Театрдың екі есігінен де көрермендер легі көрінді. Бір есіктен шыққандары ұлардай шулап жылайды, екінші есіктен шыққандар езу жимай күледі.Трагедия мен комедия көргендердің шын кеспірі осы.
Өкінішке қарай, театрдың сол күнгі қойылымының жариясын қызметкер үнтақтаға алмастырып жапсырса керек. Күлкілі комедия көріп екі езуі айырылғанша күлуді армандап келгендер трагедия қойылымына кіргізілген. Ал трагедиялық қойылымға келгендер күлкіге қарық боларын білмеді. Алайда қорытынды өзгермеді. Көрермендер өзіне қажет қойылымға разы. Күлкі іздегендер ішек-сілесі қатқанша күлді, трагедия көрермендері барынша солқылдап жылап шыққан сәт керім еді.
Көрерменнің нақты бет-бейнесін сезіне алған сықақшы осы бір әзілді ойынан шығарса керек.
Біздің дәуірдегі уақыт машинасы көз ілеспес жылдамдықпен кетіп барады. Көп нәрсе өзгерді, соның ішінде әдебиеттің жеделдігіне қайран қалуға болады. Бүгін біз – «осы заманауи әдебиеттің бағыт-бағдары», «осы заманғы әдебиеттің басты жанры», «тың жаңа поэзия» делінетін қартаң ұстаздың семестрден семестрге дейін секірген шұбалаңқы таптаурын лекциясының күні келмеске кеткенін көрдік. Бағдар сәт сайын өзгеріп, «жанр» деген ұғым анықтамасынан ауытқып барады. Әсіресе поэзияның қай жағы жаңа, қай жағы көне, қайсысы былғанышты, қайсы жасанды екенін айыру қиынға соғуда. Оқырман тұрақты ләззаттан, жазушы тұрақты үлгіден кетті.
Біз, әсіресе, бұрынғы социалистік қызыл қамақтағы елдер оқырманды бірдеңгейлік қалыпқа салу үшін арпалысып бақтық. Жалпы оқырманның жеке дара әлемімен санаспадық. Керісінше аты әйгілі профессор, қиқар көсемнің көзқарасын әркімнің миына құюды ойладық. Осындай ортада аяқтандық.
Жанр дегеніміз қандай да бір шығарманың мызғымас анықтамасы еді. Жанр демесең оқырман әуелі нені ұғатынынын білмейтін. Жаңа шығармасын жарияларда көсемсөз зергерлері мен әдебиетшілер «трагедия», «сатира», «батырлар жыры», «тарихи төңкерістік», «тұрмыстық», «лирикалық» деп лақап атау беруі міндетті болатын. Оқырман қауым жоғарыдағы әзілдегідей, қандай шығарма оқитынын, қандай пьеса көретініне психологиялық тұрғыда даярланатын-ды. Оқырман өзінше пайымдау азаттығынан тысқары, оларға аса құрметті хакімдер мен сарапшылар алдын ала ұғындырады. Әдеби оқулықтар бір сарын, жоғарыдан төмен қарай үгіттеп түсіндірілетін. Бұл әйгілі «1984» романынан бастап, «Фаренгейттің 451 градусына» дейінгі шығармаларда көрініс тапқан таныс құбылыс.
Тағдыр тәлкегі болуы керек, 1984 жылдан «идея қылмысына» бақылау қою, еркін ойлаудан сақтану дертіне қарсы тек социалистік елдер ғана емес, жалпақ әлем түгелдей тығырыққа тірелген. Тоқсаныншы жылдардан бастап шығарманы міндетті түрде анықтамалау барынша аулақтаған. Басқа халықтар қайткенін қайдам, Моңғолияда кейбір жанрлар атымен жойылды. «Тарихи төңкерістік» шығармалардың оқырмандары жоғалып, бір кезек «саяси жанр» пайда болды. Соңынан барлық шығарма тек «лиризмге» алмасып, соңынан оның да бүкіл мәні жоғалды. Бірте-бірте оқырмандар жанрды әдебиеттің бір бөлек сипаты деп түйіндей бастады.
Түр жағынан поэзияда «өлең», «поэма», «өлең-роман» деген белгілі үш түрдің соңғы екеуін таңдап жазып отыратын «мақұлық» біржола ғайып болды. Проза тек қана «әңгіме», «повесть», «роман» атты үш бөлек түр кейпінде қалды. Бірақ ортаңғысымен де қош айтысар түріміз бар. Осылайша жалпы әдебиетте «өлең», «әңгіме», «роман» атты үш қана жанр қалды. Журнализм ықпалы әдебиетке нақты орныға бастауы сонау Монтеньнің дәуірінен бері «хандық» құрған, қазіргі «эссе» қоғамды сынап, мінейтін деректі әңгімемен синтезденіп болашақта таза әдебиеттің негізгі үш жанрына ықпал етіп араласып жүр.
Сондықтан бүгінгі әдебиетте «жанр» деген қатаң сауал қалды ма? Осындай шекара шек түсініктері түбегейлі жойылғаннан кейін әдебиет саналық жағынан азат етілген дәуір келді. Даму қарқынды жалғасуда. Осы замандық әдебиеттегі трансформация дегеніміз осы. Осынау трансформациялық нәтиже бойынша «жанр» деген қалыпты түсінік жойылып барады. Енді өлең + сана = ес жұғындары қалды. Роман +мақала = деректі роман. Роман +эссе = пәлсафа...
Тарихи романды деректі романға жүктеуге болатындай. «Өлең» аталатын поэзиялық сананы, сол секілді лирикалық қысқа шағын әңгімелерді, кейде тіпті эссені де соған қарай икемдеуге болатын секілді. Сондықтан әдебиеттегі қай жанр болса да бүгін бәсекеге қабілетті ме деген сұраққа жауап берудің өзі мүмкін еместей. Дегенмен біз тілге тиек еткен сондай бір дөрекілеу, қарабайырлау мысалдан тек бүгінгі жағдайда бәсекеге қабілетті саналатын қандай бір жанр турасында болмашы долбар жасауымызға болатын секілді. Ол қандай жанр болуы мүмкін? Ол жарсыз жанр немесе еркін синтез.
Қызықтысы, көп жазушылар өзін таныстырғанда романист, ақын, эссегер, көсемсөзші деп негізгі жазбасындағы жанрларын алға тарта жөнеледі. Сондықтан мақала ғана жазатын журналистерді қоспағанда тек роман, өлең ғана жазатындардың кеңістігі жуық арада тарыла беретін болады. Меніңше, ең бергі болашағы айқын жанр болса, жанрлардың азат синтезі яғни интертекстуал секілді интержанр болуы да ғажап емес. Бұл соншама жаңа нәрсе де емес. Көшпелілер әлемінде жазылған ең маңызды туынды – «Моңғолдың құпия шежіресі» болса тарихи дерек, заңнама, ауызша аңыз, көркем эссе, ғажайып ертегі, бақсының мөрі, сонымен қатар ерекше абстрактылы поэтикалық әуезді қамтыған құрылымды дүние. «Моңғолдың құпия шежіресі» кейде батырлық эпос, кейде таурат секілді, тіптен, кейде осы замандық бір сызықтан тыс роман сияқты сезіледі. Ешбір нәрсеге бағынбаған, жаттанды үлгіден тысқары сана көшпелілердің туабітті мінезіне сәйкес келетінін сол туындыдан байқауға болатындай. Әр оқырманға етене жақын «Ағайынды Карамазовтар», «Мастер және Маргарита» романдары да осындай құрылымда. Сондықтан әдебиеттегі интержанршылдықтың өзі көшпелі қауым үшін түпнегізді пайымының кеңістігін жаңадан бажайлауға, мүмкін нағыз ізденіске жорық жасауға бейімдесе керек.
Гун-Аажавын Аюурзана,
(Моңғолия)