• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
23 Ақпан, 2010

ТЫЛ ТЫЛСЫМЫ

1272 рет
көрсетілді

Жау өтіндегі жауынгер оққа денесін төсеп, көзсіз ерлік көрсетсе, тылдағы елдің жанкештілері арыстанша аласұрып, “Бәрі майдан үшін!” ұранымен күнді түнге ұрды. Қан кешіп жүргені де, ұйқы-күлкісіз еңбек көрігін қыздырғаны да Жеңісті жақындатты, отанын басқыншыдан арашалап қалды. Соғыстан қайтқан солдаттар мен тыл қаһармандары кейін тізе қоса қимылдап, халық шаруашы­лы­ғын қалпына келтіруге күш-қуатын сарқа жұмсады. Майдан мен тыл енді түкпірдегі елде кең тыныспен одақтасып кеткендей еді. Арман-мүддесі бұрынғысынан бетер ұштаса сабақтасып, майдан­герлер мен тылдағылар тегеуріні тылсым күшпен таңғалдыра түскен. Ел қамын жегеннің еңсесі биік. Бүгінде олардың қатары да әбден сиреді. Оларға қамқорлықты ши­рату, материалдық жағынан қолдау тұрғысында Елбасының биылғы Жолдауында да нақты іс-шаралар көрініс тапқан. Мұндай ізетті іске бүкіл халық болып разылық та­нытуда. Деректерге сүйенсек, тылға қа­тысты тылсым сырлар ашыла тү­седі. Торғай өңірінің өзінде тыл еңбеккерлері тарапынан атқарыл­ған таңғаларлық істер жеткілікті екен. Мәселен, амангелділіктер маң­дай ақыларын күнкөріс шығы­нынан үнемдеп, соғыстың төрт жы­лында 2,5 миллион сомның заемын сатып алған. Мұнымен шектелмей, үй жағалап қаржы жинап, 3,6 миллион сомды Амангелді Иманов атындағы ұшақ эскадрильясын жасақтауға қолма-қол аударыпты. Онсыз да қара суға қарап қалған бір­де-бір отбасы қыңқ етіп, қар­сы­лық білдірмеген. Майдан күшейсе, өздерінің ұпайы түгел. Жеңіс жо­лында бәрі құрбан. Осындай мәрт­тік мінезбен тағы да танк колонна­сының құрылымына деп 1 миллион 820 мың сом аударып жіберген. Қарлығаштың қанатымен су сепкендей әжетке жарасақ болды деген ұмтылыс елдегілердің өз мүд­десін тіптен ұмыттырыпты. Май­данмен бірге өмір сүріп, тыныс алыпты. Ақ қар, көк мұз жастанып шайқасқа түскен 4 мыңдай жауын­герді жыл сайын қысқы-жазғы киім-кешекпен қамтамасыз етіп отырған. Міне, мұндай қаракетке қалтасындағы барын салып көмек­тес­кендердің тізіміне үңілсек, Мәу­лен Әбішев 105 мың сом, Намазбай Әмзин 56 мың сом үлес қосқанын көреміз. Мұнымен шектелмеген кей­біреулер жекелеген жауынгер­лер­ге мүмкіндігінше сәлем-сауқат жіберіп отырған. Мысалы, Есіл ауда­нының еңбеккерлері 1942 жылдың наурыз айында 659 посыл­ка жіберген. Келесі жолы Жаңа жылға тарту деп 184, Қызыл әскер күніне деп 141 посылканы және салыпты. Титімдей болса да тие берсін, қажетіне жарасын деген тілеулестік кеуіл ғой. Арғы жағында Жеңіске деген құштарлық сезімі жан жылытатындай. Кең мінезді қазақтың дарқан көңілін танисыз. Ортақ қайғыны қолтықтасып көтере білудің жарқын көрінісі ғой бұл. Қашаннан өле жегенше, бөле жегенді қолай көретін қазақ сол бір қысылтаяң сәтте төтенше амал қа­рас­тырады. Бұл қиыннан қиысты­рыл­ған қадам Жангелдин ауданын­дағы тыл еңбеккерлеріне қатысты еді. Олар кеңесе келіп Украинаның жаудан азат болған елді мекендері мен ірі қалаларына азық-түлікпен көмектеспек болып, сол жаққа мал айдап апармаққа тас-түйін бекінеді. Сондай шешім қабылданған құ­жатқа қарағанда, аудан құрамын­да­ғы 44 колхоздан қысқа мерзім ішінде 3046 ірі қара жиналыпты. Енді дереу осынша малды жаяу-жалпылап, айдап апаратын тәжіри­белі малшылар іздестіріле бастай­ды. Кәнігі бақташылар майданға кеткен, кәрі-жасына қарап жататын уақыт па? Денсаулығы жарамдылар іріктеледі. 44 адамнан жасақталған экспедицияда соғыс өртінен жара­лы боп оралып, әрең-мәрең қатарға қосылған 7-8 солдат және 6 әйел бол­ған, өзгесі қартаңдау адамдар еді. 16-17 жас аралығындағы екі боз­баланы да өз өтініштермен ілестіре кетіпті. Сонымен, олар 1943 жылдың 10 мамырында арбаларға жеңіл-желпі жүгін тиеп, алдарына 3046 малды салып, Украинаны бетке ұстап жол­ға шығады. Басшылары – ке­зін­де жауапты қызметтер атқарған, ыстық-суыққа ысылған азамат Бек Баспақов болатын. Бәрі соның аузын бағады. “Межелі жеріміз 5500 шақырым. Бір Аллаға сиы­найық та, Жеңіс үшін жан пида дейік!” – деп ол арбаға жегілген кер­төбелдің тізгінін қағып-қағып жібереді. Сол кеткеннен олар мол кетіп алты ай дегенде, 27 қараша күні Ворошиловоград қаласының маңына ат басын тірейді. Мал ба­сын шығынсыз жеткізеді. Сапар­шы­лардың кейбір жазбаларында бұл табысқа мал дәрігері Р.Сүйін­шәлиннің, сондай-ақ Ә.Досбаев, Е.Ахметбеков, Ш.Қараманов, Ш.Құлмағанбетов секілді ер-азаматтардың зор үлес қосқаны ризашылықпен жазылған екен. Олар бүгін саламат па, жоқ па? Ол жағы беймәлім. Қалай болғанда да отан үшін атқарған істері ұрпақтар жадынан өшпек емес. Тірі малмен тәуірленіп қалған украйндықтар қазақ бауырларын бірнеше күн тынықтырып, әл жинатқан соң, арқаларынан қағып елге қимастықпен шығарып сала­ды. Қайтарда олар пойызбен Пенза, Куйбышев, Челябі арқылы Қостанайға жетеді. Келгесін ауылдағылар бастары­на көтереді бәрін. Қаумалап, жай-күйін сұрастырады. Сонда Бектің айтқанына біреуі сенсе, біреуі сенбей бас шайқайды. Бек бәрін қоспасыз баяндаған ғой... Елден бы­лай шыға арбаларының доңға­лақ­тары шатқаяқтанып кетеді. Қыс бойы қараусыз жатқан, жеңіл-желпі жөндемге көнбеген ғой. Ақтөбеге жеткесін ретке келтіріп алады. Жай­ықтан әрі өткесін құлазыған жазық далада ыстық құмға шыж­ғы­рылып, күйіп кете жаздайды. Үш күнгі шөлден аңқа кеуіп, әзер дегенде Волга жағалауына ілігеді. Сала құлаш өзеннен сал арқылы өтіп, Сталинград маңайына табан тірейді. Қайран да қайран қара мал, жаны сірі ғой, тілерсегі майысса да жолай отыға жүріп, қоңын бермей, майдан қолына өткізіледі. Ниет түзулігі шығар, жау жасырған миналы жолда бір мал шетінемепті. Кейін, араға 67 жыл түскен соң осы оқиғаны ойласақ, жанкешті сапарға тәнті бола түсеміз. Неткен жүрекжұтқандық. Отансүйгіштіктің ерен мысалы емес пе? Украйн же­рін жаудан азат етуде қазақстан­дық­тардың көрсеткен ерлігіне әркім бас иеді. Тарих қазақ елінен барып Днепрден өту шайқасына қатысқан 2438 жауынгердің ішінен ғана 21-і кеңес одағының Батыры атанғанын ұмытпайды. Дәлірек айтсақ, олар қазақстандық 73- гвардиялық дивизияның құрамында жауға атылған арыстандар еді-ау! Украйн жерін қазақтар оғымен де, азық-түлігімен де қорғасыпты-ау! ...Айтып-айтпай не керек, тыл­дас­тардың ұсынған дәм-тұзы әр жүрекке әл-қуат берген ғой! Же­ңісті жақындатқан тыл ішінің тыл­сым күшін әлі де жалықпай, індетіп айтып, тарқата түскеніміз абзал. Және де аптықпай, жасқанбай, ны­ғырлап, негіздеп айтатын кез келді емес пе? Ешкім де, ешнәрсе де ұмыт қалмауы тиіс десек, тыл күрес­керлері туралы көп те, дөп те айта білейік. Қайсар ӘЛІМ.