• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
26 Ақпан, 2010

ГЕОЛОГ

1625 рет
көрсетілді

Қаршадайынан еңбекке араласып, өмірінің мән-мағынасын қызмет деп білетін адам үйде қарап отыра алмайды екен. Сағын Ерқас­ұлының зейнеткерлікке шыққалы екі қолы алдына сыймады. Сағын Ерқасұлы сол жиынды бір сәт есіне алды. Зал толы жәудір көз­дердің бұрынғы басшысын зейнет­кер­лікке қимай отырғандары, қарас­тарынан-ақ сезіліп тұрды. Шын көңіл­ден шыққан әрбір ыс­тық ықылас, ізгі ниет айтылған са­йын ду қол шапалақ. Компания­ны нарық заманына сай басқарған он жыл “Маңғыстаумұнайгаз” өмір­баяны­ның жарқын беттерінің бірі болып қалады. Компания Ди­рек­торлар кеңесінің төрағасы Рашит Сәрсенов: “...Бұл он жыл компания өміріндегі теңдесі жоқ алтын он жыл..” – десе, Мәскеудегі “Спе­циаль­ное машино­строе­ние и метал­лургия” АҚ “Гидто­разрыв пласта” дирекциясының директоры В.Кос­тенко “...Сағын Ерқасұлы, біз сізді жұмыс бабында көп мезгілге дейін жоқтайтын, аңсап іздейтін болам­ыз...” – деген. Иә, ол жиында көңілді алабұртатын талай әсерлі әңгімелер айтылған-ды. Бәрі де орынды еді. Мәселен, 1998 жылы акционер­лік қоғамда небәрі 3 миллион 387 мың тонна “қара алтын” өндірілсе, бұл көрсеткіш 2002 жылы 4 мил­лион 618 мың тоннаға жетті. Соңғы әр жыл сайын 5 миллион 700 мың тоннадан астам мұнай өндіріліп келеді. Мұнайшылар сонау тәуелсіз­діктің алғашқы жылдарындағы дағдарыстан туған аса қиын кезеңді де әлі ұмытпапты. Қарапайым мұнай­шы ардагерлердің бір тобы келіп, әлгі өзін зейнеткерлікке шы­ға­рып салар жиында Сәкеңнің қолын қысып тұрып, сол дағдарыс кезден компанияны аман алып шық­қаны үшін алғыс айтқандары да ойға оралады. Шынында да ком­панияны басқару Сағын Ерқас­ұлына осы бір өлара мезгілде үлкен сеніммен жүк­тел­ген еді. Орталыққа өткізілген мұнайдың қаржысы төленбей, соның сал­дары­нан жыл бойы тиісті жалақы­­ларын ала алма­ған акционер­лік қоғам мұнайшы­лары шыдамдары таусылған соң Ақтау қаласындағы компанияның бас кеңесі алдында ереуілге шық­қан. Олар тиісті еңбек- ақыларын төлеуді талап етті. Сол кезде бас директор Сағын Ерқас­ұлы каби­неті­нен шықпай бүге­жектеп оты­рып қалған жоқ. Халық­тың талап-тілегі өз ауызынан шыға­тын сөзге байланысты екенін ұғынды да, олардың арасына кіріп кетті, мұң-мұқтаждарын өз құлағы­мен тыңда­ды. Қаржыны табуға және тезірек жеткізуге ұмтылды. Жұмыс қайта жалғасты. Бас директор берген уәде­сінде тұрды. Жұмысшыларға бере­жақ еңбекақыларынан құты­лып қана қоймай, тоқсан сайын сыйақы төленетін дәрежеге жеткіз­ген. Жыл сайын жалақы 15-20 пайызға өсірілді. Ол Маңғыстау мұнайының тари­хын бес саусағындай білетін, әрі оған елеулі еңбек еткен адам­дар­дың бірі. Оның есею кезеңі – Маңғыстау өлкесінің дүбірге толып, түбектің қойнына тығулы қазы­насын көз ілмей іздеушілер легімен тұспа-тұс келді. Нәпақасын теңіз­ден тауып күнелтіп отырған отба­сында, теңіз жағасындағы Қара­манды атты шағын ауылда дүниеге келген Сағын ілкі еңбек жолын барлау алаңында моторшыдан бас­та­ды. Өнегелі өмір жолынан өтті, өлкедегі ең үлкен компанияға бас директор болды. Бүгіндері сонау бір сағым жыл­дар­дағы алғашқы қадам әлі есінде. Институтты бітірген соң бұрын өзі еңбек жолын бастаған “Маңғыш­лақ­­мұнай­газбарлау” тресі, Қарақия мұнай барлау экспедиция­сының Доңа учаске­сіне саз ертін­ділерін дайын­дайтын зертханашы-коллек­тор болып орналасты. Одан кейін геоло­гия бөлімі бастығының орын­басар­­лығына дейін көтеріліп, едәуір өндірістік тәжірибе жинап қалған жас жігітті “Маңғ­ыш­лақ­мұнайдың” бас директоры В.Тимо­нин жұмысқа шақыртты. Өйткені, Доңға алаңы трестен өндірістік бір­лестіктің қара­­­ма­ғы­­на өткен еді. Ал Доңға­ның барлау-бұрғылау жұмыс­тары­ның жай-күйін жақсы білетін бір адам болса ол Сағын Ерқасұлы Қырым­­құлов еді. Сөйтіп, Сәкең “Маң­ғы­шлақ­мұнай” өндірістік бірлестігі­не аға геолог болып келіп осында тұрақтап қалды. Сағын Ерқасұлының өміріне үлкен өзгерістер әкеліп, шын мә­нін­­дегі тамаша геолог екенін таныт­қан кезі Оймаша кен орнын дүниеге әкелгені болатын. Ойма­ша­дан атылған мұнай бұрқағы жас геолог Сағын есімін бүкіл өлкеге жайды. Ол оқиға қалай болып еді өзі... Жаңадан алынған геофизика­лық деректер бойынша Оймаша алаңындағы бұрғылау жұмыстары пермотриас қабаттарын зерттеу үшін жалғастырылған. Бұрын бұл алаңда 1963-1967 жылдары аралы­ғында Қарақия мұнай-газ барлау экспедициясы юра қабаттарына бұрғылау жұмыстарын жүргізген. Бірақ еш нәтиже бермеген соң тас­тап кеткен болатын. Сол уақыт­тағы болжамдар бойынша пермотриас қабаттары перспективасыз қабаттар болып есептелінетін де, бұл қабат­тарды барлауға баса назар аударыл­майтын. Бірақ соған қарамастан, 1972 жылы Оңтүстік Жетібай алаңындағы № 25 ұңғының 3506-3567 метр тереңдіктегі пермотриас қабаттарына сынақ жұмыстарын жүргізу кезінде газконденсаттың бұрқағы алынған болатын. Бұл нәтиже пермотриас қабаттарының перспективасына деген геолог­тардың үлкен үмітін арттырған еді. Сондай-ақ, Оймаша алаңындағы барлау жұмыстарын одан әрі жал­ғас­тыру нәтижесінде № 9 бұрғы­дағы пермотриас қабаттарына сынақ жұмыстарын жүргізу кезінде мұнай белгілері алынған-ды. Міне, осын­дай нәтижелер Оймаша алаңын­да бұр­ғы­лау жұмыстарын кең көлемде жүргізуге ықпал етті. Осы жұмысқа геолог Сағын Ерқас­ұлы батыл түрде кірісіп кеткен. Сәкеңнің әлі есінде, 1982 жылы осындағы № 12 бұрғы­ның палеозой граниттерінде сынақ жұмыстары жүр­гізілген. Бірақ сы­нақ­тың алғаш­қы нәтижелері көңіл толарлықтай болмады. Сонда да алын­ған өңдеу­сіз мұнай өнімін қайт­кен күнде де арттыруды мақсат тұтты. Ол негіз­сіз де емес еді. Ол үшін забой­да күр­делі өңдеу кешені әдісін қол­дану керек болатын. Бұл әдіс Ресей­дегі “Ставропольнефте­газ” өн­діріс­тік бірлестігінің кен орын­дарын­да қолданылады екен. Осы­ның алдында ғана “Маңғыш­лақ­мұнай” өндірістік бірлестігі бұр­ғы­­лау бөлімінің бас технологы Н.Лев­чен­ко мен Сағын Ерқасұлы Ставро­поль өлкесіне іссапарға ба­рып әлгі әдіс­пен танысып қайт­қан. Келген соң бас директор В.Ти­­мо­нинге баян­дап, ол әдісті өзі­­міз­дің кен орын­дарына да қолдануға бо­ла­­ты­нын дәлелдеп, оны Оймаша­дан бастауға рұқсатын алған болатын. Сағын Ерқасұлы сөйтіп, дереу іске кірісіп кетті. Бұл жұмысты жүргізетін “Маңғышлақнефтехим­пром” кәсіпорны еді. Көп кідірмей әлгі кәсіпорынның бас инженері Л. Қиынов барлық техникаларын алып, №12 ұңғының басына келген. Басты мақсат – ұңғының өңдеусіз өнімін арттыру еді. Оймаша Жеті­бай мұнай-газ өндіру басқармасына қарайтын. Жұмысты енді бастағалы жатқанда, басқарма бастығы Д.Горюнов пен бас геолог К.Савин келіп: “Сіздер қолданбақ бұл техно­логия бәрібір үлкен нәтиже бер­мейді. Айтып жүргендеріңіз бос сөз. Бұл алаң біздің басқармаға қарайды. Рұқсат жоқ. Кетіңіздер!”-деді. Басқарма бастығы, яғни, алаң иесі айтып тұрған соң Ләззат Кете­байұлы сөзге келместен қарауын­дағыларға техникаларды қайтаруға бұйрық берді. Сағын Ерқасұлы аңтары­лып қалды. Не істеу керек? Көптен бергі арманы енді болмаса қолдан шығып кеткелі тұр. Кенет басына бір ой сап ете түскен... – Ләззат інім сәл кідіре тұршы! – деп ол рация тұрған бөлмеге жүгірді. Келе рация құлағында отырған жігітке: ­– Маған бас директорды тез қосыңыз – деді. – Кешіріңіз, Виталий Иоси­фович –деді ол аптығып қапелімде аузына сөзде түспей. – Жетібай басшылары №12 ұңғыға кешенді өңдеу жүргізуге рұқсат етпеуде. “Маңғышлақхимнефтепром” жігіт­тері рұқсат етпеген соң техника­ларын алып кеткелі жатыр. Бұл қалайда істелуі тиіс жұмыс қой, нәтиже беретініне сенім мол... Сөздің аужайын түсінген бас директор геологтың сөзін аяқтат­пай-ақ: “Түсіндім. Жұмысты жал­ғас­тыра беріңдер. Өз жауапкерші­лі­гіңе алған екенсің, сәттілік тілей­мін. Ал жетібайлықтарға өзім айтармын”, – деді. Қуанғаннан Сағынның жүрегі жарылып кете жаздады. Текетіресте жеңіс өз жағына шықты. – Ләззат! Техникаларыңды жинама, іске кіріс, тезірек бітірелік, бас директор рұқсат етті, – Сағын­ның рация бөлмесінен шыға бөркін қолына алып жүгіріп келе жатып айтқаны осы болған. Мотор жіберілген соң ұңғы жай­лап жұмыс істей бастады. Кенет ұңғы ысқырып кетті. Ара­сында үзіліс жоқ. Бір кезде әлгі ысқырық мұнай бұрқағына айна­лып шыға келді. Кәдімгі түсі сары мұнай. Атқылап жатыр. Әркіммен бір алысып-жұлысып жүргендегі бар мақсат осы жер асты байлығын жер үстіне шығарып халық игілігіне айналдыру үшін әрекет ету ғой. Сағын Ерқасұлының төккен маң­дай тері далаға кетпеді. Міне, мұнай бұрқағы болып атты. Қуаныш­та шек жоқ. Мұнайшылар уыстарына мұнай толтырып алып беттерін жуды. Әп-сәтте бәрінің де жүздері қап-қара қарамай болып шыға келген. Мұнай табиғаты да қызық, әуелі жер астынан сап-сары түспен шығады да кейін әп-сәтте қара түске айналады. Ұңғы бірте-бірте бірқалыпты жұмысына көшті. Өлшегенде жобасы тәулігіне 250-300 тоннадай мұнай беретін мұнай бұрқағы осылай дүниеге келген. Түнімен әлгі №12-ші ұңғының басында болған Сағын Ерқасұлы таңертең бас директор В.Тимонин­ге телефон соғып, кешегі даулы ұңғыдан мұнай бұрқағы алынғанын баяндаған. Бас директордың да қуанышында шек болмады. Сол бой­да бұрқақ алынған ұңғының басы­на келіп, тиісті адамдарға құ­быр тартуға тапсырма, ал Сағын Ер­қа­сұлы бастаған жұмысшыларға бір айлық сыйлық беруге бұйрық берген. Осы оқиғадан кейін көп ұзамай, бір күні бірлестік геология бөлі­мінің бастығы Ибрагим Мұратов Сәкеңе телефон соғып: – Сіз бүгін обкомның бірінші хатшысы Саламат Мұқашұлының қабылдауына баруыңыз керек –деді. – Не үшін? – Оймашадан мұнай бұр­қа­ғы­ның қалай алынғанын түсіндіресіз. – Неге мен, бөлім бастығы өзіңіз түсіндірмейсіз бе. Барлық құжат қолыңызда ғой? – Бірінші хатшыға сіз қажет екенсіз. Сағат үште, кешікпеңіз! Сағын Ерқасұлы геологиялық карталарын, керндерді, мұнай үлгілерін алып облыстық партия коми­тетіне барды. Бұл оның облыс басшысы алдына алғаш келуі еді. Саламат Мұқашұлы байсалды да байыпты, қарапайым кісі екен. Сағынды жылы шыраймен қарсы алып: “Оймашадағы мұнай бұр­қа­ғының жайын басы-қасында болған адамның өз аузынан естиін деп едім, айтып берші”, – деді, тың­дау­ға ықылас танытып. Сонда Сағын Ерқасұлы ашылған бұл кен көзінің бір ерекшелігі – мұнай елімізде ал­ғаш рет палеозой гранитті қабат­тары­нан алынып отырғандығын, нақ­ты айтқанда жаңа мұнай-газ кешені екендігін, мұндай кен орын­дары сирек кездесетінін келістіріп баяндаған. Осыдан кейін көп ұзамай Сағын Ерқасұлы Маңғыстау мұнай барлау-бұрғылау басқармасы партия комитетінің хатшысы болып сайланды. Бұл жұмыста ол жергі­лікті ұлт кадрларын үйретуге, орта буын, басшылық жұмыстарға тағайындауға ықпал жасап отырды. Соның нәтижесінде институт қабырғасынан келген жас мамандар Жұма Қожанов, Тоқабаев, Азат Қуанов, т.б. басшылық жұмыстарға тартылды. Әрине, партия жетекшісі­нің мұндай саясаты кейбір адам­дарға ұнамады. Олар бұл өзгеріс­терді өздерінше теріс пайымдап, партия­ның Орталық комитетіне дейін арызданған. Ал жоғары жақтан келген тексерулер Сағын Ерқасұлы­ның алған шешімдерінің дұрысты­ғына көздерін жеткізген. Сағын Ерқасұлы ұсынған кандида­тураның бірі – Қ.Батыхов Маңғыс­тау мұнай барлау-бұрғылау басқар­масына бастық болып тағайын­далған. Сағын Ерқасұлы Маңғыстау облыстық партия комитетінің өнер­кәсіп, көлік және халық тұтына­тын тауарлар бөлімі меңгерушісінің орынбасарлығына тағайындалып, енді өлкедегі барлық өнеркәсіп сала­сына басшылық жасайтын болды. Сағын Ерқасұлы Қырымқұлов  компанияның бас геолог-вице-президенті кезінде-ақ Қаламқас, Жетібай кен орын­дарындағы мұнай өнімдерінің төмен­деу себептерін анықтап, оны қалпына келтіруге елеулі еңбек сіңірген болатын. Ал бас директор қызметіне келгеннен кейін жоғары­да айтылғандай стратегия­лық инвес­тор “Сентрал Азия Петролеум ЛТД” компа­ния­сы­мен бірге мақ­сатты жұмыс жасап, биік талаптар қоюдың нәтижесінде кен орын­дарының энергетикалық сауық­тырылуын қамтамасыз етті. “Елу жылда ел жаңа” дейді дана халқымыз. Міне, бұл күнде Сәкең­мен бірге осыдан жарты ғасыр бұрын бұрғылау алаңына аттанған жастар өздерінің туған өлкесі – киелі Маңғыстаудың жаңарып, жасарып, еліміздің ең ірі мұнай мен газ өндіру аймағына айналуына сүбелі үлес қосса, енді олардың әке жолын қуған балалары атсалысып келеді. Олар жаңалықты жасаудың қиын да абыройлы жасампаз істері­нің орындаушылары қатарында болғандарын аса мақтаныш етеді. Осындай жастардың жанқиярлық еңбегі арқасында туған өлкеге деген шын сүйіспеншілігі, мұнай-газ кен орындарын іздестірудегі табыс­тары, ашылған кен орындарын ел игілігіне жаратудағы еңбектері – олардың өмірінің негізі, мәні және мазмұны болып табылады. Осы тұста Сағын Ерқасұлы кезінде өзіне бағыт-бағдар берген ағалары, үзеңгілестері, жолдастары жөнінде: – Адам өмір жолында талай жан­дармен кездесіп, қызметтес, жол­­дас­тық қарым-қатынаста бола­ды ғой. Олардың әртүрлі мінез-құлқы, өздеріне тән басқаға үлгі-өнеге бо­лар­лықтай қасиеттері – адамгер­шілігі мен жастарды қызық­тырып ілгері жетелейді. Өмір жо­лым­­да талай-талай жақсылармен қызметтес болып, адами қасиет­терін үлгі еттік, ағалық қамқорлық­тарын сезіндік. Ондай ағалардың қатарына Асабай Хисметовті, Халел Өзбек­қалиевті, Виталий Тимонин­ді, Сала­мат Мұқа­шевті, Нәсіпқали Мара­баев­­ты, Лео­нид Дмитриевті, Юрий Юферовті, Ибрагим Мұрат­ты, Вален­тин То­каревты, Рашит Сәр­сеновті, Жан­болат Досмұхан­бетовті жатқызар едім. Әрдайым адал, ақпейіл болып адамгерші­ліктің ала жібін атта­мағанға не жетсін, – дейді ол. Туған өлкені ерен еңбегімен түлетуге елеулі үлес қосқан белгілі геолог, “Маңғыстаумұнайгаз” АҚ-ны он жыл басқарған ҚР жер қойнауының құрметті барлаушысы, өмірі өнегемен өрнектелген Сағын Қырымқұлов осындай ардагер, абыройы асқан айтулы азамат. Жоламан БОШАЛАҚ.