Ақтау қаласында өткен жылдан бері қолға алынып, жөні мен жүйесін тапқан тамаша бір мәдени дәстүр бар. Ол – Каспий жағалауы елдері театрларына ортақ өнер думаны. Қарт теңізді жағалай жайлаған жұртшылықтың сахналық қарымын сарапқа салатын айтулы шара былтыр Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімовтің 80 жылдық мерейтойына арналса, биылғы өнер мерекесі Қазақ КСР-інің халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, театр және кино өнерінің саңлағы, актер Нұрмұхан Жантөриннің 90 жылдығына орайластырылыпты.
Мәдениет және спорт министрлігі, Маңғыстау облысының әкімдігі және Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының қолдауымен ұйымдастырылған өнер әлеміндегі айтулы мәдени оқиғаға отандық және шетелдік театр ұжымдары қатысып, төрт күнге созылған думан Маңғыстау жұртшылығын тек қана сахна сиқыры сыйлар бекзат өнердің шын мәніндегі рухани қуанышына кенелтті.
Теңіз жағалауында бой көтерген дала сахнасында салтанатты түрде шымылдығы түрілген Каспий жағалауы елдерінің ІІ Халықаралық театр фестивалінің ашылу рәсіміне Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, қаланың құрметті азаматтары, сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, халық әртістері мен еліміздің театр саласында ұзақ жылдан бері қызмет етіп жүрген бірқатар тұлғалары қатысты. Атап өтсек, мәртебелі меймандар қатарында Асанәлі Әшімов, Есмұхан Обаев, Лидия Кәденова, Талғат Теменов, Бекжан Тұрыс сынды театр мен кино өнерінің майталмандары бар. Мәдени шара әлқиссасын облыс әкімі Ералы Тоғжанов ашып берді.
Айтулы шара қазақ даласының біртуар ұлы Нұрмұхан ағамыздың рухына, 90 жылдық мерейтойына арналады. Ортамызда елдің абыройын асқақтатып, рухын аспандатар намысты, ұлтжанды азаматтар жүр. Баршаңыздың қолдауыңыздың, ниеттестіктеріңіздің арқасында осындай үлкен шараны ақиқатқа айналдырғанымызды мақтанышпен айтамын және барлығыңызға зор алғысымды білдіремін. Ұлттардың, мемлекеттердің, жалпы мұқым түркі елінің ой-идеясы бір мақсат пен ортақ мүдде жолында тоғысса, біз алмайтын қамал жоқ. Баршаңызға сәттілік тілеймін», деп облыс әкімі фестиваль ұйымдастырушылары мен қатысушыларына жылы лебізін білдірсе, КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов замандас ағасы, аңыз актер Нұрмұхан Жантөрин жайындағы естеліктерімен бөлісті.
«Нұрмұхан сөзін «Ой, опасыз!» деп бастаушы еді. Өзінің жақсы көрген адамдарымен осылай қарым-қатынас жасайтын. Мінезді, бірбеткей болатын. Сонысымен де көп ішінен дараланып, көзқарасымен, ішкі мысымен талайды тайсалтатын. Ең алғаш өнер табалдырығын аттағанда біз үлгі тұтатын, ұқсағымыз келетін тұлғалардың бірі – осы Нұрмұхан ағамыз еді. Кейін ағалық қамқорлығын көп көрдік. Еліктеп ер жеттік. Қайталанбас өнері тұрғанда Нұрмұхан есімі өлмейді, мәңгілік жасайды. Біз оны әркез әңгімемізге арқау етеміз, жазылатын кітабымызға қосамыз», деді Асанәлі Әшімов.
Қуантарлығы, Каспий жағалауы елдерінің мәдени үндестігін, бірлігін, кәсіби өнер алмасуын мақсат тұтқан фестиваль өткен жылғымен салыстырғанда географиялық ауқымын ғана емес, көркемдік сапа мен мән-мазмұнын да сантараптандырып, байытқанын аңғаруға болады. Мәселен, фестивальдың былтырғы бағдарламасына барлығы 4 ұжым қатысса, биыл олардың қатары 8 театрға артты. Атап айтар болсақ, Қазақстан атынан қатысатын Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының орыс жазушы М.Горькийдің шығармасы бойынша қойылған «Шыңырау» (режиссері Д.Базарқұлов), Ақмола облыстық орыс драма театрын таныстырған Ш.Айтматовтың «Жан пида» (режиссері Ш.Диқанбаев) және Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры ұжымы ұсынған А.Камюдің «Калигула» (режиссері Г.Мерғалиева) қойылымдарынан бөлек, қонақ театрлар қатарын: С.Амутбаев атындағы Мензелин мемлекеттік татар драма театрының «Ібіліс» (режиссері Сергей Потапов), ирандық Билех Савар Барбод театр тобының «Алыстап кеттің сен менен» (режиссері А.Сагеди), Түрікменстанның Кемине атындағы Мары мемлекеттік драма театры ұжымының «Ескексіз қайықпен махаббат мұхитында» (режиссері П.Худайбергенов), Уфа мемлекеттік татар «Нұр» театры додаға қосқан Р.Шиммельпфеннигтің «Өткеннен келген әйел» (режиссері Б.Ибрагимов), Әзербайжан мемлекеттік Ұлттық академиялық драма театрының «Иуда» (режиссері А.Садыгов) қойылымдары толықтырды. Әр елдің мәдениетімен қатар, ұлттық болмысы һәм рухани келбетін әйгілеген сахналық туындыларды өзіне тән бояуы мен бағытына сай Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов, Қазақстанның халық әртісі, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты Есмұхан Обаев, Қазақстанның халық әртісі, профессор Талғат Теменов, Әзербайжан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, өнертану ғылымдарының докторы, Халықаралық театр сыншылары Ассоциациясының мүшесі Исрафил Исрафилов, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Есенғали Раушанов, театр сыншысы, Грузия заманауи театрларды зерттеу орталығының бас директоры, өнертану ғылымдарының докторы, Грузия театр сыншылар одағының вице-президенті Лаша Чхартишвили, Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының директоры, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Нұрнияз Мұханов бастаған театр мамандары сараптады.
Фестивальдың жабылу рәсімінде сөз алған қазылар алқасының төрағасы Асанәлі Әшімов театр сахнасында алғаш сомдаған рөлінен үзінділер келтіре отырып: «Театр – шынайы өнердің, адал достықтың, рухани байлықтың ордасы. Міне, төрт күн бойы Каспий жағалауы елдерінің арасындағы достық қатынасымызды нықтай білдік деп айта аламын. Халқымыздың біртуар азаматы, ұлы актер Нұрмұхан ағамның әруағы барлығымызды қолдап жүрсін! Фестивальға қатысқан барша театр ұжымына шын жүрегіммен алғысымды білдіремін. Каспий жағалауы елдері театрларының мәдени-рухани ынтымақтастығының арқасында достық, жолдастық қатынасымыз нығая беруіне тілектеспін», деп ұйымдастырушыларға қазылар алқасы мүшелерінің атынан алғысын жеткізді.
Сөйтіп төрт күнге жалғасқан айтулы өнер думаны өз мәресіне жетіп, сарапшылар алқасының шешімімен Нұрмұхан Жантөриннің 90 жылдығына арналған Каспий жағалауы елдерінің ІІ Халықаралық театр фестиваліне қатысушы барлық театр ұжымы үздік өнер көрсеткендері үшін арнайы диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ киелі театр сахнасында тамаша қойылымдарын ұсынып, кәсіби тәжірибе алмасқан сахна мамандарына ТҮРКСОЙ Халықаралық түркі мәдениеті ұйымының естелік сыйлықтары да қоса табыс етілді. Қарт Каспий жағалауын төрт күн бойы думанға бөлеген достық фестивалі театр әлемін жаңаша серпілтіп, түбек төрінде бас қосқан өнер ұжымдарын шығармашылық тың бастамаларға жетелегені сөзсіз.
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Егемен Қазақстан»