Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Саралжын ауылдық округінде Сәуле атты шағын ауыл бар. Осы ауылдағы Жақсыбай мектебінде қазақтан шыққан тұңғыш мұғалімдердің бірі – Күнбатыс Алашорданың 1918 жылы Қаратөбеде өткен І сьезіне қатысып, сол үшін 1938 жылы «халық жауы» ретінде атылған Төлеген Иманғазиев көп жыл қызмет еткен екен.
Алаш азаматы – Төлеген Иманғазиев туралы деректерді алғаш тауып, бірнеше кітап шығарып, ауыл мектебінің қабырғасына ескерткіш тақта орнатқан осы ауылдың тумасы, белгілі өлкетанушы, Қазақстанның құрметті журналисі, Қаратөбе ауданының Құрметті азаматы, ақын Қайыржан Хасанов болатын. Бүгінде Қайыржан ағамыз өмірден өтсе де, ұрпақтары киелі мекен – атажұртын ұмытпай, ауыл тұрғындарына тұрақты түрде қайырымдылық шараларын жасап тұрады. Биыл жазда Нұржан Қайыржанұлы Сәуле ауылының сәбилеріне арнап құны 1,6 млн теңгелік балалар алаңын тарту етті.
Сондай-ақ 2018-2019 жаңа оқу жылы қарсаңында «Мектепке жол» акциясы аясында жалпы құны 50 мың теңге болатын кеңсе заттары мен оқу құралдарын жеткізді. Дегенмен айтайын дегеніміз бұл емес.
Мектеп қабырғасына Төлеген Иманғазиевке арналып ескерткіш тақта орнатылды дедік. Бұл 2013 жылғы қыркүйек айы болатын. Ауыл мектебінің мұғалімі Асқар Сапаұлының айтуынша, келер жылы, яғни 2014 жылдың көктемінде мектеп қабырғасына таяу, дәл ескерткіш тақта тұсынан шыбық шығып, бүр жарған!
– Арнайы ексең, тап осылай шықпас. Ол шыбық қалай шықты, ешкім суармай-ақ жапырақ жайғанына мектеп ұжымы болып таңғалдық. Ардагер ұстаз Төлеген атамыздың аруағы есімін ардақтаған ұрпақтарына, мектеп ұжымына риза шығар. Атаның аруағы қолдап шығарған ағаш шығар дестік біз. Қазір уақтылы суарып, күтімге алып отырмыз, – дейді Асқар ағай.
Қаратөбе өңірінде мұндай киелі терек жалғыз емес. Саралжын ауылының бұрынғы Бесотар бөлімшесі жағында «Жұмалы ағашы» деген жалғыз терек болды. Оны еккен – академик Қажым Жұмалиевтің әкесі, қарабура Жұмалы деген кісі екен. Сонау жылдары кезекті еңбек демалысында Қажым Жұмалиев Махамбет деген жас баласымен атақонысына келіп, туған жердің топырағына әуелі өзі аунап, сосын баласын аунатып алады екен.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы