• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 12 Маусым, 2018

Жерінің қасиетін ұққан жетесіз болмайды

434 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан бастау алатын «Туған жер» жобасы аясында республикалық өлкетану акциясы өз жұмысын бастады. Тұңғыш рет қолға алынып отырған акция шеңберінде Қызылорда мен Батыс Қазақстан облыстары мектептерінің оқушылары үш күн бойы Ақмола облысының киелі жерлерін аралап, өлкенің өңін келтіретін қасиетті мекендерді көздерімен көріп, балғын көңілдеріне көрікті ой түймек. 

Өткен жексенбі күні Щучинск қаласына келіп жеткен оқушыларды облыстық білім басқармасының өкіл­де­рі қарсы алды. Әлеу­мет­тік жағынан аз қамты­лған отбасыларының 134 бала мен олардың жетек­шілерін бірнеше топқа бө­ліп, табиғаты тамылжыған Бурабайдың баурайындағы «Звездный» балалар сау­ық­тыру орталығына жай­ғас­тырды. Қарсы алушы жақ­тың өкілі, облыстық білім бас­қармасы басшысының орын­басары Ботагөз Дүйсе­но­ваның айтуынша, мейман балалар үш күн бойы Көк­шетау мен Қараөткелдің үзіліп түскен моншақтай көгілдір көлдер мен мәңгі жасыл қарағайлар көмкерген ажарлы аймағын аралап, тарих тылсымынан тамылжыта сыр шертер киелі жерлерін сүзіп шықпақ. Жалғыз ол ғана емес, акция барысында әртүрлі қызықты мәдени-спорттық шараларды қамту да межеленіп отыр.

– Ел тарихын ұғындыру жас ұрпақтың білім көк­жи­егін кеңейте түседі. Бүгін біз осы екі облыстың мектеп оқушыларын құшақ жая қар­сы алып жатсақ, кейін ақ­молалық балалар да сол аймақтарға саяхат жасайды, – деді Ботагөз Дүйсенова.

Алғашқы күні балалар Бурабайдың баурайындағы марал шаруашылығы маңын­дағы көне дәуірдің көзіндей бо­лып көрінетін «Жайлау» эт­ноауылында болды. Қаз-қатар тігілген ақшаңқан киіз үй­лер бейнебір бағзы заман­нан үдере көшіп келіп, тау етегінде ат шалдырып, бай­ыз тапқандай. Мейман балалар қонақжай елдің дархан пейі­лімен ұсынған ұлттық таға­мдардан дәм татты. Ма­мыр­ажай тіршіліктің өзіндік сә­ні мен салтанаты көңіл арбап, ертегідей сұлу әлемге же­те­лейді. Арқаның самал желі­мен қосыла тербел­ген алты­бақан басында «құ­лақ­тан кіріп бойды алар» әсем ән әуелеп тұр. Же­лі басын­да шұрқыраған құлын­ның сым­баты қандай әдемі. Мей­ман­дар жуас аттарға мі­ніп, желе шоқытып, жер танып бір жасап қалды.

– Осындай әдемі жерге кел­геніме қуанып тұрмын,–дей­ді Орал қаласынан келген 8-сынып оқушысы Жас­мин Бейсенғалиева.

– Та­би­ғаты ғана емес, адамда­ры да ақжарқын екен. Апайларымыз ертең Абылай хан алаңы мен мұражайында бо­ласыздар деді, тамаша емес пе?!

Ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда, талай тарих мелтектеп бөгіп жатқан Бурабай ауданындағы киелі жер­лерді аралатып, жас меймандардың жадына ел тари­хы­­ның елеулі белестерін ор­нық­­тырмақ. Сонымен қа­тар облыс орталығындағы тарихи жерлерді де көрсетпек.

Ел таныған, жер таныған қандай жақсы. Алыстан осы сапарды аңсап жеткен жас толқын қас-қағым сәтін бос жібермей, ұлтының өткен ұлағаты, тарихы және мәде­ни­етімен бажайлай танысып, тереңінен бойламақ. Жо­баның көздегені де осы емес пе?

Байқал БАЙӘДІЛОВ

Ақмола облысы