Бас прокуратурада республиканың жоғары қадағалау органын 18 жыл басқарған Өтеген Сейітовтің 95 жылдығына арналып «Прокурорлық қадағалау: тарихы, қазіргі жағдайы және даму перспективалары» атты ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.
Іс-шараға прокуратура ардагерлері, Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесі, орталық мемлекеттік органдар мен мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері, ғалымдар мен практиктер қатысты.
Конференцияға қатысушылар 1966-1984 жылдар аралығында Қазақ КСР-нің прокуроры болған, 1-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі, мемлекет және қоғам қайраткері Өтеген Сейітов туралы естеліктер айтты.
Прокуратура саласының шыңына шыққан заңгер 1923 жылы Ақтөбе облысының Шалқар ауданында дүниеге келген. Ол 16 жасынан бастап Шымкент облысы прокуратурасына қызметке алынған. 18 жасқа толар жылы Ұлы Отан соғысы басталып, жасы келмесе де майданға өзі сұранып аттанады. Сұрапыл соғыста үш рет жараланса да, асқан өжеттілікпен майдан шебіне қайта оралып отырған. Сөйтіп, Т.Сейітов соғысқа бастан-аяқ қатысқан. Соғыстан кейін де, 1945-1949 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының Келес, Сарыағаш аудандары прокуратурасының тергеушісі, кейін 1949-1951 жылдары осы облыс прокуратурасының аға тергеушісі, ал 1951-1959 жылдары республика прокуратурасының бөлім прокуроры қызметін атқарады. 1960 жылы Алматы қаласындағы Совет ауданының прокуроры, сосын Алматы облысының прокуроры болып жұмыс істейді. Ал 1962 жылы республика прокурорының бірінші орынбасары, 1966 жылы республика прокуроры болып тағайындалып, зейнет демалысына шыққанша, яғни 1984 жылға дейін, осы қызметте болды.
Кездесуде заңғар заңгердің еңбек жолы, прокуратураның беделін нығайту және азаматтардың сенімін арттыру тұрғысынан прокурордың адамгершілік-психологиялық қасиеттерінің өзекті мәселелері, кәсіптік жауапкершілік және мінез-құлықтың моральдық-этикалық нормаларының сақталуы жайында айтылды.
Белгілі тұлғаға арналған форумның екінші сессиясы қылмыстық процеске медиация институтын енгізу проблемалары мен перспективаларына арналды. Жиында айтылғандай, соңғы бес жылда медиаторлардың қатысуымен қаралған істердің саны сотта қаралған істердің жалпы санына сәйкес түрде өскен.
Сонымен қатар қылмыстық медиацияның заңнамалық негізін жетілдіру бойынша ұсыныстар айтылды, тараптарды татуластыру процедураларын белсенді пайдалануға кедергі келтіріп отырған себептер қарастырылды.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»