Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының сахнасында қазақ музыка өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Кеңес Дүйсекеевтің 80 жылдық мерейтойына арналған «Сәлем саған, туған ел» атты музыкалық кеш өтті.
Композитордың туған күнімен тұспа-тұс ұйымдастырылған кештің рәміздік мәні ерекше. Бұл – уақыт пен өнер тоғысқан, бір дәуірдің үніне айналған композиторға көрсетілген елдік құрмет, рухани тағзым. Залға жиналған көрермен қауым сазгер шығармашылығымен қайта қауышып, қайталанбас әндері арқылы өткен жылдардың естелігін жаңғыртты.
Кеш шымылдығы түрілген сәтте зал ішін ерекше толқу кернеді. Сахнадан төгілген алғашқы аккордтардың өзі-ақ көрерменді композитор әлеміне жетелеп әкетті. Әр шығарма – бір тағдыр, бір кезең, бір буынның жүрек лүпілі іспетті. Кеңес Дүйсекеевтің сазы – қазақы болмыстың қоңыр үні. Онда кең даланың тынысы, сағыныштың сазы, махаббаттың мөлдірлігі, азаматтық ойдың салмағы бар.
Кештің рухани өзегіне айналған «Сәлем саған, туған ел» әні – елге деген перзенттік сезімнің музыкалық манифесі. Ән шырқалған сәтте көрерменнің көңілі көкжиекке самғап, туған жердің топырақ иісі мен кең даланың самалы сезілгендей болды. Әуен мен сөз астасып, ұлттық рухты асқақтатқан бұл туынды мерейтойлық концерттің шынайы жүрегіне айналды.
«Ойлайсың ба, жаным», «Ғашықтар жыры» секілді лирикалық әндер адам жанының ең нәзік пернелерін дөп басты. Аталған туындыларда махаббат пафос емес, шынайы сезім ретінде сөйлейді. «Өкінбе сен» – қарапайым әуен арқылы өмір философиясын жеткізген ойлы шығарма. Ал «Қарағым-ай» мен «Анаға хат» орындалғанда залда көз жасын тыя алмағандар болды. Өйткені бұл әндер – әр қазақтың жүрегіндегі сағыныштың, перзенттік борыштың, аналық мейірімнің сазға айналған сыры.
Кештің көркемдік шыңы – «Домбыра туралы баллада» болды. Домбыра үні мен симфониялық оркестрдің кең тынысы үйлесіп, ұлттық дәстүр мен кәсіби музыканың жарасымды тоғысын көрсетті. Бұл – Дүйсекеев шығармашылығының басты ерекшелігі: тамырын тереңнен тартқан ұлттық негіз бен заманауи музыкалық ойлау жүйесінің табиғи үндестігі.
Кешке қатысқан өнерпаздар шоғыры да мерейтойлық шараның мәртебесін айшықтады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Нұрлан Өнербаев, Құрмаш Махан, Алтынай Жорабаева, Ерлан Рысқали, Бауыржан Исаев бастаған әншілер композитор әндерін терең сезіммен орындап, әр шығарманың мазмұнын жаңа қырынан ашты. Жас буын өкілдерінің қатысуы – сазгер мұрасының өміршеңдігін, ұрпақтар сабақтастығының үзілмегенін аңғартты.
Сонымен қатар «Saz&Soul» тобы, G-бэнд, «Gulder» ансамблі мен «Астана» эстрадалық симфониялық оркестрі де кешке айрықша серпін берді. Оркестрлік аранжировкалар арқылы композитордың кең тынысты ойы, формалық ізденісі, әуендік байлығы анық сезілді. Бұл кеш Дүйсекеевтің тек ән жанрының ғана емес, ірі музыкалық формалардың да шебері екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Расымен де, оның «Толғау» симфониясы, «Жалаңтөс батыр» симфониялық поэма-картинасы – тарихи жадыны жаңғыртқан сүбелі еңбектер. «О, дүние» кантатасы мен «Жыл мезгілдері» романстар циклі – философиялық тереңдік пен поэтикалық нәзіктіктің көрінісі. «Мәди», «Аққу Жібек» мюзиклдері, «Алдар көсе» опереттасы – ұлттық сахналық музыканың дамуына теңдессіз үлес қосқан рухани қазына. Екі жүзден астам ән жазған композитордың шығармалары бүгінде қазақ музыкасының алтын қорына айналды.
Мерейтойлық кешке композитордың жары Баян мен ұлы Нұркен арнайы қонақ ретінде қатысты. Кеш соңында сахна төріне көтерілген өнерпаздар мен көрермендер бір сәттік тебіреніс пен рухани бірліктің көрінісін көрсетті. Айтулы музыкалық шара тек жеке тұлғаның мерейтойы емес, ұлттық өнердің үнемі жаңарып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын дәстүрінің де айқын айғағы болды.