Қазақстан тарихының шетелдік тарихнамасының негізін қалаушы, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты Көшім Лекерұлы Есмағамбетов биыл сексеннің сеңгіріне шығатын еді, тағдыр оны бұйыртпады. Бәлкім, толассыз тірлік, тынымсыз еңбек те із-түзсіз кетпеген шығар.
1965 жылы П.Лумумба атындағы Халықтар достығы университетін тарихшы және ағылшын тілінің аудармашысы мамандықтары бойынша үздік бітірген Көшім 2002 жылдарға дейін Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарында ұстаздық етіп, Сыртқы істер министрлігінде бөлім меңгерушісі, «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар орталығының жетекшісі, Құжаттану және мұрағат ісі бойынша ғылыми-техникалық ақпарат орталығының директоры т.б. қызметтер атқарды. 2003 жылдың қаңтарынан 2016 жылы бұл дүниеден озғанша Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының шығыстық деректану, Шығыс халықтарының тарихы мен мәдениеті бөлімінің бас ғылыми қызметкері болды.
К.Есмағамбетовтің қоғамдық һәм саяси еңбек жолы оның еліміздің рухани өмірін дамытуға орасан үлес қосқан ірі тарихшы-ғалым екендігін айқын танытады. Өткен ғасырдың 70-жылдарының өзінде-ақ ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлауға ерекше үлес қосып, республикада энциклопедиялық әдебиетті дайындап, басып шығаруға үлкен күш-жігер жұмсады. 13 томдық «Қазақ КСР энциклопедиясын», «Қазақстан КСР энциклопедиясын», «Қазақ КСР» қысқаша энциклопедиясын (4 томдық, қазақ және орыс тілдерінде), «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясын, «Философиялық сөздік» т.б. басылымдарды дайындауға қатысты. Оның ғылыми-әдіснамалық жетекшілігімен «Қазақстан тарихы мен мәдениетінің ескерткіштері жинағы» атты іргелі еңбек жарық көрсе, «Ақмола», «Батыс Қазақстан облысы», «Солтүстік Қазақстан облысы» атты аймақтық энциклопедияларды шығаруға қосқан еңбегі қомақты. Сондай-ақ ол еліміздің мұрағат мекемелерімен қоғамдық негізде қарым-қатынаста болып, тарихи дереккөздердің сақталуына және олардың толықтырыла түсуіне ұзақ жылдар көмек көрсетіп, «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Ана тілі» және басқа да мерзімді баспасөз беттерінде «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын насихаттауға белсене қатысты. Тұңғыш редакторы ретіндегі «Қазақстан мұрағаттары» журналының қалыптасуы да оның есімімен тығыз байланысты.
Отандық тарих ғылымының басым бағыттарын зерттеуде айрықша еңбек еткен К.Есмағамбетов 30-ға тарта кітап пен 200-ден аса ғылыми мақала жазып, жарыққа шығарды. Оның ғылыми кадрларды дайындаудағы рөлі де айрықша, 13 ғылым кандидаты мен 9 докторы Көшекең қолынан үлкен ғылымға жолдама алған еді.
Соңғы кездері Көшім Лекерұлы Есмағамбетовтің шығармашылық еңбегінің басты саласы – берісі Түркістан аймағының, арысы бүкіл түркі жұртының тәуелсіздігін ту еткен, ғұмырының соңғы күреске толы жиырма жылдан астамын сонау Еуропаның төрінде өткізген Мұстафа Шоқайдың (1890-1941) өмірі мен қызметін зерттеу болды. Ол шетелдік мұрағаттар мен кітапханаларда сақталған, коммунистік қыспақтан шетелде тұруға мәжбүр болған аса ірі саяси қайраткердің Кеңес Одағындағы түркі халықтары туралы, оның ішінде тұтас Түркістан аймағындағы қайшылықты болмысты, пролетарлық Ресейдің озбыр саясатын әшкерелеу үшін Ыстанбұл, Париж, Берлин, Лондонда сөйлеген сөздерін, жасаған баяндамаларын, батыстық басылымдарда жарияланған мақалаларын зерделеп, 30-ға тарта ғылыми мақала жазды. 2006 жылы екі томдық «Мұстафа Шоқайдың эпистолярлық мұрасы» атты жинақты шығаруға ғылыми жетекшілік етіп, 2008 жылы көлемі 30 баспа табақтан астам «Әлем таныған тұлға» атты монографиясын шығарып, Мұстафа атын азын-аулақ білетінді де, оны арнайы зерттеу объектісі еткендерді де елең еткізді. Шын мәнісінде, бұл еңбекте шынайы гуманист, қажырлы да қайсар тұлғаның саяси қызметі, қаламы жүйрік публицист ретінде әлемге танылғандығы жан жақты дәлелденді. Бұрын әр қырынан зерттеліп жүрген атақты саясаткердің шынайы адами, күрескерлік һәм шығармашылық болмысы барынша ашылып, күрделі тұлға өз тұғырына қонғандай болды. Осы монографиясы үшін Көшім Лекерұлы Есмағамбетов 2009 жылы Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықпен марапатталды. Бұл еңбек түрік тіліне аударылып, «Отукен» (Ыстанбұл) баспасынан жарық көрді.
2012-2014 жылдар аралығында ерекше шығармашылық қайраттың иесі Көшім Лекерұлы жетекшілігімен жалпы көлемі 400 баспа табақ болатын 12 томдық Мұстафа Шоқай мұрасының толық жинағы шықты. Оның ең басты жетістігі мен ерекшелігі Франциядағы жеке мұрағаттық қорынан, Өзбекстан, Қазақстан, Германия, Түркия және т.б. елдердің мұрағатынан алынған қазақ, орыс, түрік шағатай, ағылшын, француз, неміс, поляк, грузин және өзбек тілдеріндегі шығармалардың түпнұсқа күйінде тұңғыш жарық көргендігінде. Жеке мұрағаттық қордан алынған материалдар да бай әрі қызғылықты еді. Мұның үстіне М. Шоқайдың 40 шамалы бүркеншік есімі болғанын, оны анықтаудың да оңай болмағанын ескерте кеткен артық болмас.
Отандық мұстафатану ғылымына қосылған теңдесі жоқ бұл толымды жинақтың бірегейлігі мен жоғары деңгейлігін бірнеше фактормен анықтауға болады. Біріншіден, бұл шығармашылық мұраны келер ұрпақтарға бұрмалаусыз, түпнұсқа күйінде жеткізуге мүмкіндік берді. Екіншіден, көптомдық өзінің құрылымымен де, дайындалу жолымен де ерекшеленеді. Оның бірінші томы М.Шоқайдың өмірі мен қызметіне арналған да, қалған томдарында шығармашылық және эпистолярлық мұралар берілген. Үшіншіден, зерттеушінің терең білімді, өзіндік әдіс тәсілі қалыптасқан зерделі тарихшы екендігі. Мұны он екі томдықтың өн бойынан тануға болады.
Көшім Лекерұлы ұлы күрескердің ұлттық қозғалыстың ұйымдық негіздерін қалау, оның стратегиясы мен тактикасын айқындау, азаттық пен тәуелсіздікке бастайтын ең төте һәм қысқа жол ең алдымен жалпы бірлік атаулының ұясы Түркістанның ішкі тұтастығын нығайту, бұл бірлікті бүкіл түркі бірлігіне ұластыру, одан езілген халықтардың бір тұтас майданына шығу турасындағы Мұстафа Шоқайдың қажырлы еңбегін терең зерттеп, оны тамаша тарихшы, әлеуметтанушы, саясаттанушы, халықаралық деңгейдегі саяси сарапшы ретінде айқын көрсетіп, ғылыми мәні зор тұжырымдар мен қағидатты қорытындылар жасады.
Ерен шығармашылық қызметтің иесі, жауапкершілігі мол, ғылымға адал, кейде әділеттілікке барам дегені кейбіреулерге ұнай бермейтін Көшім Лекерұлы Есмағамбетов Қазақстан тарихнамасына өлшеусіз үлес қосып, Алаш алыптарының бірі Мұстафа Шоқай туралы өшпес бай мұра жасаса да ерекше қарапайым, өз ісіне шынайы берілгендігімен, айрықша еңбекқорлығымен, биік өресімен замандастар арасында белгілі болатын, алда да білетіндер жадында осылай қала беретініне сеніміміз мол.
Әбдіжәлел БӘКІР,
саяси ғылымдар докторы,
профессор