Кеше Үкімет үйінің баспасөз орталығында «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов орталықтың 5 шілде күні өтетін ресми ашылуына дайындық барысы жайында айтып берді.
Қ.Келімбетовтың айтуынша, қазіргі таңда «Астана» халықаралық қаржы орталығына 55 компания қатысушы ретінде тіркелген. Жыл аяғына дейін 100 компания тіркеледі деген жоспар жасалып отыр.
– Биылғы жылдың аяғына дейін 100 компания тіркеледі деген жоспар бар, демек жоспардың жартысы орындалды деген сөз. Орталыққа әлемдік қаржы ұйымдары тарапынан қызығушылық бар,– дейді Қ.Келімбетов.
Қаржылық теxнологиялар бойынша тіркеуге тұрған компаниялар да аз емес. Олардың басым көпшілігі Ресей, Тайланд, Нигерия, Африка елдерінің, Швейцарияның өкілдері. Аталған компаниялар жаңа төлем құралдары, банкинг және тағы басқа қызметтер бойынша жұмыс істеуге даяр екендіктерін білдіріп отыр.
Бұдан бөлек, қаржы орталығының биржасына келген брокерлік компаниялардың да қатары көбейіп келеді. АХҚО Биржа басқарма төрағасының орынбасары Әмина Тұрғылованың сөзіне қарағанда, осы аптада бірқатар брокерлік компанияларға арнайы куәліктер тапсырылады. Шетелдік компаниялар тарапынан АХҚО-ға деген қызығушылық аса жоғары. Әсіресе Қытайдың құнды қағаздар жөніндегі компаниялары белсенділік танытуда. Бағалы қағаздарды басқару бойынша Қытайдың маңдайалды 5 банкі, одан бөлек ірі-ірі 5 компаниясы қатысуға ниет білдірген. Әлемдік ең ірі қаржы институттарының бірі – Қытай мемлекеттік даму банкі орталықта өкілдік офисін ашып, алдағы уақытта бірлесе жұмыс атқаруға білек сыбана кірісіп отыр.
– Бұрынғы Кеңес құрамындағы елдердің арасында тұңғыш рет ағылшын құқығының қағидаттары енгізіліп, қаржы орталығының ресми тілі ағылшын тілі болып белгіленді. АХҚО-ның негізгі міндеттері қаржылық қызмет саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру арқылы ел экономикасына тікелей шетел инвестицияларын тарта отырып, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту. Оның халықаралық капитал нарықтарымен ықпалдасуын қамтамасыз ету негізгі міндеттеріміздің бірі. Біздің еліміз жаһандық экономиканың бір бөлшегіне айналып, халықаралық экономикалық заңдылықтар бойынша жұмыс атқарып отыр. Экономиканы әртараптандыру бойынша Елбасының бастамасымен жүзеге асқан индустриялық-инновациялық даму және «Нұрлы жол» бағдарламалары тың серпін әкелгені анық, – деді Қ.Келімбетов.
«Астана» ХҚО басқарушысы атап өткендей, орталық бүгінде әлемнің көптеген мемлекеттері қолдау білдірген «Бір белдеу, бір жол» халықаралық бағдарламасына қаржылық қызмет көрсететін орталыққа айналу мүмкіндігіне ие болып отыр.
Еркежан АЙТҚАЗЫ, «Егемен Қазақстан»