Қазақтың ұлттық сөз қоры уақыт көш-керуенінің тоқтаусыз алға жылжуына байланысты жаңарып-жасарып, үздіксіз дамиды. Ғаламды толық қамтып отырған жаһандану дәуірінде технологиялық-инновациялық үрдістерге байланысты жаңа терминдермен байытылып отырады. Елбасымыз Н.Назарбаевтың соңғы кезде мемлекеттік тілімізді жаңа терминдермен байытуға ерекше көңіл бөлуі де тегіннен-тегін болмаса керек. Өзі өмір сүрген дәуірде қолданысқа енген терминдердің ана тіліміздегі баламасын асқан шеберлікпен дәл тауып, әдеби қалыпқа келтіріп, халықтың қолданысына енгізіп отырған ғалымның бірі Ісләм Жарылғапов болатын.
Қазақ тiлi тоқырап тұрған кездiң өзiнде Iсләм Жарылғапов лексикология, лексикография, жаңа сөздер жасау саласында 500-ден астам жаңа сөздердi, неологизмдердi, орыс және шетел тiлдерiндегi сөздердiң лексикалық, сөз тiркестiк балама сөздерiн өмiрге алып келдi. Термин жасаушы, сөзжасаушы ғалымның төл туындылары – жаңа сөздерi қазақ халқының, ғалымдарының, ақын-жазушылары мен журналистерінiң шығармашылық шабытына қуат бердi, кәдесiне жарады. Кезiнде жазушы, драматург Асқар Сүлейменов Iсләм Жарылғаповтың көркем сөз зергерлiгi туралы «Жақсыдан сөз шығады жан секiлдi, тамырдан атқылаған қан секiлдi» деп бағалаған екен. Күнделiктi тұрмысқа енгiзiп кеткен, қалада да, ауылда да кең қолданысқа ие, тiлiмiзден түспейтiн аялдама, балмұздақ, анықтама, күнделiк, жанұя, көрермен, оқырман, саяжай, жағажай, ғарыш, зымыран сияқты көптеген жаңа сөздерi туған халқымен бiрге мәңгi жасай беретiн болады. Ескi мен жаңаны жымын бiлдiрмей жалғастырып, ана тiлiмiздi сара соқпаққа салып жiберу үшiн көрегендiк қабiлет пен жан-жақты терең бiлiм, бай сөздiк қорды меңгерген сирек дарын иесi болды.
«Көп тiлден түйiп ой-сезiм,
Төл тiлдiң аршып көл көзiн.
Төлдетiп ана тiлiмдi,
Бес мың сөз қостым мен өзiм.
Саяқ сөз тарап кендейiн,
Көрсетпес сөзге деңгейiн.
Романға кiрсе әр сөзiм,
Романнан қалай кем дейiн» деп жазады Iсләм Жарылғапов.
Бұл өлеңiнде Iсләм Жарылғапов өзiнiң тапқан жаңа сөздерi, сөз тiркестерi бар, шетел тiлдерiнен аударған балама сөздерiнiң жалпы санын көрсетсе керек. Оның iшiнде жаңа сөздерi мен термин сөздерi бес жүздiң басын құрайды.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi ретiнде Iсләм Жарылғапов өзiне «Негр» деген лақап атты (псевдоним) таңдап алады. Бұл теңеу бүкiл саналы ғұмырында жалқаулық дегендi бiлмей, елi үшiн тер төгіп, еңбек еткенiн бiлдiрсе, екiншi мағынасы аудармашылық қызметіне байланысты айтылады. Аударма ісімен ұзақ жыл айналысқан, бұл саланы үлкен өнер деп қабылдап, шығармашылық қызметпен егiз ұғымда зор құрметпен қарап келген Iсләм Жарылғапов жазушымен бiрдей тер төгiп, еңбек ететiн аудармашы заңдылық, материалдық және моральдық тұрғыдан көп төмен екенiне кейiстiк бiлдiредi. Аударма сөзi кезiнде «тудырма» сияқты қолайлы әрi мазмұнды мағынасын таба алмағандықтан құлаққа сiңiсiп кеткен. Шын мәнiнде «аударма» сөзi ақыл-ойсыз, сезiмсiз, қолдың қимылымен атқарылатын әрекет. «Туынды» қол еңбегi емес, ой еңбегiн бiлдiредi.
Көркем аударма өнерiнде үнемi бұлжымай қолданатын тұрақты, тұрлаулы үлгi жоқ екенiн алғаш айтқан, аударма iсiне елеулi жаңалық енгiзген жандардың бiрi де Iсләм Жарылғапов едi. Көркем аударма әрбiр көркем туынды секiлдi қатып қалған үлгiден тумайды. Шалқыған шабыттан, сан-қилы шеберлiктен өрбидi. Сондықтан да көркем шығарманы аудармашылар түрлi-түрлi аударады. Олардың қайсысы сөзбе-сөз емес түбiрдiң әсерiн, ой құнарын дәлме-дәл жеткiзсе, жақын келсе, нағыз көркем аударма сол болады. Iсләм Жарылғапов бiр тiлден екiншi тiлге аударуды, аударма iсiн үлкен өнер деп түсiнедi. Бiр халық пен екiншi халықты үндестiретiн, жақындастыратын алтын арқау, дәнекер, достық көпiр деп түсiнедi. Шiлдедегi шегiрткедей ұшып келген кiрме сөздер ұлттық тiлiмiздiң бақшасына қаптады да кеттi. Iсләм аудармалар арқылы қазақ тiлiне бiрнеше сөз қосты. Орыстың ұлы жазушысы И.С.Тургенов орыс тiлiне «шуршит», яғни, «Камыш шуршит» («Қамыс сыбдырлайды») деген сөз қосқанын замандастары қуана қабылдаған. Ал Iсләмнiң тiл саласындағы рухани байлығы – сирек кездесер жайт. Қазiр қазақ бiткен қолданып жүрген басылым (издание книги), көрермен (зритель), оқырман (читатель) деген сөздер Iсләм қаламының жемiсi. Формальды түрде қарасақ, бұл сөздер әрине, лингвистикалық фактiлер, бiрақ осы сөздер арқылы әрқилы сезiмдi, ойды құбылта суреттей бiлгенде, әлбетте әдеби фактiлер болары өзiнен-өзi түсiнiктi нәрсе ғой… Ғалым өмірінің соңғы жылдары қосқан оқулық (учебник), жем-шөп (корм), санамақ (считалка), мазақтама (дразнилка), ойынхана (игротека) әдемi табылған терминдер.
«Бiзде сөз жасампаздық өнерiмен шұғылданып, көптеген сөздерге балама тауып, кейiн әдеби тiлде қабылданған әдеби сөздердi дүниеге келтiрген I.Жарылғапов, М.Әлiмбаев, Ә.Сатыбалдиев сияқты ақын-жазушы, журналистерiмiз бар. Мысалы, тiлiмiздегi балмұздақ (мороженое), басылым (издания), жазылыс (подписка), көрермен (зритель), теледидар (телевидение), аялдама (остановка) сияқты сөздердiң пайда болуы iзденiмпаздықтың жақсы үлгiсiн көрсетiп жүрген Iсләм Жарылғаповтың есiмiмен байланысты. Бiлгiр аудармашының кейiнгi кезде ұсынып жүрген уыздық (яичница), бейдауа (рак), iлдiрiк (оправа), азагүл (венок), қазанама (некролог), жағажай (пляж) сияқты сөздерi де әдеби лексикамызды нәрлендiруге дайын тұрған сөздер» деп жазды ғалым Шора Сарыбаев 1971 жылы 27 тамызда «Лениншiл жас» газетiне жазған «Әдеби тiл – дiттеген мүдде» атты мақаласында. «Егер «роддомның» баламасы ретiнде I.Жарылғаповтың ұсынып жүрген «анахана» сөзiн пайдаланатын болсақ, онда перзентхана сөзiне «яслидiң» мағынасын жүктеу керек. «Хана» арқылы жасалған осы тақылеттес сөздер қазақ говорларында көп. Мысалы, дәмхана, атхана, майхана, мұзхана, тойхана сияқты қалтарыста жатқан сөздердi жиып-терiп, сөз байлығымызға қосу жағын ойластырсақ».
Iсләм Жарылғапов ұзақ жылдар теледидар мен радио эфирiнен сөз сөйлеп, ұлтымыздың мәдениетiне, әдебиетi мен тiлiне қатысты келелi әңгiме қозғаған. «Туған Қазақстан туралы ойлар», «Сөзстанға саяхат», «Сөз туралы сөз» деген тақырыптарда он төрт хабарға қатысып, сөз сөйлеген екен. «Сөз туралы сөз» атты кiтап та жазу ойында болған. Қазақ халқының арасындағы қысқа да нұсқа шешендiк сөздер мен шағын шумақтан тұратын нақыл сөздердiң басын құрастырып, «Гүлгүл» деген атпен жинақ шығару да ойында жүрген. Ой-санасы өсiп келе жатқан халқымыздың жас ұрпақ өкiлдерiне арнап «Орысша-қазақша сөздiк» жасап, кiтап етiп шығаруды да армандаған. Сол кезеңдерде баспадан шыққан «Орысша-қазақша сөздiктерге» онша көңiлi толмаған. Олар бiлiмдi жандардың, әсiресе, жазушы-аудармашылардың талабын толық қанағаттандыра алмайды, жоғары талғамға сай емес деп бағалаған. Жаңа сөз жасауда бiрiншiден, қазақтың ертедегi сөз жасау тәжiрибесiне, екiншiден, орыстың классикалық және кейiнгi сөз жасау тәжiрибесiне, үшiншiден, әлем халықтары тiлдерiнiң бай сөз жасау тәжiрибесiне, төртiншiден, классикалық және орыс лингвистикасы негiздерi философия тiлiнiң классикалық үлгiлерiне көбiрек сүйенедi.
Тiл бiлiмi ғалымдарының пайымдауынша, қай халықтың тiлi болмасын – ол өзiнiң байырғы тiлдiк қорын кәдеге асыру, көнерген, диалектизм, жаргон сөздер, синоним сөздердi пайдаланады. Сөзжасаушы ұмыт бола бастаған көне сөздердi жаңғыртып, уақыт ағымына сәйкес жаңартады. Ертеде жолдас сөзi – ұзақ жолға жолаушылап шыққан адамның серiгi деген мағынаны бiлдiрiп келсе, кешегi кеңестiк дәуiрде бiр-бiрiне дос, бауыр деген мағынаға ие болды. Яғни бұрынғы қолданыстағы бар сөзге жаңаша мағына берiлдi. Екiншi жолы басқа халықтардың сөздерiн өзiмiздiң ұлттық тiлiмiзге телiп алу. Түбi бiр түркi тiлдес халықтарының, орыс және шетел тiлдерiнен ауысып келген сөздер. Ғылыми-техникалық, бiлiм-ғылымға байланысты ғарыш, ұшақ, зымыран, ғарышкер сөздерi өмiрге келдi. Үшiншi жолы тiлдiк қорымызда мүлде жоқ жаңа сөздердi жасап шығаратын тiл мамандарының, әдебиетшiлердiң шығармашылық еңбегi. Жаңа сөздердiң жалпыхалықтық қолданысқа ие болып, сiңiп кетуi де оңай емес. Жаңа сөздер мемлекеттiк терминологиялық комитетiнiң бекiтуiнен өткеннен кейін мерзiмдiк баспасөз бетiнде жарияланады. Ақын, жазушылардың көркем шығармаларында, журналистер қауымының жазған материалдарында жарияланып, телерадио хабарларында оқылып, жұртшылықтың құлағына естiлiп, бiртiндеп көңiлiне қона бастайды. Сәтiн салып табылған өмiршең сөздер әдеби тiл нормасына енiп, кең қолданысқа ие болады.
Кешегi кеңестiк дәуiрде ұзақ жылдар орыс тiлiндегi ученик, учащихся, читающий книги сөздерiнiң мәнiн «оқушы» деген жалғыз сөз бiлдiрiп келген болса, Iсләм Жарылғаповтың читательдi – оқырман деп аударып, жаңа сөз табуы әлгi орыс тiлiндегi бiрнеше сөздердiң аражiгiн ажыратып, тiл мәдениетiнде үлкен жеңiлдiк жасап бердi. Қазақ тiлiнiң сөздiк қорын байытатын жаңа сөздер жасауда тiл заңының талаптары сақталуы тиiс. Онсыз жаңа сөздер нанымсыз, жасанды болып шығады. Жаңа сөз жасағанда ана тiлiмiз қорына және үлкен сөз зергерлерiнiң сөзжасау үлгiлерiне көп сүйенуге тура келедi. Дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллин шығармаларында «жұмыскер» деген сөздi көп қолданып жүрдi. Ал Iсләм Жарылғапов художник слованы – суреткер деп атады. Балмұздақ сөзi балқаймақтың үлгiсiнен жасалған. Бiрiккен сөздер дыбыстардың үндестiк заңы арқылы жасалады. Алайда iшiнде балы жоқ, балдай тәттi, мұздай салқын сөз тiркестерiнен балмұздақ сөзi шығып тұр. «Аялдама» – остановка – тоқтау, кiдiру, аялдаудан келiп осы атауды таңдап алады. Тоқтау сөзi ұзағырақ уақытты бiлдiредi, кiдiру сөзiндегi «i» әрпiнiң буыны қысыңқы келедi. Сөзжасаушы естiлуi жiңiшке дыбыстан қашып, ашық, жатық айтылатын «аялдауды» алуды дұрыс көрген. Бұл сөзжасаушының тапқырлығы. Осы аялдаманың – баяндаманың үлгiсiнде жасалғаны көрiнiп тұр. Өткен ғасырдың 40-жылдарына дейiн газет-журналдарда докладты сол күйiнде жазып келiп, қазақ жазушылары баяндама деп алатын болған.
Iсләм Жарылғаповтың аударма еңбектерi арқылы енген «өткелiн бiлмей, өзенге түспе» (Незнавший броду, не лезьте в воду), «Жаныңыз жадырасын!» (С легким паром!) дейтiн тұрақты сөз тiркестерi әбден тiлде де, ауызекi сөзде де еркiн қолданысқа ие болды. Осы аударма арқылы келiп, ана тiлiмiздiң қорына енiп, бiте-қайнасып кеткен жаңа сөздер мен сөз тiркестерi, сөйлем орамдары, жазба және ауызекi тiлiмiзде жиi кездеседi.
«Мен үшiн ең жоғары награда оқырмандар мен тыңдармандардың маған деген ықыласы, қазақ тiлiнде жатық сөйлеткен аударма кiтаптарым, газет-журналдарда жарияланған әңгiмелер, өлеңдер, мақалаларым туралы жұртшылықтың ризашылық сезiмiн бiлдiрген хаттарын алдым, ауызекi сөзде жылы пiкiрлерiн естiдiм. Мұның бәрi мен үшiн үлкен марапат» деп жазады аудармашы, ғалым.
Биыл туғанына ғасыр толған ұлтымыздың аса көрнекті ғалымы Ісләм Жарылғаповтың мерейтойы елімізде кеңінен аталып өтіп, туған жері Қарағанды өңірі мен Алматы қаласындағы бiр көшеге, бiлiм ошағы мен мектепке есiмi берiліп, соңында қалған жазба мұраларын мемлекеттік тапсырыспен жарыққа шығару, жаңа сөздері мен терминдерін түркі халықтарының тілдеріне аудару мәселесі де кезек күттірмейтін міндет болып тұр.
Өтеш ҚЫРҒЫЗБАЕВ,
Қазақстанның құрметті журналисі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Ісләм Жарылғапов мұрасын зерттеуші