• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 18 Қазан, 2018

Қыздар университеті туған жерге тағзым етіп қайтты

1256 рет
көрсетілді

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің арнайы бригадасы «Туған жерге тағзым» жобасын іс жүзіне асыру мақсатында Алматы облысы Сарқан ауданындағы Черкасск ауылдық округінде болып қайтты.

Жоба Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан туындап отыр. Жоғары оқу орнының бригадасы өзінің үш күндік танымдық сапары барысында округтің Ақтұма, Черкасск және Қарғалы ауылдарындағы орта мектептерде болып, оқу орындары арасында байланыс орнату жөнінде келісім жасасты.

Біз осыған орай делегация басшысы, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті Тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі департаментінің директоры Жаңагүл Сұлтановамен кездесіп, сапар барысы жайында кеңірек мәлімет беруін сұраған едік.

– Сапарды Ақтұма ауылындағы Петропавл орта мектебінен бастадық. Мұнда мектеп директоры Бауыржан Ибрайымовамен екі оқу орны арасындағы байланыс жөнінде келісім жасасқаннан кейін университеттің «Ұмай Ана» үйірмесінің филиалын ашу рәсімін өткіздік. Мұндағы басты мақсат – қазіргі қоғамдық ортада азаматтық ұстанымдары бар,  алған білімін тәжірибе жүзінде ұштастыра білетін, парасатты, салт-дәстүр мен мәдениетті дәріптейтін, бүгінгі өмірге бейім, шынайы жан-жақты дамыған қыздарды қалыптастыру, ауыл мектептеріндегі әдеби шығармашылықпен айналысатын жас талап қыздардың туындыларымен танысып, оларға қолма-қол бағыт беру. Біздің тарапымыздан болған бұл ұсынысты мектеп басшылығы өте жақсы қабылдады. Сол жерде үйірмеміздің жаңа мүшелерінің де бірқатарымен танысып үлгердік. Бұдан кейін ауыл тұрғындары мен мектеп ұжымы алдында қонақкәделік дәрістерімізді оқыдық. Оларда өнертану ғылымының мүмкіндіктері мен салалары, мектеп оқушыларының ата-ана мен мұғалім, қоршаған ортаға деген қарым-қатынасын жақсартудың жолдары мен тәсілдері,  оқушылардың өсу процесінде, олардың жас және жеке педагогикалық-психологиялық ерекшеліктеріне қарай қақтығыстың себептері мен салдарларын анықтау және оларды шешудің жолдары туралы кеңінен сөз болды. Соңынан университетіміздің «Томирис» би ансамблі концерт қойды.

Келесі күні округтің Черкасск ауылына аялдадық. Мұнда біз бірқатар тарихи жерлермен таныстық. Азамат соғысы кезінде Черкасск қорғанысының орны болған тарихи мекен болған бұл ауылда көретін нәрселер аз емес екен. Соның бірі осындағы тарихи-өлкетану музейі болды. Бұл жерде де мектеп басшылығымен өзара байланыс жөніндегі келісімге отырдық. Мұнда да «Ұмай Ана» үйірмесінің жергілікті бөлімшесі қаз тұрып, қанат қақты. Біздің оқыған лекцияларымыз бұл ауылдың тұрғындары мен мектеп ұжымының көңілінен шықты. Мұны жиналғандар тарапынан түрлі сұрақтардың қойылып, тақырыпқа қызығушылық танытуы анық байқатты. Біз мұндай жылы шырайлы қауышуды үшінші күні Қарғалы ауылындағы орта мектептен де көрдік. Барлық жерлерде біздің бастамаларымыз барынша жылы қабылданды. Ал университеттің кітапхана бөлімінің меңгерушісі Майраш Әкімжанова жиналғандарды рухани жаңғыру тақырыбында жарық көрген 17 кітаптың мазмұнымен таныстырды. Бір сөзбен айтқанда, бригада өзінің алдына қойылған мақсат пен міндетті толық орындап қайтты. Енді жаңа басталған байланыс бұдан әрі өрістей түсетін болады. «Туған жерге тағзым» жобасы жұмысын жалғастыра береді.