Қылмысқа қарсы күрес, тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары туралы жан-жақты ақпаратпен бөлісу үшін Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов халыққа есеп беру кездесуін өткізді. Жиын барысында ол ішкі істер органдары атқарып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
«Биыл қылмыс 12 пайызға азайды. Оның ішінде тонау – 15,2 пайызға, зорлау – 14,4 пайызға, ұрлық – 12,2 пайызға, бұзақылық – 19,6 пайызға кеміді. Дегенмен, бізді жеке басқа қатысты жасалатын ауыр және аса ауыр қылмыстардың азаймауы алаңдатып отыр. Соңғы бір жарым жылды алып қарайтын болсақ, қылмыскерлердің қолынан 3093 адам қаза тауып, 1430 адамның денсаулығына ауыр зиян келген. Әлі де болса басқаның мүлкін ұрлау қылмысының саны азаймай тұр. Оның үлесі 67 пайыздан асады. Мысалы, мына аймақтарда ұрлықтың көлемі одан да көп. Олар, Алматы қаласы – 73,8 пайыз, Алматы, Ақтөбе облыстары – 71,7 пайыз, Ақмола, Батыс Қазақстан облыстары 70 пайыздан. Әрбір бесінші ұрлық азаматтардың пәтеріне, үйіне жасалады. Өткен жылы және биыл 4 мыңнан астам есірткі қылмысы анықталды. Біз үшін ең қауіптісі – ауған героині. Ол көрші елдер арқылы бізге транзитпен келіп, Ресейге, Еуропаға тасымалданады. Сарапшылардың есебі бойынша, героиннің 10 пайызы транзит елде қалып қояды екен. Әрине бұл жағдайдан біз шет қала алмаймыз. Сонымен қатар қазіргі таңда еуропалық синтетикалық ескірткіден де қауіп артып келеді. Делдалдар оларды интернет арқылы таратады және олардың трафигін анықтау оңай емес. Бұл жағдайды өзіміздің шикізаттық база да қиындатып отыр. Ол – Шу алқабындағы қарасора. Ал оңтүстік аумақта, әсіресе Қызылорда облысында адамдар «үнді қара сорасын» өсірумен айналысқан. Осылайша үш жылдың ішінде 154 плантация анықталып, 215 тоннадан астам қарасора тәркіленіп алынды. Осы мәселеге Мәжіліс депутаттарының назар аударуы тегін емес», деді Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.
Сонымен қатар ол қазір учаскелік инспекторлардың профилактикалық бақылауында 67 мыңнан астам маскүнем есепте тұрғанын ескертіп өтті.
Оған есепте тұрған 10 мың қолайсыз отбасыны, онда өмір сүріп жатқан 15 мыңнан астам баланы қосыңыз. Күн сайын еліміз бойынша мас күйде жасалған 2-3 ауыр қылмыс тіркеледі. Әсіресе олар отбасылық-тұрмыстық жағдайда кездеседі. Елімізде жасалатын барлық қылмыстың 14 пайызының себебі – маскүнемдікте жатыр. «Еліміз бойынша мас күйде жасалған қылмыстардың ең жоғарғы көрсеткіштері Ақтөбе, Қостанай, Павлодар, Маңғыстау және Ақмола облыстарында анықталған. Біріншіден, осы мақсатта еліміздегі маскүнемдікті жою үшін 22 наркологиялық ұйым жұмыс істейді. Оларда 2470 орын бар. Ал өткен жылы еркінен тыс емдеуге 5200 маскүнем жіберілсе, олардың 700-ден астамын жатқызып емдейтін орын болған жоқ. Екіншіден, осы орындарға араққа салынған адамдарды жіберу де оңай емес. Бұл жерде бірқатар қиындықтар бар. Сондықтан біз аталған мәселені әкімдіктермен және мүдделі орталық мемлекеттік органдармен бірге шешуіміз керек», деді ведомство басшысы.
Жасөспірімдер арасындағы түрлі мәселеге тоқталған министр қазіргі таңда 8 мыңнан астам бала профилактикалық есепте тұрғанын алға тартып, олардың шамамен жартысы – мектеп, лицей және гимназия оқушылары екенін тілге тиек етіп, сондықтан әкімдіктердің қолдауымен «мектеп инспекторлары» институтын дамытуды жалғастырып жатқанын жеткізді.
Баяндама барысында Қ.Қасымов қазіргі таңда колонияларда сотталғандар орта білім ала алатын 54 мектеп барын атап өтті.
«Сонымен қатар сотталғандар колонияларда еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды оқиды. Мысалы, ағаш ұсталары, сантехниктер, газбен дәнекерлеушілер, тігіншілер және т.б. Бұл үшін онда 48 кәсіби колледж құрылған. Сондай-ақ көптеген мекемеде ауыл шаруашылығы өндірісі бар. Дегенмен олар жалпы алғанда колониялардың ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген қажеттілігін қамтамасыз етеді. Аталған шаралар кешені пенитенциарлық пробация деп аталатын кезеңде іске асырылады. Мұның барлығы сотталғандарды еңбекпен қамту үшін жасалуда. Қазіргі таңда бізде сотталғандардың 72 пайызы ақылы жұмыспен қамтамасыз етілген. Бұл оларға зардап шеккендердің материалдық шығынын өтеуге, өз отбасыларына көмек көрсетуге мүмкіндік береді», деді ол.
Сондай-ақ Қалмұханбет Қасымов қоғамдық тәртіпті қорғауға, жол қауіпсіздігі жағдайына, көші-қон бақылауына, Ішкі істер министрлігіне қарасты мекемелердің мемлекеттік қызмет көрсету сапасына, азаматтық қорғау жүйесіне тоқталып, атқарылып жатқан жұмыстарға шолу жасап, жиын соңында халықтың қойған сұрақтарына жауап берді.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»