Жамбыл облысының Т.Рысқұлов ауданындағы №1 мектеп-лицейінің 105 жылдық тарихы бар. Үш жыл бұрын «Электронды мектеп» жүйесіне енген білім ошағында бүгінде тілдерді тереңдетіп оқытумен қатар, таңдау курстары да ұйымдастырылған. Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 79-қадамында жоғары сыныптар мен жоғары оқу орындары ағылшын тілін оқытуға кезең-кезеңімен көшу керектігі айтылған болатын.
Аталған білім беру ошағы директорының ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары, жаңартылған білім беру мазмұны бойынша жауапты қызметкері Гауһар Елғонова бұл ретте де бірқатар жетістіктің бар екенін айтты. Байқағанымыздай, мұнда биология пәнінің мұғалімдері Айжан Қарғабаева, Жаңагүл Тілебалдиева, Әйгерім Оспанова, физика пәнінің мұғалімі Ләззат Айдарова және информатика пәнінің мұғалімі Айжан Қуанышбаева сияқты біліктілік курсынан өткен мұғалімдер өз пәндерін ағылшын тілінде жүргізеді екен. Ал 2015-2016 оқу жылынан бастап №1 мектеп-лицейінің ұжымы Кембридж университеті білім беру факультеті зерттеу тобының Олена Фимьяр, Тседисо Макоель, Мишель Сомертон сияқты жетекшілерімен жұмыс істеп келеді. Нәтижесінде ағылшын тілінде білім беру мәселесі аталған мектепте біржола жолға қойылады.
Т.Рысқұлов ауданындағы №1 мектеп-лицейі 2015 жылдан бері жаңартылған білім беру мазмұнын апробациядан өткізді. Қанатқақты сыныптың мұғалімі Айжан Шажалиева бізді өзінің сабақ өту ерекшелігімен таныстырды. Яғни, оқушыларды өзі оқып отырған сабаққа ынталандыру, олардың көзқарасын білу – басты мақсат. Мұғалім оқушылардың ойлау деңгейлерін білу, түсіну, қолдау деп үш түрге бөледі. «Өнер» сабағында «Ақын деген кім?» деген сауал арқылы оқушыларды кейіпкерлердің іс-әрекетін бағалау, тыңдарманның назарын аударту, әдеби шығарманың жанрын анықтау, қатені табу және түзету сияқты ерекшеліктерге үйретеді. «Сабақтың мақсаты – негізгі тірек сөздер мен сөз тіркестері арқылы шығарманың тақырыбы бойынша ақын туралы түсіндіру. Құндылықтарды дарыту бойынша оқушы ынтымақтастық, бірлік және сыйластықты түйсінеді. Ал оқулықпен жұмыс барысында балалар мәтінді тізбектеп іштей оқиды, жұппен талқылайды және рөлге еніп орындайды. Соңында балалардың сабаққа қаншалықты қатысқандарын өздерінің көмегімен кері байланыс жасату арқылы білеміз», дейді Айжан Қойшығұлқызы. Сонымен қатар бұл айтылғандардың, сабақ барысында жазылған дүниелердің бәрі де оқушыларға ағылшын тілінде түсіндіріледі екен.
Әр мұғалімнің сабақ өту тәсілі әрқалай. Десек те жаңашылдыққа ұмтылу арқылы оқушыларды өзіндік ойлауға жетелеу әрбір ұлағатты ұстаздың ісі болмақ. Бүгінде аталған мектеп интерактивті тақталармен жабдықталған. Сонымен қатар тарих және ағылшын тілінен ресурс орталығы, психологиялық және медициналық орталық та бар. Бұдан өзге де білім ошағында оқушылардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, заманауи білім алуға тиісті мүмкіндіктер қарастырылған.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы