Өткенге сәл назар аударсақ, еліміздегі өнер саласын дамытып, жоғары кәсіби деңгейдегі музыканттар даярлау мақсатында 1998 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Астанада Қазақ ұлттық музыка академиясы құрылған болатын. Елбасының ерекше қолдауымен, жоғары деңгейдегі кәсіби біліктілікпен жүргізілген жүйелі істің арқасында оның іргесі онан сайын кеңейіп бүгінгі таңда төрт оқу ғимараты бар, мәдениет пен өнердің барлық білім беру деңгейлері бойынша оқыту, ғылыми-зерттеу, шығармашылық-орындаушылық, мәдени-ағарту және халықаралық қатынастар жолға қойылған ордалы оқу орнына айналды.
Академияның 1998 жылы 2 маусымдағы ресми ашылу рәсіміне, 2000 жылы бас корпус қайта жөнделгеннен кейінгі салтанатты жиынға Елбасының өзі қатысқанын ерекше ризашылықпен еске алған атақты скрипкашы, халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева: «Басылым беттерінде, журналистерге берген сұхбаттарымда ең асыл арманым – шығармашылық жастарды оқытатын халықаралық орталық құру туралы жиі айтушы едім. Ол арманым орындалды! Мен жаңа Астананың алғашқы шығармашылық оқу орны – Қазақ ұлттық өнер университетінің бастауында тұрғанымды үлкен абырой санаймын. Музыканттарды алғашқы қадамынан бастап, жоғары кәсіби деңгейге жеткізу идеясы жүзеге асты», дейді.
Иә, Қазақ ұлттық өнер университетінің құрылғанына 20 жыл толды. Өнердің сан-саласын қамтып өрісі кеңейген оқу орыны алғашқы «Музыка академиясы» атауынан алқып шығып, оған 2009 жылы Үкіметтің 12 қыркүйектегі қаулысына сәйкес «Қазақ ұлттық өнер университеті» деген жаңа мәртебе берілген болатын. Сөйтіп 2010 жылы өнертану, хореография, кескіндеме, мүсіндеу, режиссура, операторлық өнер, сценография, мәдениеттану, өнертану және тағы да басқа шығармашылық мамандықтарды оқытуға жол ашылды. Сөйтіп еліміздің түкпір-түкпірінен өнерлі жастар Астанаға ағыла бастады.
Қазіргі таңда бұл үлкен оқу орнының оқушылары, студенттері, магистранттары мен докторанттары көптеген халықаралық және республикалық байқауларда, мәдениет, өнер фестивальдарында, олимпиадаларда жоғары жетістіктерге ие болып келеді. Оған жарты әлемді жалт қаратқан таңғажайып өнер иесі, осы оқу орнының студенті Димаш Құдайбергеннің өзі дәлел болса керек. Композитор және пианист, өнертану ғылымдарының магистрі, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, университеттің музыка факультетінің 2017 жылғы түлегі Рахат-Би Әбдісағиннің республикалық «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы атануы да аз абырой емес.
Осы оқу орны туралы Астананың алғашқы әкімі Әділбек Жақсыбеков «Зажечь звезду – столицу» атты кітабында: «Ұлттық музыка академиясы аз ғана уақыттың ішінде тек республикада ғана емес, таяу шетелдерде де теңдесі жоқ, тамаша оқу орнына айналды. Музыка академиясының құрылуын ойлағанда оның астананың ауысуына айна-қатесіз ұқсайтынын аңғардым... Мәдени астана өз биігінен көріне білді. Алғашқы қарлығаш А.Мұсақожаевадан кейін қалғандары да келе бастады», депті. Шынымен де солай екенін университет түлектері күн сайын дәлелдеуде деп айтуға болатындай.
Аталмыш оқу орнының дерегі бойынша осы жылдар ішінде университет студенттерінің 1000-ға жуығы халықаралық байқауларда, 500-ден астамы республикалық байқауларда топ жарып, лауреат атаныпты. Көптеген түлектері мен жас оқытушылары Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегерлері атанса, оқу ордасының үздік студенттері шетелдегі жоғары оқу орындарында білімін жалғастыруда екенін айта кеткеніміз жөн.
Енді университеттің оқу бағдарламасы жайлы сәл ғана деректерді сөйлетсек. Оқу орнында университеттің білім беру барысындағы қызметі төрт факультет пен жалпы жоғары оқу орнының Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасы арқылы жүзеге асырылады.
Музыка факультетінде «фортепиано», «міндетті фортепиано», «ішекті аспаптар», «үрлемелі және соқпалы аспаптар», «эстрада өнері», «музыкатану және композиция», «музыкалық білім», «вокалдық өнер және дирижерлеу» кафедралары болса, «Дәстүрлі өнер» факультетінде «домбыра», «қобыз және орыс халық аспаптары», «дәстүрлі ән» кафедралары бар. Ал «Театр, кино және телевидение» факультетінде «актерлік шеберлік және театр режиссурасы», «кино және телевидение», «өнертану» кафедралары жұмыс істейді. Сонымен бірге «Көркемөнер» факультетінде «кескіндеме және мүсін», «сәндік-қолданбалы өнер және сценография» кафедралары бар. Міне, осы кафедралар ашылғаннан кейін де аясы кеңіп сала берген оқу орнына елеңдеп, ауыл-аймақтың Астанаға ағылған жастар қарасы күннен-күнге арта түскен.
Бұл әрине білім ордасында мәдениет, өнер саласындағы үздік мамандар, атақты ғалымдар, Қазақстан Республикасының халық әртістері мен еңбек сіңірген қайраткерлерінің талантты жастарды таңдай отырып, жүйелі дәріс беруінің арқасында болса керек.
Мысалы, 2010 жылы құрылған «Театр, кино және телевидение» факультетінің тарихы сонау 2002 жылы вокалдық хор және театр өнері факультетінің негізінде ашылған, қазақ театр өнерінің майталмандары КСРО халық әртісі, Халық Қаһарманы, профессор Ә.Мәмбетов, Қазақстанның халық әртісі, профессор Г.Әспетовалар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Б.Құрманғожаевтар негізін қалаған «Актерлік өнер және режиссура» кафедрасынан бастау алады. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Сәулебек Асылханұлы басқаратын факультеттің бір ғана «Өнертану» кафдерасында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазақ театртанушыларының қолбасшысы, профессор Әшірбек Сығай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазақ кинотану саласының сардары, профессор Бауыржан Нөгербек сынды саңлақтардың ұстаздық іздері қалды. Олардың жолын бұл күндері шәкірттері жалғауда.
Қазір де университетте ұлттың мақтанышына айналған атақты адамдар аз емес. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Даңқ» орденінің иегері, жазушы-драматург Әкім Тарази, халық әртісі Қайрат Байбосынов, халық әртісі актер Тілектес Мейрамов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, даңғайыр жырау Алмас Алматов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Кеңес Дүйсекеев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кинорежиссер, продюсер Сламбек Тәуекел, Халықаралық Франц Кафка атындағы медальдың, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы-драматург Роза Мұқанова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәулескер күйші Жанғали Жүзбай және тағы да басқа өнер қайраткерлері дәріс оқиды. Жалпы, факультеттерде жоғары ғылыми атақтары бар ұстаздар қосыны аз емес. Бір ғана музыка факультетіндегі 145 оқытушының ішінде 32 профессор, 2 өнертану ғылымдарының докторы, 14 ғылым кандидаты, 36 доцент бар.
Сөзіміздің басында бұл университеттің өзгеше бір ерекшелігі ретінде өнердің барлық білім беру деңгейлері бойынша оқытуды жүзеге асырып отырған еліміздегі бірден-бір оқу орны екендігін айтқан болатынбыз. Оқу орнында бастауыш және орта шығармашылық білім беру бойынша 7 бағдарлама (мектеп), колледж бойынша 9 бағдарлама, бакалавриат бойынша 18 бағдарлама, магистратура бойынша 15 бағдарлама, докторантура бойынша 3 бағдарлама жүзеге асырылады. Университет негізінде симфониялық оркестр, Қазақ студенттер халық оркестрі, скрипкашылардың «Каприччи», «Айгөлек» ансамбльдері, «Серпер» және «Шат» атты домбырашылар ансамбльдері, «Тілеп» және «Назерке» атты қобызшылар ансамбльдері, «Япурай» виолончельшілер ансамблі, «Елігай» балалар хоры, «Самғау» камералық хоры құрылған.
Сондай-ақ дарынды балаларға арналған мектеп-интернат – «Қазақ ұлттық өнер университетінің» құрылымдық бөлімшесі. Бүгінгі күні мектепке жыл сайын шамамен 30-35 сыныпта оқытылатын 600-700 оқушы қабылданады.
Бұл күнде университет түлектері еліміз және шетелдерде көптеген жауапты да абыройлы іс атқарып, өмірдегі һәм өнердегі өз орындарын табуда. Қанаттарын қатайтқан оқу ордасын, ұшқан ұяларын мақтаныш етеді. «Эстрада өнері» кафедрасының биылғы түлегі, Президент стипендиясының иегері, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, қазақ елінің мақтанышы Димаш Құдайберген:
«Қазір Қазақ ұлттық өнер университеті республикамызда ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де кеңінен танымал. Ол – елордамыздағы ең таңдаулы жоғары оқу орындарының бірі. Университеттің халықаралық деңгейде үлкен абыройға ие болуында менің рухани ұстазым Айман Қожабекқызының еңбегі зор. Оның 1-курсқа келгеннен бастап қолдау көрсетіп, болашағымнан үлкен үміт күтуі маған зор жауапкершілік артқандай болды. Айман Қожабекқызы көптеген байқауларға қатысуға көмектесті. Ол «Славян базары-2015» байқауына қатысарда жеңіске жететініме сенім білдірген еді. Қытай елінде өткен «Мен әншімін» байқауында ұлт аспаптары оркестрін жіберіп, менің алдыңғы лектен көрінуіме тілектес болып, көп көмек көрсетті.
Міне, биыл оқуымды аяқтап, маман атанамын. Маған білім берген Қазақ өнерінің қарашаңырағына, Айман Қожабекқызына және университеттегі ұстаздар ұжымына үлкен алғыс айтамын. Шәкірттеріңіз тек биіктен көрініп, қуанта бергей! Астанамыздың 20 жылдығымен қатар келген университетімнің 20 жылдық мерейтойымен құттықтаймын», деді.
Университет бірқатар халықаралық ұйымдардың, атап айтқанда еуропалық консерваториялар, музыка академиялары және жоғары мектептері қауымдастығының (АЕС), «Magna Charta Universitatum» Ұлы университеттер хартиясының, ТМД елдері консерваториялары кеңесінің, ЮНЕСКО клубтары Қазақстан федерациясының мүшесі. Сондай-ақ ТМД, Еуропа және АҚШ жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумдар мен келісімдерге қол қойылып, бұл достастық табысты жүзеге асырылып келеді.
Жаңа уақыттың жаршысындай, ардақты Астананың айшығындай, қазақ өнерінің болашақ шоқ жұлдыздарын жарқыратып шығаратын оқу орнына Елбасының ықыласы да ерекше. Сонау 1998 жылы Академияның ресми ашылуында тұсауын өзі кескен университеттің есептік концерттеріне үнемі қатысуы соның айғағы болса керек. Университеттің 20 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған концерттің ортасында да болып оқу орнының абыройы мен жауапкершілігін одан сайын арттыра түсті.
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»