Сенат және Мәжіліс депутаттары жұмыс сапарымен Қызылжар өңірінде болып, агроқұрылым жетекшілерімен кездесті. Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттер мен талаптарды талқылап, проблемаларды бірлесіп шешудің жолдарын қарастырды.
Халық қалаулылары алдымен «Тайынша Май» ЖШС-не ат басын тіреді. Қытайлық инвесторлардың қаражатына салынған зауыт жылына 300 мың тонна майлы дақылдарды ұқсата алады. Өнімдердің алғашқы легі Қытай, Ресей, Иран мемлекеттеріне сатылыпты. Депутаттар одан кейін осыдан сегіз жыл бұрын жұмысы тоқтап қалған «Биохим» зауытының заңды мұрагері мәртебесін алған «Bio Operations» ЖШС-не келіп, қалпына келтірудің кешенді шараларымен танысты. Зауыт директоры Сәбит Ахметов заманауи қондырғылар мен құрал-жабдықтар сатып алуға 11 миллиард теңге жұмсалғанын, биыл 5 миллиард теңге қарастырылғанын жеткізді. Жылына 250-300 мың тонна астық өңделіп, ұн, крахмал, балуыз, көмірқышқыл газы, этиль спиртімен қатар негізгі өнім – биоэтанол алуға бағдарланған жобаның келешегі кемел. 200 адам жұмыс істейді. «Масло-Дел Петропавл» зауыты 2 миллиард долларға қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізілгелі жылдық қуаттылық қосымша 32 мың тоннаға көбейген. Былтыр 22 770 тонна сүт өнімдерін өңдеп, Астана, Алматы, Ақтау, Атырау, Қарағанды, Қостанай аймақтарын қамтып отыр. «РимКазАгро» ЖШС тез өнімдер әзірлейтін жобаның екінші кезеңін іске қосып, 58 адамды жұмысқа орналастырған. Жылдық қуаты 122,5 мың тоннаға дейін ұлғайған.
С.Мұқанов атындағы ғылыми-көпшілік кітапханада өткен «Өңір» депутаттық топтың көшпелі мәжілісіне Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының ведомство басшылары, агроқұрылым жетекшілері мен өкілдері қатысып, негізгі тақырыпқа облыстың ауылшаруашылық өнімдерін тереңдетіп өңдеудегі іс-тәжірибелері мен осы саладағы проблемалар және шешімін күткен толғақты мәселелер арқау етілді. Алқалы жиынды депутаттық топтың жетекшісі Михаил Бортник жүргізіп отырды. Ол кіріспе сөзінде «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында айтылған еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы тиіс аграрлық саясатқа ерекше екпін түсіре келіп, кейбір мәселелерде түйткілдердің бар екенін де жасырмады.
Жиналғандар алдында Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Арман Евниев баяндама жасап, 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасына енгізілген өзгерістердің себептерін түсіндірді. Елбасы биылғы Жолдауында мемлекет бизнеспен бірлесіп, отандық өнімді халықаралық нарыққа шығарудың стратегиялық жолын тауып, ілгерілету, жерді барынша тиімді игеретіндерді ынталандырып, дұрыс пайдалана алмайтындарға шара қолдану, тиімсіз субсидияларды ауылшаруашылық кешені субъектілеріне арналған банк несиелерін арзандатуға қайта бағыттау қажеттігін атап көрсеткені мәлім. Бұл міндеттерді ағымдық шаралармен қамтамасыз ету қиын. Осы себепті бағдарлама аясында жекелеген салалар бойынша қарқынды дамыту мүмкіндіктері жан-жақты қарастырылып, жүйелі қолдау көрсетілетін болады, дей келіп, сапалы, экологиялық таза өнімдер өндіру, ішкі нарықты қорғау, сауда-логистикалық жүйені қалпына келтіру, экспортты жандандыру, қолайлы нарық көздерін іздестіру, ауылдық аумақтарды өркендету, түпкі нәтижеге жауапкершілікті арттыру, элиталы тұқым шаруашылықтарын құру жайттарына тоқталды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров облыстың қайта өңдеу, экспорттық әлеуетіне қатысты алда атқарылатын жоспарлармен бөліссе, «Зенченко және К» командиттік серіктестігінің директоры Геннадий Зенченко, «Молпродукт» ЖШС-нің басшысы Роза Сүлейменова, «Тайынша-Астық агрофирмасының жетекшісі Анатолий Рафальский, тағы басқалары сөз алып, субсидияландыру, қаржыландыру, шикізаттың тапшылығы, импорт үлесінің басымдығы, отандық өнімдерді сыртқа сату мәселелеріне қатысты өз ойларын ортаға салды.
Парламент Сенатының депутаты Ерік Сұлтанов бірде-бір ұсыныстың аяқсыз қалмайтынына сендірді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы