«Родина» агрофирмасының бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Иван САУЭР туралы толғам. Адам баласына берілетін ең жоғары әрі жүрекке жақын баға – абырой. Халқымыз мұны «тірнектеп жиналады» деген пәлсапалық тереңдікпен әу бастан-ақ биіктетіп қойған. Әрине, бұл көктемнің жылымығындай жалғандықпен емес, қиындығы қырық қарыс қайсар еңбектің қайтарымындай жаныңды жадыратса ғана қайырлы болмақ. Мұндай адамдар көп бізде. Саралап санай берер тұлғалардың да тұлпары барын ескеріп барып, жұлдыздарға көз қадайсың. Ағып та жатқандары бар, жанып та жатқандары бар. Жақсы мағынада айтқанда, «Родина» агрофирмасының бас директоры Иван Сауэрді осы байламның абыройлы санатына алақайлап қоссақ, аса қателесе қоймаспыз. Өйткені Иван Адамович өз еңбегінің жемісін көріп қанаттанған, өзі аузынан тастамайтын «Мен әрқашанда істің көркеюін, адамдардың сәттілік сатысынан түспеуін қалаймынның» адамы.
Қарап отырсақ, тіршіліктің төл тебіреністері, өмірдің мәні мен ұғымын ұзартар қағидаттары барына қайрансың. Соның бір парасы бұрын көрмеген жанды бірден бойыңа жақын тарту ма деп қаласың. Ол несімен баурайды сонда? Жүрегінің кеңдігімен, парасатының биіктігімен, айналасына шуақ таратар ішкі жылылығымен, уақыттың демін дәл сезінуімен, іскерлік қабілетінің жоғарылығымен деп тізбелей берсек, таусылар ма? Қырық жылдан астам журналистік қадамы бар адам үшін мұндай пайым таңсық емес. Сонда да селк еткің келеді, сондай кісілердің көп болғанын қалайсың. Оларды тани білуің керек…
Тәуелсіздігіміздің тебіреністі шағы. Ел тарихында жаңа Астана бой көтерді. Республикалық деңгейдегі Ақмоланың елордадан енші алып, Көкшетауға көшуі өңір жұртшылығы үшін көңіл желпінтер қуаныш пен жүрек тербер жауапкершілікке толы еді. Облыстың жаңа ордасында жиналыстар да жиі өткізілетін. Түсінікті жағдай. Мұндайда жұртшылықтың төралқада кімдердің отырғанына көз салатыны бар. Осы жиналыстардың маңызын салмақтандыру үшін әлгі өкілдердің аты-жөнін тәптіштеп, сөйлеген сөзіне екпін түсіруге тырысамыз. Әйткенмен, таңдап барып талғап жазу талабы да бар.
Бірде «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының есеп беру-сайлау жиналысына шақырылдық. Дайындық мықты. Концерттер қойылып, көрмелер ұйымдастырылған. Делегаттарды былай қойып, мекеме басшылары, партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдерін қосқанда, жалпы адам қарасы 300-ге жуықтайды. Президиумға екі орынтақ қойылған. Біз ғана емес, баршаның жүзінен «екінші креслоға кім жайғасады?» деген сұрақ менмұндалап тұр. Көп ұзамай сахнаға облыс әкімімен бірге сұңғақ бойлы, ашаң жүзді кісі ширақ қимылдап шықты. Біраздан кейін жиналыс төрағасының тәртіпке шақырғанына қарамастан, залдың әр бұрышынан «Оу, бұл өзіміздің Иван Адамович қой!» деген таңданысынан қуанышы басым дауыстар естілді.
Президиумнан астаналық адамдарды іздеп дағдыланғандықтан болар, алғашында танымаппыз. Алдымызда Целиноград ауданындағы «Родина» агрофирмасы» ЖШС директоры Сауэр отыр. Ол «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі екен. Иван Адамович өз кезегінде төгілдіріп демегенмен, қарапайым толғамдармен тебірентіп сөйледі. Нақпа-нақ түйін. Көпшілік жетекші партияның жаңашыл ұстанымдарына риза болды.
Өмір өзгереді. Уақыт алға жылжиды. Соған байланысты көп нәрсе басқаша сипатқа ие болады. Бірақ кейіпкеріміз, оның ұстанымы, мінезі бірқалыпты. Сондықтан да жұртшылық оны: «Өзіміздің Иван Адамович», дейді. Көшеде көрсе де, көшелі жиналыста көрсе де, теледидардан көрсе де осыны айтады. Ауқымында қаншама ізет-құрмет жатыр десеңізші. Иван Адамович туралы, оның «Родинасы» туралы әжептәуір ілтипат естідім. Халық құрмет сөзін жай айтпайды екен. Әмбебап шаруашылық «Алтын сапаның» ең алғашқы жеңімпазы. Былтыр тағы да иеленді. Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені жетістіктерінің дәстүрлі «Қараөткел» көрмесінің «Алтын белгісін» бір емес, үш қайтара жеңіп алды. «Не үшін?» деудің өзі артықтау сияқты. Мынаған қараңыз. Көкөрімге бөленген Родина ауылының үйлері орталықтан жылытылады. Су жүйелерінің өзі 25,5 шақырымды, электр шамы тартылған асфальтты көшелердің аумағы 15 шақырымды, орталықтан жылыту желілері 42,7 шақырымды алып жатыр. Үйлену тойы мен сәби туғандағы дәстүрлі базарлық 150 000 теңгеден. Ұжым мүшелері жылдық сыйақыны былай қойғанда, көп жерде ұмытыла бастаған 13-ші жалақы алады. «Жыл оқушысы» мен «Алтын белгі» иегерлері 150 000 теңгені иемденеді. Алдыңғы жылдары, Ұлы Жеңіс мейрамында соғыс ардагерлері С.Глушко мен П.Богатыревқа жеңіл автокөліктер мінгізілгенін білеміз. Серіктестіктің кеңсесіне, өндірістік буындарына, әлеуметтік нысандарға бас сұға қалсаңыз, «Алғыс хаттар» көрмесіне тап болғандай күй кешетініңіз анық. Родина ауылының өзі облыстың «Үздік елді мекені», ал оның мәдени ошағы республиканың «Үздік клубы» атанды. «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» аталымы бойынша республикалық «Парыз» байқауының екі дүркін жеңімпазы болу да оңай шаруа еместігін айтып жатудың өзі артық шығар.
Осылайша жалғастыра беруге болар еді. Бірақ, менің айтпағым басқа жыр. Елбасының «Родинаға» сапарларында байқағаным, Нұрсұлтан Әбішұлы «Өзіміздің Иван Адамович» дегенді кішкене өзгертіңкіреп, әңгімесін «Есіңде ме, Иван…» деп бастайды екен…
Ойымнан кетпей жүрген тақырыпты аша түсудің орайы келгені қойын дәптерімде жазылып қалыпты. Шаруашылық 60 мың гектар егістіктің рекордты ырыздығын құт қамбаға құйып, көңілі жайланған тұс. «Есіңде ме, Иван…» тектен-тек айтылмайды ғой, Елбасымен кездесулеріңіздің кейбір сәттерін әңгімелесеңіз», деймін оған. Осы жолы Иван Адамович кәдімгідей ашылды. Бұл Елбасының жылдың соңында «Родинаға» жұмыс сапарынан кейін іле-шала жасалған жедел сұхбат еді.
– Жаңа өзіңіз көрдіңіз, Мемлекет басшысы ауылымыздан риза көңілмен аттанды. Нұрсұлтан Әбішұлының «Тұңғыш Президент күні» мерекесінен кейінгі алғашқы сапары бізге түскені айтып жеткізгісіз абырой, – дейді И.Сауэр. – Президентпен кездесу көп болғанымен, еркінсіп кету мүмкін емес, әр кездесудің жауапкершілік жүгі ауырлай береді екен. Нұрсұлтан Әбішұлымен алғашқы кездесуім 1989 жылдың тамызында, біздің астықты алқабымызды аралаған шағында болып еді. Ол кісі сол жылғы жазда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып сайланған. Ал менің директорлық қызметіме екі жыл енді толған. Мені таңғалдырғаны, біріншіден, ол кісінің аңғарымпаздығы, еш нәрсені қалт жібермейтін қасиеті. Қолымды жең ішіне жасырып, өзімді барынша сергек ұстауға тырысқаныммен, жол апатынан кейін ауруханадан ертерек шыққаныма ескерту жасады. Екіншіден, өзінің негізгі мамандығы металлург екендігіне қарамастан, біздің кеңшардың жер өңдеу ерекшелігі, егіншілік технологиясы, тұқым сұрыптау мәселелері туралы білікті ғалым-агроном деңгейінде пікір білдіруі.
– Одан кейін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен бірнеше рет жүздестім, – дейді әрі қарай әңгіме сабақтаған Иван Сауэр. – Әсіресе, 1993 жылғы жаңбырлы қыркүйектегі шаруа-шылығымызға сапары айрықша есімде қалды. Күн жарықтық шайдай ашылды. Президент: «Мен сіздерге қолайлы ауа райы мен жылылық алып келдім, енді астықты жинап аласыздар», деді күлімсіреп (Дәл солай болды да). Одан кейін іс барысына ауысып: «Сен жас директорсың, жекешелендіруді неге қолдамайсың, реформаларды жақтамағаның ба?», деп маған сынай қарады. Мен батылданып, меншік түрінің мұндай формасы соншалықты өзгеріс әкелмейтінін айтып, жеке пікірлерімді ортаға салдым. Ол мұқият тыңдап, жанындағы ресми адамдарына менің айтқандарым бойынша ұсыныс жасауға нұсқау берді. Президент кісіні тыңдай білуімен қатар, қарапайым пікірдің өзін назардан тыс қалдырмайтынын, осы арқылы адамдарды қанаттандырып отыратынын қоғам дамуындағы нақты істерімен үнемі дәлелдей білетініне тәнті болдым.
И.Сауэр әрі қарай әңгімесін төмендегіше жалғастырды: «Біздің 1994 жылғы 5 маусымдағы кездесуіміз ұмытылмас әсер қалдырды. Ауылымыздағы ардагерлер аллеясында Нұрсұлтан Әбішұлы жергілікті қариялармен бірге өзінің аққайыңын отырғызды. Бұл қазір көркейіп өсіп тұр. Ал тәуелсіздігіміздің бес жылдық мерекесіндегі салтанатта Елбасы қолынан алғашқы наградам, №3 «Достық» орденін алғаным мәңгі есте сақталады. Марапаттау рәсімінен кейін Нұрсұлтан Әбішұлының қабылдауында болып, 40 минуттай әңгімелестік. Ол маған жоғары лауазымды қызмет ұсынды. «Мен өз орнымда еліме көбірек пайда келтіремін», дегендей уәжбен бас тарттым. Қатты қиналдым. Бірақ, ренжіген жоқ. Одан кейінгі кездесулерде маған деген ниеті мен ықыласын өзгерткен емес».
Иван Адамовичтің айтуынша, Мемлекет басшысы 2001 жылғы 18 наурыздағы сапарында да Родина ауылына көтеріңкі көңіл күймен келіпті. Еуростильмен күрделі жөндеу жүргізілген мектепке риза болумен қатар, көп балалы отбасынан дәм татып, теледидар сыйлапты. Машина-трактор шеберханасында өңірдегі шаруашылық басшыларымен кеңес өткізген. Ал 2008 жылдың 3 қыркүйегінде Германия президенті Хорст Келермен бірге тікұшақпен келуі ауылы үшін нағыз мейрамға айналған.
– Мен мынадай сөздерді үлкен құрметпен үнемі қайталап жүремін: «Құрметті Президент мырза, әрине есімде және мұндай кездесулер әлі талай болады деп үміттенемін. Сіз біздің «Родинамыздың» аса құрметті азаматысыз, әрдайым төрімізден орын аласыз!» – дейді сөзінің соңында И.Сауэр.
Біз бұған сөз қосып, толғаныс толқындарын бұзғымыз келмейді.
Осы орайда мынадай мәселеге назар салғанның астарында көп дүние жатқаны анық. Талғампаз оқырманның мұны да білгенін жөн көрдік. Иван Сауэр – инженер-механик, экономика ғылымдарының кандидаты, ауыл шаруашылығы ғылымдарының құрметті академигі, С.Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық университетінің құрметті профессоры, А.Бараев атындағы сыйлықтың лауреаты, «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының, «ҚазАгроИнновация» АҚ директорлар кеңесінің, Ауыл шаруашылығы министрлігі сарапшылар кеңесінің мүшесі, «Қазақстанның ет-сүт одағының» басқарма төрағасы, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ-тың тәуелсіз директоры. Мұны да толық сурет демегенімізбен, адам баласының бақыт баспалдақтарын ашып көрсетерлік тағылымды дүние деп білеміз.
Сонау отызыншы жылдардан бері шаруашылық құрылымдық бірнеше рет өзгеріске түскенімен, «Родина» атауынан айныған емес. Өйткені Отан – қасиетті әрі қымбат ұғым. Ол – адам баласының асыл армандарын, жарқын болашағын біріктіретін құдіретті сөз. Сондықтан «Родинада» нашар жұмыс істеу мүмкін емес, ар алдындағы адалдық, ортақ жауапкершілік асқақ тұрады.
Серіктестікте 700 адам жыл бойы жұмыспен қамтылған. Мұнда жылына 6 миллиард теңгенің өнімі шығарылады. Яғни әр жұмысшыға шаққандағы еңбек өнімділігі 11 миллион теңгені құрайды деген сөз. Бөлектеп айтарымыз, осы өнімнің тең жартысы мал шаруашылығының үлесінде екен. Осындағы екі бірдей тауарлы-сүт кешенінде 1300 асыл тұқымды ірі қара заманауи «Глобал-90» және «Ёлочка» айналмалы қондырғыларымен сауылады. Кешенде 2017 жылы 12 000 тонна сүт өндіріліп (әр сиырдан 7300 келі), қайта өңдеу зауытында 12 түрлі өнімге айналып, Астана нарығына шығарылады. Сондай-ақ өндірісті арзан электр қуатымен қамтамасыз ету үшін жұрттан бұрын орнатылған қуаты 750 КВт болатын баламалы жел қондырғысы істеп тұрғаны, жеке авиапаркінің бары, жұмыстың барлығы озық әдістерге негізделгені, цифрлы технологияның қанат жая бастағаны қанағат сезіміне бөлейді.
Дәуір мен Сауэрдің «Родинасында» Иван Адамовичтің 60 жылдық асуы ешқандай нұсқау, тапсырма болмаса да мереке ретінде аталып өтіп жатқанын шаттық көңілмен жеткізгіміз келеді. Мұндайда көркем сөзді төгілдіріп, әспеттеп суреттеудің қажеті де болмай қалғандай. Мұнда игі істер кәдуілгі дәстүрге айналған. Мұның хронологиялық тізбесіне көз салудың өзі тәуелсіздік мұраттарының асқақтығын аңғартады. Мәртебесі биік еңбектің жемістеріне қол соғайық ендеше.
Көп салалы агрофирма 2016 жылы халықаралық «Сала көшбасшысы» атанып, «Үздік мал шаруашылығы кәсіпорны» алтын медалін жеңіп алды. Родиналықтар биыл аудандық «Ақ бидай» спартакиадасының 15 дүркін жеңімпазы болып отыр. Өндірісті дамыту мақсатында 2 миллард 584 миллион теңгенің инвестициялық жобасы жүзеге асырылып, тауарлы-сүт кешені, шетелден әкелінген 400 бас құнажынға арналған қора, астық терминалы, тағы басқа нысандар пайдалануға берілді. Жыл ішінде орта мектепке, мәдениет үйіне, дәрігерлік-медициналық амбулаторияға, балалар бақшасына күрделі жөндеу жүргізіліп, жаңа демалыс бағы, жастар кафесі, кітапхана, «Жастар» шағын ауданы, жабық хоккей корты бой көтерді. Сондай-ақ шаруашылық есебінен мектепке автобус, емхана мен полицияның учаскелік бөліміне арнайы автокөліктер сатып алынды.
Болашаққа қызмет істейтін «Родина» агрофирмасы» ЖШС оқушылардың білім алуына қолайлы жағдайлар жасауымен де ерекшеленеді. Үш түлектің «Алтын белгі» иегері атанып, төрт студенттің «Болашақ» стипендиясымен оқитыны қайтарымның бір парасы ғана. Жалпы, шаруашылық есебінен 250 адамның жоғары білім алуы некен-саяқ жағдай деп ойлаймыз.
Тәуелсіздік мұраттарының жүзеге аса беретін салтанатының ғажайып көрінісі жалғаса беретіні анық!
Бақберген АМАЛБЕК,
журналист
Ақмола облысы,
Целиноград ауданы