• RUB:
    5.07
  • USD:
    522.63
  • EUR:
    548.66
Басты сайтқа өту
Білім 18 Шілде, 2018

Мағжанның «Батыр Баяны»

26773 рет
көрсетілді

Мағжан Жұмабаевтың ақындық кемеліне келгенде жазған поэмасы – «Батыр Баян». Қазақ поэзиясының ін­жу-маржанына айналған осы поэмада Мағ­жанның өмір туралы ұстанымы, көзқарастары жыр қанатында самғап, өнер қалыбына құйылған.

Ежелгі ер түріктің бесігі, екі дүние есігі бол­ған Түркістан, Тұранмен қатар Мағжан үшін Көк­шетаудың да қазақ тарихындағы орны ерек­ше. Олай болатын себебі бұл жердің Абы­лай, Кенесары сияқты халық қамын жеген арыстардың мекені болғандығынан да. «Ертеде қоныс болған Абылайға» деген жолдан бастап, оқырман Мағжанның соңынан еріп, оқиға желісіне түседі. Бір жағынан орыс, екінші жағынан қытай – екі оттың ортасында қысылған қа­заққа ол аз дегендей, енді қалың қал­мақ шауып, өкпені қыса түседі. «Елге қорған болған Абылайдың» ақ ордасында осы жағдайдан шығудың жолын ақылдаспаққа жиналған үлкен жиын... Негізінен тарихи оқиғаларға, деректерге сүйеніп жазылған поэмада Байжігіт, Тасболат, би Толыбай, Қа­най, Қанжығалы қарт Бөгенбай, Жана­тай, Бәсентиін Сарымалай, Ора­зым­бет, Елшібек, Жәнібек, Жәбек, Сырым­бет, Қарабұжыр сияқты белгілі би, батыр­лардың есімдері аталады. Жиын біреу­ді күтіп, бірнеше күнге созылады. Хан­ның өзімен бірде олай, бірде бұлай сөй­­ле­сіп, кейде сөзге келіп қалатын дала батырларының осы күйі былайша сурет­теледі:

«Батырлар бұғаудағы арыстандай...

Көкшенің бауырында өңшең көкжал.

Күңіреніп күтіп жатты,

күндер талай».

Осыншама би-батырлардың күтіп жатқаны батыр Баян болатын. Абылай ханнан бастап өңшең көкжалдардың қыбыр етпей күтіп жатуларына қара­ғанда, батыр Баян тегін адам емес. Ер Көкшенің, Ер Қосайдың ұрпағы батыр Баян да – тегіне тартып туған нағыздың өзі. «Қазақтың батырлары бәрі қыран, Сонда да бір батыр жоқ Баяндай тап». Сол батырдың батыры Баян күт­пеген жерден бір оқыс оқиғаға тап болып, алқалы жиынға кешігіп жатқан... Ав­тор осы жерде шегініс жасап, батыр Баянның басын шырмап қалған жағ­дайды баяндауға көшеді.

Жоңғарларға жасаған бір жорықта батыр Баян он төрт жасар, бөбек дерлік бір аруды олжалап қайтады. Батырдың қалмақ аруын сүйіп қалғандығы да байқалады. Жақсы көріп, құлай сүйген адамның жүрегін ғашығының арбап, жаулап алып, тырп еткізбей тастайтыны бар емес пе еді? Батыр Баян да сондай күй кешеді.

Ақшамаңдай аруды көргенде Баян­ның інісі, он бес жасар Ноян оған бірден ғашық болады.

«Жас Ноян қызды көріп от боп кетті,

 Көздері қызыл жалын шоқ боп кетті.

Жер мен көк, ай, жұлдызды тұман басып,

Бір қыздан басқа нәрсе жоқ боп кетті».

Романтикалық көтеріңкі леппен жырланып, әсірелеу амалының қолданылуы өлең жолдарын тым ажарландырып, әсерлендіріп жіберген. Жүрегіне ұшқын түсіп, аяғы өртке айналған жап-жас Ноян от боп жанып, аласұрады.

Поэмада қалмақ қызы Ақшамаңдай «сұм сұлу» аталып отырған. Мұндағы «сұм» эпитет ретінде тегіннен-тегін қол­даныла салмаған. Ол өзін батыр Баян­ның жақсы көргендігін пайдаланып, қу­лығын бір асырып жүрсе, Ноянның құлай сүйгенін сезіп, өзінің жасырын ойларын жүзеге асыруға шындап кірі­седі. Азаттыққа ұмтылу – өмірдің за­ңы. Мағжанның қызды «сұм сұлу» деп отырған себебі – қыздың айласын асы­рып, оның соңының орны толмас қай­ғылы оқиғаға апарып соқтыруы; алдымен, Ақшамаңдайдың өзі мен Ноянның, одан соң қиын-қыстау кездерде еліне қорған боп жүрген батыр Баянның мерт болуы, Баянға еріп жорыққа шыққан қазақ жауынгерлерінің көзсіз ерлікке барып қырылып кетуі.

Сонымен қалмақ қызының сұлулы­ғына арбалған және мен сендікпін, тек әке-шешемнің алдынан өтейін деген қыз сөзіне нанған Ноян көнеді де, екеуі қашып шығады. Бұл жайсыз хабарды естіген батыр Баянның психологиялық жай-күйі шебер суреттелген.

«Боз үйде жалғыз қалып Баян енді,

Жаралы жолбарыстай күңіренді.

Қорғасын миын, ойын төмен басып,

Ақылға алғыр құстай ашу төнді.

Бір көк сұр түс енгізіп бар денеге,

Сұм жүрек қанды өзіне жинай берді.

Ақыры ашу ерді билеп кетіп,

Жалп етіп сөнген шамдай ақыл өлді.

Өлді ақыл. Атып тұрып батыр Баян,

Боз үйден оқ жыландай шыға келді».

«Ақыл өліп», ашу атқа мінгенде, мұ­ның ақыры жақсылыққа апарып соқ­тырмасы белгілі. «Боз үйден оқ жы­­ландай» атып шыққан батыр Баян бел­деудегі көк тұлпарға міне кең далада дүбір салып, ғашықтықтың буына мас бо­лып, ақылға қона бермейтін әрекетке бар­ған екі жастың соңынан қуып береді.

Артынан қуып жеткен батыр Баянды көрген жас Ноян атының басын тежеп, «ашулы ағасына қарап күліп», ойында бөтен ештеңе жоқ «жан көке» деп қарсы жүреді. Мұнысы: бір жағынан, өзінің әнтек ісі үшін кешірім сұрағандай болса, екінші жағынан, ағасына еркелегендік те еді. Бірақ «ақыл өліп», ашу бойды би­леген батыр Баян көзінің алды қа­рауытып ештеңені көрмей, ештеңені сезбей, ет қызуымен садаққа қол салып, алдымен бауыры Ноянды, сонан соң өзі жақсы көретін қалмақ қызын жайратып салады. Екі жастың оқ тиіп, аттан құ­лап түскеннен кейін қансырап жатқан күйін суреттеген жолдарды сезімсіз оқу мүм­кін емес:

«Қомағай қара топырақ бүлкіл қағып,

 Асығып екі жастың қанын ішті».

Аса қорқынышты жағдайды естен кетпестей бұлайша бейнелеу қазақ әдебиетінде бұрын-соңды кездесе бермеген, тек Мағжан сияқты сөз құдіретін көтере білетін арқалы ақынның ғана қолынан келетін тылсым көрініс.

Ал енді істеу түгілі, айтуға адамның аузы бармас, қылмысқа пара-пар, тіпті адам жаны үшін одан да ауыр қанды оқиғадан кейінгі батыр Баянның түрін көрсеңіз:

«Күлдей қу, тұнжыраған түндей болып,

Жия алмай, құр теңселіп, ақыл-есті.

Тұрды да біраздан соң батыр Баян,

Атынан есі ауғандай құлап түсті».

Бірте-бірте ақылға келе бастаған батыр Баян өзінің ашу үстінде не істеп қойғанын енді сезініп, аһ ұрады. Мағжанның жырлауында осы бір қасіретті көріністің көркемдік бояуы қалың шыққан. «Өз бауыры, өз сүйгенін өзі өлтірген, Болар ма, сірә, сорлы адам менен?!» Өзін-өзі іштей жеген батыр Баян зарланып, күңіреніп, екі көзінен қан тамшылап, ай далада қанды өзек болған Жолдыөзекте азапты түн кешеді.

«Жүрегі тас болса да шыдай алмай,

Қамығып, қайғы басып, күрсінді жер.

Молайтып минут сайын қасірет жырын

Жанында өксіп-өксіп жылады жел»,– деп батыр Баянмен бірге қара жер де, жүйрік жел де қайғы жұтады.

Басқа түспесін, басқа түссе адам бәрін де көтере алады: батыр Баян өзі өл­тір­ген өзінің бауыры Ноян мен өзі сүйген Ақшамаңдай екеуінің денесін өз қолымен жер қойнына беріп, қабір басында көзден аққан ыстық қанға беті шомылып, есеңгіреген қалпы ұзақ отырады. Бір кезде орнынан тұрып, атына мініп,

«Жолбарыс жортып кетті бетін түзеп,

Шаңдатып, Абылайдың ордасына».

Осының барлығы бірінші тарау­да баяндалады. Екінші тарау да бірін­шідегідей, ақынның азаматтық-әлеу­меттік бағыт-бағдарын аңғартатын лирикалық толғаныстармен басталған:

«Өткен күн таң-тамаша ертегі ғой,

Ерлері ертегінің өрт еді ғой.

Айырылып от екпінді ерлерінен

Алаштың жанында ауыр дерт еді ғой.

Сонау дерт түгелімен ауып маған,

Дариға, жүрегімді өртеді ғой».

Ақын қазақ елінің азаттығы үшін алысып, халқының қамын жеп жүрген ерлерді көре алмай, алаштың ертеңін ой­лап күңіренеді; ащы ойлар жегідей жеп, сары уайым жанын улай береді. Осындай бір кездерде алашы үшін сар да­лада атой салып, жолбарысша жортқан ерлерді есіне алғанда, «кеудеме күннің нұры толғандай боп», көңілі көтеріліп, шабыты шарықтап жыр толғайды. Жанға медет берер сондай ердің бірі – батыр Баян. Осындай бағытта өз ойларын тө­гіп-төгіп алған соң, ақын Абылай хан­ның ордасына қарай тұлпарымен құй­ғы­тып келе жатқан батыр Баянға қайта ора­лады.

Жиынға келіп жеткен батыр Баян қалың жұртқа сәлем беріп өте шығады. Хан ордасының төрінде отырған Абылай ханға қарай озып, қол қусырып тұра қал­ған ол ізет көрсеткен соң, өз жайынан тұс­пал­дай хабар етіп:

«Талқыға жан-жарамды

сала алмаймын,

Мәнімді мен айтпайын, сен сұрама», – дейді. Бұл жерде де қаһарлы ханның алдында жиынға кешігіп келген күнәсі үшін құрақ ұшып, иіліп кешірім сұрап тұрған пақырды емес, тік тұрып, өзінің «іші жалын, жаны жара» жан екендігін ғана айтқан, терезесі тең тұрып тіл қат­қан тәкаппар батыр Баянды көреміз.

«Тілегім – енді жауға аттаналық,

Қан көрсе, қас қыранда шер тұра ма?!

– деген батыр Баянның басындағы жағ­дайды іштей түсінген Абылай оған ләм-мим деп тіл қатпай, алдына отырғызып, дәм ұсынады. Осы эпизодтың өзі-ақ ба­тыр Баянның Абылай ханның алдын­да аса беделді, салмағы бар азамат екен­ді­гін аңғартса керек.

Қазақтардың бас қосып, әскер жиып, жорыққа аттанайын деп жатқанын бі­ліп қойған қалмақтар қулыққа көшіп, Абы­лай ханға елшілер жіберіп, мәмілеге келу­ді ұсынады. Артық қан төккісі келмеген Абылай мұны жөн көріп, кейін қай­туға шешім қабылдайды. Бірақ мұны жөн көрмеген батыр Баян жүз жасағымен жауға аттанып, олардың мың қаралы қолымен айқасқа түседі. Сондағы соғыстың көрінісі:

«Аз болса, бір қазаққа жүз қалмақ кеп,

 Ат қойып, қиқу салып, қамаласты.

Тер саулап, тебінгіден, қылыштан қан,

 Шаң, түтін будақ-будақ аспанға асты.

 Аз қазақ көп қалмаққа салды тойды,

 Көк аспан қара түтін шаңға тойды.

Алдаспан ажалменен бәсеке боп,

Қанішер, қайқы қара қанға тойды.

Жып-жылы адам қаны бүлкіл қағып,

Қуалай жылжи берді ойдан-ойды».

Бұл жолдар өмір мен өлім белдескенде, ойналып тұрған ғаламат сұрапыл соғыстың гимніндей әсер етеді. Батыр Баян­ның жауға салған ойраны:

«Қалың қол ортасында батыр Баян,

Баянның батырлығы алашқа аян.

Екі көз екі қызыл шоқ боп кеткен,

Аузынан көбік болып бұрқырап қан.

Оң-солға алдаспанды сілтегенде,

Бұлақтай қалмақ қанын бұрқырат­қан», күйінде суреттелген.

Бірақ күш тең емес еді. Қанша қыр­ғанымен қалың қалмақ таусылмайды; аз қазақ жеңіледі. «Қайран ер қайсар Баян, жолбарыс» құлап түседі. Көз алды шыр айналып, тұманданып, елеске айналады. Абылайды көргендей болады. Енді бірде көз алдынан «жұлдыздай жы­мыңдаған сөнбей-жанған» Ноян мен Ақшамаңдайды көреді, оларға өлер ал­дындағы жан сырын жайып салады:

«Көзімнен неге ақпайды

қан боп жа­сым,

Жан беріп, жазғаным ғой,

жан жарасын.

Кетсе де жаннан жара, қан кетпек пе?

Дариға, жазамнан да күнәм басым!

Күнәмді тәңірі кешпес, кешер бірақ

Жауында жан берген соң

алты алашым!»

Хас шебер аз сөзбен көп нәрсені аң­ғар­тады. Мағжанның осы бір алты жо­лында поэманың бүкіл рухы сайрап тұр. Дастанда батыр Баянның ел қорғаған ерлік істері паш етілуімен бірге, көтерілген тағы да бірнеше адами мәселелер бар. Солардың ең бастысы – Адам деген үлкен әріптермен жазыла­тын қасиетті ұғымға сай өмір сүріп, адам­шылық басты қасиеттерді сақтап қа­лу мәселесі. Батыр Баян да жұмыр бас­ты пенде. Ол ер қорғаған, қамал бұз­ған батыр болғанымен де адамға тән қа­сиеттердің барлығы да оған жат емес. Ба­тыр Баянға кісі өлтіру сөз емес. Ол жау­мен алысқанда қаншама дұшпанның қанын ағызып, жер жастандырған. Кісі өлтіру ол үшін үйреншікті іс. Бірақ өзінің бауырын, бауыры болғанда да туған інісін бір қызға бола өлтіру – ке­шірілмес күнә.

Батыр Баян – жай ғана батыр емес, елінің ертеңі үшін жауымен алысып қан кешкен, қасына қатал болғанымен, жақынына жұмсақ, сабырлы, сезімтал, адам­гершілігі жоғары, досқа адал аза­мат та. Бұл жағдай оның қалмақ қызы Ақшамаңдаймен арадағы қарым-қа­ты­насынан анық көрінеді. Солай дегенімізбен де оның батырлығы басым. Ал батырдың аңғалдығы, бір ашуға мінсе, оңайлықпен қайтпайтындығы та­ғы бар. Поэмада батыр Баянның іні­­сі Ноян мен қалмақ қызын ашу үс­тін­де өлтіруі бас кейіпкердің батыр­лық апайтөс болмысын барынша жар­қырата түскен. Намысқой Баян інісі Ноян­ның қалмақ сұлуымен қашуын опа­сыздық көріп, кешпейді. Басынан құс ұшырмайтын батырға туған інісінің мұндай әрекетке баруы оны батыр ғана емес, адам ретінде де намысын аяқ­қа таптап, бүкіл ел-жұрт алдында қор­ла­ғандай болады. Намысын қорғай ал­маған батыр түгілі шын мәніндегі адам да емес. Сондықтан да алдымен, адам бо­лу – парызың. Содан кейін барып сен батырсың, басқасың. Міне, Мағжан поэманың бас қаһарманына өзінің бауырын өлтірткенде, осындай өзекті ойлардың жетегінде болған болуы керек.

Қаншама жауды қырып, батыр Баян атанған ол енді екі адамды өлтіргенде, ар-ожданын тәрк еткендей, қылмыскерден бетер қарабет күй кешеді. Қай-қайдағы қалмақтың бір қызы үшін туған бауырын өлтіруден артық масқаралық жоқ. Осының барлығын іштей сезінген батыр Баянды ешкім айыптап жатпаса да, өзін-өзі іштей жегідей жеп, жүрегі ті­лім-тілім, жаны жаралы болады. Халық ал­дында топ бастап жүрген азамат на­мыс­тан өртеніп, адамшылық рухы мү­жіледі. Өлім туралы ойламақ түгілі, біреуді қайтсем жер жастандырам деп жүрген батыр Баянның өзін-өзі өлімге айдауының негізгі сарындары осындай. Өмірде адамға лайықты өмір сүріп, халқының мақтанына айналған батыр Баянға енді осы атақты сақтап қалу үшін өлім­нен, онда да кінәсін жуып, өлуден басқа жол жоқ.

Әрине батыр Баянға өзін өлімге ай­дамай-ақ бұрынғысынша елін жауынан қорғап, ерліктерімен кінәсін жуып, қыз­мет етіп жүре берсе, оның қылмысы кешірілер ме еді, қайтер еді? Оған барса, Баян батыр Баян болмаған болар еді. Ол өзі­нің өліміне де саналы түрде барып, еліне арнады; жауын қырып, өмірі түгіл, өлімімен де жұртына қызмет етті.

Осы жерде тағы бір мәселе бар. Адам­­­­шы­лықта да, мұсылманшылықта да өз­гені де, өзін де өлімге қию – қылмыс­тың ең ауыры. Мұны білетін батыр Баян өзіне-өзі қол салмайды; қан майданда дұшпанмен алысып жүріп, жау қолында қаза табады. Сөйтіп дегеніне жетеді. Хас батырдың қазасы – қан майданда. Ав­тор бас қаһарманын жаумен айқас үстінде мерт қылып, оның батырлық бей­несін биіктете түскен.

М.Жұмабаевтың «Батыр Баянында» Ф.Достоевскийдің «Қылмыс пен жа­за»­ романындағы қарапайым сту­дент Раскольников еске түседі. Ұқсас­тығы көтеріп отырған проблемасы жағынан болғанымен де батыр Баян­ның бейнесі қара­пайым студентке қа­рағанда аса күрделі. Достоевский қыл­мыс пен жазаның арақатынасын тек фи­ло­со­фиялық тұрғыдан қарастырса, Мағ­жанда бұл мәселе ауқымдылау, жан-жақты байланыстарымен кеңірек қамтылған. Поэмада қылмыс пен жа­за­ның адам өміріндегі орны отансүй­гіштік, халқына қызмет ету, ағайын-туыс­тық, адамгершілік, махаббат, т.б. мәселелермен қабыстырыла көтеріледі. Бір қалыппен өлшеуге келмейтін адам өмірінің қым-қуыт қуыстары шынайы көрініс табады.

«Батыр Баянда» адам жанының құ­пия сырларына терең үңіліп, оның өмір­дегі орнына нәзік талдаулар жасалынған. Мінез – адамның тағдырын анықтайтын басты категория. Батырлық мінез Баян­ның өміріне тікелей әсер етіп, оны халық қаһарманы дәрежесіне дейін көтерді. Сонымен бірге шарықтау шегінде тұрған батыр тұлғасын күл-талқан етті. Соңғы рет ерлік пен ездік, өлім мен өмір айқасқа түскенде, жарқ етіп көрінген намысқа толы батырлық мінез Баянның тұлғасын тағы да биікке бір-ақ шығарып, кейінгі ұрпақтың үлгі тұтар мақтанышына айналдырды. Батыр Баян бізге елін сүй­ген, қорған болған батырлығымен бірге адамшылық, азаматтық, адалдық, өз мүд­десінен халық мүддесін жоғары қою­шылық, гуманистік, сезімталдық, табан­дылық сияқты қасиеттерімен де қымбат.

Адам да – табиғаттың баласы. Жақ­сы адам дүниеден қайтса, бүкіл ел қайғы­ратыны сияқты «алаштың ардагері батыр Баян» жау қолынан мерт болғанда, «Жау­дан да мейірімді боп жылады жел, Күңіреніп, ер денесін құммен жауып, Іленің толқындары әлі күнге, Айтады ерге жырау ауық-ауық».

«Батыр Баян» поэмасы мынадай кең мағыналы өлең жолдарымен аяқталған:

«Ерлерді ұмытса да  ел, сел ұмытпас,

Ерлерді ұмытса да ел, жел ұмытпас.

Ел үшін жаннан кешіп, жауды қуған,

Ерлерді ұмытса да ел, шөл ұмытпас.

Ел үшін төккен ерлер қанын жұтқан,

Ерлерді ұмытса да ел, жер ұмытпас.

Арқаның селі, желі, шөлі, белі

Ерлерді ұмытпаса, ел де ұмытпас!»

Мұнда ең алдымен, өткен тарихты білу, оны құрметтеу мәселесі көтеріледі. Әрбір халықтың тарих көшінде жүріп өткен жолдары бар. Тарихтың тар жол, тайғақ кешулі жолдарынан аман-есен өтіп, бүгінгі күнге жету оңай болған жоқ. Небір қиын-қыстау күндерде, ел басын қара тұман тұмшалаған шақтарда ел-жұрты үшін отқа да күйіп, суға да түскен, сол жолда өздерін құрбан да еткен ер-аза­маттар қаншама?! Оларды ұмыту – өзіңді ұмыту, болашағыңды ұмы­ту. Осы бір әрбір ұлттың ұлттық бол­мысын, сапа­сын анықтайтын қасиет­терге Мағжан оқырман назарын аударып отыр.

Поэма жазылған Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы қазақты бодан қы­лып бағындырып ұстауды оңайлату мақ­сатымен ұлттың өткені, тарихы атау­лыға қарсы күрестің қарқынмен жүр­гізіліп жатқандығына қарсылық бо­ла­тын – ­бұл. Қазақ даласының желінен бастап же­ріне дейін елі үшін алысқандардың ізі сайрап жатыр, сондықтан да олар ұмыт­пайды дегенді айтып отыр. Қазақтың даласы – қазақтың тарихы. Ол – бір кезде қазақтың арыстары «елім, жерім» деп, күн, түн қатып жолбарыстай жорт­қан сар да­ласы. Сол далада өмір сүріп жатқан бүгінгі ұрпақ кешегі ата-бабалардың хал­қының болашағы үшін жасап кеткен ізгі істерін біліп, оны одан әрі жал­ғастыруы керек. Сонда ғана ол халық толық­қанды өмір сүріп, ертеңгі күнге нық сеніммен аяқ баса алады...

«Батыр Баянда» көтерілген тағы да бір маңызды мәселе – жер-су атауларына байланысты. Көшпелі ғұмыр кешкен қазақ халқының ғасырлар көшіндегі ізі қасиетті даламыздың төсінде сайрап жатыр. Түсіне білген адамға қазақтың даласы ата-бабаларымыздың сахараға жазып кеткен шежіресіндей. Тілін тапсаң, жер-су атауларынан бастап, әрбір тасына дейін еліміздің өткені жайлы шежіре-сыр шертеді. Оны оқып, үйреніп, ата-баба істерін әрі қарай жалғастыру – кейінгі ұрпақтың қасиетті парызы. Тарихын біліп, содан өнеге, рухани қуат алған халық – күшті халық. Сол себепті де отар­шылдар ең алдымен бодан елді тарихи жадынан айыруға тырысады. Патша өкіметі кезінде басталып, Кеңес өкіметі тұсында жаңа қарқынмен өріс алған осы бір географиялық атауларды жаппай өзгертуден халқымыз күні бүгінге дейін рухани зардап шегуде. Қазақстанның кей­бір қалалары мен көптеген жер-су, елді мекен атаулары қазіргі кезде де ұл­тымызға жат есімдермен аталып келеді. Сырт көзге жай әншейін көрінгенімен де халықтың сана-сезіміне байқатпай әсер етіп, ұлттық тура жолдан тайдыратын осы бір қатерлі мәселеге Мағжан да кезінде назар аударыпты.

«Батыр Баян» – М.Жұмабаевтың шы­ғармашылық кемел кезінде бір дем­­де шабытпен жазылған шоқтығы биік шығармасы. Поэма – Мағжан поэ­­­зиясының шыңы, бүкіл қазақ поэ­зия­сының інжу-маржандарының қатарында. Қазақ әдебиетін әлемдік деңгейге көтер­ген өресі биік өрелі шы­­ғарма. Шын тұлпар шапқан сайын көсілсе, шын асыл уақыт өткен сайын жарқырай түседі. Мағжанның поэзиясы да, оның ішін­де «Батыр Баян» поэмасы да заманалар жайымен жылжыған сайын інжу-маржандай жарқырай түсуде.

Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ,

С.Демирел атындағы университет ректорының кеңесшісі,

филология ғылымдарының докторы, профессор