Тымық ауаны тілгілеп, кезекпен қонып, кезекпен көк аспанға көтеріліп жатқан әуе кемелерінің гүрілі құлақ тұндырады. Астана халықаралық әуежайына төрткүл дүниенің төрт бұрышынан келіп жатқан адамдар легінде де толас жоқ.
Уақыт ағымына ілесуге асыққан жолаушылардың бір-біріне көз тоқтатып қарауға да мұршасы келе бермейді. Осындай бір қарбалас сәтте әуежай алдындағы алаңда қара жерге тізерлей бас иіп, тас аралас топырақты өбіп жатқан аппақ қудай орыстың шалы еріксіз назар аудартты. Ол әлденелерді күбірлеп, қара жерге маңдайын үш рет тигізді де тізелері дірілдеп орнынан тұрды. Бірақ белін тіктеуге шамасы келмей, тәлтіректеп кетті. Мен еркімнен тыс шалт қимылдап, қалталақтаған қартты қолтығынан демедім.
– Рахмет, балам! Мен қазақтың қасиетті топырағын бір иіскеуге зар болып жеткен немістің шалымын ғой...
Қарт қалтасынан шығарған көлдей орамалмен жасқа толы жанарын сүрткілеп, немісше акцентпен орысша мен қазақшаны қойыртпақтап, тіл қатты. Қарсы бетте тұрған машинаның жүк салғышын жылдамдата жауып, жүгіре жеткен жас жігіт те қарттың қолына жармасты.
– Айәділ, ағаңа сәлем бер! – деді қарт жас жігітке мейірлене қарап. – Немерем ғой. Осы үйленетін болды деген соң, қасиетті Қазақстаныма тағы да ұшып келген бетім еді... ана бір орындыққа отырып, сәл тыныстайықшы...
Айәділ екеуміз сексеннің сеңгіріне молынан шыққан ақсақалды екі жағынан демеп, алаң шетіндегі орындықтардың біріне жеткіздік. Ол арқалы орындыққа шалқалай жайғасқаннан кейін сәл ентігін басып, әңгіме тиегін ағытты.
...Мен Антон Антонович Гаук деген Германияның азаматы боламын. Өткен ғасырдың сонау бір сұрапыл 1934 жылы Қырым жерінде дүниеге келіппін. Әкем Антон Григорьевич пен анам Фелемина Фридриховна Қырым республикасы Ақшайт ауданы Атай ауылында Қырым татарларымен ұзақ жылдар бойы тату-тәтті тұрмыс кешіпті. Атай ауылының жартысы татарлар болса, жартысы неміс ұлтының өкілдері екен.
Бір күні біздің ауылды мылтық асынған әскерилер қоршап алды. Ауылдың ересек адамдарын түгелдей алаңға жинап, өкіметтің арнайы бұйрығын оқыды. Сөйтсек, соғыс басталыпты. Қырым татарлары да, немістер де сенімсіздер ретінде әскерге алынбайды. Соғыс жағдайының арнайы заңымен тұрғындар түгел жеке тізімге алынады, оның ішінде неміс ұлтының өкілдері тегіс отбасымен, бала-шағасымен 24 сағаттың ішінде темір жол стансасына жеткізіліп, қоныс аударылады. Тыныш жатқан Атай ауылының тұрғындары төбесінен жай түскендей сенделіп, азан-қазан болды да кетті. Менің жеті жасқа енді қараған шағым болатын. Жылауға да қорқып, үрей мен қайғыдан қабырғалары қайыса күйзелген әке-шешеме жаутаңдаймын.
Айналасы үш-төрт сағаттың ішінде Атай ауылының бас көтеретін неміс тұрғындарын қойдай тізіп, темір жол бекетіне жаяу айдады. Алыс сапарға аттанған жұртқа киім-кешек пен азын-аулақ азық-түліктен басқа ештеңе алуға рұқсат берілмеді. Тұрғындардың асығыс буып-түйген, жылдар бойғы жиған-тергендері шашылып, далада қалды. Темір жол бекетінің басы да азан-қазан. Бүкіл Қырым түбегінде тұратын неміс ұлтын түгел осында жинаған сияқты. Ересектердің етегіне жармасып, ботадай боздаған бала-шаға, ұлардай шулаған әйелдер дауысынан жер теңселгендей.
Бір уақытта бекет басына мал тиейтін вагондар тіркеген ұзын составтар келді. Мылтық асынған көп әскер қалың жұртты мылтықпен үркітіп, көгендеген қойдай қызыл вагондарға тоғыта бастады. Вагондар адамдарға лықа толғаннан кейін жылжымалы есіктерді тарс жауып, ұзын составтар ыңырана қозғалып кетті.
Қапырық иістен қаңсыған ағаш вагондарда сеңдей соғылысып, ұзақ жүрдік. Бір кезде ұзын состав жүрісін бәсеңдетіп, айдалаға тоқтады. Әскерилердің «Воздух! Воздух!» деп жанұшыра айғайлаған дауыстары естіледі. Кенет қарауылдар вагон есігін ашып, адамдарды жерге түсіре бастады. Жұрттың барлығына жол бойын жағалай бұғып жатуға бұйрық берілді. Көп ұзамай көк аспанда құйғындай зулаған неміс ұшақтары пайда болды. Олар айдалада тұрған біздің пойызға, жол жиегінде жапырлай жатқан адамдарға оқ жаудыра бастады. Есіктерін ашып үлгермеген бірнеше вагон отқа оранды. Ағаш вагондарға қамалған адамдар тірідей өртеніп жатты. Темір жолдың бойын жағалай жатқан адамдар да жау ұшқыштарының тірі нысаналарына айналды. Орныңнан тұрып жан-жаққа қашуға рұқсат жоқ, жаныңда жатқан қарауылдар атады. Сөйтіп төбеден төнген неміс ұшқыштары мылтықтың күшімен еріксіз жер аударылып бара жатқан бейбіт немістерді жаңбырдай жауған оқтың астына алды. Жау ұшақтары кеткеннен кейін тірі қалған адамдарды қайтадан сау қалған вагондарға тиеді. Жаралы состав орынынан қозғалғанда, жол бойы жазықсыз адамдардың жансыз денесіне толып қалды.
Соғыс басталысымен-ақ жер аударылған Қырым немістерін алғашқыда Солтүстік Кавказға әкелді. Кейіннен анықталған деректер бойынша, 1941 жылғы 18 тамызда басталған Қырым немістерін депортациялау барысында 60 мыңға жуық адам Солтүстік Кавказға жеткізіліп, айналасы екі-үш айдан кейін олардың 50 мыңнан астамы қайтадан Қазақстанға жер аударылады.
– Желтоқсан айының ызғарлы бір күнінде біздің пойыз Солтүстік Қазақстанның шетіне ілігіп, Петропавл деген қалаға келдік, – деді Антон ақсақал сол кезді күрсіне еске алып. – Қақаған аяздан қалтыраған бізді вагоннан түсіріп, темір жол бекетінің басында сапқа тұрғызды. Орджоникидзеден мінген адамдар саны әжептәуір сиреп қалған екен. Өгіз жеккен үлкен шаналармен келген, үлкен тұлып пен тымақ киген адамдар бізді бөліп ала бастады. Қазақ деген халықты мен алғаш рет осында көрдім. Біздің отбасы Дайындық атты ауылдан келген қазақ отағасының қарауына берілді. Ол бізді шөп төселген шананың үстіне отырғызып, бір-екі тұлыппен орап тастады. Тері торсыққа құйылған қышқылтым айран беріп, бір уыс бауырсақ пен ірімшік ұстатты. Сол бауырсақ пен ірімшіктің уыз дәмі жетпіс жылдан асса да таңдайымнан кетер емес...
Сеңсең тонның жылуына балқып, азын-аулақ тамақтың нәрі бойға тарап, ұйқыға берілдім. Өгіз арбаның аязды түнді артқа тастап, таң ата ауылға келгенін де аңғармаппын. Отағасы бізді тоқал тамнан тұратын қоржын үйге бастап кірді. Бұл үйде де үпір-шүпір балалар бар екен. Отағасы өзінің бала-шағасын төргі бөлмеге көшіріп, бізге ауызғы бөлмені босатып берді. Міне, мен бүгінде 85 жасқа толып отырмын. Осы уақытқа дейін көңілі дархан, ниеті кең қазақтай халық көргенім жоқ. Балалы-шағалы екі отбасы ұядай екі бөлмеде жарты құртты бөліп жеп, алты ай қыстан аман шықтық. Жаз ортасында біздің отбасын көрші аудандағы Плюшкино деген орыс кентіне көшірді. Әкем осындағы фермаға мал дәрігері болып орналасты. Бірақ емексіген үмітіміз ұзаққа бармады. 1942 жылдың күзінде әкем Антон Гаук еңбек армиясының қатарына алынды. Кейіннен білдік, ауыр жұмыс, аштық пен суықтан ауруға шалдығып, бес-алты айдан кейін қайтыс болыпты. Біз аурушаң анамызға еріп, Ленин ауданының орталығы Явленка деген кентке келдік. Осы жердің коменданты бізді тіркеуге алып, қырыққабат өсіретін корейге жалшылыққа берді. Біз корей қожайынымыздың лашығында тұрдық. Таңның атысы, күннің батысы арам шөп жұламыз, егістік баптаймыз. Корей қожайынымыз өте сараң адам болып шықты. Тамақтан тарықтырды. Ол бізді қашып кетпесін деп, құжаттарымызды түгел өртеп жіберді. Күз түскен соң өсірген қырыққабатты жинап, өнімді өткізгеннен кейін корейдің үйінен қашып шықтық.
Барар жер, басар тауымыз қалмаған біз шұбырып, Явленка кентіне қайта келдік. Осында жеткенде, сырқаты асқынған анам Фелемина Фридриховна қайтыс болды. Анамызды жерлеуге де жағдайымыз жетпеді. Жер аударылып келген чешендердің қайтыс болған баласымен бірге бір шұңқырға көмуге тура келді. Біз үй-үйді аралап, қайыр сұрап, күн көруге көштік.
Қол жайып, үй жағалап жүрген күндердің бірінде, он төрт жастағы үлкен ағам Пиус Плюшкино селосына тракторшының көмекшісі болып орналасты. Аштан бұралып жүрген бауырларын бір тойғызғысы келіп, ағам колхоздың қамбасынан бір дорба арпа ұрлап әкелді. Арпадан ас пісіріп те үлгергеніміз жоқ, қызыл жағалылар келіп, Пиусты тұтқындады. Кейіннен кәмелеттік жасқа толмағаны ескеріліп, 5 жылға сотталды.
Қараусыз қалған неміс балаларын жетім балалар үйіне де қабылдамайтын еді. Бір күні қол жайып, қайыр сұрап жүрген Питрус деген ағам екеумізді колхоз басқармасы ұстап алды. Ол екеумізді Петровка деген кентте орналасқан жетім балалар үйіне алып келді. Аты-жөнімізді өзгертіп, Орлов деген орыс балалары ретінде тіркетті. Кейіннен мен өз тегімді қайтып алдым. Сөйтіп он жыл бойы осы балалар үйінде тәрбиеленіп, комбайншы мамандығын игердім. 1952 жылы Қиялы деген қазақ ауылында тракторшы-комбайншы болып еңбек жолымды бастадым. 1954 жылы шоферлар даярлайтын курсты бітіріп, Смирнов кентіндегі автобазада автобус жүргізуші болып, зейнеткерлікке шыққанша еңбек еттім. Зайыбым Полина Кондратьевна екеуміз бес бала тәрбиелеп өсірдік. Кіші қызым Татьяна Целиноград медициналық институтында оқып жүргенде, Серік атты қазақтың баласына тұрмысқа шықты. Күйеу балам Серік Балгазаров медицина ғылымдарының кандидаты, Астанадағы білікті травматолог-ортопедтердің бірі...
– Бауырым, сен ертең менің балаларымның үйіне кел. Құдам Сабыржанды көр. Ой, менің құдам қонақжай, нағыз жайсаң қазақ... – деді Антон ақсақал Айәділдің машинасына мініп жатып. – Қалай, келесің бе?
Қарт қолымды жібермей, ұзақ қысты.
– Иә, иә... Келемін...
Уәде – құдай сөзі. Ертеңіне «Егемен Қазақстанның» суретшісі Орынбай Балмұрат екеуміз «Үркер» шағын ауданына келдік. Антон ақсақал айтқандай, бізді қос құда қауқылдай қарсы алды. Антон Гауктың құдасы Сабыржан Балгазаров осы Арқа өңірінің тумасы көрінеді. Ұзақ жылдар бойы мына Егіндікөл ауданындағы «Буревестник» кеңшарында жүргізуші болып, еңбек зейнетіне шығыпты. Құдай қосқан қосағы Рая екеуі 4 бала тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырыпты. Бүгінде балалардан тараған немерелері мен шөберелерінің қызығын көріп отыр. Сабыржан отағасының ортаншы ұлы Серік Целиноград медициналық институтында оқып жүргенде, осы Антон қарттың кіші қызы Татьянамен көңіл жарастырып, шаңырақ көтеріпті. Серік пен Татьянаның Аманжол, Айәділ, Абзал атты ұлдары түгелдей кезінде әкелері білім алған Астанадағы №4 қазақ орта мектебін үздік тәмамдапты. Ұлдардың алды бүгін әке жолын қуып, дәрігерлік мамандықты игеріп жүрген көрінеді.
– Отыз жылдан астам уақыттан бері Антон құдамен қатты сыйласып келеміз. Сонау тоқсаныншы жылдары бәйбішесі қайтыс болғаннан кейін ол Германияға көшкен балаларының қолына барды. Сонда да қарым-қатынасымыз үзілген жоқ. Осыдан төрт-бес жыл бұрын Германияның Даниямен шекараласатын жерінде, құдаларымыз тұратын Фленсбург атты қалаға барып, Антон ақсақалдың сексен жылдық мерейтойын тойлап қайттық. Тұрмыстары жақсы. Антон құда 1 мың еуродан астам зейнетақы алады. Қаланың қақ ортасында бес бөлмелі, кең сарайдай үйі бар. Тек біз барғанда Қазақстанын сағынып жылайтыны болмаса, жағдайы жақсы, – деді Сабыржан отағасы Антон құдасын құшақтай қалжыңдап.
– Иә, иә... Қазақ жерінің қасиетті топырағына табанымды бір тигізіп, самал желін жұтпасам, тынысым тарылады да тұрады, – деді Антон қарт ағынан жарылғандай аңқылдай сөйлеп.
Көп кешікпей қауқылдасқан қос құда Айәділ немерелерінің қалыңдығына құда түсу үшін Қарағанды қаласына аттанып бара жатты...
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»