Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық серіктестікке 10 жыл толуына орай баспасөз конференциясы өтті. Іс-шара барысында екі ел арасындағы серіктестіктің серпінді тұстары сөз болды.
Жиынға «Қазақстан-Франция» парламентаралық ынтымақтастық тобының төрағасы, Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев, Францияның Ұлттық Ассамблея делегациясы, «Франция-Қазақстан» достық тобының төрағасы Пьер Кабаре, «KATCO» және «Total» компанияларының өкілдері, сондай-ақ «Француз альянсы» қатысты.
Баспасөз конференциясында алғаш болып сөз алған О.Өксікбаев былтыр Қазақстан мен Франция арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толғанына тоқталып, екіжақты әріптестіктің қанат жайып келе жатқанын атап өтті. Он жыл бұрын стратегиялық серіктестікке қол қойылғаннан бері мемлекеттер арасындағы достық сапалы жаңа деңгейге жеткенін мәлімдеді.
«Екіжақты байланыстарды дамытуға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылы қарашада Парижге ресми сапары барысында қол жеткізген уағдаластықтар үлкен серпін берді деп нық сеніммен айта аламыз. Қазіргі таңда Франция компаниялары еліміздегі ірі инвесторлар қатарына кіреді. Саяси тұрғыда екіжақты күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша өзара түсіністіктің жоғары деңгейіне қол жеткізілді», деді О.Өксікбаев.
Бұдан кейін «Франция-Қазақстан» достық тобының төрағасы П.Кабаре сөз алып, айтулы датаны атап өтуге арналған жиынға шақырғаны үшін Қазақстан тарапына алғысын жеткізді.
«Қазақстан қарыштап дамуымен әлемге үлгі болып отыр. Осыдан аз уақыт бұрын ғана Астана шағын қала еді, қазіргі таңда зәулім ғимараттар бой көтеріп, көрікті шаһарға айналып келеді», деді П.Кабаре.
Сондай-ақ Франциядан келген өкіл екіжақты қарым-қатынастың нығаюына өз елінің де мүдделі екенін жеткізді.
«Стратегиялық серіктестіктің маңыздылығының бір себебі – осы келісім арқылы Қазақстанға келетін шетелдік инвесторлардың саны артады. Оның үстіне, Қазақстан – Орталық Азиядағы біздің маңызды әріптесіміз. Осы он жыл ішінде стратегиялық серіктестік жаңа деңгейге көтерілді. Бүгінде Қазақстан Шығыс пен Батысты байланыстыратын көпір іспетті», деді П.Кабаре.
Сонымен қатар жиын барысында ынтымақтастықты бұдан әрі дамыта түсудің мүмкіндіктері, еліміздегі француз инвесторларының әлеуеті, Қазақстанда бизнеске жасалған қолайлы жағдай сөз болды.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»