Бауыржан Қарағызұлы Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі лауазымына тағайындалды.
Бауыржан Қарағызұлы – 1982 жылы 17 қазанда дүниеге келген. Қазақтың талантты ақыны, көптеген халықаралық, республикалық, әдеби конкурстардың жеңімпазы.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың және ЮНЕСКО-ның қолдауымен өткен Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің екі мәрте лауреаты және Гран-При иегері.
«Әлемге әйгілі – Астана» атты жыр мүшәйрасының Гран-При иегері. Сейдолла Бәйтереков атындағы арнайы сыйлықтың иегері. ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында өткен «Қазақ елі, бір ауыз сөзім саған» атты І республикалық Мағжан өнер фестивалінің лауреаты.
«Табысты қазақстандық – 2012» Ақмола облыстық жастар байқауында «Жас дарын» сыйлығының иегері. Ақын-импровизатор Иманжүсіп Құтпанұлының 150 жыл толуына орай өткен әдеби байқаудың жеңімпазы.
2014 жылғы Қазақстан Республикасы мемлекеттік стипендиясының иегері. «Жұмбақтасқа жауған күз», «Өң.Мен.Түс.», «Жүрек кітабы», «Топырақ демі» атты жыр-кітаптарының авторы.
Республикалық «Алаш үні» газетінде тілші, Елордалық «Астана» журналында тілшілер қосынының жетекшісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары;
Қазақстан Республикасының Ұлттық Академиялық кітапханасында «Кітап патшалығы» журналы бас редакторының орынбасары;
Көкшетау қаласындағы «Ақпараттық кітапхана жүйесі» Мемлекеттік мекемесінде директор; «Қазконтент» АҚ «Әдебиет порталының» жетекшісі; «Мәдениет порталының» бас директоры;
Қазақстан Жазушылар одағы Астана қаласы филиалының директоры, Мәдениет және спорт министрлігі жанынан құрылған Жас ақын-жазушылар кеңесінің хатшысы қызметтерін атқарған.