Ән құдіреті қашанда көңілді тербетіп, жүректі әлдилейді. Әрбір әсем әннің дүниеге келуіне себепкер болған талант атаулы тағдырын тәуекелге тапсырған күйі ғұмыр кешеді. Бұл күнде көзден кетсе де, көңілден кетпеген қазақтың талай жақсысының рухы аспанда ән болып қалықтап жүр.
Атақты жазушы Дулат Исабековтің шығармасының желісімен түсірілген режиссер Шәріп Бейсембаевтың «Гауһартас» фильмінде ғажайып бір көрініс бар. Жайлау түнін тамашалап жүрген Әскербек домбырамен құйқылжытып бір әсем әнді айтпаушы ма еді. Ал сол «Келші, айым» әнінің әуезіне тебіренген келін Салтанат, бала Қайыркеннің болмысы күні бүгінгідей көз алдымызда. Сол атақты «Келші, айым» әнін дүниеге келтірген Мэлс Өзбеков Әулиеата өңірінің Құлан жерінде туып, аз уақыт болса да Алматыда өмір сүріп, соңына сезіміңді селт еткізер әндер жазып қалдырды. Осы уақытқа дейін халық әні деп келген «Тобылғысай» да Мэлстікі екен. Қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырында ғалам ғажайыбын әнмен суреттеген Мэлстің мұңды музасы туралы да аз жазылмады. Өкініштісі, бұл күнде тарпаң тағдыр иесінің есімі көп айтыла бермейтін болған. Өмір сырғып өтіп жатыр. Ал Мэлстің сазы қайтқан құс қанатынан саулаған сағыныш сияқты көңіл түкпірінде күй болып шертілуде. Бұл күнде Т.Рысқұлов аудандық тарихи-өлкетану музейінде композитордың талай әнінің дүниеге келуіне себепші болған мандолинасы, баяны мен фотоаппараты тұр. Әйтеуір аудан халқы Мэлсті ұмытпай, ара-тұра осында келіп тұрады екен. Музей меңгерушісі Есназар Құрымбаевтың айтуынша, Мэлстің жиен інісі Тәліпбек Шақбаев бес-алты жыл бұрын осы жерге нағашысының фотоаппараты мен мандолинасын әкеліп беріпті. Ал баянның нақты қай жылдан бастап музейде тұрғаны белгісіз. Бұл баян – кезінде атақты болған кәдімгі «Восток» баяны. Аспапта «Мэлс аға! Сүйікті музыкалық аспабыңыз «Восток» баянын сыйға ұсынушы ініңіз Тәліпбек, келініңіз Бағила. Целиноград қаласы. 30.05.1984 ж.» деген жазу бар. Бұл баянды Тәліпбек Шақбаев ағасы Мэлске сыйлаған екен. Бүгінде жетімсіреп тұрғандай көрінетін Мэлстің мандолинасы да талай әнді дүниеге әкелген құнды жәдігер. Мұнда да «Сазгерлер Мэлс аға мен Жаңбыршы досымның кейбір әндерінің туындауына себепші болған мандолина аспабы. Тәліпбек. 30.05.1972.» деген жазу тұр. Ән өнерінде айрықша қолтаңбасы бар Мэлс Өзбековтің бұл мұралары өмірден ерте кеткен өртең тұлғаның өкініші мен мұңын ішіне жасырып тұрғандай әсер етеді. Ал Жаңбыршы Үсейінов те құландық композитор. Бүгінде Құлан жерінде Мэлс Өзбеков атындағы Мәдениет үйі бар. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрдәулет Жамалбеков аталған мәдениет ошағында талантты әншілер жұмыс істеп жүргенін, олардың талай конкурстан жүлделі оралғанын, сондықтан да мәдениет үйінің Мэлстің атында болғаны әрдайым мақтаныш екенін айтады. Композитор туралы сұрастырғанымызда, інісі Тәліпбектің қолында Мэлстің өз дауысы жазылған аудио таспа бар екенін естідік. Қазіргі таңда аудан орталығы Құлан ауылында тұрып жатқан Тәліпбек ағамыз бұл құнды жәдігерді де музейге тапсырамын деп отыр. Қалай болғанда да бұл өнер адамына көрсетілген құрмет, игі ниет көрінісі дер едік.
Хамит ЕСАМАН, «Егемен Қазақстан»