• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Қазақстан 11 Маусым, 2018

Каспий өзара достық,тату көршілік теңізі болуы тиіс

1547 рет
көрсетілді

Осы жылдың екінші жартысында Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласында Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Иран және Түрікменстан прези­денттерінің қатысуымен Кас­пий маңы мемлекеттері басшы­лары­ның саммиті өтеді деп жос­парланып отыр. 

Онда Кас­пий теңізінің құқықтық мәрте­бе­сі туралы конвенцияға қол қойы­лады деген болжам бар. Сондай-ақ саммитте тараптар теңіздің экологиялық мәселелеріне де назар аударуы мүмкін. Өйткені бес ме­млекетке ортақ қарт Каспий­дің суы мен ондағы жан­уарлар дүниесіне қатысты проблемалар баршылық. 

Каспий теңізі шаруашылық жүр­гізуде маңызы ерекше зор әлем­дегі ең ірі тұйық су алабы саналады. Теңіз өзінің морфологиялық ерек­ше­ліктеріне қарай Солтүстік Кас­пий, Орталық Каспий және Оңтүс­тік Каспий болып үш бөлікке бөліне­ді. Оның қазақстандық бөлігі, яғни теңіздің солтүстік-шығыс жаға­лауы Атырау және Маңғыстау облыс­тары­ның аумағында жатыр. Сарап­шы ғалымдардың деректері бойынша, Солтүстік Каспий теңіздің өзге бөліктерімен салыстырғанда гео­графия­лық орны, теңіз табанының құрылы­мы, тұздылығы мен темпе­рату­р­алық режімі, су балансы және басқа да жағынан ерекшеленеді. Екіншіден, оның Оңтүстік және Орталық Каспийге қарағанда суының тереңдігі таяз болып келеді. Ал Солтүстік Каспий бөлігінің аумағы 80 мың шаршы шақырымды құрайды.

Теңіздің осы қазақстандық бөлігі­не қарайтын аумаққа байланысты мына мәліметтерді де атап өткен жөн сияқты. Солтүстік бөлікке құятын өзен­дердің жылдық су ағынының жиын­тығы Каспийге құятын барлық өзен су­ларының 88 пайызын құрайды екен. Оның үстіне теңіздің бұл аумағы жан­уар­лар дүниесі мен өсімдіктер әле­міне өте бай. Мұнда жануарлардың екі мыңға жуық түрі тіршілік етеді. Теңіздегі балық қоры орта есеппен үш миллион тоннадан асады. Соның 40 пайызы Солтүстік Каспийдің үлесіне тиеді.

Каспий – бұрыннан балық ауланып келген теңіз. Жыл өткен сайын осы кәсіппен айналысатындар қата­ры көбеймесе, азайған емес. Соны­мен қатар теңізден аса бағалы балық түрлерін өндіру, одан қара уылды­рық алу еселеп арта түскен. Кейбір мәлі­м­еттер бойынша, дүние жүзінде өндірілетін балықтың бекіре тұқымдас түрінің 90 пайызға жуығы дәл осы Каспий теңізінен ауланды. Бағалы балық тұқымдастарының әртүрлі жолдарымен белгіленген мөлшерден тыс көп аулануы оның қорының азаюына, тіпті құрып кетуіне соқтыруы мүмкін. Бұған Каспий маңы елдерінің теңіз­ге құятын өзендерге салып таста­ған бөгет­терді қосыңыз. Себебі сол бө­гет­тер балықтардың уылдырық шаша­тын жерлерге жетуіне кедергі кел­тіреді. Мұның сыртында теңіз суының лас­тануы және бекіренің браконьерлік жолмен аулануы және бар.

Қазіргі заманғы балық шаруашы­лығы балық аулауды реттеуге, сондай-ақ аса бағалы балық түрлерін табиғи және жасанды жолмен көбейтуге негізделген. Жыл сайын Қазақстан, Ресей және Әзербайжанның балық зауыттары теңізге миллиондаған балық шабақтарын жібереді. Каспийде екі тропиктік жүйе қалыптасқан. Мысалы, Солтүстік-Шығыс Каспий аумағында құстың 280-дей түрі мекендесе, ал Каспий итбалығы тек осы Каспий теңізінде ғана тіршілік етеді. Ана бір жылдары итбалықтың жаппай қырылуы орын алғаны ұмытыла қойған жоқ. Ғалым-мамандар оның себеп-салдары гидрометеорология және экологиялық жағдайлардың нашарлауынан болғанын анықтады.

Эколог-ғалымдар Каспийдің эко­ло­гиялық жағдайы теңіз суы дең­­гейінің көтерілуімен тікелей байланысты екенін айтады. Бұл теңіз маңын­дағы елдерге, оған жақын орна­ласқан елді мекендерге айтар­лық­тай пробле­малар туғызып отыр. Мысалы, су­дың көтерілуі жағалаудағы таби­ғи жайылымдарды таратып жі­бер­­ді, жайылған су құстар мен жан­уар­лардың мекен-ұясын басып қал­ды. Ол жағалаудағы өсімдіктер әлемі мен жануарлар дүниесіне көп шы­ғын келтірді. Бұған, сондай-ақ Каспий маңындағы мемлекеттердің мұнай өндіру көлемін еселеп арттыруы да «үлес» қосып келеді. Экологиялық осындай проблемалар елдердің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен көрсеткіштеріне кері әсер ететіні жасырын емес.

Су деңгейінің көтерілуі дегеннен шығады, теңіз суының бірде көтеріліп, бірде тартылуы жердің табиғи-тарихи эволюциясына байланысты екен. Ғалымдардың аталған мәселеге қатысты пікірі осындай. Ал тарихи деректерге келсек, Каспий­дің су деңгейі 1820-1930 жылдар аралығында бірнеше рет көтеріл­ген. Оның себептері ауа райының құбылысына және антропогендік факторларға байланысты болса керек. Өйткені теңізге құйылатын барлық судың 80 пайызы Еділ өзені арқылы келеді. Бұл Каспий суының көтерілуі Еділ өзеніне тікелей қатысты екенін білдіреді. Атап өткеніміз жөн, осыдан 40 жылдай бұрын теңізден Қарабұғазкөл шығанағын бірде бөл­ді, бірде қосты. Осы әрекеттер қарт Кас­пийдің ертеден қалыптасқан табиғи тепе-теңдігін бұзу деп қабыл­данд­ы. Себебі судың көтерілуі салдарынан теңіз жағалауындағы мұнай бұрғылары, мұнай қоймалары, бір­қатар кәсіпорындар су астында қал­ды. Кейіндеп эколог-ғалымдар теңіз суының көтерілуі табиғи процесс екенін дәлелді. 

Каспий теңізінің экологиясына кері әсер ететін бірнеше фактор бар. Соның бірі – техногендік фактор, яғни адам іс-әрекетінің әсері. Таратып айтар болсақ, теңіз суының ластануы дабыл қағатын жағдайға жеткен. Оның осындай халге душар болуына Каспий маңындағы бес мемлекеттің де қатысы бар. Өйткені олар жиырма жылдан бері теңіздің құқықтық мәртебесін анықтауда ортақ келісімге келе алмай жүр. Әрине оның түрлі себептері мен өзіндік қиындықтары, әр елдің ұстаным-ұсыныстары, сондай-ақ мақсат-мүдделері бар. Әрбір ел сол ұстанымдарынан, мақсат-мүдделерінен ауытқып кете алмайды. Себебі мемлекет мүддесі бәрінен жоғары тұруы тиіс. Мемлекет басшыларының алдағы бесінші саммитінде көптен бері сөз болып келе жатқан Каспий теңізінің құқықтық мәртебесіне қатысты мәселе шешіліп қалар деген үміт басым.

Осынау өткір жағдайға байланыс­ты табиғат жанашырларының пікірі әртүрлі. Мысалы, ресейлік экологтер теңіздің шектен тыс ластануын ондағы қолға алынып жатқан мұнай операцияларынан көреді. Біздің еліміздің экологтерінің пікірлері де осыған ұқсас. Ал теңіз табанынан бірінші болып «қара алтын» өндірген әзербайжандық табиғат жанашырлары Каспийдің экологиясына мұнайдан гөрі қалдық сулардан көбірек зиян келуде деген пікірде. Теңізге мұнай төгілмегені жақсы. Егер төгілетін болса, оның салдары жануарлар дүниесіне ауыр зардаптар әкеледі. Сондықтан да Каспий маңы мемлекеттері бас біріктіріп, теңіздің экологиясына кешенді түрде зерттеу жүргізетін өзара ортақ ғылыми орталық құрғандары жөн сияқты.

Каспий теңізінің құқықтық мәрте­бесін айқындау мақсатындағы келіс­сөздер процесі 1992 жылы баста­лған еді. Ол үшін ең негізгі құжат – Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны әзірлеу қажет болды. Бұл жұмыспен бес мемлекеттің сыртқы істер министрлері орынбасарларының деңгейінде құрылған арнайы жұмыс тобы айналысты, жұмыс тобы қазіргі кезде де өз қызметін жалғастырып келеді. Тараптар жұмыс тобының нәтижелі жұмыстар атқарғанын айтады. Соның арқасында конвенция жоба­сы мәтінінің көптеген баптары бо­йынша келісудің сәті түскен. Қазақ­стандық тарап атап өткендей, Каспий өзара достық, тату көршілік және ынтымақтастық теңізі болуы тиіс.

Қазақстан теңіздің өзіндік ерекше­ліктеріне байланысты оны пайдалануда теңіз табаны мен биоресурстарды Каспий маңындағы барлық мемлекеттер арасында халықаралық тәсіл және әлемдік тәжірибе негізінде ортақ сызық бойынша делимитация­лау­ды ұсынады. Сонымен бірге теңіз­дегі минералды ресурстарды игеру мен барлауды өз бетінше өз аумақтарында айқындауы қажет. Ал қарт Каспийдегі Қазақстанның мемлекеттік шекарасы теңізбен шектесетін барлық ел­дердің шекаралары арасындағы ең ұзыны. Ол 1700 шақырымнан асады. Құрлықтағы мемлекеттік шекарамыз сияқты теңіздегі шекарамыз да өзара достық шекарасы болмақ.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан»