Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің қатысуымен депутаттар «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшылығымен кездесті. Отырыстың негізгі тақырыбы кәсіпкерлер палатасы қызметінің 5 жыл ішіндегі нәтижелері, сондай-ақ Қазақстанда бизнесті дамыту мәселелеріне арналды.
Жиын барысында елдегі бизнес саласындағы маңызды мәселелер талқыланып, оларды шешуге қатысты нақты ұсыныстар айтылды. Сондай-ақ «Атамекен» ҰКП мен депутаттық корпус арасындағы әріптестікті дамытудың негізгі басымдықтары айқындалды.
Іс-шараны жүргізген Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматулин кәсіпкерлікті дамыту үшін бес жылда маңызды заңдардың қабылданғанын атап өтті. «Атамекен» ұлттық палатасы құрылып қана қоймай, бес жылдың ішінде үлкен нәтижелерге қол жеткізді. Бұл ең алдымен, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қамқорлығының, қолдауының және көреген саясатының нәтижесі. Сонымен бірге «Атамекен» палатасы басшыларының, қызметкерлерінің де еңбегінің жемісі деп айтуға болады. Соның нәтижесінде «Атамекен» өзінің еліміз үшін, халқымыз үшін пайдалы, қажетті ұйым екенін дәлелдеді. Ең бастысы – Қазақстандағы барлық кәсіпкерлердің сенімді тірегіне айналды», деді Н.Нығматулин.
Мәжіліс Төрағасы отырыс барысында Елбасының бес әлеуметтік бастамасын орындауда депутаттар «Атамекен» ҰКП-мен белсенді жұмыс жүргізетінін, бүгінгі күні бұл мәселе өзекті болып табылатынын, бастамалардың азаматтарымыздың өмірін жақсартуға бағытталғанын және бір саласы кәсіпкерлікті дамыту мәселелерін шешуге мүмкіндік беретінін айтты.
Мәжіліс Төрағасы депутаттық корпус, партия фракциялары және «Атамекен» арасындағы конструктивті әріптестіктің маңызын атап көрсетті. Өзара тиімді байланыстың орнауына 2015 жылы қабылданған Кәсіпкерлік кодексі септігін тигізіп, аталған құжатқа алғаш рет кәсіпкерлік қызметті реттейтін барлық құқықтық нормалар біріктірілді. Депутаттар мен «Атамекен» палатасы бірлесіп әзірлеген Салық кодексі, «Жер қойнауын пайдалану туралы» кодекс және Кеден кодексі елдегі бизнес ахуалдың жақсаруына әсер етті.
«Мемлекет басшысы екі апта бұрын кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері жөніндегі заңға қол қойды. Осы орайда, Президенттің тапсырмасын орындау барысында депутаттық корпустың «Атамекен» палатасымен бірлесе отырып әзірлеген заң жобасы мемлекеттік бақылау қызметін 30 пайызға дейін азайтуға жағдай жасағанына куә болдық», деді Н.Нығматулин.
Мәжіліс Төрағасы әріптестіктің нәтижесінде елдегі кәсіпкерлік саласындағы өзекті мәселелер анықталғанына да тоқталды. Олардың қатарында шағын және орта бизнес өкілдеріне берілетін несиенің қолжетімсіздігі, кадрлар біліктілігінің төмендігі мен сыртқы нарыққа шығу бар.
«Аталған мәселелерді шешу арқылы Елбасының 2050 жылға қарай елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнес үлесі 50% -дан кем болмауы жөніндегі тапсырмасын орындауға қол жеткізе аламыз», деді Н.Нығматулин.
Сөз соңында Мәжіліс Төрағасы белсенді азаматтық ұстанымы мен депутаттық корпуспен ынтымақтастыққа дайындығы үшін «Атамекен» ҰКП басшылығына алғысын айтып, отандық бизнесті дамыту мен қолдау бағытындағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Бұдан кейін сөз алған «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қызмет атқарған уақыттан бастап өзін бизнес пен билік органдары үшін барлық деңгейде тиімді диалог алаңы ретінде танытқанын атап өтті.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы осы бағытта Парламент және Үкіметпен тиімді жұмыс атқарып келеді. Мемлекет басшысының күн сайынғы қолдауы кәсіпкерлікке қолайлы жағдай қалыптастыруға мүмкіндік берді. Елде бизнеске деген көзқарас түзеліп, мемлекеттік органдардың қарым-қатынасы өзгерді. Ең бастысы – кәсіпкерлердің билікке сенімі оянды. Қазіргі таңда өзара байланыс жаңа деңгейге көтерілді. Бұл – ел үшін тиімді», деді Т.Құлыбаев.
Сонымен қатар «Атамекен» палатасының басшысы шағын және орта бизнеске несие беру жүйесін қайта қосу шараларына тоқталды. Оның айтуынша, осы салаға несие бөлінбесе, кәсіпкерліктің дамуы мүмкін емес.
«Ірі банктерге сауықтыру жүргіздік. Бұған шамамен 3 триллион теңге салынды. Алайда несиелеу мәселесі әзірге толыққанды шешілген жоқ. Өйткені банктер ұзақ мерзімге қаржыландыру мәселесін қарастырмаған әрі оларда мұндай мүмкіндік бола бермейді. Ал шетелдік несиелеуді қолданбағанымызға біраз уақыт өтті. Ұзақ мерзімге қаражат алудың екі жолы бар. Біріншісі – халықтың депозиті. Бұл мәселеде депозиттердің жартысы доллармен сақталғанын, ұлттық валютаға сенімді арттыру қажет екенін ескеру керек. Екіншісі – заңды тұлғалардың, квазимемлекеттік сектордың депозиті. Бұл депозит шамамен 6 триллион теңгеге жетеді. Олардың бәрі қысқа мерзімді және экономиканы модернизациялаудың негізгі қор жинақтауына жарамайды», деді Т.Құлыбаев.
Ұлттық палата басшысы депозиттердің пайызынан да пайда тауып отырған квазимемлекеттік сектордағы қаржы саясатының тиімділігіне күмәнмен қарайтынын жеткізді. Т.Құлыбаев тұрақты қоры бар квазимемлекеттік сектордың қаржылық жағдайын тексеруді, депозиттерін ұзақ мерзімді өтімділік ретінде қолдану мүмкіндігін зерттеуді ұсынды.
Сонымен қатар Ұлттық палата мен «Самұрық-Қазына» қоры Үкімет жанынан жобалық кеңсе құру жоспарда бар екенін мәлімдеді. Аталған кеңсе экономиканы модернизациялаудың жүйелі мәселелерімен айналысады.
«Қазіргі таңда жұмысты үйлестіру мәселелерімен айналысып жатырмыз. Үкіметке ұсыныс береміз. Көптеген компанияның қызметтері ұқсас. Мысалы, «ҚазАгроның» еншілес 5 компаниясы бар, бірақ олар бір ғана қызмет атқарады», деді Т.Құлыбаев.
Ұлттық палата төралқа төрағасы агроөнеркәсіп кешеніне несие берудегі мәселелерге тоқталды. Оның айтуынша, коммерциялық банктер агроөнеркәсіп кешені үшін амалдың жоқтығынан несие беретін көрінеді. Т.Құлыбаев осы орайда «Бастау» жобасының тиімді жұмыс істеп отырғанын атап өтті. Аталған жоба арқылы жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар жеке кәсіптерін аша алды.
Отырыс барысында бизнес климатты жақсарту жөніндегі шаралар туралы «Атамекен» ғылыми-өндірістік кәсіпорнының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, адами капиталдың дамуы және бизнестің жауапкершілігін арттыру туралы «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасарлары Эльдар Жұмағазиев пен Рустам Жүрсінов баяндады.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»