• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Қазақстан 12 Маусым, 2018

Павлодардағы кардиологиялық орталық 5 жыл толуын атап өтті

539 рет
көрсетілді

Павлодардағы кардиологиялық орталық 5 жыл толуын атап өтті. Ресей, Беларусь, Түркия, Венгрия, Хорватия, Нидерландтан келген кардиолог дәрігерлер халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты. Шетелдік, астаналық кардиохирургтер жаңашыл медициналық технология­лар арқылы күрделі оталар жасап, бірнеше шеберлік сабақтарын өткізді.

Бас дәрігер Әділ Дөржанов­тың айтуынша, кардиологиялық орта­лық жұмысы қазір цифр­лы жүйеге көш­кен. Яғни емдеу және алдын алу үдерістерінен бастап ішкі құжат айналымы да толық электронды форматта жұмыс істейді. Орталықта 25-тен аса меди­циналық жаңа технологиялар жүйесі енгізіліпті. Инновациялық жаңашылдықтар балалар мен жасөс­пірімдердің дімкәс жүрек­теріне ота жасауға мүмкіндік берді. 

Ә.Дөржанов – өңірдегі кар­дио­хирургиялық орталықтың, жалпы, осы саланың дамуының бастауында тұрған облыс кардио­хирургтерінің бірі. Мәскеуде медициналық жоғ­ары білім алған ол 2009 жылы Пав­ло­дарға оралды. Облыс орталы­ғындағы №2 қалалық ауруханада дәрігерлік жолын бастады. Әділ Әділбекұлы осы жылдар ара­лы­ғында 2 мыңнан астам жүрекке ота жасады. Осынша адам өмірін сақтап қалды.

 Сонымен бірге орталықта өмірін денсаулық сақтау сала­сына арнаған әулеттер де қыз­мет етуде. Мысалы, кардиохирург Алмас Әнтекеев – медицина ғылымдарының кандидаты, ор­талықтағы «Жүректің ишемиялық аурулары» бөлімшесінің меңгеру­шісі. Жұбайы Шолпан Қайытқызы – №1 қалалық емханада кар­диолог, емхананың функциялық диагностика дәрігері. Семей медицина институтында студент кездерінде отбасын құрған жас­тар жолдамамен Павлодарға келген. Ал бұл күндері кардио­хирургия орталығындағы экстра­­­корпоральді қан айналымы бөлімшесінің меңгерушісі Дәурен Алмасұлы – Әнтекеевтер отба­сының тұңғышы. Жолдасы Самал – мұғалім. Әке-шешесі секіл­ді Дәурен де кардиология сала­сы мамандығын таңдады. Қарын­дасы Әлия Алмасқызы қазір Астана медициналық универ­ситетінің 4-курсында оқиды. 

Алмас Мұратұлы 1999 жылы қала­лық №1 ауруханада қызмет етіп жүрген кез­де осы жолдардың авторына да ота жа­саған еді. Әлі есімде, іш құрылысыма екін­ші рет өте күрделі, ауыр ота жасал­ды. Ол кезде кейбір ана­лиздерді Алматыға жіберетін. Қазір­гі­дей мықты тех­нология жоқ. Алмас жасаған сәтті ота­дан кейін отбасыма оралдым. Кейде көр­генде:

– Айттым ғой мен сізге, 100 жасайсыз! – деп қалжыңдап жатады.

Ақ халатты абзал жан деген осы.

– Кеуде тұсыңыз шаншып ауырса, арқаңызға немесе қолыңызға бе­рілетін болса, суық тер шық­са, демікпе пайда болса, қан қы­сы­мыңыз біресе жоғарылап, біресе төмендей берсе бірден кардиолог дә­рі­гердің көмегіне жүгініңіз, – дейді Алмас Мұратұлы. – Жылына бір рет кардиограммадан өтіп тұру қажет.

Бұл күндері Ә.Дөр­жанов басқа­ра­тын орталық кардио­хиру­ргтері мамандықтарына сай біліктіліктерін жетілдіру үшін Беларусь, Ресей, Израиль, Фран­ция, Италия, Аустрия, Англия, Ни­дер­ланд елдерінде өтетін халық­аралық конгрестер, кон­фе­рен­циялар, симпозиумдарға қатысады. Орталықта кардиолог-дәрігерлер Айжан Ахметбекова, Елена Коченгина, Сәуле Айт­паева, Мәншүк Сатабаева, На­талья Педашенко, Күләш Мы­қы­мо­ва, Крокус Владимир, Марат Жан­босынов, Дархан Дайров және басқа да дәрігерлер бірлесе қызмет етуде.

Барлық бөлімшелері зертханалар, диагностикалық зерттеулер соң­ғы үлгідегі медициналық құрал-жаб­дық­тармен жарақ­тал­ған. Жаңа тех­но­логияның көме­гімен кішкентай сә­би­лердің жүрегіне ота жасалуда. Орталық ұжымының орташа жасы 28 жас­ты құрайды. Қазір жүрекке ота жасайтын хирургтердің көбі қазақ жастары.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев облысқа жасаған жұ­мыс сапар­ларының бірінде орта­лық­қа келіп, жас кардиохирург дәрігерлермен жүздескен болатын.

– Елімізде медицина саласына ба­са мән берілуде. Астанада кар­ди­о­хирургиялық кластер қалып­тас­ты. Әрбір өңірде орта­лықтар ашылу­да. Ендігі кезек – дәрігерлердің білік­ті­лігінде. Ресейлік әріптестермен бай­ла­ныс­ты нығайту керек. Бұл үшін жол ашық. Үйренуге ниетті адамның қо­лынан келмейтін дүние жоқ, – деген еді сонда Елбасы.

Мысалы, біраз жыл бұрын туабітті жүрек ақауы бар сәби­­лерге ота жасаймыз деп ойла­­­ған жоқпыз. Жаңа заман жетістік­теріне біз де қол жет­кіздік, – дейді О.Мұқашев.

Бұл әрине медицинаға келген жаңа озық технологиялардың, отан­дық дәрігер мамандары­мыз­­дың қол жет­кіз­г­ен жетістігі. Балалар­дың жүрек сыр­қа­тына да, тіп­ті туа біткен жүрек ақауы бар жас сәбиге де оталар осы орта­лықта жа­салады. Облыс аудандарынан ЭКГ қа­былдау бойынша интернет-кабинет жұ­мыс істейді.

– Инновация қазір жергілікті ауру­ха­­наларға жетті. Алдағы уақытта кар­дио­хирургиялық орта­лықтың жоспарында жүздеген жүрекке ота жасау мін­деті тұр. Бұл қарапайым халық жүрек ауруынан емделу үшін шетел асып, шипа іздемесін, өзімізде ота жасатып, өзімізде емделсін деген Елбасының тапсырмасы, – дейді Әділ Дөржанов.

Орталықтың құрылымында хирургия, оңалту, интервенциялық кардиология, аритмология және электрофизиология бөлімдері және ауысымына 50 адамға арналған консультативтік-емхана бөлімі бар. Орталықтың басты ерекшелігі – балалардың жүрегіне операция жасау мүмкіндігі болып табылады. Бұрын ондай операциялар Астана және Алматы қалаларында ғана жасалатын.

Фарида БЫҚАЙ,  «Егемен Қазақстан»

ПАВЛОДАР