Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты халқымыз үшін стратегиялық мәні зор бағдарламалық еңбегінде бірқатар маңызды міндеттерге, Қазақ елінің болашағын кемелдендіруге қатысты өзекті мәселелерге баса назар аударылғаны мәлім. Мұнда ол басты мақсатымыз – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін санамыз ісімізден озып жүруі, яғни ой-сана күнделікті өмір талабына сай рухани тұрғыда жаңғырып отыруы қажет екенін, бұл еліміздегі саяси және экономикалық жаңаруларды толықтырып қана қоймай, солардың өзегіне айналуы керектігін ерекше ескертті.
Әрине, осынау бағдарламалық құжаттағы тарамдалып жіктелген өзекті міндеттердің қай-қайсысы да еліміз үшін аса маңызды екені айтпаса да белгілі. Алайда білім-ғылым саласының өкілі болғандықтан бізге ең алдымен осы мақаладағы білім мәселесіне арналған «Білімнің салтанат құруы» атты арнайы бөлімінің орны ерекше деп ойлаймыз. Өйткені мұнда Елбасы әр жылғы халыққа арнаған Жолдаулары мен басқа да еңбектерінде, сөйлеген сөздерінде айтылған ордалы ойларын жаңа қырынан дамытып, ел руханиятына байланысты тың ұсыныс-пікірлерін ортаға салады.
Мұнда Елбасы білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу халқымыздың қанында бар игі қасиет екенін айта келіп, Тәуелсіздік жылдарында қыруар жұмыстар атқарылғанына, атап айтқанда: «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес он мыңдаған жастарды әлемнің маңдайалды жоғары оқу орындарында оқытып даярлағанымызды, елімізде халықаралық деңгейдегі бірқатар университеттер ашылғанын, жалпы орта білім беретін зияткерлік мектептер жүйесін қалыптастырғанымызды тілге тиек етті.
Осы ретте Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасынан келіп туындаған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасында» бүгінгі таңдағы жоғары білім алудың қолжетімділігі мен ондағы білім сапасын арттыру, студент-жастардың жатақханалық жағдайын жақсарту жөніндегі ұсыныстары да ел ішінде тың серпін туғызғанын атап өтуіміз керек. Бұл нағыз дер шағында көтеріліп отырған, көптен айтылмай келе жатқан ең өзекті мәселе екені сөзсіз. Өйткені жыл өткен сайын жастарымыздың жоғары білім алуға деген ынта-ықыласы артып келеді. Оның үстіне елдің демографиялық өсімі де жоғарылай түсуде. Сондықтан да Елбасының жоғары білімінің қолжетімділігін арттыру үшін жыл сайын бөлініп жүрген 54 мың грантқа қосымша осы оқу жылында тағы да 20 мың мемлекеттік грант бөлу туралы ұсынысы өте орынды болды. Мұны ата-аналар қауымы, студенттер жұртшылығы, қалың көпшілік ризалықпен қабыл алды. Ал студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылдың соңына дейін елімізде студенттер үшін кемінде 75 мың орындық жаңа жатақханалар салу жұмысы атқарушы билік өкілдері мен сала басшыларына міндеттелді. Сондықтан аталған қиындықтан шығу үшін қазіргі кезеңде әрбір жоғары оқу орны және арнаулы кәсіптік оқу орындары студенттік жатақханалар салуды ойластырып жатқан жайы бар. Бұл шаралар қалың елдің, жалпы жұрттың көңіліне қуаныш ұялатты.
Мұны «Бір жылдығын ойлаған дән егеді, он жылдығын ойлаған тал егеді, мың жылдығын ойлаған – ұрпағына білім-нәр егеді», деп ежелден тәмсілдеген дана халқымыз «Оқу – білім азығы, білім – ырыс қазығы» деген секілді талай ұлағатты ой қорытқан. Сондықтан бүгінгі таңдағы кез келген көзі қарақты ата-ана ұл-қызының білім алып, қатарынан кем болмағанын ойлайтыны белгілі. Мұндай көзқарас бұрынғы өткен замандарда да, қазіргі кезеңде де, алдағы уақытта да қайталанып отыратын игілікті құбылыс, өмірдің заңдылығы.
Мақаланың алғашқы тарауларында айтылатын ұлттық, қоғамдық сананы жаңарту туралы мәселелер таяу жылдары атқарылатын нақтылы жобаларды жүзеге асыруды талап ететіні, осыған орай алдағы жылдарда қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру мәселесін сөз етеді. Бұл жауапты іс-шара да оқу-білім ісімен тікелей байланыста орындалатыны еш дәлелдеуді қажет етпейді. Мұны яғни латын жазуына көшу жайын Елбасы сонау 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының мәжілісіне қатысып, сөйлеген сөзінде ресми түрде алғаш әңгіме еткен болатын. Сонда ол: «Латын әліпбиін қарайтын кез келді. Бұл мәселені кезінде кейінге қалдырған едік. Қалай болғанда да, латын әліпбиі бүгінде телекоммуникациялық салаларда басымдыққа ие болып отыр. Сондықтан да бұрынғы кеңестік елдердің көпшілігінің латын әліпбиіне көшуі де кездейсоқ емес. Мамандар осы мәселені зерттеп, нақты ұсыныстар жасауы тиіс», деген еді. Ал арада алты жыл өткен соң 2012 жылғы желтоқсан айында жарық көрген «Қазақстан-2050» стратегиясында Мемлекет басшысы бұл тақырыпқа қайта оралып, «2025 жылы Қазақстан латын әліпбиіне көшеді», деп нақтылап айтқаны жұртшылық назарында. Президент Н.Ә.Назарбаев бұл мәселеге одан бері де бірнеше рет оралып, ел болашағы үшін өзекті мәселеге айрықша көңіл бөліп келеді.
Рухани жаңғыру және білім беру ісі дегенде еңбектің екінші тарауындағы «Жаңа гуманитарлық білім: Қазақ тіліндегі 100 оқулық» атты жобаны атамай кетуге болмайды. Бұл игілікті іс те қазіргі кезеңде өз шешімін тауып, жаңа құрылған Ұлттық аударма бюросы тарапынан аударылған әлемдегі үлгілі оқулықтардың алғашқы легі биылғы жаңа оқу жылында студенттермен табысты.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мағынасы терең еңбегіндегі туған жер, патриотизм, өз елінің мәдениеті мен салт-дәстүріне елжандылықпен атсалысу, Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын іске асыру жұмыстарын білім беру ісі мен ғылым саласы өкілдерінің қызметінсіз көзге елестету еш мүмкін емес дер едік. Сондықтан да мұны ел Президенті: «...бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді. Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі» деп орынды ескертеді. Аталған игілікті шараларды орындау жұмысы білім беру саласының қызметкерлеріне, жергілікті жерлердегі билік өкілдеріне үлкен міндеттер жүктейді.
Қорыта айтқанда, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының іс-шараларын жүзеге асыру жұмысы оқу-біліммен, ғылыммен тығыз байланыста атқарылатын жүйелі үдеріс. Мұны күнделікті өмір тәжірибесі көрсетіп келеді.
Елбасы Н.Назарбаев айтпақшы: «Сынаптай сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмайды, жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жалғаса беретін процесс... Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр».
Олай болса, біздің ендігі жердегі мақсатымыз – осы мүмкіндікті пайдаланып қалу болмағы ләзім дейміз.
Бақтияр СМАНОВ,
ҰҒА академигі