырылын да алдырам...

Ағыл-тегіл күй шерте бастасам Сен жәйлі,

арқарыңа айнала кеткісі келеді қойішекті домбырам.

 

Тау-тасың, өзен-тоғайың – көктекті Қамбарым.

Жадыма қуат үстейді – жабайы бұлттарыңа арбалу.

Күйініп жүрсем де, күрсінбеуге тырысам,

Күңірене жөнелмесі үшін күншілік жердегі балбалың.

 

Тіпті, кесірткеңнің құйрығын басып өтсем де,

Кетіп қалатын секілді кеудемдегі жаннан мән.

Титімдей осырақ қоңызың үшін де –

Ойсыл Қарадай тәубам бар.

О, Туған Жер,

Мен

бір уыс топырағыңды құнарландыруға жарарлық

тезек болудан да арланбан.

 

Жусаныңның тынысынан жаратылған-ды –

жүрегімдегі тақсыр-Ар.

Аман-саулығыңды соңыра сүйегіме де тапсырам.

О Туған Жер,

Өзіңді аңсағандағы Ойларым –

– масаларыңның ызыңынан да самала тоқи алатын

ғаламат бақсылар...

 

ЫРЫМ

 

«Тағы да бір мұңлы күн өтті» дейді күнтізбе.

Қайдан пайда болады мұң бізде?

Қайдан пайда болушы ед,

Сүйісуге машық болғанымызбен,

Бір-бірімізге ғашық бола алмай жүрміз де!

Көктемде балғын нұр төккенде кәрі Күн,

Сәбидің сықылығындай қасиетті – әр ұғым.

Қолыңнан келсе, жауыңның да жанын

нұрландыр.

Саған да түсер жарығы!

Табиғат заңы да – сол, қарағым,

Үйіңдегі зат екеш зат та – құдайы қонағың!

Ал, жамандардың байрағы –

жақсылардың балағы...».

Күнде таңертең осылайша күбірлеп өзіме,

Уақыттың жапырағындай көріп сүйемін

күнтізбенің кезекті бір парағын.

 

* * *

Келе жатам тірлікте.

Әр күн маған – ерек күн.

Жабырқаулысы болса,

Әлпештегім келеді,

Жаутаң сәулелерінен де демеп бір.

Жолай,

Шипа болар ма деп,

Сипай өтем, жараланған жапырағын да теректің.

 

Маған – ақпандағы аяздың өзі – марқасқа.

Аяғымды да аялай басып әр тасқа,

Төбесіне гүл бітсін деген тілекпен,

Топырақ уыстатып та кетем жартасқа.

 

Білмеймін, шапағатым тиер қаншалық.

Ал, жақсылықсыз: жан – сары...

Қайғыдан өлген қара су көрсем,

Оған да күрсінісіммен дем салып...

 

Иә, келе жатам тірлікте,

Мейлі, адам болсын, ит болсын,

Бәріне сәлем де беріп бірінші.

Ол да – өзім ежелден ұнататын ырым шын.

Ай нұрынан тоңазыған Түнге де шам жаға қоюға асығам.

Жаңа туған сәбидей жылынсын.

 

Сынаушым – ғарыш түкпіріндегі Күн-Құдай.

Сезім атаулының асылы – мен секілді мұңлыда.

Аңдаусызда айта қалған бір ауыз адал сөзі үшін,

Арқаға қағам сұмды да.

Соның бәрі, менімше, – үр-өмір.

Санама жұпар дарытқан кие – мың.

Егер, Отаным талап етсе,

Көбелек тынысынан да атыла кетер

зеңбірек аузынан да сүйемін!

 

* * *

«Қар жауады – дейді метеостанция, – бір ауық».

Ол – Қара Күз күрсінісінің бүршіктенген қылауы.

Сонда әуеден періште шілтерін көресің, түс ауа.

Қыс деген не?

Ұшыраған Жаз – ол, құсаға.

 

Ал, Көктем ше?

Ол да – Күннің Жаратушыға ұқсас қиялы.

Сол қиялға жапырақтанған барша жұлдыз сыяды.

Қане, уайымыңды да ыңылдашы жап-жарық.

Жайқалған шашың да – шөп жаны.

 

Иә, қазір – қараша айы.

Өзіңе байланысты – тәніңнің де тоңу-тоңбасы.

Жұмақ пен Тамұқты нұсқап тұрады көңіліңнің компасы.

Таба алмайсың бұ Дүниенің де ешбір жалғанын,

Демің самал аңқыса, - болғаны.

 

Қайда жүрсең де, біртұтассың – өзің туған өлкемен.

Жан – мәңгі көктеп жататын ақыл-ес, ең кемел.

Сенің де қалампыр аңқысын азабың.

Іңір қызылына саусақ матырып,

Таң туралы өлең жаза біл.

 

* * *

Әдетте,

Сайтаныммен бір уақ тілдесе қалсам-ақ,

Қоза кетіп ой түріндегі қырық сан оқырам,

Көпке дейін қипыжықтана сиырланып отырам...

Сонсоң, шошып кетіп,

Шөп Баласынан үйренген дұғаларымды

оқи бастаймын сарната,

Бүткіл адам баласының атынан!..

 

Соның өзі күнәдан арылудың заңы ма?

Құстар жиналып маңыма,

Бұғылар да мекіреніп шалғайдан,

Іңір қызылынан да таң дыбысы естіледі сарғайған,

Жоқ секілденіп түк қайғым.

Талмағанының бәрінен гауһар ғана

қорытатын құрттаймын.

Алайда,

Жан жарым алақаныма құйып берген тірі сүттен

Жасқаншақтана ұрттаймын,

Қаһардан қорқып халықтық...

Сонда,

Қақ жарыла бөліне кетеді сүттің де ақ майы мен

көк суы!

Немесе... іріп сала береді жарықтық!

 

* * *

Әлі есімде...

Түн.

Жұлдыздар.

Көңіл нілін мұң шайып...

Ернеуінен нұр төгілтер, Ай кемесі қисайып.

Қарсы алдымда бір сұлу қыз.

Тұңғиық-көз, шөл-ерін...

Сезімінің жұпар иісі аңсатады пері елін.

Шара-аяқта – шамшыл қымыз.

Сапырыла толқып сары жыны..

Түн құсындай бадырақ сөз –

жарқ-жұрқ еткен қалжыңым.

Сыңқ-сыңқ күлкі... гүлді көйлек... етегі сәл түріліп...

Сайтанымды қоздырады шегірткелер шырылы!

 

Сәл әріде – қамысты көл.

Ол да ұмытқан ұйқыны.

Бұрын қалай аңғармағам бақа үнінің сүйкімін!

Қыз демінің қуатынан құмар майы езіле...

Кіндігінің бүлк еткенін оқып қойғам көзінен!

Әппақ тістер... жалт-жұлт жұлдыз...

Сүйкімді иек, шөл-ерін...

Жұпар барда,

Құшақ барда,

Сүйіс барда, – жоқ өлім!

Ми ішіне от үрлеген жұлын ғана – қауіпті!

Ай кемесі... өз жолынан ол кетті ме ауытқып?..

Түйсігімнің түкпірінде күрметіліп Ар тілі...

Саусақұшы сәулелерім қыз төсіне тартылып!..

 

... Өлең-шөптің қытығынан ояндық біз бесінде.

Опындым ба?

Өкінді ме ол?..

Сол ғана жоқ есімде.

 

Тыныштықбек Әбдікәкім,

ақын