• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 12 Маусым, 2018

Ұлттық стратегиялық идеяның түп қазығы

595 рет
көрсетілді

Мыңжылдықтар тоғысында егемен­­дігін алып, дәуірдің жаңа белесіне бет­теген Қазақ елі өз тари­хының ма­­ңыз­ды кезеңін өткеруде. Баба­лар ар­ма­н­даған тәуел­сіз мемле­кетті құру мүмкін­дігін жүзеге асырып, Есілдің бойы­на ел қондырды, Сары­ар­қа­ның төсіне елордасын салды.

Қарап отырсақ, «өтпелі кезең» деп аталатын сонау 90-шы жылдарда аста­наны ауыстырып, айдалаға қала саламыз деу тым тосын бас­тама еді. Саяси қайшылықтар ден­деп, қаржы-экономикалық дағ­­да­ры­­с меңдеп, қазынаның түбі көрін­ген кезеңде мұндай қадамға бару қандай қажеттіліктен туындап еді?

Бұл идеяны тұңғыш рет 1994 жылы 6 шілдеде Жоғарғы Кеңестің отырысында жариялағанда Елбасы мұндай аса күрделі шешім қабылдау неге қажет болғанын қысқаша ғана баянда­ды. Алматының халқы бір жарым миллионға жеткені, жаңа құрылыстар салу­ға тығыздық ететіні, экологиялық жағ­д­айы да шиеленісіп бара жатқаны айтылды.

1997 жылы 10 желтоқсанда Елбасы баста­ған көш-керуен Астанаға бет түзеді. 1998 жылдың 6 мамырында Прези­дент Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана деп өзгертіліп, жаңа астананың тұсаукесер тойы 10 маусымда аталып өтті. Осыдан кейін Елбасы алғаш рет елорданы Арқа төсіне көшірудегі стратегиялық идеяның түпкі мәнін там-тұмдап жеткізді.

1998 жылғы 17 наурызда зиялы қауым өкілдерімен кездесуінде былай деді: «Ашығын айтайын, бұл шешімнің біздің ұлттық қауіпсіздігімізге тікелей қатысы бар. Мыңдаған жылдар бойы ата-бабамыз мекен еткен қасиетті қазақ жерінің бір бөлігін – аяулы Сарыарқаны саяси саудаға салып, дарқан даламызды дау-дамайға айналдырғысы келетіндер бар кезде, солтүстіктегі шұрайлы өлкеге суық көздің сұғын қадайтындар бар кезде біз мына жылы жерде, әсем қала Алматыда тыныш отыра алмас едік».

Содан бері жиырма жыл өтті. Елорда­ны көшіруде алға қойған негізгі мақсат-мұраттар қаншалықты жүзеге асты?

«Миллионер» қалаға айналды

«Негізі мен мұнда 500-550 мың халқы бар таза әкімшілік қала жасағым келген», деп ағынан жарылды Елбасы биыл елорданы одан әрі дамыту мәселелері жөнін­де кеңесте. Иә, әу баста қала осын­ша­лықты өседі, халқы бүгінгідей деңгейге жетеді деп жоспарланбағанын нақты құжат­тар көрсетіп отыр. Мемлекет басшысы 1994 жылы Жоғарғы Кеңесте сөйлеген сөзінде «Онда (Ақмолада) қазір 300 мың адам тұрады және қазіргі бас жоспарға сәйкес халықтың санын 400 мыңға дейін көтеру көзделіп отыр», деген екен.

Арадағы 20 жылдың ішінде тұрғын саны таңғаларлық қарқынмен өсіп, елорда миллионнан астам халқы бар мегаполиске айналды. Күні кеше Астана әкімдігі берген ресми дерекке сүйенсек, 1997 жылы қалада 300 мыңнан астам тұрғын болған. Қазіргі күні нақты саны – 1 039 604 адам. Жылына елорда орташа есеппен 40 мыңға жуық тұрғынмен толығып келеді.

Әрине мәселе санда ғана емес, сапада. Бұл тұрғыдан келер болсақ, елорда халқымыздың заманауи үдерістер қазанында қайнаған бәсекеге қабілетті, экономикалық белсенді үлкен бір шоғырын қалыптастырып отыр. Қазір Астана қаласы ел бюджетіне жыл сайын 1 триллион теңге әкеледі.

Сапа демекші, сүйіншілей айтатын тағы бір көрсеткіш бар. Кезінде Ақмола қала­сында қазақ халқының саны бар бол­ға­­ны 17 пайыз еді. Бұл – 1989 жылғы са­нақ­тың дерегі. Қазір ше? Статистика агент­ті­гінің ресми мәліметін алдыңызға тарт­сақ, қазір бұл көрсеткіш 80 пайызға жуық­та­ды. Бір миллионнан астам адамның 80 пайызы!

Осылайша, елордамыз ұлттың ұйыт­қы­сына, экономиканың локомо­тивіне, жасампаздықтың қаласына айналды. Астанадағы серпіліс бүкіл Қазақстанға таралып, тұтас ел дамудың даңғылына бет түзеді!

Бір ғана мектеп болған

Көзіқарақты жұрт біледі, елорда мәртебесін алғанға дейін Ақмолада жалғыз қазақ мектебі болған. Мемлекеттік тілде тәлім беретін балабақшалар мүлде жоқ еді. Арада 20 жыл өтті. Не өзгерді?

Елорда әкімдігі берген ресми мәліметтер қазіргі күні аралас мектептерді былай қойғанда, таза қазақ тілінде білім беретін мектептердің саны 31-ге жеткенін көрсетіп отыр. Соңғы 20 жылдың ішінде қалада жаңадан 53 мектеп, шамамен 300 мектепке дейінгі білім беру ұйымы, 29 колледж, зәулім оқушылар сарайы және басқа да нысандар ашылған.

Жастық пен жасампаздықтың қаласына, білім мен ғылымның ірі орталығына айналған елорда бүгінгі күні 250 мыңнан астам бала білім алуда. Басқасын айтпағанда, тек 1 сыныптың өзіне 2012 жылы 11 мыңға жуық бала келсе, 2017 жылы олардың саны 18 мыңнан асты. Ал биыл мектеп табалдырығын алғаш аттайтын елордалық балдырғандар 20 мыңға жетеді деп болжануда.

Кейінгі он жылдың өзінде Астанадағы студенттердің саны 52%-ға артып, 52 мыңнан асты. Олар 14 жоғары оқу орнында оқып жатыр.

Ұлттық мәдениеттің жаңа белесі

Тәуелсіз даму жылдарындағы мәдени жетістіктерімізге тоқталғанда, бір ғана Астананың өзіндегі жобаларды атап айтсақ та жеткілікті. ЮНЕСКО «Әлем қаласы» атаған бас шаһар Еуразияның шын мәнісіндегі ірі мәдени орталығына айналды.

Ұлттық өнер университеті, «Қазақстан» концерт залы, Тұңғыш Президент кітапханасы, «Астана-Опера», «Астана-Балет» театрлары, Ұлттық кітапхана мен Ұлттық мұрағат, бүкіл тарихымызды бір арнаға тоғыстырған Ұлттық музей сияқты сәулет өнерінің бірегей үлгілері бой көтерді. Өз кезегінде, осынау руханият ошақтары ұлттық мәдениетіміздің жаңа белеске көтерілуіне, әлемдік мәдениет көшіне еркін кірігуімізге тікелей ықпалын тигізіп отыр.

Жыл сайын елордада мәдениет пен өнер саласы мамандарын дайындайтын жоғары оқу орындарын мыңдаған түлек бітіріп шығады.

Тарихқа көз жүгіртсек, 1998 жылы мұнда 2 облыстық театр, 3 облыстық мұражай, 1 кинотетар, мәдениет және демалыс саябағы, 3 мәдениет сарайы, филармония, барлығы 32 мәдениет ошағы болған екен.

Қазіргі таңда Астана қаласында 65 мәдениет ұйымы қызмет етіп тұр, солардың ішінде 7 сарай мен концерт залы, 7 театр, 5 мұражай, 1 цирк, 6 кинотеатр, 4 жеке көркемсурет галериясы, 20 кітапхана, 8 мәдениет және демалыс саябағы бар.

20 жыл ішінде елордада 671 спорттық нысан пайдалануға берілді, соның ішінде 4 стадион, 3 спорт сарайы, 13 спорттық кешен, 301 спорт алаңы салынды. Жаңа нысандар арасында 30 мың көрерменге арналған «Астана-Арена» стадионы, 2011 жылы әлемде үздік деп танылған, 10 мың орынға арналған «Сарыарқа» велотрегі, ең жоғары халықаралық стандарттарға сай келетін «Алау» мұз айдыны бар.

Кәсіпкерлік қарқындап келеді

Бас қаламызда қазір 1 миллионнан астам адам тұратыны белгілі. Халық саны өскен сайын, азық-түлік өнімдеріне деген сұраныс та артып келеді. Астана қазір жылына 700 мың тоннаға жуық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін тұтынады екен. Азық қажеттілігінің 22 пайызын қаланың өз өндірісі, 31 пайызын Астананың айналасындағы азық-түлік белдеуінен жеткізілетін тауарлар, 47 пайызын еліміздің басқа өңірлерінен және импорт есебінен жеткізілетін тауарлар жабады. Қаланы алуан түрлі азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету үшін отандық өндірушілерге ішкі нарыққа еркін кіруге жағдай жасалған. Мұның өзі қалада бизнестің гүлденуіне, әсіресе экономиканың драйвері саналатын шағын және орта кәсіпкерліктің қарқындауына үлкен ықпалын тигізіп отыр. Арқа төсінде жаңа қала салу кезінде көзделген негізгі мақсаттың бірі де осы еді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында былайғы жұрт Қазақстанға Кеңес одағы қирандысының орнында қалған әлжуаз ел деп қарағаны жасырын емес. Сырт көздің сенімін орнықтыру үшін елдің саяси, экономикалық, құқықтық жүйесін өзгертіп, жаһандық дамуға сай бет-бейнесін қалыптастыру қажет еді. Осы орайда, инвесторлардың ат басын тіреп келер жері – елдің астанасы. Ендеше, істі осы жерден бастау керек болды.

Ел астанасын ауыстыру тұтас ел экономикасаның дамуына қуатты серпін берді. Елорда Қазақстандағы ірі бизнес орталығына айналды. Қала экономикасының қарқынды дамуы инвесторлар ағынын әлденеше есе арттырды. Мәліметтер бойынша, Астананың елге тартылған инвестициялардың республикалық көлеміндегі үлесі 10 пайызға, ал республика экономикасындағы өңірлік жалпы өнімінің үлесі 10,2 пайызға тең.

Сонымен қатар, шағын кәсіпкерлік те қарыштап дамып келеді. Бүгінгі күнде қаладағы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 102 015 бірлікке жетті. Өткен жылы ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 57,4%-дан асты. Астана бизнесті жүргізу жеңілдігі жөніндегі рейтингтің жеңімпазы атанып, Мемлекет басшысының арнайы жүлдесін ел өңірлері арасында бірінші болып иеленді. Дүниежүзілік банктің тәуелсіз сарапшылары жүргізетін бұл рейтінг өткен жылы алғаш рет енгізілген болатын.

Түйін

 «Қандай да бір мақсат жолында сұрақтарға мән бере берсең, діттеген жеріңе ешқашан жете алмайсың. Тек қана соларға жауап берумен боласың. Астананы не үшін көшірдік? Бұрын осы сұрақ ылғи алдымыздан шығатын. Қазір Астана миллион тұрығыны бар қалаға айналған кезде, бұл сұрақ қойылмайтын болды. Кез келген жаңа бастама оңайшылықпен жүзеге аспайды. Уақыт өтеді, жұрт нәтижесін көреді, сезінеді, сонда ғана мойындалады». Астананы одан әрі дамыту жөніндегі кеңесте Елбасы осылай деді. Иә, жоғарыдағы көрсеткіштер астананы көшіргендегі мақсат-мұраттың жүзеге асқанын айғақтай алады. Жаңа елордамыз экономиканы, мәдениетті, ғылым мен білімді қарқынды дамыту, демографиялық көрсеткіштерді жақсарту ісіне тың серпін берді. Тәуелсіздіктің тұғырын бекітудің, елдік мүддені жүзеге асырудың түп қазығы болды.

Қамбар АХМЕТ,

«Егемен Қазақстан»