• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әдебиет 29 Қазан, 2018

«Жылқы атылған жаз» романын талқылау (видео)

2156 рет
көрсетілді

«Төр» әдеби клубының өткен отырысында жазушы Ырысбек Дәбейдің «Жылқы атылған жаз» романы талқыланды. Әр алуан пікірлер айтылды. 

Астана телеарнасы түсірген «Мәдениет жауһарлары» бағдарламасында Ырысбек Дәбей роман жазу барысында оның кілтін тапқаны туралы айтады. Оқырман ретінде, осы романды талқылауға қатысатын адам ретінде сол кілт расымен табылып па, не кілт екен деген қызығушылық болды. Және соны оқу барысында іздей отырдық.

Романның формасы жағы әдебиетте ежелден бар. «Өлі үйдегі жазбалар» да осы формамен берілген. Тіпті, киноларға дейін бұл форманы көп пайдаланып тастаған. Демек, кілті – формасы емес.

Кейіпкерлер – үш буынның өкілдері. Үш буынның мінез ерекшеліктерінен гөрі тұрмыс ерекшеліктері басым суреттеледі. Қажылық деген үлкен сапар. Қажылыққа барған адамның жан дүниесінде үлкен өзгеріс болады. Ол ұзақ процесс. Ал Меккеге жетудің машақатты жолы да жылдам айтылып, қысқа қайыруға келмейтін сапар болса керек. Оның үстіне арғы заманның сапары айтылып отыр. Осы бір тұстары бізге тез айтылып, баяндау тұрғысынан ғана желе жүріп өткендей әсер қалдырды.

Аштық, қуғын-сүргіннің қасіреттері бар, детальдары орнында. Бірақ маған соның бәрі қатты әсер ете қоймады. Кейіпкерлердің ішінен Тарғынның өмірі жақсы суреттелген. Онда жан да, сезініс те бар.

Ал роман тіліне байланысты Арман Әлменбет жақсы айтты. Қанша дегенмен автор ақын ғой. Сөйлемдерінің поэтикасында поэзиялық бояулар сәтті, әйбат қолданылған.

Ал романның бас кейіпкері Ғалымжановичтің тегінің өзі орысша берілуінен де талқылауға қатысқандар мән іздеді. Ол сөзді алдымен Ұлан Еркінбай айтты. Ол пікір бәріміздің көкейімізге қонды. Дегенмен егер автор «-овичті» пайдалану арқылы оқырманға хат жолдап отырғанын өзі білсе, тіпті, тамаша болар еді. Бірақ жазушының оны өзі білуі де шарт емес. Біз оны «кілтін таптым» деген сөз тұрғысынан ғана айтып отырмыз. Автордың айтып отырған кілтін біз таппауымыз да мүмкін ғой.

Жұмабай Шаштайұлы бір шығарма туралы айтқанда «осы қазақ әдебиетінің көркемдігіне қаншалықты қызмет етіп тұр?» деген сауал қояр еді. Мен де осы романға қатысты сұрақты өзіме де, талқылауға қатысып отырғандарға да қойдым. Егер роман бір әулеттің тарихын айтуды мақсат етсе (Бұл шығармада бір әулеттің тарихы арқылы қазақтың тарихы айтылды деп есептемеймін. Бәлкім, керісінше шығар, қазақтың тарихын бір әулеттің басынан өткен шырғалаңға сыйдырған болуы да мүмкін: Қалай болғанда да «Жить» (Ю Хуа), «Будденброктар» (Томас Манн) сияқты бір отбасының тарихын айтқан болып отырып, халық трагедиясын айтқан роман емес), я ашаршылықтағы, кәмпескедегі қазақ тағдырын жаздым десе, қазақ әдебиетіне соншалықты көркемдік қызмет етіп тұрған жоқ. Себебі соңындағы идея авторы Ғазиз Шалдыбаев деген ескертпенің өзі романға зор кедергі тигізіп тұр. Арман Әлменбет: «қазақ тарихы үшін бұндай шығармалар аз, жазылғаны жақсы болды» дейді. Рас жақсы. Бірақ бұндай деректі прозаға жақын дүниелер онсыз да жазылып жатыр емес пе?

Екіншісі, бұл роман мүлде бір әулеттің тарихы туралы, аштық қуғын-сүргінді айтқан шығарма емес. Бұл роман Ғазиз Ғалымжанович туралы және осы сияқты адамдар жайындағы шығарма. Арғы аталары мықты, тегі мықты. Бірақ өздері «-овичті» пайдаланғанды ұнатады. Аталары туралы жазылса дейді. Бірақ ұлттан, өз аталарының болмысынан алыс. Егер роман осындай ұрпақ туралы болса, қазақ әдебиетіне керек, тіпті, жаңа бейне қосқан роман. Былай қарағанда, әкелер мен балалар тақырыбы. Жоғалған ұрпақ мәселесі. Ендігі Ғалымжановичтердің ұрпағы қалай болады? Мәселе осы.

Бағашар Тұрсынбайұлы

Ұлан Еркінбай, әдебиеттанушы:

Жазылған дүниелердің талқыға түскені жақсы.

«Жылқы атылған жаз» жөнінде әр алуан пікірлер айтылды. Жалпы роман жазу оңай шаруа емес, оның ғұмырын бағамдауға да уақыт керек. Бір айтатын дүние, талқы барысында «шығармаға үлкен жазушы ағаларымыз тәуір баға берді», «белгілі бір деңгейде романды оқуымызға сол пікірлер түрткі болды» деген сөздер айтылды. Өз басым жастардан ондайды күтпедім. Үлкенге құрмет жақсы әрине, бірақ, зияткерлік ортада мейлінше тәуелсіз болған дұрыс. Және осындай пікірлер әдеби ортада жиі қайталанады. Оқырман көзқарасы тұрғысын мұның пайдалы жағы шамалы. Суреткер үшін қарапайым оқырманның пікірінен асқан құнды нәрсе жоқ!

Бақытбек Қадырұлы, жазушы:

Жазушы Ырысбек Дәбейдің «Жылқа атылған жаз» романын талдау барысында тапқан олжалы тұстарымыз, жаңа жетістіктеріміз де болды. 1.Роман оқылмай кеткен заманда жазылып, көбірек оқылымды болған, жұртшылықтың әдебиетке, кітапқа назарын бұрған алғашқы романдардың бірі. 2.Бір әулеттің, төрт ұрпақтың бастан кешкен тағдыр-талайын жазу арқылы кешегі Патшалық Ресей, Советтік Ресейдің, жылқы болмысты қазақтың (адамың) трагедиялық хронологиясын суреттеген роман. 3.Романдағы Патшалық Ресей мен Советтік Ресей тұсындағы саяси ахуал, қоғамдық-әлеуметтік өмірдің атмосферасын шебер бәдіздеген. 4.Роман ішіндегі өзіме айырықша бір ұнаған тұсы: Ғалымжан Троицкдегі Әбідахалық деген ауылдасының үйіне паналап барады. Мыңқырған жылқыны нұсқап: «Өмірі жылқы бітпеген орыстың мына жылқысы атаң Есбергенің жылқсы» дейді. Кәмпескені суреттеудің бір сәтті тұсы. 5.Торғай топырағының шебер суреттелуі, жазушы тілінің шеберлігі, әсіресе, өлім, жерлеу тәсілдері романның ең бір айтарлықтай тұстары. 6.Роман соңында туындыны жазуға ұсыныс жасаған Ғазиз ҒалымжанОВИЧ болуында бір мән бар деген ой «Төрде» отырған қауымның ортақ табысы. Осы бір деталь автордың қиялы ма әлде кездейсоқтық па деген қызығушылық болды. 7.Жазушының алғашқы романы болған соң, кейбір кедір-бұдыр, ала-құла тұстары да кешірімді де шығар, тіптен алда роман қайта басылып шықса, қайта түзеліп, өңделетін де шығар?

8.Талқылау барысында бірсыпыра романның жетістіктері ғана емес, кейбір көңілге қонбаған кемшім тұстары да ашық айтылды. Бұл да жазушың жеңісі. Жазған дүниең оқырман қауымның қызығушылығымен ғана шектелмей әдеби орта сараптап-салмақтап талдап, жан-жақты пікір айтылып жатса – бұл жазушының келесі шығармасына мол септігін тигізсе керек. P.S Талдау барысында өзіміз үшін де мол мағлұмат, жақсы тәжірибе алғандаймыз. Осы жолғы «Төр» төр болды. Ол да бәлкім шығарманың құрдіретті ме екен?..

Ұмтыл Зарыққан, ақын:

«Төрдің» көп отырыстарына қарағанда бұл жолғы талқы салмақтырақ, тиянақтырақ болған сыңайлы. Біраз дүниелер айтылды. Кей ойларымыз іште кетті, кей пікірлеріміз басқалардың ойымен ұштасып толығып жатты. Дөп айтылған ойдан шашыраңқы тұстары көбірек болған да сияқты. Бізде, әсіресе жастар арасында мәтін талдау, шығарма талдау, роман сияқты күрделі жанырды талқылау үдерісі жоқтың қасы ғой. Оның жолында, жобасында, жүйесінде біле бермейміз, қалыптаса қоймаған. Ал «Жылқы атылған жаз» жетістігі мол өзіндік миссиясы бар роман. 1. Романның өн бойы салмақтылыққа, сабырлылыққа ауырлық пен астарға толы. Бұның басты себебі шынайлылығында, нандыра алатын сенімділігінде. Бір халықтың ең ауыр зобалаңын жаза отырып әсіре қара бояу жаға беруден аулақ. Романды жүрегіңнен өткізіп оқи алсаң қалғаны түсінікті. 2. Роман гегографиясының ауқымдылығына, уақыт өрісінің кеңдігіне, бір емес төрт ұрпақтың шым-шытырық сергелдең жолын, бір емес бірнеше тарихи уақиғаларды бойына сидырғанына қарамастан, сюжеттері синтезделіп, жүйеленіп жинақы жазылған. Шеберлік!

3. Романда кейіпкердің жан дүниесін ашатын, шығарманың идеясын айқындай түсетін обыраз бен емеурін, символикаға құрылған деталдар жеткілікті. Есбергеннің, Тарғынның, Ғалымжанның Украинада өлген баласының үш ұрпақтың «өлімін» салыстырып көріңіз; Жолтайдың ажалы нені меңзейді оны бір қаузап сезініңіз; Ғалымжан Есіл станциясынан неге түсіп қалмады оны бір бажайлаңыз; Ғалымжанның Павелге айтқан сырынан не байқадыңыз оны бір адақтаңыз; Екі жылқыны барымталауы ерлік пе, шарасыздық па, оның психологиялық астары не? оны бір түйіндеңіз. Бұндай тұспалды дүниелер шығармада ойып тұрып орын алады.

4. Романның тілі шұрайлы тіл. Қара өлеңдей қуатты тіл. Әкелеріміз айтатын әңгіменің тілі. Құр тамсана суреттеу жоқ. Ойға обыразға, жанды бояуға құрылған суреттеулер. Шашыраңқылықтан ада.

5. Романның аты сәтті қойылған. Ол атау туралы тар өрісте ойламаңыз. Бір әулеттің ен дәулетінің сілекейіндей күреңнің ғана тағдыры тұрған жоқ, бір кісінеуге де жарамай қалатын ащы азабымыздың бір ұшығы жатыр онда. 6. Таласбек Әсемқұловтың «Аштық және соғыс» мақаласында терең пайымдалатын трефотаксис ұғымының көркем әдебиеттегі көрінісін осы романнан байқай аласыз. Аштықтағы сана сандырағы, рух күйзелісі, адам айтса сенгісіз қасыреттер.... П.Сорокиннің мына шындығын да шығарманың артқы көрінісінен байқай аласыз: «Бұрынғы Россия империясының территориясында 1917-1949 жылдар аралығында, яғни отыз екі жыл бойы тарихи эксперимент жүргізілді. Осы эксперимент барысында жоғарыда айтылғанның барлығы да расталды. Енді совет халқына айналған қоғамның азық іздеуге жұмсаған уақытының көлемі адам айтқысыз өсіп, азық-түлік карточкасын табу, олардың бағасын өсіріп сату, түкке тұрмайтын ұсақ-түйекке бола ұзындығы бірнеше шақырымдық кезекке тұру, азық-түлік іздеп базарларға бару, «қара базарды» аралау, тамақ үшін неше түрлі жұмыстарға жалдану т.т. Тиісінше, басқа құндылыққа арналған уақыт көлемі мүлдем азайды. Адам өмірінің мәні тек «қарын тойғызуға ғана айналды». 7. «Жылқы атылған жаз» үстіміздегі жылдың ең оқылымды романы болды. Бұл кім кім үшін де ең үлкен жеңіс!

Толығырақ видеонұсқадан көре аласыз.