Аспанды қараңғылық торлай бастағанда жағалауға жиналған әйелдер мен еркектер аумақты соңғы мәрте сүзіп шықты.
Дэвид Маурис СМИТ, «Нью-Йорк Таймс» – Яалангбарра, Аустралия
Бұл – Аустралиядағы байырғы Димурру рейнджерлері тайпасының кешкі ас ішетін мезгілі еді. Олар ластанған жағажайды талайдан бері тазалап келеді. Көп ұзамай олар ата-бабаларынан қалған әдет бойынша жаңадан ауланған теңіз жәндіктерін отқа қақтап жей бастады.
Мыңдаған жылдар бойы Йолнгу аборигендері Аустралияның осы бөлігінде өмір сүріп, орманнан аң аулап, теңізден балық ұстап күнелтті. Бірақ мұнтаздай таза бұл мекен қазіргі таңда ластанып кеткен. Жыл сайын мыңдаған килограмм пластикалық қоқыс пен «елес торы» атанып кеткен балық ұстауға арналған иесіз аулар мұхит суымен жағаны басып қалады. Қоқыс өзімен бірге теңіз тасбақасы, дюгонь мен акула секілді жойылу қаупі бар су жәндіктерін де ала келеді.
Димурру рейнджерлері – құрлыққа тараған 100-ден асатын байырғы тайпалардың бірі. Олар дәстүрлі тәсіл мен заманауи қорғау әдістерін қолданып, ата-бабасынан мұраға қалған жерді сақтап қалуға талпынып жүр.
Олар – Карпентария шығанағындағы Арнэм мекеніндегі аумағы 8500 шаршы шақырым болатын жер мен судың мұрагері және күзетшісі. Рейнджерлер жағалауды қолмен тазалап, мүмкіндігінше қоқыстарды жинап тастауға тырысады. Бұл міндет ешқашан аяқталмайды, өйткені толқындар күн сайын көптеген қоқысты үйіп тастайды.
Мәдениеті туған топырағымен біте қайнасқан тұрғындар үшін қоршаған ортаны қорғау тарихын сақтап қалумен бірдей. «Рейнджер болу – өз еліңді қорғау. Мәдениетіңізді жоғалтсаңыз, сіз – ешкім емессіз», дейді 28 жастағы Гата Пура Муннунггурр.
Осындай арпалысқан күндердің бірінде рейнджерлер жағажайды үлкен «елес торынан» тазалады. Олар торды құрту үшін қолда бар бүкіл құралдарын – электрлі саймандар, темір арқан, тіпті судың толысуын да қолданды. Ау жүздеген метрге созылып, кей тұсы бір метрге дейін құмның астында көміліп қалыпты.
Рейнджерлер судың көтеріліп, күннің ұясына қонғанына қарамастан барын салған, алайда теңіздің деңгейі балтырға жетіп, қас қарайғанда жұмысты тоқтатуға мәжбүр болды. Тор ертең де осында жата береді. Ал олар тағы бір мәрте талпынып көрмек.
Отаршылдық аустралиялық аборигендердің басым бөлігінің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келген қасиеті – туған топырағымен байланысын күштеп құртты. Байырғы тұрғындар жер аударылып, олардың мәдениеті заңсыз деп танылды. Ондаған мың жылға созылған дәстүрлі жер басқару жүйесі тоқырады. Соның салдарынан елдің көп бөлігіне өсімдіктер мен жануарлардың, бұталардың өртенуі және жерді дұрыс басқармаудың кесірі тиіп жатыр.
Кейінгі жылдары билік жердің 20 пайызын қайта қалпына келтірді. Кейбір бұрынғы саябақтар мен қорықтардың нағыз иесі – байырғы тұрғындарға берілді. 2007 жылдан бері байырғы рейнджерлер жерді қорғау мақсатында жұмыс істеп келеді.
«Елес торын» тазалаймыз деп әуре болған рейнджерлер далаға от жағып, ата-бабаларын талай арманға жетелеген теңізге көз тастады.
«Рейнджер болу – сенімділік ұялатады әрі күшті сезінесің. Мұнда біз әлі жерде өмір сүреміз. Мәдениетіміз аман», дейді аға рейнджер Теренц Вунунгмурра.
© 2018 The New York Times News Service
Мақаланы аударған Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»