• RUB:
    5.61
  • USD:
    479.4
  • EUR:
    522.93
Басты сайтқа өту
Аймақтар 18 Қыркүйек, 2018

Алматыда тігілген құрақ көрпе Гиннестің әлемдік рекордтар кітабына енді

1173 рет
көрсетілді

Алматылық қолөнер шеберлері мегаполистің туған күніне арнап тамаша тарту жасады. Ежелден тігін өнері мен зергерліктің ордасы саналған алып шаһарда ұзындығы 10 900 метр болатын құрақ көрпе тігілді. Қала күнін мерекелеу аясында Тұңғыш Президент саябағына жағалай төселген әдемі нақыштағы әсем көрпені 200 шебер бес ай бойы тіккен. Халқымыздың  бай дәстүрі мен ұлттық өнерін танытатын қолөнер туындысына таңданбау мүмкін емес. Құрақ көрпе түрлі қанық түстермен көмкеріліп, қазақы ою-өрнектермен бедерленген.

Төккен тер мен тынымсыз еңбек ақталып, қолөнер туындысы Жер шарындағы ең ұзын құрақ көрпе ретінде  Гиннестің әлемдік рекордтар кітабына еніп отыр. Әлемдегі ең ұзын көрпені бұл тізімге кіргізу үшін оның сапасын тексеруге арнайы келген «Гиннес рекордтар кітабы» бас кеңсесінің өкілі Джона Брент хас шеберлердің ұжымдық еңбегін жоғары бағалады. «Қазақстандық құрақ көрпені көріп, бағасын беру үшін қала күні мерекесіне арнайы келдік. Бұл шынымен де таңқаларлық дүние екен. Мұны дәлелдейтін ресми құжатты да табыстап отырмыз. Енді құрақ көрпе тігуден әлемдік рекорд жаңарды. Табандылықтары мен ерекше өнерлері үшін қазақ шеберлеріне айтар алғысымыз зор», дейді ол.

Мереке аясында дәмі татқан жанның таңдайында қалатын алматы алмасының түр-түрі қойылған алмалар жәрмеңкесі де шетелдік қонақтарды тәнті етті. Жергілікті диқандар қала күніне  арнап 100 тонна тәтті жеміс әкелген. Еске салсақ, алманың отаны Алматының 1002 жылдығы қала көлемінде кеңінен аталып өткен болатын.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ