Еліміздің еңселі елордасы – Астана қаласы ширек ғасырға жуық уақытта көз алдымызда көркейді. Бүгінгі абаттанған, арайланған Астанамен бір кездегі тың игерушілердің орталығы болған Целиноград, кейін азат елде Ақмола атанған қаланың кейпін мүлде салыстыруға келмейді.
Ел орталығы Алатаудан Арқаға қоныс аударғанда сан тараптан ағылып келіп жатқан жаңа астаналықтардың алдынан шығатын проблемалар да ауқымды болатын.
Тұрмыстағы қиындықтарға қоса, халыққа қызмет көрсету, қоғамдық тамақтану орындары, уақытша тұрақтайтын қонақүйлер, ауырып-сырқай қалсаңыз қаралатын емхана мен аурухана жетіспеушілігі көзге ұрып тұратын. Учаскелік дәрігерге кірудің өзі оңай болмайтын-ды. Бәрі тапшы, шағын ғана облыс орталығына лайықталған қала үшін үсті-үстіне келіп жатқан нөпір халықтың сұранысын өтеу қиын еді. Өйткені 20 жыл бұрын Астанада денсаулық сақтау орындары өте аз болды. Бар-жоғы 6 емхана, диспансерлермен қосып есептегенде 10 шақты аурухана ғана жұмыс істеді. Бұл өз кезегінде кәдуілгідей қиындық тудырды.
Сондықтан Алматыдағы іргелі, қалыптасқан медициналық орталықтардың бөлімшелерін ашу қажеттілігі туды. Бұл ретте медицина мекемелерінің ішінде Алматыдан Арқаға алғаш қоныс аударған Президент Іс басқармасына қарасты орталық еді. Шағын ғана екі қабатты ғимараттағы білікті дәрігерлерге қаралу қарапайым жұртшылыққа армандай көрінетін. Сол себепті пациенттер ақылы негізде мамандардың кеңесін алумен ғана шектеліп жүрді. Ал қала тұрғындары «астаналықтар» деген мәртебесіне қарамастан, дерті қиындау тисе Алматы, Мәскеу, Ташкент, Новосібір, ал қолы жеткендері алыс шетелдерге ағылып жататын.
– Ажар бір жасқа таяғанда дәрігерлер жүрегінде ақауы бар деп есепке алды. Астанаға көшіп келгенде қызым әлі мектепке бармайтын. Бірінші сыныбын аяқтағанда дәрігерлер енді созуға болмайтынын, ақауы өздігінен бітер уақыт өткенін жеткізді. Бірақ операция жасайтын маман жоқ еді. Сөйтіп Алматыдағы Сызғанов атындағы институтқа жолдама берді. Операцияға дейін 15 метр жүрсе шаршап, жүресінен отыра қалатын Ажар ауруханадан шыққанда хайуанаттар паркін қызықтап, сағаттап жүргені есімде.
Сол сәтті көргенде қуаныштан жанарыма жас үйріліп, көз алдым тұмандана береді, – дейді алғашқы астаналықтардың бірі Алма 18 жыл бұрын көрген қиындығын еске алып. Сол өтпелі кезеңде Ажар ғана емес, жаны қиналған науқастар Астанадан оңды ем таба алмай, басқа қалаларды немесе шетелдерді бетке алатын. Мұның барлығы елорданың өз медициналық құрылымын қалыптастырудың өзектілігін танытты. Бүгінде Елбасының қолдауымен қазақстандық медицинаның мақтанышына айналған жаңа заманауи орталықтар ол уақытта астаналық тұрғындардың ойында болмаған да болар, бәлкім...
Ана мен бала орталығыИә, көп ұзамай жаңа технологияларға негізделген, заманауи құралдармен жабдықталған ең алғашқы емдеу орындары пайдалануға беріле бастады. Алдымен Астананың Абылай хан көшесіндегі «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» пациенттерге жоғары сапалы дәрігерлік қызмет көрсетуді жолға қойды. Ал сырқат балалар болса әлі де Алматыға жол тартатын. 2007 жылы Есілдің сол жағалауынан «Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының» ашылуы шын мәніндегі бетбұрысты қадам болды.
Бұл – ат шаптырым аумақты алып жатқан ірі емдеу мекемесі. 500 орындық, көп бейінді бірнеше балалар клиникасының басын құраған емдеу орнының перзентханасы, жүкті әйелдердің патологиясына арналған бірнеше бөлімшесі бар. Бір педиатриялық блогының өзінде Эндокринология, Жалпы соматика, Ерте жастағы балалар неврологиясы, Уронефрология, Ревматология, Диализ, Ортопедия, вертебрология бөлімшесі, Онкогематология, Балалар хирургиясы, Жаңа туған нәрестелер хирургиясы сынды сандаған бөлімшеден тұратын клиниканың ашылуы елді елең еткізді. Еліміздің түкпір-түкпірінен балалар мен жасөспірімдер қажетті ем алып, операция жасатып, диагноздарын нақтылайтын орталық ғимаратының өзі еңселі көрінеді. Оның үстіне клиника ашылар сәтте мамандары іріктеліп, шетелдерде практикадан өтіп, жан-жақты даяр болып келді.
Әлбетте, бауыр еті баласының ауырғанына қай ата-ана шыдап тұра алады? Үміт арқалап Астанаға жеткенде көмек қолын созатын осындай орталықтың болғанына ризашылығын білдірген көптеген ата-ананы кездестіреміз, редакцияға да хабарласып жатады. Ал салмағы 500-600 грамм ғана қызылшақа сәбиді кесарь тілігі арқылы ана құрсағынан алып қатарға қосу қандай қажырлы еңбек десеңізші?!..
Ұлттық нейрохирургия орталығы2008 жылы ел Президентінің тікелей қолдауымен жұмысын бастаған Ұлттық нейрохирургия орталығы жайында, ондағы дәрігерлердің біліктілігі турасында естімеген жан сирек болар, сірә. Орталық Азиядағы ең жаңа емдеу әдістерін қолдану мен ерте диагностикалаудан бастап пациенттердің оңалуымен аяқталатын нейрохирургиялық қызметтердің толық тізбегін көрсететін көшбасшы клиника турасында жылы сөз жетерлік. Бүгінге дейін тынымсыз ізденісімен, мықты мамандарды топтастырумен ерекшеленетін орталықтың тізгіні де тегеурінді қолда. Нақты айтқанда, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Серік Ақшолақов басқаратын ұжым бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай қимылдайды. Жылына 2 жарым мыңдай күрделі операция жасайтын орталықтағы дәрігердің күнделікті жұмысы өмір мен өлім арасындағы арпалыстан, тынбас тайталастан, күрделі күрестен тұрады. Егер медицина бұрынғы күйінде болса ажалдың жеңісімен аяқталар сәттерді қазір өмір жеңіп, қуаныш еселеніп, өмірдің қымбаттығына одан сайын көз жете түсуде. Сондай жайттың бірі мына оқиға деуге болады.
Ауруханаға жедел түрде жеткізілген аяғы ауыр әйел есінен танған. Анасына да, құрсақтағы баласына да ауа жетпегеніне қорғанған ағзада уақытынан бұрын толғақ басталып, шамадан тыс жүкті көтере алмаған жүрек тоқтап қалады. Жан дәрмен миға эндоваскулярлық әдіспен ота жасалып жатқанда, енді бір хирургтер кесарь тілігі арқылы нәрестені аман алып қалып, ананың да, баланың да өмірлерін сақтап қалды. Ал бұрын мұндай жағдай қиял-ғажайыптың еншісіндей көрінетін...
Бүкіләлемдік нейрохирургия қоғамдары федерациясының (WFNS) білім беру курстарын өткізіп, Халықаралық ISO 9001-2000 сапа сертификатын иеленіп, JCI бастапқы бағалауынан өткен, медицина саласындағы «Сапа үшін еуропалық Гран-при» марапатын және Халықаралық Біріккен комиссия (Joint Commission International) аккредитациясын иеленген клиниканың еңбегі елімізде де лайықты бағасын алуда. Соның бір айғағы ретінде «Қызмет көрсетуші үздік кәсіпорын» аталымында Қазақстан Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын иемденуін, орталықтың 6 дәрігеріне «Қазақстан Республикасында нейрохирургиялық патологияны емдеудің жоғарғы технологиялы инновациялық әдістерін дамыту» тақырыбы бойынша жұмыстар циклі үшін ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлық берілгенін айтқан орынды.
Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығыЕлбасының тапсырмасы бойынша 2011 жылдың 12 қазанынан бастап есігін айқара ашқан Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығын ғажайыпқа теңесек те артық емес. Халықаралық сапаға толық жауап беретін, медициналық қызмет ету деңгейі мен сервис стандарттарына сәйкес Орталық Азия аумағындағы жетекші орталықта жиырмаға жуық инновациялық технология енгізілген. Медицина тілінде жасанды жүрек қарыншасын имплантациялау, RОС Safe жүйесін қолданып ота жасау, Cardioblate жүйесіндегі АҚШ оталары, Cardioblate радио жиілікті аблация жүйесін қолдана отырып, жүрек қақпақшасын протездеу, жүрек трансплантациясы, ЭКМО көмегімен қарыншааралық қалқаның кемістігін транскатетерлік әдіспен жабу операциясы тәрізді толып жатқан түсініксіз терминдер сыртында қаншама пациенттің қатарға қосылып, туыс-туған, жақын-жуығын қуанышқа бөлегені жатыр десеңізші...
Ал Имплантациялау орталығының дәрігерлерімен бірлесе алғаш рет 2011 жылғы 7 қарашада қан айналымына қосымша қолдау көрсететін қондырғыны (Heart Made II), 2011 жылғы 13 желтоқсанда қазіргі заманға сай Heart Ware Ventricle Assist Device (VAD) қондырғыны имплантациялау нәтижесінде Қазақстан ашық жүрекке жасалатын теңдесі жоқ, жоғары технологиялық оталарды жасайтын әлемнің 22 елінің қатарына енсе, 2012 жылғы 8 тамызда орталық базасында созылмалы жүрек қызметінің жетіспеушілігі бар пациенттерге трансплантациялау жүргізілді. Трансплантация, оның ішінде жүрек алмастыру ұғымы бұрын алыс шетелдердің еншісі көрінсе, енді елімізде жасалуда. Яғни донор сыйлаған жүрекпен өмірлерін ұзартсам деген жандардың үміт оты маздап тұр.
Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығыЕмдеу орнының есігі әлсіз болса да жылт еткен үмітпен ашылады. Ал бұл мекемеге келіп ем алушы үшін психологиялық тұрғыда бойдағы үрейді жеңудің өзіне біраз күш қажет. Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығы үзілмеген үміттерді айларға, айларға емес-ау, жылдарға жалғайтын, пациенттеріне өмір сыйлайтын мекеме. Күн сайын жүргізілетін күрделі операциялар, айрықша ауыр және жоғары технологиялық медицинаны қажетсінетін органдар мен тіндер трансплантациясының үстіне санитарлық авиация желісі бойынша өңірлерден келген пациенттерге, оның ішінде гестациялық кезеңі 32 аптаға дейінгі жүкті әйелдерге және экстрагениталды асқынулары бар аналарға босанғаннан кейін де жоғары медициналық көмек көрсететін орталыққа қашан барсаң да қарбалас үстінен түсесің.
Гемофилия және остеоонкология, қолқа аневризмаларын кешенді емдеу кезінде сүйек кемігінің аллагенді және гаплоидті трансплантациясы, тері трансплантациясы (ксенотрансплантация патенті бар), бауырға трансплантация жасау, модульдік буындардың ортопедиясы сияқты эксклюзивті технологияларды отандық денсаулық сақтау тәжірибесіне енгізуде өз орнын алған орталық отандық гематологияның тарихында онкогематология және сүйек кемігі трансплантациясы бөлімшесін тұңғыш рет ашқан болатын. Осының өзімен үміті өшуге айналған талай науқасқа жарық күннің сәулесін көруге жол ашылды. Орталық базасында 2011 жылы елімізде алғаш рет тірі донордан бүйректі лапроскопиялық жолмен алу арқылы, 2012 жылы – елімізде тұңғыш рет өлі донордан органдарды (бүйрек, жүрек) мультиоргандық жолмен алу арқылы, 2013 жылы – алғаш рет өлі донордан бауырды ортоптикалық трансплантация арқылы ауыстыру және елімізде алғаш рет балаға тірі донордан бауырды трансплантациялаудың осы орталықта жүргізілгенін айта кеткен жөн.
Түйін:Саумал самалды Сарыарқаның кіндігінде, Есілдің жалт-жұлт еткен толқынына жүзін жуып, толған айдай толыса, кербез көсіліп, керім келбетімен керіліп жатқан Астананың сол жағалауынан орын тепкен, заман талабына сай салынған ауруханалардың табалдырығын аттағанда үміт пен күдіктің тайталасатыны рас. Алайда жалғандағы қымбаты – өмірін дәрігер қолына тапсырып, Жаратушыдан медет тілеп келген жандардың қолтығынан сүйей кіргізген ауруханадан өз аяғымен аттап шығып бара жатқанын көрудің қуанышы мүлде бөлек.
Өмір мен өлім тайталасында Астанадағы клиникалардағы ақ халат киген антына адал қауым осылайша өз жұмыстарын жалғастырып, күдікті жеңген үміттің салтанат құруына жол ашып жатыр. Мұның барлығы мегаполистің медициналық кластерінің мүмкіндіктері кеңейіп келе жатқанын көрсетеді.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»