Құқық үстемдігін құрметтеуді және жаппай заңға мойынұсынушылықты мақсатты және жүйелі түрде қалыптастыру – уақыт талабы. Ал Конституция талаптарын нығайту құқық үстемдігін қамтамасыз еткен жағдайда ғана толыққанды іске асырылмақ. Бұл адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына деген кепілдікті, құқықтық ашықтықты, әділдікті, заң алдындағы теңдікті сақтап, өкілеттілікті асыра пайдалануға жол бермеуді және сот төрелігіне қолжетімділікті қамтиды. Бірақ осы қағидалардың орындалуы қалай жүзеге асырылмақ?
Бұл біздің құқықтық, демократиялық мемлекет ретінде қоғамдық құндылықтарымызды орнықтырудағы маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Өйткені кез келген адамның құқы қорғалуы үшін, алдымен заңдылық сақталып, конституциялық құқық үстемдігі салтанат құруы тиіс. Бұл – бүгінгі өркениетті елдердің басты ұстанымы. Мәселен, әлемде экономикасы озық, саяси мәртебесі биік, өркениетті елдердің басты көрсеткіші адам құқының қорғалу деңгейімен айқындалады. Мұндай елдерде барлық материалдық жақсылық, алдымен адамның өзіне, ал әділдік оның құқын құрметтеуге бағытталады. Осындай оң жағдай жасалған мемлекеттердің халқы да елдегі тәртіп пен талаптың жоғары болғанын қалайды.
Ал біздің елімізде қалай? Адамға алдымен жақсылық жасалуы үшін бір ғана мекеме, яки ұйым емес, мемлекеттің барлық саласы жұдырықтай жұмылуы керек. Әсіресе соның ішінде, құқық қорғау салалары заңдылықтың сақталуына аса мән бергені жөн. Олай дейтініміз, Ата Заң – Конституциямызда «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп жазылғаны белгілі. Демек Ата Заңымыздың бірінші бабында айтылған бұл қағида барлық мемлекеттік салалардың бірігіп қолға алар негізгі міндеті болып отыр. Алайда осы айтылған маңызды міндеттердің орындалуын Конституциямызға сай кім қамтамасыз ете алмақ? Міне, осы орайда Елбасының: «Конституциялық Кеңес конституциялық заңнаманы қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Оның қызметі – қазақстандық заңнаманың Негізгі Заңның рухына және әрпіне сәйкес келуінің берік кепілі» деген сөзі осы тәуелсіздік жылдары ішінде барлық мемлекеттік салалар жұмысының оң реформалануына жол ашып отыр.
Жалпы бұл орайда мемлекетімізде Конституциялық Кеңес қызметінің сапасын жетілдіру жолына о бастан-ақ ерекше назар аударылып келеді. Президент Конституциялық Кеңестің Ата Заң үстемдігін қамтамасыз ететін мемлекеттік орган екеніне тоқталып, оның әлеуетін одан әрі арттыра түсу қажеттігіне де назар аударып отыр. Сондықтан Парламенттің, еліміздегі мемлекеттік органдардың қабылдаған бүкіл заңдары мен нормативтік құқықтық актілері Конституция ережелеріне және нормаларына толық сәйкес келуі тиіс.
Ендеше мемлекеттік салалардың қайнар көзі Ата Заңымыздың талаптарынан бастау алады десек, осы орайда Президент Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің сот жүйесін әлемдік стандарттарға сәйкестендіруде көптеген көшелі міндеттерді алға қойды. Ең бастысы адам құқы барлық жағдайда басты назарға алынуы қажеттігін қатаң тапсырды. Бұл айтылған ортақ мақсаттарды жүзеге асыруда құқық қорғау органдарының және сот жүйесінің атқаратын міндеті зор. Мәселен, тәуелсіз және әділетті сот – құқықтық мемлекеттің негізі болып табылады. Сондықтан еліміз әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылу үшін сот жүйесінің атқарар жұмыстарын Конституция талаптарымен үзбей сәйкестендіріп, жүйелі түрде жүргізу – заңдылықтың қайнар көзі. Осындай жүйелі де үлгілі атқарылған жұмыстар нәтижесінде тәуелсіздік жылдары ішінде құқық қорғау органдары мен сот жүйесі ғана жетіліп қоймай, елімізді әлем таныды. Қазақстан дүние жүзін мойындатты.
Ендеше Елбасы алға қойған тапсырмаларды мүлтіксіз орындауда арқасүйер Ата Заңымыздың әлеуеті зор дейміз. Соған сай Конституциямызда мемлекеттің ең қымбат қазынасы адам және оның өмірі деп нақты белгілеуіне орай өрбіген заңдылықтарымыздың одан әрі өріс алуына сәйкес қызметін жүргізетін Конституциялық Кеңес мақсатының да маңызы арта бермек. Бұл орайда, жоғарыда айтқанымыздай, Конституция талаптарының жіті сақталуына аса көңіл бөлініп, азаматтарымыздың құқын қорғауда құқық қорғау органдары мен сот жүйесі жұмысы соған сай жүргізілуі қажет. Сонда ғана адам құқының қорғалуы – заңдылықтың сақталуы деген қағида шын мәнінде жүзеге асып, әділдіктің тек соттарда ғана емес, мемлекеттің барлық саласында салтанат құра алатындығына көз жеткізе аламыз.
Александр ТАСБОЛАТ,
«Егемен Қазақстан»