Маңғыстауда өңір мен сала басшылығы қанша ауысса да, денсаулық сақтау жүйесі еңсе тіктей алмай тұр.
«Баяғы жартас – бір жартас» талап қойған тұрғындардың тауы талай шағылды. Себебі құзырлы орган қызметкерлері мен жауапты тұлғалардың жайбарақаттылығы саланы жанашырлықпен жаңғыртудан гөрі жылы орнын суытқанға дейінгі «жабулы қазанның жабулы күйінде» қалуын немесе «сен тимесең, мен тимен, бадырақ көз» деп уақыт өткізуін тиімді санай ма деген ойға жетелейді. 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасы бойынша биылғы алғашқы жартыжылдық қорытындысына назар аударсақ, өңірде туберкулез көрсеткішінің төмендегені, керісінше бала өлімінің былтырғы кезеңмен салыстырғанда өскендігін аңғаруға болады. Әрине медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында аудандық, қалалық мекемелерге жаңа құрылғылар алу, ғимараттар құрылысын жаңғырту, Ана мен бала орталығын салу іспетті оң істер де бар. Дегенмен бұл жолы тастай есептің тасасында қалып келе жатқан мәселелерді қозғамақпыз.
Таяуда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Т.Бапиев бір сөзінде «Өлгің келсе, Бейнеу ауруханасына бар» деді. Қордаланып қалған келеңсіздіктерді қалай ауыздықтап, қалай жолға қою керектігі ойландырды ма, әлде күрделі жағдай еңсеруге мүмкіндік бермей жатыр ма, басқарма басшысы өңірдің, әсіресе Бейнеу ауданының дәрігерлеріне ренішін жасырған жоқ. Облыс орталығынан шалғай орналасқан Бейнеу ауданының тұрғындары іргелес шет мемлекеттерден көшіп келушілер есебінен күрт өсіп, аз жылда іргелі ауданға айналғаны белгілі. Бірақ ауданның тұрғындары көбейгенімен, денсаулық сақтау саласында серпіліс жоқ. Аудандық ауруханадағы ахуал үздіксіз сынға ұшырап келеді. Тәртіп пен жауапкершіліктен жұрдай жүйесіз жұмыс, сырқаттың дертінен гөрі қалтасына үңілген ашкөздік науқастардың ем таппай сандалуына себеп болуда. Айталық шұғыл шара қабылдау арқылы дер кезінде орталық ауруханаларға жеткізу мүмкіндігі бола тұра уақытқа ұтылған, әр дәрігерге бір жүгіріп, тұшымды кеңес ала алмаған науқастардың обалы кімге?! Ата Заңда «Әр адам – мемлекеттің байлығы» екені жазылғанымен, жергілікті дәрігерлерде мемлекеттік мүдде тұрғысынан қарау мүлде жетіспейді. Ел ішінде «тамыр-таныс болса ғана емделесің» деген жазылмаған «заңдылықтың» орнауы, ем алу мен емдеудегі азаматтардың конституциялық құқы мен міндеті іс жүзінде орындала бермейтінін көрсетеді.
Жуырда аттан жығылған жігіт кешкісін Бейнеу аудандық ауруханасына жеткізілді. Қан алып, рентгенге түсіріп «бас сүйегі сау» деген қорытындыға келген дәрігерлер жанын қоярға жер таппай, «басымның оң жағының іші ауырып бара жатыр» деп қолымен көрсете мазасызданған жігітті тыныштандыратын уколмен ұйықтатуға асыққан. Дәрігерлер үшін ең бастысы, науқастың тынышталуы секілді. Кезекші дәрігер абдыраған ата-ана, туған-туысқа «хирург үйінен балаға ота жасатса келетіндігін, әйтпесе жұмыста таңғы сағат 8.00-де болатындығын айтты» деген хабарды жеткізеді. Ата-ана отаға келіспейді. Өйткені біріншіден баланың қиын жағдайынан, ота жасатпаса кеш қалуы мүмкін екендігінен, уақыттың тығыздығынан хабарсыз, екіншіден ахуалды түсіндіріп, жағдайды медициналық тұрғыда сараптаған ешкім жоқ, ота жасауға сенімді дәрігер тағы жоқ. Мұндай жағдайда аурухананың бас дәрігері, хирургі, өзге де мамандар шұғыл жиылып, туыстарға жағдайды егжей-тегжейлі түсіндіріп, ота жасау мүмкіндіктері мен оның қажеттілігін, әйтпесе облыс орталығына дереу жеткізудің қамын күйттеуі, науқасты аман алып қалудың жолдарын ұйымдастыруы керек емес пе?!
Осылайша соққы алған жігіт облыстық Денсаулық сақтау басқармасы мен жергілікті билік өкілдерінің араласуымен бір тәулік дегенде облыс орталығына санитарлық авиациямен аса ауыр жағдайда жеткізілді. Ақтаулық дәрігерлер жанталасқанымен, аман алып қалу мүмкін болмады. Себебі аудандық ауруханадағы жайбасарлық, жауапкершілік пен тәртіптің жоқтығы, шұғыл көмектің ұйымдастырылмауы, дәрігерлердің сырқатқа немқұрайлы қарауы салдарынан 1 сағатта, әрі кеткенде 5-6 сағатта облыс орталығына жеткізілуі тиіс науқас бір тәулік дегенде әзер жеткізілді. Санавиация дәрігері ата-анасына баланың жағдайы ауыр екендігін, басының қай бөлігі қандай соққы алып, қалай ауырып жатқаны анықталмағанын, сондықтан тасымалдаудың да қиындық туғызып тұрғандығын, жолға жарау-жарамауының белгісіздігін жүрегі жылап тұрып жеткізген. Дәрігерлердің барлығына бірдей өкпе арта алмаймыз, алайда иманы үстем, қызметтегі нәсібін адалдан тауып, бала-шағасын ақ-адал нәпақамен асырау жолында жүрген әріптестің еңбегін лайлап жүргендер де бар.
Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Т.Бапиев ауруханасында болып жатқан жағдайды ертеңінде өзінен естіген Бейнеу аудандық ауруханасының бас дәрігері З.Байтүгеловаға, ота жасатса ғана барамын деп ауруханаға келмей қойған хирург Ә.Қанаевқа ренішін жасырмай жеткізіп, нейрохирург сынды мамандар нақты кеңес беріп тұрмағандықтан, ата-ананың ота жасатуға келісім бере алмауының да дұрыс екендігін атап көрсетті. Орын алған ауыр жағдайдан Бейнеу аудандық ауруханасының бас дәрігері неге хабарсыз, кезекші дәрігердің басшыны жұмыс уақытынан тыс мезгілде мазалауға құқы жоқ па, әлде жанашырларының жанұшыруымен шақыртылған санавиациямен науқасты облыс орталығына асырып жіберіп, жауапкершілікті аудара салуға үйренген бе? Бейнеулік дәрігерлер рентгенге түсірген «сау» бас сүйектің сынғандығы Ақтауға келгенде анықталды. Сонда қолда бар рентгенге дұрыс түсіре алмай, қорытындыны оқи алмай тұрған дәрігерлердің бас сүйекке ота жасауына қалай сенуге болады?.. Аудандық аурухананың байырғы аппараты – рентгенді меңгере алмаған дәрігерлер жүйесі басқа, тілі бөлек, жетілдірілген шетелдік құрал-жабдықпен қалай жұмыс істейді? Жанды жүдететін жайттар көп.
Бұл Бейнеу ауданының дәрігерлік қызмет көрсету саласына түбегейлі өзгеріс қажеттігін аңғартады. Осы оқиғадан соң көп ұзамай Бейнеу аудандық ауруханасының жансақтау бөліміне жоғарыда айтылған жігіттің диагнозымен, яғни бас сүйегінің сынуы және ми жарақатымен тағы бір науқас түседі. Бұрынғы қателіктерін ұғынған бейнеулік дәрігерлер шұғыл жиылып, ортақ ақыл-кеңестің нәтижесімен дереу іске кіріседі. Жігіттің басына ота жасап, аман алып қалады. Ал алдыңғы науқастың жазығы не, дәрігерлер неге оған да жұдырықтай жұмылмаған, неге қолда бар мүмкіндікті пайдаланбаған деген ащы да тұманды сауал туады.
Жағдайдың ушығуы дәрігерлердің білім-білігінде ғана емес, адами қасиетінің төмендеуінде және жемқорлықтың, тамыр-таныстықтың тамыр жаюында екені анық. Бүгінде дәрігерлердің көпшілігі мейірім тапшылығы, жауапкершіліктің төмендеуі және параға қызығушылықтың шектен тыс артуы дертімен ауырады деуге болады. Әлеуметтік желілердегі дәрігерлерге қатысты жантүршігерлік жазбалар мен ақпараттар соның дәлелі. «Жақсы сөз – жарым ырыс». Кей дәрігерлердің жанын шүберекке түйіп келген науқасқа қол ұшын созудың орнына жүре сөйлесуі, дөрекі тіл қатуы жылдар бойы қалыптасқан жағдай десек те, науқасты алдымен қарап, қан талдамаларын жасамай тұрып құлаш-құлаш дәрі-дәрмек тізімін жазып беруі, тамыр-танысының дәріханасына жіберуі, сондай-ақ тартпасынан желілік маркетинг бойынша сатылатын дәрілерді шығарып жарнамалай жөнелетінін қалай түсінуге болады?.. Және бұл санаттағылар қызметіне көңілі толмаған науқасқа «өз еркіммен бас тарттым, дәрігерге қояр кінәм жоқ» деген қолхатты жаздырып алуды да ұмытпайды.
Өмір мен өлім арасынан пайда көксеу жиіркенішті қылық, кері тартатын әрекет. Қызы медициналық жоғары оқу орнының ақылы бөлімінде оқып жүрген танысымның «оқуға жұмсаған ақшаны қызметке тұрған соң қайтарып алады ғой» дегені есімде. Бұл не деген құныққан құлқын, тоймайтын көмей, толмайтын аран, бітпейтін жанталас?!. Алда-жалда дәрігердің үстінен арызданып, өлім-жітімнің соңынан қудалай қалса, қылмысы бола тұра қызметкерін көпе-көрінеу жасырып, түрлі құжаттарды, анықтамаларды, науқасқа қатысты түсірілім-жазбаларды жойып, қайта жазып, қылмысты бүркемелеумен айналысатын басшылықты да кінәсіз дей алмаймыз. Әрине дәрігерлік қызметтің жалақысы аз. Алайда есебін науқастан айыруға тырысу, сырқатпен саудаласу аурухананы базарға айналдырғандай. Ажал аузында аласұрған пенденің қасіреті мен бейнетінен, қайғылы жанның көз жасынан пайда тауып ешкім көктемес, сірә...
Кеңестік кезеңде кеңшардың алыс жайлауларға бытырай орналасқан малды ауылдарын айына бір аралайтын фельдшерлер тұтас елдің арқа сүйері еді. Айдалада ажалдан аппаратсыз арашалап, ақы дәметпей арқа-жарқа аттанатын. Адамның амандығына, қызметінің адалдығына, сырқат жанға жасаған жақсылығына риза көңілмен сауап деп өзі қуанатын. Сондықтан Гиппократ анты әсерсіз болса, дәрігерлердің алдымен Жаратушыны еске алып, иман мен сауапқа көбірек ұйығаны дұрыс болар еді. Өйткені ар алдындағы адалдық көп дүниеге көмектеседі. Яғни дәрігерлердің білімін жетілдірумен бірге жауапкершілік мәселесін нығайтуды заңмен және иманмен орнықтыру қажет. Ақ желеңді абзал жан дәрігерлік мамандықты айлық алу үшін емес, ел, қоғам, ұлт болашағы алдындағы зор жауапкершілік деп ұғынғаны абзал.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»