Ұшқан құстың қанатын, жүгірген аңның тұяғын талдыратын шет-шегі жоқ жазиралы кең дала. Көк мұнармен көмкерілген көгілдір таулардың ұшар басы қазбауыр бұлттарды іліп алып, кілкіген көгілдір әлеммен астасып жатыр. Үзіліп түскен моншақтай көгілдір көлдер баяу ғана толқиды. Осы бір әдемі сурет көз алдыңа қанық бояуымен көлбеп келгенде, көкірегің қуанышқа шүпілдеп-ақ кетеді. Бұл менің елім, менің жерім, атамекенім!
Ән осылай дейді, жаныңды тербейді, жүрегіңді әлдилейді. Ән әсерінен жамыраған жұлдыздай маздаған сезім оты жан жүрегіңді жылытып отырған сәтте еріксіз мақтаныш сезімі, атамекенге деген сүйіспеншілік қуаты таудан аққан тұма бұлақтай өне бойыңды шарлап, алпыс екі тамырыңды қыздырмасы бар ма?.. Әншінің де дауысы сұрапыл екен. Жаңағы жалпақ далада бір шөкім меруерттей жалт-жұлт еткен көл үстіндегі құс төресі – аққудың үніндей сызылып-ақ тұр.
Әнші Александр Агофонов – Қарағанды қаласының тумасы. Көкшетаудағы Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің түлегі, қазіргі күні Сандықтау ауданындағы ауылдық мәдениет үйінің директоры болып қызмет істейді. Колледжде оқып жүрген кезінде әнге көңілі ауған. Жалғыз ынта ғана емес, табиғи талант, яки дауыс та бар. Ән болғанда Александр Валентиновичтің сүйсініп, сүйіп айтатыны кілең қазақ тіліндегі патриоттық әндер. Солтүстік өңірде өзге жұрттың қазақша тіл сындырғанының өзі жетістік болып есептеледі. Ал ән салу өзгеше өнер. Оның ішінде тыңдарманын керемет әсерге бөлеп, құлағыңнан кіріп, көңіліңде Отан сүю қасиетінің дәнін егетін әнді айту, ел ішінде насихаттау, замандастарының көкірек көзін ашу азаматтық.
– Репертуарымда осындай тақырыптағы жүзден астам ән бар, – дейді Александр Валентинович, – біздің Максимовка селосында әлденеше ұлттың өкілдері тұрады ғой. Бәрі сүйіп тыңдайды. Ұйып тыңдаған соң маған да қанат бітіп, айта бергім келеді. Әрине, әр әнші өзінің жүрек қалауымен тақырып таңдағаны, ән таңдағаны дұрыс. Мен осы патриоттық әндерді бар ынтаммен орындаймын.
Осы өлкеде дүниеге келіп, ат жалын тартып мініп, дәм-тұзын татқан Александр бауырымыздың ниеті жан дүниемізді елжіретіп жіберді. «Азамат болсаң, осындай бол!» дедік біз өнерімен өлкенің өрендеріне ел мен жерді қадірлеуді әнімен ұқтырып жүрген әншіге.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы,
Сандықтау ауданы