Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапарының екінші күні ҚХР Бүкілқытайлық халық өкілдерінің жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Ли Чжаньшумен кездесумен басталды.
Достыққа негізделген байланыс
Кездесу барысында Тұрақты комитет төрағасы Ли Чжаньшу Қытайдың Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының атынан Қазақстан Президентіне ілтипат білдіріп, мемлекеттік сапар аясында жүргізілген келіссөздердің жемісті болғанына тоқталды және солардың нәтижелері бойынша қол қойылған құжаттар қазіргі кезеңдегі екі жақты қатынастардың нақты даму жоспарын айқындағанын атап өтті.
– Сіз – біздің халқымыздың нағыз досысыз, ал мен үшін ең құрметті мемлекет қайраткерлерінің бірісіз. Сіздің басшылығыңызбен Қазақстанда нарықтық экономика қалыптасып, халықтың жағдайы жақсара түсті, қоғамда тұрақтылық бар. Еліңіздің әлемдегі және өңірдегі беделі әрдайым артуда. Өздеріңіз «Нұрлы жол» деп атағандай, Сіздің мемлекетіңіз жарқын болашаққа жол ашты. Сіз халық арасынан шықтыңыз, оның арман-мүддесін білесіз және ұзақ жылдар бойы Қазақстанды табысты даму жолына бастап келесіз. Сіз - қытай халқы үшін қаһарман тұлғасыз және біздер - басшылар үшін үлгі саналасыз. Сіздердің достарыңыз әрі көршілеріңіз ретінде Қазақстанның жетістіктері үшін шын жүректен қуаныштымыз, – деді Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы.
Мемлекет басшысы Ли Чжаньшуға өзінің және Қазақстанның атына айтылған жылы сөздері үшін ризашылық білдірді.
– Мен Сізді Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының Тұрақты комитетінің төрағасы лауазымына тағайындалуыңызбен құттықтаймын және зор табыс тілеймін, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің парламентаралық ынтымақтастығы мәселелерін талқылау сәтінде Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының ХІХ съезінде қабылданған және елдегі тұрақтылықты қолдауға, сондай-ақ қойылған міндеттердің орындалуына бағытталған шешімнің Қытай үшін тарихи маңызы бар екенін атап өтті.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Қытай мемлекетінің 40 жыл бойы қытайлық өзіндік ерекшелігі бар социализм құру жолымен келе жатқанын және соның барысында әлемдік деңгейдегі жетістікке қол жеткізгенін айтты.
– Қытай бүгінде әлемдегі экономикасы орасан зор жетекші елдердің біріне айналды. Инновациялар жылдам енгізіліп, ғылым саласына тартылған инвестиция көлемі артуда. Елдеріңіз өз дамуының мүлде жаңа жолына қадам басты, – деді Мемлекет басшысы.
Батырлар рухына тағзым етті
Бұл кездесуден соң Қазақстан Президенті мемлекеттік сапары барысында Тяньаньмэнь алаңында орналасқан Халық батырларының ескерткішіне гүл шоғын қойып, қытай халқының ХІХ және ХХ ғасырлардағы ұлт-азаттық күресі барысында құрбан болған перзенттерінің рухына тағзым етті. Халық батырларына қойылған монументтің биіктігі 38 метрге жуықтайды, ал оған қаланған 17 мың гранит пен мәрмәр тастың салмағы 10 мың тоннадан асып жығылады. Алайда, қытайлықтар үшін тастың салмағынан осы ескерткіштің саяси салмағы басы түсетіні рас. Өйткені ұлттық монументтің маңдайшасына Қытай реформаларының, өркениетінің атасы Мао Цзэдуннің «Халық батырларына мәңгілік даңқ», деген даңқты төл сөзінің көшірмесі қашалып жазылған. Ескерткіштің етегі Қытай Халық Республикасында 1840 жылы орын алған атақты апиын соғысынан бергі елдің даму бағытын өгерткен төңкерістер бейнеленген барельефтермен көмкерілген.
Сенімді серіктестер сұхбаты
Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік сапары аясында «Дяоюйтай» мемлекеттік резиденциясында CNPS компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Ван Илиньмен кездесті. Мемлекет басшысы CNPC компаниясының мұнай мен газды өндіру, тасымалдау және оны қайта өңдеу салалары бойынша Қазақстанның негізгі әріптесі болып саналатынына тоқталып, бұл кәсіпорынның еліміздегі жұмысына қанағаттанатынын айтты.
– Жалпы осы жылдар ішінде Қазақстанда 100 миллион тоннадан астам мұнай өндірілді. Біз сіздің компанияңызбен ынтымақтастықты жалғастыруға дайынбыз. Әсіресе, «Кеңқияқ-Атырау» мұнай құбырын пайдалану арқылы ішкі нарыққа және Қытайға жеткізілетін мұнай көлемін арттыра аламыз, – деді Қазақстан Президенті.
Ал компания басшысы CNPC-дің Қазақстандағы әріптестермен 20 жылдан астам уақыттан бері ынтымақтаса жұмыс істеп келе жатқанын және зор жетістіктерге жеткенін айтты.
– Сіздің көңіл бөлгеніңіздің және Қытай Үкіметі көмегінің арқасында айтулы нәтижелерге қол жеткіздік. Сізге зор құрметім мен ризашылығымды білдіруге рұқсат етіңіз. Біздің мүмкіндігіміздің бар екенін және оны одан әрі дамытып, жұмыс істеуге ниетті екенімізді жеткізгім келеді, – деді Ван Илинь. Компания басшысы Қазақстан Президентіне Іскерлік кеңес аясында жүргізілген келіссөздер мен қол қойылған келісімшарттар жөнінде баяндады.
– Үкіметіміз және Си Цзиньпин мырзаның жеке өзі қазақстандық әріптестермен тығыз ынтымақтастықты жаңа деңгейде дамытуға мүдделілік танытып отыр. Бұл міндетті орындауға шамамыз жететініне кәміл сенеміз, –деді компания басшысы.
Он үш миллиард доллар мен қырық құжат
Ал қытайлық ірі кәсіпкерлермен кездесуінде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Қытай халықтарының қарым қатынасы достық пейіл мен өзара сенімге негізделгендігін және стратегиялық әріптес ретінде маңызды екендігін атап өтті.
– Қытай Қазақстанға тікелей инвестиция құю көлемі жөнінен 4-орынды иеленеді. 2017 жылы біздің есептеуімізше, екі ел арасындағы тауар айналымы 10,5 миллиард доллар болды, яғни 33 пайызға өсті, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде ел экономикасындағы мұнай-газ, химия және азық-түлік өнеркәсібінде, сондай-ақ машина жасау, жеңіл өнеркәсіп салаларында қытай капиталының қатысы бар 1200 кәсіпорын жұмыс істейтінін атап өтті. Сонымен қатар, елімізде Қытайдың үш банкі табысты жұмыс жатқандығына тоқталды.
– Бүгін екі елдің 300-ден астам бизнес өкілдері қатысқан Іскерлік кеңес өтті. 13 миллиард доллардан астам қаржы көлеміндегі 40-қа жуық коммерциялық құжатқа қол қойылды. Сонымен қатар, индустрияландыру және инвестиция салаларындағы ынтымақтастық аясында жалпы сомасы 28 миллиард доллар көлеміндегі 51 жобаның тізімі жасалды, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы кездесуге қатысып отырған кәсіпкерлерге Қазақстанның геосаяси тұрғыдан ұтымды орналасқаны және осы факторға байланысты оның бизнес жасаудағы артықшылығы жөнінде айтты.
– Қазақстан – 180 миллионнан астам тұрғыны бар, кедендік шекарасы жоқ Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі. Қазақстан аумағы арқылы Қытай мен басқа да Азия елдерін Ресей, Каспий теңізі, Қара теңіз, сондай-ақ Иран және Түркия арқылы Еуропамен байланыстыратын 5 темір жол және 6 халықаралық автомобиль жолының дәлізімен өтеді. Бұл жүкті Қытайдан Қазақстан арқылы Еуропаға және кері қарай 15 күнде жеткізуге мүмкіндік береді. Ал, жүк теңіз жолымен жеткізілетін болса, 2-3 есе көп уақыт кетер еді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті кездесуге қатысушылардың назарын инвестициялық тартымдылықты арттыру және бизнес ортаны жақсарту үшін қолданылып жатқан тұрақты шараларға, атап айтқанда, кәсіпкерлік саласындағы заңнаманың жетілдіре түскеніне, Шетелдік инвесторлар кеңесінің, «Қазақ Инвест» және «Қазақ Экспорт» ұлттық компанияларының құрылғанына, шетелден жұмыс күшін тарту және жер қойнауын пайдалану үшін лицензия алу мен келісімдер жасау рәсімінің жеңілдетілгеніне, сондай-ақ 11 арнайы экономикалық және 24 индустриалды аймақтың жұмысына қатысушылар үшін салық жеңілдіктері мен артықшылықтар белгіленіп отырғанына аударды.
– Біз ірі компанияларымыздың Гонконг және Шанхай биржа алаңдарындағы IPO-ға шығу мүмкіндіктерін қарастырудамыз. Оның үстіне Шанхай биржасы «Астана» халықаралық қаржы орталығының стартегиялық әріптесі болып танылды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Нұрсұлтан Назарбаев қытайлық кәсіпкерлерге Астана халықаралық қаржы орталығының мәртебесі конституциялық заңмен бекітілгендігін және орталыққа ағылшындық құқық тәртібі енгізілгендігін де атап өтті. Оған қоса қаржы орталығына қатысушыларға елу жылдық салықтық жеңілдіктер берілетіндігіне, валюталық, визалық және құқытық режімдерінің жеңілдетілгендігіне тоқталды. Қаржы орталығының тәуелсіз соты, халықаралық арбитраж орталығы кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерінің қорғалуына кепілдік болмақ.
Кездесу барысында Қазақстан Президенті елімізде аграрлық салаға жете көңіл бөлініп отырғандығына, агроөндірістік кешенді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданғандығын атап өтті. Оның аясында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен қайта өңдеушілерге мемлекеттік қолдау көрсетілуде. Аталған саланы дамытуда жаңа технологияларды енгізу арқылы еңбек өнімділігін арттыруға басымдық берілуде. Әсіресе қайта өңделген өнімдердің экспортын арттыруға ерешке мүмкіндік жасалған.
Мемлекет басшысы елімізде туристік саланы дамытуға да көңіл бөлініп отырғандығын, туризмнің аңшылық, балықшылық, мәдени, медициналық және кино туризм салаларын дамытуға күш салынатындығын айтты.
Сонымен қатар, аталған кездесу барысында Қазақстан Қытай Іскерлік кеңесінің тең төрағасы, «Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов те сөз алды. Оның айтуынша, Қазақстан Президентінің мемлекеттік сапары кәсіпкерлер үшін өте табысты болған.
– Іскерлік кеңес аясында 8,7 млрд долларды құрайтын 17 - инвестициялық, 1,6 млрд доллар болатын 8 - қаржылық, 700 млн доллар болатын 7 - сыртқы сауда және 8 коммерциялық емес келісімге қол қойылды. Бұл келісімдер еркін экономикалық аймақтарға, кен орындарын игеруге, қайта қалпына келтірілетін энергетика жобаларын жасауға, биохимиялық кластер құруға және басқа да салаларға инвестиция тартуға мүмкіндік береді, – деді Ахметжан Есімов.
Әл-ауқат қорының басқарма төрағасы қытайлық компаниялардың негізінен қайта өңдеу, логистика, инфрақұрылым және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу салаларына инвестиция салып отырғандығын айтты.
Ал Қазақстан-Қытай біріккен Іскерлік кеңесінің тағы бір тең төрағасы - «СИТИК групп» корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Чан Чжэньмин Іскерлік кеңестің алғашқы отырысы 2013 жылы Астанада өткендігін және соңғы бес жылда екі елдің іскерлік өкілдерінің байланысы жоғары деңгейге жеткендігін атап өтті.
– Қазақстан мен Қытайдың Іскерлік кеңесі екі елдің кәсіпкерлері үшін тиімді байланыс алаңына айналды, – Чан Чжэньмин.
Жалпы, Қазақстан Президентімен кездесуге Қытайдың әлемге танылған компанияларының басшылары жиналғандығын да атап өту керек. Мәселен олардың қатарында «Чайна Нонферроус Петролиум Корпорэйшн» және «Петро Чайна Компани Лимитед» компаниялары директорлар кеңесінің төрағасы Вн Илинь, «Чайна Нонферроус Метал Индастрис Форейн Энджиринг энд Констракшн Ко. ЛТД (НФиСи)» директорлар кеңесінің төрағасы У Сян, «Чайна Дженерал Текнолоджи (Групп) Холдинг, ЛТД (ДженерТэк)» басқарма төрағасы Сюй Сяньпин, «Катэй Индастриал Биотэк, ЛТД» басқарма төрағасы және бас директоры Лю Шикай және Қытай мемлекеттік даму банкінің президент Чжен Чжицзделер болды.
Кездесу соңында жиынға қатысушылар өзара әріптестікті нығайтуға байланысты пікір алмасты.
Экономикалық байланыстың қарқыны жоғары
Жалпы, ел Президенті атап өткен байланыстардың арқауы іскерлік, қаржылық салаларды тұтас қамтиды. 2016 жылдың желтоқсан айында еліміздің өндірістік қуатын арттыруға бағытталған Қазақстан мен Қытайдың бірлескен жобаларын қаржыландыру мақсатында жарғылық құны 2 млрд АҚШ долларын құрайтын Қазақстан-Қытай ынтымақтастық қоры құрылды.
Әрісін айтпағанда, Қазақстан мен Қытайдың 1992 жылдан бастау алатын дипломатиялық қарым-қатынасы экономиканың барлық саласында жылма жыл қарқынды дамып, оң өзгерістер көрініс табуда. Сыртқы саясаттағы сенімді серіктес мемлекеттердің сауда-экономикалық байланыстары қарқынды дамып келеді. Бұл деректі Қазақстан Президенті өзінің қытайлық әріптесі Си Цзиньпинмен кездесуінде ерешке атап өткендігін бұған дейін жаздық. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында-ақ екі жақты сауда көлемі 2,5 млрд долларға жетті. Оның ішінде Қазақстанның экспорты 1,37 млрд доллар болса, елімізге әкелінген импорттың құны 1,13 млрд доллар болды. Негізінен Қазақстаннан Қытайға экспортталатын тауарлардың басым бөлігін минерал өнімдері, металл, химия өнеркәсібі өнімдері және мал өнімдері құрайды. Ал елімізге Қытайдан негізінен мата өнімдері, машиналар, құралдар, металл бұйымдары, минералдар, керамика және шыны, халық тұтынатын тауарлар тасымалдануда. Оған қоса, Қытай Халық Республикасы біздің елімізге тартылған шетелдік инвестициялар көлемі бойынша Нидерланды, АҚШ және Ұлыбританиядан кейінгі төртінші орынға орналасқан.
Сайып келгенде, еліміздің әлемдегі екінші экономика саналатын Қытай Халық Респбликасымен қарым-қатынасы экономиканың барлық салаларын қамтыған. Екі ел басшыларының бастауымен бұл байланыстар жыл өткен сайын тамырын тереңге жайып келеді. Егер, біздің тарапымыздан қоңсы қонған елдің кең нарығын пайдаланып, сапалы өнімге сұранысын қанағатандыра алмасақ зор күнәнің бірі болар еді. Осыдан да шығар, экономиканың жекелеген салаларында таразының басы Қазақстан жағына ауып тұр. Бұл көрсеткішті бір ғана астық экспортының дәйекті деректерімен дәлелдеп шығуға болады. Мысалы, өткен жылдың қаңтар қараша айларының аралығында Қазақстаннан Қытай еліне 344,1 мың тонна астық экспортталған. Бұл көрсеткіштің шарықтау нүктесі емес.
Еліміздің Қытай Халық Республикасымен мәдени-гуманитарлық саладағы байланысы да даңғыл сүрлеуге түскен бағыт. Бір ғана Димашты қытай халқы көкке көтеріп, әлемге танылуына мүмкіндік жасады. Қазір қазақтың дарынды ұлы әлемнің cүйікті ұлына айналды. Бұл бар ғана мысал. Қытай нарығын, мүмкіндіктерін пайдаланудың да тиімді үлгісі осы.
Мемлекет басшысының қытайлық ірі бизнес өкілдерімен кездесуі мемлекеттік «Дяоюйтай» резиденциясында өткендігін де қазақы қалыппен жақсылыққа жоруға болады. 800 жылдық тарифы бар сәні мен сәулеті келіскен ғимарат бір кездері Қытай императорларының қала сыртындағы сарайы болған. Бүгінге дейін мұрты бұзылмай тұрған көненің ескерткіші қазір Қытай елінің құнды мұраларының қатарында тұр. Цзинь империясының (1115-1234) билеушісі Чжанцзун император Бейжіңнің батыс бөлігіндегі көлдің жағалауынан балық аулайтын тұрақ ретінде салған ғимарат 1959 жылдан бері шетелдік құрметті қонақтармен кездесу өтетін орынға айналды. Қытайлықтар үшін ең қадірлі қонақтардың бірегейі де тату көрші, сенімдес серіктес Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев екендігі дау тудырмайды және олардың ізгі ниеті Президент сапарының өн бойында сезіліп тұрды.
ПІКІРЛЕР:
Сапарбек Тұяқбаев, «Kazakh Invest» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасы:
Қазіргі уақытта Қытай Халық Республикасының ірі-ірі компанияларымен экономиканың әртүрлі саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға байланысты келісімдерге қол жеткіздік. Олардың қатарында азық-түлік, автоөнеркәсіп, биотехнология, медицина салаларында, сондай-ақ инфрақұрылымдық жобаларды бірлесе жүзеге асыруға басымдық берілді. Бұрындары көпшілік арасында елімізге Қытайдың экологияға, қоршаған ортаға залалы көп өнеркәсіп орындары әкелінеді деген жаңсақ түсініктер болды. Алайда ол пікірлер шындыққа сәйкес келмейді. Соңғы қол қойылған келісімдерге байланысты елімізде тек жоғары технологиялық, экспортқа бейіл өнімдер шығаратын жобалар жүзеге асырылмақ. Оның ішінде астық өнімдерін қайта өңдеп, мата өндірісін жолға қоятын биотехнологиялық қайта өңдеу өнеркәсібін атап өтуге болады. Бұл биотехнология саласында бесінші буын технологиясын қолданатын жалғыз компания екендігін де ескерген жөн. Аталған зауыт жылына екі миллион тонна астықты қайта өңдеп, дайын мата өнімдері экспортқа шығарылады. Сонымен қатар Қытайдың ірі автомобиль компаниясымен жылына 100 000 бірлік көлік шығаратын кәсіпорын құру туралы келісімге келдік. Бұл зауыттың өнімдерінің 20 пайызын электромобильдер құрайды және ол еуразиялық кеңістіктегі елдерге экспортталады. Бұл жобаға салынатын инвестиция көлемі 1,3 млрд АҚШ долларын құрайды. Демек бұл жобаны еліміздегі тек ірі өндіріс деумен шектелмей, ірі инвестициялық жобалардың қатарына қосуға болады. Аталған жобаны жүзеге асыруға қытайлық компаниялармен қатар, еуропалық компаниялар да қатысады. Бүгінде Қазақстан нарығына неміс, британдық компаниялардың да қызығушылығы жоғары. Мәселен күн қалқандарын шығаратын ірі кластерге төрт бірдей мемлекет қатыспақ. Бұл жобада Францияның технологиясы, Қытайдың қаражаты және Ресей мен Қазақстанның мүмкіндіктері біріктірілмек. Осы жоба аясында күннен қуат алатын станциялар салу көзделген. Қазірдің өзінде бұл жобаның өнімдеріне Ресей, Қазақстан мен Орталық Азия мемлекеттерінен сұраныстар түсіп жатыр. Демек, біз қазір Қытай Халық Республикасымен қарым-қатынастардың жан-жақты әрі жоғары технологиялық кезеңіне шықтық деп айта аламыз.
Ван Кы Джюн, «FIRST TRACTOR COMPANY LIMITED» компаниясы бас директорының орынбасары:
– Мен қазір Қазақстан мен Қытай мемлекеттерінің әртүрлі саладағы қарым-қатынастары ең бір алтын кезеңге аяқ басты деп ойлаймын. Шетелдік инвесторларды алдымен Қазақстанның болашаққа сенімді бағдары, заманның үдерістері есепке алынған жоспарлары қызықтырады. Оның үстіне Қазақстанда инвесторларға, оның ішінде қайта өңдеу саласына үлес қосатын шетелдік кәсіпкерлерге көп мүмкіндіктер беріліп, заңнамалық жағдайлары жасалған. Қазақстандағы инвесторларға берілетін салықтық жеңілдіктер де әлемнің өзге мемлекеттерінде кездесе бермейді. Оның үстіне Қазақстан тарапының тек жоғары технологиялық жобаларды қабылдауға мүдделілік танытып отырғандығы қуантады. Қазір біздің компания Қазақстанның агроөнеркәсіп саласын дамытуға көмектесіп отыр. Оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге инвестиция салдық. Жалпы Қазақстанның жаңа технологияларды қолдануда алдыңғы қатарлы мемлекеттердің сапына қосылатындығына еш күмәнім жоқ. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы мақсатқа жету жолындағы еңбегін жоғары бағалаймыз.
Дин Ким, «Агромаш Холдинг Қазақстан» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы:
– Бүгінде Қазақстанда машина жасау саласында батыл қадамдар жасалып, ірі жобалар жүзеге асырылуда. Оған қоса, Қытай Халық Республикасындағы бірнеше автомобиль зауытының басын біріктіріп отырған алпауыт зауытпен келісім жүргізілуде. Біз оларға ынтымақтастық аясын кеңейтіп, Қазақстанда жаңа өндірістер ашуды ұсындық. Бүгінде қытайлық «Jaс» компаниясымен бірлесіп автокөліктердің ұсақ бөлшектеріне дейін шығаратын өндірісті жүзеге асырудамыз. Ең бастысы, ықтимал инвесторларға Қазақстанның мүддесін, яғни отандық мамандарды оқыту, қайта даярлау талаптарын жеткізудеміз. Қазір осы автомобиль өндірісі саласында бір миллиард АҚШ долларынан аса инвестиция салынатын жаңа жобаға байланысты келіссөздер жүргізілуде. Бұл өндірістердің айналасында шағын және орта бизнес дамиды, жаңа жұмыс орындары ашылады, бір сөзбен айтқанда экономикаға елеулі үлес қосылады.
Талғат Мақаев, Қарағанды кешенді қорытпа зауытының бас директоры:
– Қытай бүгінде металлургия өнімдерін өндіруші және тұтынушы ретінде үлкен алаңға айналды. Мәселен, ферро қорыту саласында Қытай әлемдік өндірістің елу пайыздық үлесіне ие және тұтынуда да елу пайыздық межеге жетті. Сондықтан, осы саладағы бірлескен жобаларға қызығушылық танытып отырмыз. «Синестиль»корпарациясы біздің жобаныңбас мердігері ретінде таңдалды. Бүгін олармен стартегиялық ынтымақтастық туралы және ферро қосындыларын Қытай нарығына шығару туралы келісімге қол қойдық.
Лю Аньдун, «Sinostell Corporation» трансұлттық корпорациясының бас директоры:
– Біз қазақстандық әріптестерімізбен бірге тиімді ынтымақтастық келісімдерге қол жеткіздік. Атап айтқанда, ферро қорыту зауытын салlы жоспарлап отырмыз. Біздің бастамамызды Қазақстан Президенті қолдап отыр, демек жоспарымыздың табысты болатындығына сенеміз. Жалпы, Қазақстан тек пайдалы қазбаларға ғана бай мемлекет емес, біз таңдаған металлургия саласында өзіндік тәжірибесі, қолтаңбасы бар іргелі елдердің бірі. Сондықтан зауыт жобасы екі мемлекет үшін де табысты боларына күмәнім жоқ.
Серік ӘБДІБЕК, «Егемен Қазақстан» – Бейжіңнен (Қытай)