Небәрі 10 жасында өнер кеңістігінде жаңалық жасап, алғашқы классикалық туындысын өмірге әкелген әлемдегі ең жас кәсіби композитор Рахат-Би Әбдісағин есімімен Қазақ елі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Қазақтың 100 жаңа есімі» жобасы барысында етене танысты. Жоба жеңімпаздарын құттықтау салтанатында Президент жас дарынның теңдессіз шығармашылық қабілетіне тәнті болып, өрімтал талант өнерін әйгілі Моцарт шығармаларымен тең қоя таңданғаны да дәл осы сәт болатын.
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Ал композитордың замандас досы, әйгілі ресейлік дирижер Дмитрий Крюков болса сазгер өнерін: «...Мені оның осы күнге дейін істеген жұмысы немесе небәрі 19 жасында игерген шексіз білімі емес, мені таңғалдыратыны басқа – оның бойындағы шығармашылық қуаты, музыка тудырудағы шексіз мүмкіндігі. Енді 10 жылдан кейін қандай туындылардың өмірге келерін ойлаудың өзі қорқынышты. Бұл – шынымен-ақ құбылыс», деп бағалайды.
Иә, жастығына қарамастан теңдессіз қабілетімен жаһан назарын өзіне аудартқан өнер иесінің шексіз таланты бүгінде шартарапты шарлап кетті. Классикалық музыканың талғампаз тыңдармандарын тәнті еткен туындылары әлемнің айтулы сахналарын мойындатып үлгерді. Енді міне, туған еліне музыкадан тарту жасады.
Өткен аптада «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының Үлкен залы сахнасында композитор, пианист, өнертану ғылымдарының магистрі, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» ұлттық жобасының жеңімпазы, көптеген классикалық музыкалық туындылардың авторы Рахат-Би Әбдісағин «Зымыран – Заман» атты авторлық концертін көрермен назарына ұсынды.
Айтулы симфониялық музыка мейрамы елорданың 20 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылып отыр.
Жас таланттың аса зор талғампаздық һәм жіті ізденістің нәтижесінде туған ғаламат классикалық музыка кешіне Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты.
«Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, ТМД Парламентаралық Ассамблеясының «Мәдениет пен өнерге қосқан үлесі үшін» құрмет белгісінің иегері, П.И.Чайковский атындағы Халықаралық музыка байқауы лауреаттары ассоциациясының мүшесі Рахат-Би Әбдісағин 13 жасында студент, 17-сінде магистрант атанып, диссертация қорғаған. Ал 18 жасында Рим қаласындағы Санта-Чечилия Академиясының докторантурасына қабылданған алғашқы қазақ. Жас таланттың 14 жасында жарық көрген «Mathematics and Contemporary Music» («Математика және қазіргі заманғы музыка») атты ғылыми еңбегі бүгінде аталған сала мамандарының жоғары бағасына ие.
Ел арасында «Қазақтың Моцарты» атанған Рахат-Бидің шығармашылығы 10 жасынан басталады. Әлі 20-ға толмаған музыкант бүгінге дейін симфониялық оркестрге және әр жанрдағы камералық ансамбльдерге арналған 100-ден аса классикалық музыкалық туындының авторы атанып үлгерді. Рахат-Би қиялынан туған ғаламат музыка Астана мен Алматыдан бөлек, Прага, Лондон, Вена, Париж, Берлин, Мюнстер, Лос-Анджелес, Байройт, Франкфурт, Бейжің, Сеул, Анкара, Ыстанбұл, Мәскеу, Санкт-Петербург, Том, Киев, Ялта, Рогашка-Слатина, Кьоджа, Бергамо, Грац, Мюрццушлаг, Аркей, Аликанте, Теулада-Морайра, Каир, Амман, Александрия сынды әлемнің ірі қалаларының үздік сахналарында орындалып, классикалық музыканың талғампаз тыңдармандары арасында зор қошеметке бөленіп жүр. «Астана Опера» театрында тұңғыш рет өтіп отырған айтулы авторлық кеш жаһан назарын жаулаған жас композитордың туған халқы, Отаны алдындағы тағзымы, шығармашылық тартуы десек, бек жарасымды.
Ресей Үлкен театры мен Мемлекеттік академиялық симфониялық капелласы дирижері, П.И.Чайковский атындағы Мәскеу Мемлекеттік консерваториясының түлегі, Ресейдің ең жарқын әрі дарынды дирижерлерінің бірі Дмитрий Крюков тізгіндеген екі бөлімді концертте Рахат-Би Әбдісағиннің қиялына қанат бітірген «Романтизм Жаңғырығы», «Өмірге Құштарлық», «Тәңір тұрағы», «Нұрлы жол», «Тастүнектің арғы жағы», «Тым-тырыстың тырсылы», «Зымыран – заман», «Қазақ рапсодиясы» атты барлығы 8 симфониялық шығарма орындалды.
– Елімізде жастардың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған. Бүгінгі кеш соның бірден-бір дәлелі. Жалпы толыққанды концерт бағдарламасын құрастыруда бір ғана жас композитордың симфониялық туындыларының жеткілікті болуы айрықша көрсеткіш деп ойлаймын. Оның үстіне, уақыттың тәртібіне байланысты кеш репертуарына барлық шығармамды енгізуге мүмкіндік болмады, тек қана 8 туындымен шектелуге тура келді. Яғни, бұл кеште орындалатын шығармалардың жалпы саны – сегіз. Бір қызығы, «8» – симметриялық сандардың бірі (тұтастай нөлді есептемегенде), кемелденудің шағын көрінісі, ал көлденең күйінде шексіздіктің белгісі. Мұны жай ғана сәйкестік деп ойламаймын – дейді кеш авторы, композитор Рахат-Би Әбдісағин.
Айтулы музыка думанының ерекшелігі сол – тыңдарман қауым сахнадан кеш авторы Рахат-Би Әбдісағин, ресейлік жас дирижер Дмитрий Крюков және Қазақ Ұлттық өнер университеті колледжінің студенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Раиса Мұсақожаева сыныбының студенті Ақбике Алғи бастаған музыкада кемелдікке ұмтылған бір топ талантты жастың үздік шығармашылық ансамбліне куә болды.
– Маэстро Дмитрий Крюков өзінің жастығына қарамастан, жетілген, шығармашылықта өз жолын қалыптастырған дарынды музыкант. Ол – Мәскеуде зор танымалдылыққа ие тамаша дирижер. Дмитрий Крюков классикалық партитураларды жете түсінумен қатар, тек таңдаулылар ғана игерген заманауи академиялық музыка, авангардтың қыр-сыры мен айрықша аспектілерін біледі. Оның дайындық деңгейіне, іргелі көзқарасына, әр нәрсеге, тіпті дыбыс үзілісі мен дем алуға мұқият қарауына таңғалдым. Әсіресе маэстроның тыңдау һәм талдау аппараты, ойлау қабілеті мен жұмысты үйлестіре білуі тамсандырды. Ал Ақбикені бұрыннан білемін әрі музыкалық қабілетін өте жоғары бағалаймын. Ол өзінің дарыны, музыканы тамаша жеткізуі, шеберлігі және ұшқыр техникасымен еліміздегі жас скрипкашылар тобынан ерекшеленеді, – деп шығармашылық иесі концертте өнер көрсеткен кеш қонақтары – өзінің замандас, әріптес достарына да алғысын жеткізуді ұмытпады.
Жас дарынның елорда халқына классикалық музыкадан ұсынған бұл шығармашылық кеші жастар қаласы – Астананың 20 жылдығына жасалған тамаша тарту болды. Рухани мәні терең, айтары мол симфония кешінен тыңдарман қауым риза болып тарқасты.